Жақсылық ҮШКЕМПIРОВ, ОЛИМПИАДА ЖЕҢIМПАЗЫ: «ЕРТIСТЕ ЖYЗIП АҚША ТАПТЫМ»

Жақсылық ҮШКЕМПIРОВ, ОЛИМПИАДА ЖЕҢIМПАЗЫ: «ЕРТIСТЕ ЖYЗIП АҚША ТАПТЫМ»

Жақсылық ҮШКЕМПIРОВ, ОЛИМПИАДА ЖЕҢIМПАЗЫ: «ЕРТIСТЕ ЖYЗIП АҚША ТАПТЫМ»
ашық дереккөзі
311

Жақсылық Үшкемпiров – Мәскеу Олимпиадасының жеңiмпазы, әлем чемпионы. Өзге ұлт өкiлдерiне теңдiк бермейтiн Мәскеу балуан Жақсылықта да бауырына тарта қойған жоқ едi. Жақсылық жеңiске тек жанкештiлiгiнiң арқасында жеттi. Мықтылығымен мойындатты. Олимпиада, әлем чемпиондарының мойындарын бұрады. Алпауыт одақтың арыстандай айбарлы, тоқпақ жауырын, жуан сiңiр балуандарын сыпыра жығып, Олимпиада кiлемiне жол ашқан балуан. Олимпиаданың алтын тұғырына шыққан тұңғыш қазақ балуаны. Мына төмендегi шағын сұхбатта Жақаңның көпшiлiкке беймәлiм бiр қырының сыры ашылады.

– Жаратқан балуандық қасиеттi сiзге аямай-ақ берген. Боз кiлемде атой салып, Олимпиада шыңына шықтыңыз. Боз кiлемдегi жеңiс жолдарыңыз туралы бiр кезде жарыса жазды. Кiтап та жарық көрдi. Сiздi суда балықша жүзедi дейдi бiлетiн жұрт. Басыңыздан өткен қызықты бiр жайтты оқырманмен бөлiссеңiз.

– Ертiс өзенiнiң бойында болған мына бiр оқиға есiмнен кетпейдi. Бәрiмiз де ауылда өстiк қой. Менiң туған жерiм – Жамбыл облысының қазiргi Байзақ ауданы. Ол кезде Свердлов ауданы деп аталатын. Жыңғыл арасында жүгiрiп, Талас өзенiнiң суына шомылып өстiк. Өзеннен шықпаушы едiк. Қаптаған қара сирақпыз. Ол кезде өзен өте арналы. Енi – 300-400 метр. Ел қатарлы оныншы класты да бiтiрдiк. Балалар жан-жаққа оқуға аттанып жатыр. Мен де қопаңдап қоямын. Бiрақ нақты бағытым әзiрше айқын емес. Менен бiр жас үлкен Қарақан деген бала болды. Бiр жыл бұрын Қарағандыға оқуға барып, түсе алмай келген. Соның үгiтiмен «Семей қайдасың?» деп тарттық та кеттiк. Мақсат – Зоотехникалық-малдәрiгерлiк институтқа түсу. Отырғанымыз – пошталы-тауарлы пойыз. Төрт күн жүрдiк. Көрiнген жерге тоқтайды. Дiңкемiз құрыды. Шаршап-шалдығып жеттiк-ау ақыры. Семейдi көрiп көңiлiм құлази бастады. Бiздiң ел таудың бөктерiнде, көкорай шалғын. Суы сылдырап ағып жатады. Ұзын-ұзын теректер. Ал Семейдiң жерi жазық. Қаптаған ескi ағаш үйлер. Ағаштары да менiң бойымдай ғана, тырбиып қалған. Менi қызықтырғаны – Ертiс. Салып отырып сонда барамын.

Бiр күнi Ертiс жағасына барсам, қырықтардың үстiндегi бiр жiгiт ойын ұйымдастырып жатыр екен. Ойыны – жүзгiштер жарысы. Ертiстi әрi-берi кесiп өту керек. Дәмесi барлар 5 рубльден ортадағы бас киiм iшiне тастайды. Көз алдымда буырқанған Ертiс. Қобырап ортада жатқан ақшаға да мойын созып қоямын. Ақша қосқандар екi сандарын ұрынып, делебелерi қозып тұр. Осы өңiрдiң балалары екенi байқалады. Бойлары менен әлдеқайда ұзын. Мен де бағымды сынағым келдi. «Қайдансың?» – дейдi. «Жамбылданмын». Бойыма бiр қарады да мырс еттi. Байқаймын қорашсынып тұр. Бой болса бiр қарыс. Қазiр де сорайып кеткенiм шамалы. «Өй, қой, сен мына түрiңмен суға кетiп қаласың», – дейдi қақпайлап. Қырсығып мен де кетпей қойдым. Бiр кезде «төрешi» «өз обалың өзiңе» дегендей қолын бiр сiлтеп, қосты да жiбердi. Шынында Ертiстiң ағысы қатты едi. Енi де 700-800 метр. Толқындары дөңбекши тулаған Ертiске қойып-қойып кеттiк. Жап-жақсы малтып келемiн. Орта тұсына барғанда, қатты ағыс өз дегенiне көндiрдi. Қарсы жағалаудың нысаналы тұсынан жарты шақырымдай төмен жерден шықтым. Қайтадан керi салдым. Намыс буып келедi. Қалып қойсам, жаңағылардың жырқ-жырқ етiп күлетiндерi анық. Өршеленiп, өлерменденiп малтып келемiн. Абырой болғанда, бiрiншi келгенiм. Алақаныма 35 рубльдi ұстатата бердi. «Өй, маладес! Балықша жүзесiң ғой өзiң», – дедi жарысты ұйымдастырушы. Ол кезде бұл әжептәуiр ақша. «Ертең тағы келемiн», – деймiн жұтынып. 90 рубль шалбардың ышқырында тiгулi. Оқуға кетерiмде әкем үйдегi өгiзшенi сатып, 90 рубльдi шалбар ышқырына тiктiрiп, 10 рубльдi қолыма берген.

Сырғыған күндер… Балалар жанталаса дайындалып жатыр. Менiң ауруым – Ертiс. Қолым қалт етсе, тартып отырамын. «Өй, сен өзiң ақшадан ақша қоймадың ғой. Күнде келiп сыпырасың да кетесiң. Ендi сенi күнара ғана қатыстырамыз. Жұдырықтай болып, өзiң бiр пәле екенсiң», – дедi «төрешi» жақтырмай. Оның сөзiне ыға да қойған жоқпын. Осылайша, бiр аймақ елге құт болған Ертiс менi де асырады. Сөйтiп жүрiп оқуға да түстiм. Бiрақ зоотехник болмағаным жұртқа мәлiм.

– Қазақ сәбидiң атын ырымдап қояды. Жақсылық деген ат та жайдан-жай қойыла салмаған сияқты… Мұның да оқырманға беймәлiм сыры бар шығар…

– Ойбой, несiн айтасыз, оның да қызығы бар. Шешем күлiп, жиi есiне алып отырушы едi. Шешемнiң мамандығы – сатушы. Аяғы ауыр анамның айы-күнi жетiп отырған кезi екен. Жолаушылап келе жатқан Сарманқұл деген ақсақал сырттан дауыс қылмай ма: «Келiн, уа келiн, қарағым бiр бөлек сабын бере салшы», – дейдi ат үстiнен. Тұрайын десе толғақ қысып барады. Тұрмауға тағы болмайды. Сырттағы – елге сыйлы ақсақал. Үйдегi үлкендер намазға жығылған. Алласына сыйынып, анам орнынан әрең көтерiледi. Дүкен жапсарлас бөлме. Бiр бөлек сабынды ұсына бергенде, шыр етiп табалдырыққа түсiппiн. Әрi шошып, әрi қатты сасып қалған Сарманқұл ақсақал аттан секiрiп түсiп, менi көтерiп алған екен. «Бұл жақсылықтың белгiсi» деп, атымды Жақсылық қойыпты. Анам кейiн: «Кiсi көп жүретiн табалдырықта дүниеге келдi. Өмiрi жол үстiнде өтетiн шығар» деп жорамалдаушы едiм. Сол жорамал шындыққа айналды», – деп отыратын. Үлкен спортта жүргенде жылына үйге екi-үш рет қана келген кездерiм болды.

– Әңгiмеңiзге рақмет.

Сұхбаттасқан Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары