354
FАЛЫМБАЕВАFА ЖАСАЛFАН ТАFЗЫМ
FАЛЫМБАЕВАFА ЖАСАЛFАН ТАFЗЫМ
Қазақ кескiндеме өнерiнде өзiндiк iзi бар Айша Ғалымбаеваның есiмi қазақ жұртшылығына жақсы таныс. Қазақстан мәдениетiнде тұтас бiр дәуiрге айналған суретшi қазақ қыздарының iшiнен шыққан тұңғыш Халық суретшiсi. Ол қазақ әлемiне ғана емес, дүниежүзiне танымал болған тұлға.
Күнi кеше ғана Әбiлхан Қастеев атындағы ұлттық мұражайда басталған көрме суретшiнiң ғұмыр бойы жасаған еңбектерiн қалың жұртшылыққа паш ету мақсатында басталды. Биылғы жылы суретшiге 90 жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында суретшiге жасалынған игiлiктi шараның бiрi – Айша Ғалымбаеваның «Фотоальбомының» жарық көруi едi. Көрменiң ашылу салтанатында фотоальбомның да тұсауы кесiлдi. Фотоальбомның жарыққа шығуына «Жыл меценаты» атағына ие болған кәсiпкер Ұзақбай Айтжанов тiкелей себепкер болыпты. Ұзақбай Рүстемұлы Айтжанов зиялы қауым арасында қазақ өнерi мен әдебиетiн қолдап жүрген белгiлi азаматтардың бiрi. Бiрақ, мәдениетiмiз бен өнерiмiзге жанашырлықпен қарайтындар бүгiнде саусақпен санарлықтай ғана. Солардың арасынан үнемi мәдениетке, өнерге қолдау көрсетудi өз кәсiбiнiң бiр бөлшегi деп санайтын Ұзақбай Айтжановты жеке дара атауға болады. Меценаттың қазақ өнерiне қосқан тағы бiр үлесi – ол суретшiнiң фотоальбомын араға қаншама жылдар салып, жарыққа шығаруы. Оның себебi, суретшiнiң алғашқы фотоальбомы осыдан тура 31 жыл бұрын, яғни 1976 жылы «Қазақтың ұлттық киiмдерi» атпен жарық көрген екен. «Тұңғыш қазақ суретшi әйелдерiнiң бiрi – Айша Ғарифқызы Ғалымбаеваның шығармашылығынан сыр шертер мұндай басылымға қолдау бiлдiру бiз үшiн үлкен абырой. Оның бұл өмiрде баға жетпес мәнге ие өнерi қазақстандық қаншама ұрпақ үшiн белгiлi бiр мақсаттарды бағындыруға жетелейтiн айрықша үлгi болып келе жатқандығы және солай қала беретiндiгi төл мәдениетiмiз үшiн қуаныш. Атақты қылқалам шеберiнiң суретшiлiк қыры ол – киноэскиздер мен киносценография, қазақтың ұлттық костюмдерiн этнологиялық жағынан зерттеу, бейнелеу өнерi жанрының жан-жақтылығына бойлау және өмiрдiң нағыз келбетiн суреттеу»,–дейдi Ұзақбай Айтжанов. «Atameken Holding» басылымның демеушiсi ретiнде, шынайы да талантты, он саусағынан өнерi тамған қыл қалам иесiне өзiнiң iлтипатын бiлдiрдi. Холдинг қазақ халқының мәдени мұрасын, өнердiң қара шаңырағын одан әрi қолдап, ел экономикасың өркендеуiне күш-жiгерiн жұмсай бермек. Альбомға суретшiнiң 100-ден аса шығармалары енген. Бұл жинақ 26-жылдан кейiнгi шығып отырған екiншi кiтап. Әрине ұлттық өнерiмiздiң классигi Айша Ғалымбаевадай бiртуар суретшiмiзге жыл сайын бiр кiтап шығарсақ та артық болмас едi. Өйткенi, қазақ әйелiнiң тағдырын тақырыбына арқау еткен суретшiнiң шығармалары да көбiне әйелдер өмiрiне арналды. Суретшiнiң «Батыр ана», «Ардақты ана», «Сәукеле» туындылары — осының айғағы. Суретшi өз халқының дәстүрлерi үшiн таныс емес, мүлдем жаңа көркем сурет шығармашылығында әйелдерге тән емес жолға бiрiншi болып түстi. Бiрақ, кескiндеме суретшiнiң өмiрiнiң мағынасына айналды. Ешкiмге елiктеместен, ешкiмге қарамастан өз жолын тапты. Мүмкiн, бұл суретшiнiң рухының мықтылығында шығар. Рухы мықты жанның дүниелерiнiң де рухы мықты болды. Оның қазақ кескiндеме өнерiнiң шеберi Айша Ғалымбаеваның шығармашылығынан анық байқауға болады. Оның салған кескiндемелерi Отанды сүюге, патриоттыққа, туған жердi аялауға рухтандыратын дүниелер екенiне, суретшiнiң туындыларымен таныс кез келген көрерменнiң сенiмi мол.Гүлзина Бектасова