«ЕЛIМ МЕНIҢ» МӘРЕГЕ ЖЕТТI
«ЕЛIМ МЕНIҢ» МӘРЕГЕ ЖЕТТI
Жуырда, Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi ұйымдастырған IV республикалық «Елiм менiң» патриоттық әндер байқауы мәреге жеттi.
Жас ұрпақты отансүйгiштiкке тәрбиелеу мақсатында дүниеге келген патриоттық әндердiң байқауы жыл сайын өткiзiлiп келедi. Бұл байқау қазақ композиторлары мен ақындарының шығармашылығын қолдау, орындаушылардың кәсiби шеберлiгiнiң өсуiне ықпал ету, олардың қатарын жас таланттармен толықтыруды мақсат тұтып отыр.
Патриоттық әндер байқауына Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, даңқты әншi Бекболат Тiлеухан (қазылар алқасының төрағасы), Қазақстанның халық әртiсi, белгiлi композитор Алтынбек Қоразбаев сияқты халыққа белгiлi тұлғалар қазылық еттi. Байқау төрт номинация бойынша өткiзiлдi.
Сонымен, байқауда бас жүлденi Ерұлан Қанапиянов иемденсе, «Атамекен» аталымында белгiлi сазгер Кеңес Дүйсекеев үздiк шықты. Ал «Аманат» номинациясы бойынша Құрмет Сақай бiрiншi орынды алса, «Шәкәрiм-толғау» номинациясы бойынша Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мұғалiмi Сағатбек Медеубекұлы бiрiншi орынды жеңiп алды. «Ән сал, сарбаз» бойынша бiрiншi орын Төлеужан Ғұмаровқа тиесiлi болды.
Махаббат ӘДIЛХАНҚЫЗЫ