БЕС ЖЫЛ БҰЗЫЛМАЙТЫН ЖОЛ БАР

БЕС ЖЫЛ БҰЗЫЛМАЙТЫН ЖОЛ БАР

БЕС ЖЫЛ БҰЗЫЛМАЙТЫН ЖОЛ БАР
ашық дереккөзі
261

Республика Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында «Өткен жылы автомобиль жолдары саласын 2012 жылға дейiн дамыту бағдарламасын iске асыру қолға алынды. Автожол саласын қаржыландыруға мемлекет тұңғыш рет 10 миллиардқа дерлiк АҚШ долларын бөлiп отыр. Бұл инфрақұрылымды дамыту қозғалыс қауiпсiздiгiн арттырып, жолдағы жарақаттану қатерiн азайта бередi» деген болатын. Осы Жолдауға сәйкес республика Үкiметi жарты жылдың iшiнде халықаралық маңызы бар негiзгi автожолдарды халықаралық стандарттарға сәйкестiкке келтiруге қажеттi стратегия әзiрлеу керек едi. Сонымен қатар көлiк-логистикалық кластердi дамыту ауқымында Батыс Еуропаны Батыс Қытаймен жалғастыратын, Қазақстанның аумағы арқылы өтетiн автомобиль жолы салынуға тиiс болатын. Жолдауда сонымен бiрге Қазақстанның ең шалғай елдi мекендерiне жетуiмiздi жеңiлдететiн жергiлiктi маңызы бар жолдар желiсiн жедел кеңейту қажеттiгi де айтылған едi. Бүгiнгi әңгiмемiз экономикамыздың күретамыры аталатын жолдардың бiр дәлiзi – Таскескен-Бақты автомобиль жолы туралы болмақ. ҚР Көлiк және коммуникациялар министрлiгi көлiк инфрақұрылымын дамыту комитетi Шығыс Қазақстан облыстық басқармасының бастығы Майдан Тiлесұлы Мыңбаевқа жолығып, сұхбатымыздың бiсмiлләсiн осыдан бастадық.

– Майдан Тiлесұлы, әуелi облыс көлемiндегi автомобиль жолдарының ұзындығы, олардың жөнделу жағдайы туралы айтып берсеңiз дұрыс болар едi.

– Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3420 шақырым. 2006 жылы жол жөндеуге және қайтадан салуға 4,3 миллиард теңге бөлiнген едi. Оның iшiнде 160 миллион теңге «Риддер-Алтай өлкесi» автомобиль жолын жөндеуге 1,2 миллиард теңге, «Таскескен-Бақты» жолын қайтадан жөндеуге 0,4 миллиард теңге, «Өскемен-Зырян» жолын жөндеуге 0,5 миллиард теңге, «Өскемен-Семей» автомобиль жолына 0,3 миллиард теңге, темiр-бетонды жетi көпiр салуға бөлiнiп игерiлдi. 201,5 мың шаршы метр жолға шұңқырды толтыру (ямочный ремонт) жасалып, 280 шақырым жол қиыршық таспен тегiстелдi.

Биылғы жылы «Таскескен-Бақты» автомобиль жолын екiншi дәрежелi жөндеуден өткiзу үшiн 2,2 миллиард, «Өскемен-Семей» автомобиль жолының 40 шақырымдық телiмiн күрделi жөндеуден өткiзу үшiн 1,1 миллиард теңге бөлiндi. Үстiмiздегi жылы жолдарды орташа жөндеуге 927 миллион, ағымдағы жөндеуге 667 миллион теңге бөлiндi.

Жолдар бес жылда бiр рет орташа жөндеуден өткiзiлуi керек, оның бiр шақырымын жөндеудiң бағасы сегiз миллион теңге. Ал әңгiме болып отырған «Таскескен-Бақты» автомобиль жолын екiншi дәрежелi жөндеудiң бiр шақырымы 93-94 миллион теңге тұрады. Мүлдем жаңадан салынатын жолдың 1 шақырымы 150 миллион теңге тұрса, Алматы-Бiшкек автомобиль жолының бiр шақырымы 200 миллионды, ал Астана-Бурабай екi бағытты (әр бағытта үш жолағы бар) автомобиль жолының бiр шақырымы 428 миллион теңгеге жеткен. Демек, Үкiметтен қыруар қаржы бөлiндi, ол қайда кетiп жатыр деген секiлдi емеурiн бiлдiретiндер осыны түсiнгенi абзал.

– Жергiлiктi мәндегi жолдардың аянышты жағдайын айтып басыңызды ауыртпай-ақ қояйын. Бiздiң республиканың аумағынан алты халықаралық көлiк дәлiзi өтетiнi белгiлi. Соның бiрi Майқапшағай-Омбы автомобиль жолы. Осы жолдың бүгiнгi жағдайы көңiлге кiрбiң ұялатады.

– Дұрыс айтасыз, «Майқапшағай-Омбы» көлiк дәлiзi халықаралық жол болып табылады. Тiптi, Қазақстан Республикасының 2001-2005 жылдарға арналған жол бағдарламасына осы Майқапшағай-Омбы автомобиль жолының 210 шақырымын жөндеу кiрген болатын. Бiрақ бағдарлама орындалмады, бұл жолды жөндеуге тиiстi қаражат бөлiнбедi. Егер олай болатын болса аталмыш жолды жоғарыдағы бағдарламаға кiргiзiп, Алдаркөсенiң жиенi атану кiмге керек болды екен?

– Осындай iрi көлiк коридорларының бiрi Таскескен-Бақты автомобиль жолы екенi аян. Қазiргi кезде осы жол күрделi жөндеуден өткiзiлiп жатқанынан хабардармыз. Жол жөндеу жұмыстарымен қай мекеменiң айналысып жатқанын айтып берсеңiз.

– Таскескен–Бақты автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 433 шақырым, соның 33 шақырымына күрделi жөндеу жүргiзу үшiн тендер өткiзiлген болатын. Тендерде жеңiске жеткен Астана қаласының «Темiржолқұрылыс» акционерлiк қоғамы былтыр сәуiр айында жұмыстарды бастаған болатын. Аталған 33 шақырым жолды күрделi жөндеуге барлығы 2 миллиард 990 миллион теңге бөлу қарастырылған. Мәселемен анығырақ танысу үшiн Мақаншыға барып, Таскескен-Бақты автомобиль көлiгi жолын жаңғырту дирекциясының жоба жетекшiсi Серiк Мұқанұлы Базарбеков пен оның орынбасары Сәрсен Орынбасарұлы Жанқуатовтарға жолығып сөйлескенiңiз жөн.

Сөйтiп, сұхбаттың екiншi жартысын Мақаншыда жалғастыруға тура келдi. Бiз барған күнi жоба басшысы жұмыс бабымен бiр жаққа кетiп қалған екен, сондықтан жоба орынбасары Сәрсен Орынбасарұлы Жанқуатовпен кездесiп, тiлдестiк.

– Сәрсен Орынбасарұлы, Таскескен-Бақты автомобиль жолын жөндеп жатыр екенсiздер. Осы туралы ширатыңқырап айтып берсеңiз.

– Бiздiң республика аумағынан алты халықаралық транзиттiк көлiк коридоры өтедi ғой. Таскескен-Бақты автомобиль жолы соның бiрi болып табылады. Өзiңiз бiлесiз, бұл Елбасының Жолдауында берiлген тапсырма, қазiр Үкiмет қаржы бөлiп, сол тапсырманы орындауға күш салып жатыр.

– Бiздiң «Темiржолқұрылыс» акционерлiк қоғамының бас офисi Астанада орналасқан. Акционерлiк қоғам президент – Әдiлша Мағрыпұлы Ермұханов деген азамат. Мақаншыда Таскескен-Бақты автомобиль көлiгi жолын жаңғырту дирекциясы және «Даңғыл-АС» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестерi жұмыс iстеуде. Соңғысын Ерұлан Жолдыбаев деген жiгiт басқарады.

Мақаншыда Таскескен-Бақты автомобиль көлiгi жолын жаңғырту дирекциясын Серiк Мұқанұлы Базарбеков басқарады. Мен жоба жетекшiсiнiң орынбасары болып iстеймiн. Бiздiң дирекция мұнда жол жөндеу жұмыстарын былтыр сәуiр айында бастаған болатын. Дирекцияда 190 жұмыс орны ашылған. Бүгiнгi күнi жол құрылысында 190 адам жұмыс iстеп жүр, оның 30-ы Аякөзде, 160-ы Мақаншыда.

Бiздiң жөндеуге тиiстi учаскемiз Таскескен-Бақты автомобиль жолының 100-133 шақырымдарының аралығы, яғни 33 шақырым жол. Бұл көп жыл қараусыз қалған жол телiмi екен. Сол ескi жолды қайтадан күрделi жөндеуден өткiзiп, 2-шi категориялы жол ретiнде қайтадан жаңғыртып, салып жатырмыз. Бұл мақсат үшiн барлығы 2 миллиард 990 мың теңге қаражат бөлу көзделген. Былтыр соның 747 миллион теңгесi бөлiнiп, игерiлдi. Биыл 1 миллиард 267 миллион теңге бөлiндi, келесi жылға 974 миллион теңге күрделi қаржы қалып отыр. Негiзгi жұмыс учаскелерi – Аякөз, Мақаншы маңында.

Жөндеуден өткiзiлуi тиiс 33 шақырым жолдың 225 шақырымы күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Осы аралықта орналасқан 2 темiрбетон көпiр жөнделдi, бiреуiнiң ұзындығы – 42 метр, екiншiсiнiң ұзындығы – 63 метр. Сондай-ақ 19 су құбыры мен су арықтары жөндеуден өткiзiлдi. 33 шақырымдық жолға жоба бойынша 200 мың тонна асфальт салынады. Соның iшiнде 130 мың тонна асфальт майда тастармен араластырып салынады. Осы мақсатта Мақаншы селосында тас ұсату және асфальт шығару заводтары салынған. Тас ұсататын заводтың қуаты сағатына 250 тонна, завод күнi-түнi жұмыс iстейдi. Тастың мөлшерiне қарай 5 фракция шығарады. Бұл зауытты былтыр Финляндияның «Санрик» деген фирмасынан сатып алғанбыз. Мұнда 20 адам жұмыс iстейдi.

«ДС-68» маркалы асфальт зауытына қажеттi құрал-жабдықтарды Украинадағы «Киевман» акционерлiк қоғамынан сатып алғанбыз. Оның қуаты – сағатына 160 тонна. Зауытты монтаждауға 10-15 күн кеттi. Мұнда 40 адам жұмыс iстейдi. «Темiржолқұрылыс» АҚ Таскескен-Бақты автомобиль көлiгi жолын жаңарту дирекциясының асфальт зауыты Мақаншы селосының iргесiнде орналасқан, тас ұнтақтайтын завод та соған жақын жерде. Зауыттар да iске былтыр қосылған. Жiгiттер жiгерлене қимылдап, алдарына қойылған мiндеттi абыроймен орындап жүр. Оларға дән ризамыз.

Қазiрге дейiн жоспарланған жұмыстардың 90 пайызы аяқталды. 2007 жылға арналған жоспарымыз бойынша жұмыстардың барлығы қараша айында аяқталуы керек. Жұмысымыз жоспар бойынша ойдағыдай жүрiп жатыр. Былтырдан берi бiздiң дирекцияға 190 адам жұмысқа алынса, соның 70 пайызы жергiлiктi тұрғындар. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 60000 теңгеден астам. 80-100 мың теңге алатын жұмысшылар да бар.

Жұмысшыларымыздың көбi ауылда, өз үйлерiнде тұрады. Ал шеттен келiп жұмыс iстеп жүргендер үшiн 3-4 вагонымыз бар, сонда жатады, үш уақыт ыстық тамақ берiледi.

– Әдетте, жол жөндеу кезiнде асығыстыққа жол берiлетiнi белгiлi. Жолшылардың жөндедiк деген жолы бiраз уақыттан кейiн қайтадан тесiлiп жатады. Сiздерде жұмыстың сапасын бақылау қалай?

– Үкiметтен осы жолды күрделi жөндеуге қыруар қаржы бөлгендiктен, жұмыстың сапасына деген талап та күштi. ҚР Көлiк және коммуникациялар министрлiгi көлiк инфрақұрылымын дамыту комитетi Шығыс Қазақстан облыстық басқармасының инженер мамандары бұл учаскедегi жол салу технологиясының қатаң сақталуын қадағалап отырады. Олар арнайы аспаптарын асфальтқа бойлатып, асфальттың құрамын анықтайды. Белгiленген технология сақталмаса атқарылған жұмысты қайта iстеуге мәжбүр боламыз. Сол себептi биылдан бастап жұмыс сапасын жүйелi бақылау мақсатында Таскескен-Бақты автомобиль көлiгi жолын жаңғырту дирекциясында инженерлiк қызмет құрылды. Олар жол салу сапасын және атқарылған жұмыстардың көлемiн тексередi. Егер белгiлi бiр телiмде жұмыс сапасыз атқарылса, олар бұл кемшiлiктi қағазға түсiрiп, орындау мерзiмiн көрсетедi. Ол хатта көрсетiлген кемшiлiктер мiндеттi түрде түзетiледi. Егер аталған кемшiлiк түзетiлмесе айып салынады. Жүйелi бақылау жасалған жерде жұмыстың сапалы болатыны белгiлi ғой. Тендердiң шарты бойынша бiз жол салу жұмыстарының сапасына 5 жылға кепiлдiк беремiз. Егер жол пайдалануға берiлгеннен кейiн 5 жылдың iшiнде жарық не шұңқыр шығып жатса, оның барлығын өзiмiз жөндеп, тегiстеп беруге мiндеттiмiз. Сондай-ақ, бiз жол салуға тапсырыс берушiге жоба бағасы бойынша кепiлдiк беремiз.

Өзiмiздiң жол-құрылыс материалдарымыздың сапасын тексеретiн зертханамыз бар. Құрылыс материалдарына байланысты қандай сынақтар жасау керек болса, соның барлығын өзiмiзде жасай аламыз.

– Жұмыстың қауiпсiздiгiне назар аударыла ма?

– 200-ге жуық адам жұмыс iстейтiн мынадай үлкен жол құрылысында онсыз болмайды ғой. «Темiржолқұрылыс» АҚ Таскескен-Бақты автомобиль көлiгi жолын жаңғырту дирекциясының еңбек қауiпсiздiгiн сақтау жөнiндегi арнайы iс-шаралар жоспары бар. Оның орындалуын еңбек қорғау жөнiндегi инженерiмiз қадағалайды. Мәселен, жұмысшыларға карьерде iстеуге наряд берiлсе, олармен мiндеттi түрде нұсқаулама өткiзiледi және бұл нұсқаулама тоқсан сайын қайта өткiзiледi.

Сұхбатты жүргiзген Мира Берiкболова

Серіктес жаңалықтары