ТҰҢҒЫШ ТЕМIРЖОЛШЫҒА ЕСКЕРТКIШ ҚОЙДЫ
ТҰҢҒЫШ ТЕМIРЖОЛШЫҒА ЕСКЕРТКIШ ҚОЙДЫ
Алматы облысында тағы бiр ескерткiш бой көтердi. Бұл ескерткiш қазақтың тұңғыш темiржолшысы, қоғам қайраткерi Мұхаметжан Тынышпаевқа арналып қойылды. Тұңғыш темiржолшыға ескерткiш қою идеясы осыдан бiраз уақыт бұрын Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетовтiң бастамасымен көпшiлiктiң қолдауына ие болған едi.
16 қараша күнi Сарқан қаласының орталығындағы Мұхаметжан Тынышпаев атындағы алаңда ескерткiштi ашу рәсiмi өттi. Салтанатты ашылу рәсiмiне облыс әкiмi Серiк Үмбетов арнайы келiптi. Сондай-ақ, тұңғыш темiржолшының балалары мен немерелерi, ағайындары мен жерлестерi де сол жерден табылды. Әуелi салтанатты рәсiм алаңға тiгiлген ақшаңқан киiз үйлер алдындағы театрландырылған көрiнiспен басталды.
Ескерткiштiң лентасын Алматы облысының әкiмi Серiк Әбiкенұлы мен темiржолшының қызы Еңлiк Мұхаметжанқызы қиды. Салтанатты кеште сөз алған әкiм: «Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың тапсырмасымен өмiрге келген «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Жетiсу жерiнде көптеген шаралар жүзеге асырылғанын жақсы бiлесiздер. Былтыр облыс орталығынан Жетiсудың үш биi: Ескелдi, Балпық, Қабылиса бабаларымызға арналып ескерткiш тұрғызылды. Ақын Сараның ескерткiшi көрiктi жерге қоныстанды. Тағы да ойға алған iстердiң бiрi – қазақтың мақтанышына айналған ұлдардың қатарынан ойып тұрып орын алатын Мұхаметжан Тынышпаевқа ескерткiш қою едi. Көрiп отырғаныңыздай, ол да орындалды. Болашақта Талдықорған қаласында Қабанбай батырға алып ескерткiш қоймақшымыз. Сонымен бiрге, Желтоқсан қаһармандары Ләззат пен Ерболға да туған жерлерiнде ескерткiш қойсақ деген жоспарымыз бар. Амандық болса, оған да куә боласыздар. Атамыз қазақ: «Өткендi ескерген, өскендiктiң белгiсi» деген, сондықтан елдiгiмiз үшiн жандарын пида еткен тұлғаларымызды әрдайым мақтан тұта отырып, жастарға үлгi ретiнде ұсына бiлейiк», – дедi.
Ескерткiш жобасының авторы Қазыбек Жарылғапов пен М. Тынышпаевтың қоладан жасалған тұлғасын сомдаған мүсiншiлер – Қайрат Сұраншы, Едiге Рахмадиев және Асқар Нартаевқа рәсiмге жиналған қауым алғыстарын бiлдiрiп жатты. Тұңғыш темiржолшының мүсiнi бейнеленген ескерткiштi ендi Сарқан қаласының орталығына барған кез келген жолаушы тамашалай алады.
Гүлзина Бектасова