НАБУККО

НАБУККО

НАБУККО
ашық дереккөзі
230

Батыстық жоба жүзеге аса ма?

Дүние жүзi энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiмен бас қатыруда. Себебi, әлемдiк экономика қарқынды дамыған сайын энергоқорға деген сұраныс көлемi де ұлғая түскен. Кәрi құрлық тарапынан ұсынылған қазақ, әзiрбайжан, түркiменге «көгiлдiр отынды» еуропалық нарыққа балама жолмен жеткiзуге мүмкiндiк беретiн, ең бастысы, Қазақ елiн орыстардың ықпалынан аман алып шығатын Набукко жобасы жүзеге аса ма, жоқ па?

Жуырда ғана Астанадағы Ақ ордада Еуропалық Одақтың басшысы Хавьер Соланамен кездескен Қазақ елiнiң басшысы Нұрсұлтан Назарбаев энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн сөз етiп, қазақтардың табиғи газын Батысқа тасымалдауға мүдделi екендiгiн бiлдiрген. Яғни, Набукконың тезiрек iске қосылуына бiз де мүдделiмiз. Ендеше газ құбырының құрылысын бастауға не кедергi? Түрiктер мен ирактық күрд жасақшылары арасындағы кикiлжiңнiң жобаға тигiзетiн кесiрi қандай? Дерек пен дәлелдi таразылай отырып, сараптап көрсек.

КҮРДТЕРДIҢ КЕСIРI ТИЕ МЕ?

Алдағы 20 жылда кәрi құрлық тұтынатын «көгiлдiр отынның» жалпы көлемi 300 миллиард шаршы метрге жетiп жығылады. Қазiргi таңда Еуропаға тасымалданатын газ Ресейден және Африканың солтүстiк бөлiгiнен жеткiзiлiп отыр. Батыстық саясаткерлерге тыным бермейтiнi, Таяу Шығыс пен Каспий теңiзiн байланыстыратын көпiрдiң жоқтығы. Кейiнгi кезде әлемдiк саяси сахнада жиi сөз етiле бастаған Набукко (Nabucco) жобасы ЕО-ның көптен берi армандап жүрген алтын көпiрiнiң қызметiн атқаруға қауқарлы. Аталған жоба бойынша таяушығыстық газды тасымалдау 2012 жылға жоспарланған. Құбыр межеленген үддеден шыға бiлсе, Иран мен Ирактың да энергоқоры қамтылар едi. Инвестициялық банктер жалпы құны шамамен 5-7 миллиард еуропаға бағаланған Набукко жобасына қаржылай көмек көрсетуге дайын отырғанмен, Тегеранның саяси ахуалына алаңдайды. Олардың көздi жұмып қойып, тәуекел етуге батпауы да сондықтан. Еуропалық инвестициялық банктiң басшысы Томас Баррет алдымен Иранға қатысты туындаған дауды шешiп алу қажеттiгiн көлденең тартады (Еуропалық инвестициялық банк 1958 жылы Еуропаның мүддесiн көздейтiн жобаларды қаржыландыратын Еуропалық экономикалық қауымдастықты құру туралы қабылданған Рим келiсiмiне сәйкес құрылған). «Жығылғанға жұдырық», Еуроодақтағы Энергетикалық хартия хатшылығының жетекшiсi Андре Мерньенiң батыстық құбыр жобасын сынға алуы инвесторлардың күмәнiн қоюлата түскен. Үстiмiздегi жылдың 25 қазанында Лиссабонда өткен ЕО-ға мүше елдердiң басшылары мен Путин қатысқан Еуроодақтың саммитiнде Мернье Набукконы «анасының iшiнен өлi туған шаранаға» теңедi. Венадағы дөңгелек үстелде Австрияның энергетикалық нарығында монополист болып табылатын EnergieAllianz Austria (ЕАА) компаниясының сарапшылары батыстық газ құбыры жобасын жүзеге асырудағы екi маңызды кедергiнi атап айтты: ресурстардың жетiспеушiлiгi және энергоқорды тасымалдауда Түркия аумағында орын алатын лаңкестiк әрекеттер. Алайда австриялық мамандардың бұл пiкiрiмен келiспейтiндер де бар. Мысалы, кейбiр сарапшылар Ирактың солтүстiк аймағындағы Күрдтердiң жұмысшылар партиясына мүше жасақшылар Түркия арқылы өтетiн құбырларға зиянкестiк жасай алмайды» деген сенiмде. Оның үстiне, Набукко күрдтер тұратын аймақты айналып өткелi отыр. Бұған дейiн АҚШ түрiктердiң күрд жасақшыларына қарсы әскери шара қолдануын қаламай келген. Алайда 5- қарашада Бушпен кездескен Түркия премьерi Ердоған Ақ Үй басшысын өз дегенiне көндiрдi. Жүздесуден кейiн Вашингтон Анкараға ирактық күрдтер туралы нақты мәлiметтер беруге келiстi.

БРЮССЕЛЬ МЕН МӘСКЕУДIҢ ТЕКЕТIРЕСI

Негiзi Набуккоға орталықазиялық және ирандық газ қолданылғалы отыр. Құбырдың ирандық тармағы елдегi Тегеран қатаң бақылауда ұстап отырған күрдтер тұратын аумақ арқылы өтпек. Ал қазақ, әзiрбайжан және түркiмен газы тасымалданатын екiншi тармақ түрiктердiң Ерзұрым қаласы арқылы тартылады. Бұл аймақта күрдтер шоғырланбағандықтан, құбырды жарып жiберуi мүмкiн деген қауiп те негiзсiз. Егер қазақтардың мұнайын Батысқа бағыттайтын Баку-Джейхан-Тбилиси құбыры Түркияның күрдтер көп тұратын аймағы арқылы өтетiнiн, соған қарамастан, құбырдың әлi күнге зардап шекпегенiн ескерсек, Набукко төңiрегiнде өрбiген «лаңкестiк әрекеттер елесi» өздiгiнен сейiледi. Сiрә, АҚШ пен күрдтердiң КЖП-ны iштартатын батыстық серiктестерi құбырдың Еуропаға қаншалықты стратегиялық маңызы барын ескертiп қойса керек. Есесiне, Қазақстан, Әзiрбайжан мен Түркiменстан тарапынан ұсынылған энергетикалық келiсiм шарттар қазiргi таңда орыстар үшiн аса тиiмдi емес. Өйткенi, кезiнде Кремльдiң «шекпенiнен» шыға алмаған посткеңестiк үш ел саяси тәуелсiздiгiмен бiрге, экономикалық егемендiгiне де қоса қол жеткiздi. Мемлекет үшiн маңызды шешiмдер қабылдарда бұрынғыдай Кремльге жалтақтамайды. Керiсiнше, Брюссель мен Мәскеу тарапынан бiлдiрiлген ұсыныстарды ұлттық мүдделер шеңберiнде сараптайды. Мысалы, транскаспийлiк құбыр жобасы бойынша негiзгi серiктес болып табылатын Баку газды Набукко жобасына бәсекелес итальяндық-гректiк құбыр арқылы сатуға келiстi. Орталық Азияға тиесiлi «көгiлдiр отынды» Еуропаға тiкелей тасымалдайтын Түркия Набукко арқылы келген газбен алдымен өз тұтынушыларын қамтамасыз етiп, артылған өнiмдi Батысқа бағыттаймын деп отыр. Әрине, кез келген келiсiм-шартта мүдделi тарап серiктесiнiң ұсыныс, талаптарына түсiнiстiкпен қарауға мәжбүр. Каспийлiк құбыр жобасы Қазақстан, Түркiменстан мен Әзiрбайжан газын батыстық нарыққа шығаруда аса маңызды әрi тиiмдi. Сондықтан Ресейдiң қарсылығына қарамастан, оны неғұрлым тезiрек жүзеге асыруға қазақтар мен түркiмен, әзiрбайжандар ғана емес, еуропалық елдер де мүдделi. Осы орайда, кәрi құрлық үшiн Түркия-Греция-Италия жобасы да кезек күттiрмейтiн мәселелердiң бiрiне айналған. Соңғы екi-үш жылдан берi энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiмен бас қатырып жүрген Еуропа саяси сахнада өзiмшiл әрi «ұр да жық» Кремльдiң ықпалынан, анығында энергетикалық тәуелдiлiгiнен құтылғысы келедi. Ол үшiн кезiнде КСРО құрамында болған республикалардың көңiлiн тауып, оларға тиесiлi мол байлықты батыстық нарыққа бағыттау қажет.

СЫЛТАУЛАР – НЕГIЗСIЗ

Әзiрге Орталық Азия аумағындағы шикiзат көзi АҚШ, Батыс, Қытай мен Ресейдiң көз құртына айналып отыр. Мысалы, әзiрбайжандардың Шахданиз деген бiр ғана кен орнында 1 триллион 200 миллиард текше метр газ қоры бар. Сондай-ақ, газбен бiрге Каспийдiң шығыс жағалауындағы қордың көлемi де орасан зор. Әзiрбайжандарға тиесiлi жағалау мен шығыстық бөлiктiң арақашықтығы 360 шақырымға тең. Қазiрдiң өзiнде Каспий теңiзiнiң түбiнен әзiрбайжандар 5 мың шақырымға созылатын газ және мұнай құбырын тартып тастаған. Әзiрбайжан мен Түркiменстанның инфрақұрылымдарын бiрiктiру үшiн небары 50 шақырым құбыр тартса жетiп жатыр. Демек, қазақтар мен орталықазиялық аймақтағы табиғи байлығы мол басқа да ұлттардың орыстардың уысында болуын көздейтiн кейбiр сарапшылардың «қор жетiспейдi» деген желеуi желге ұшады. Түркияның күрд жасақшыларына қарсы әскери шара бастауының өзi Ресейдiң шылауынан шығуға мүмкiндiк беретiн энергетикалық жобаға кесiрiн тигiзе алмайды. Мысалы, Анадолының шығысындағы лаңкестiк әрекетке қарсы шаралар БТД жобасын жүзеге асыруға кедергi болған жоқ. Оның үстiне, қазақтар мен түркiмендер дәл қазiргi Пәкстандағы ушығып тұрған саяси ахуалды сылтауратып, энергоқорды тасымалдаудан бас тартпасы анық. Набукко құрылысының тезiрек басталуына мүдделi Әзiрбайжан тасымалдаушы ел ретiнде ғана емес, транзиттiк мемлекеттiң қызметiн атқаруға да әзiр. Айтпақшы, Баку «көгiлдiр отынды» Әзiрбайжан, Грузия, Украина арқылы Еуропаға жеткiзетiн жобаға да кетары емес. Алайда, бұл жоспардың да «бiр қайнауы iшiнде». Өйткенi, өзiмен есептесуге мәжбүрлейтiн геосаяси ахуал бар. Орыстар күнi кеше Тегеранда өткен саммитте Каспий жағалауындағы елдермен газ құбырын салу туралы келiсiмге қол қойды. Бiрақ нақты шаралар әзiрге атқарылған жоқ. Орталық Азия мен Еуропаның оңтүстiк-шығыс бөлiгiн уысында ұстауды мақсат ететiн Кремль Набукконы тұншықтыруға жанталасуда. Орыстардың мемлекеттiк меншiгiндегi «Газпром» жобаның акционерлерi болып табылатын Венгриямен және Болгариямен келiсiм шарт жасады. Демек, саясаттың көрiгi қызған орталықазиялық аймақтан «көгiлдiр отынның» Батысқа қарай кедергiсiз ағуы екiталай. Әрi 2006 жылы орыстардың Газпромы мен алжирлiк Sonatrach қол қойған меморандумның кесiрiнен Италияға жеткiзiлетiн табиғи газдың 69 пайызы бiр ғана монополист дистрибьютордың қолына көштi. Кремльдiң «көгiлдiр отын» ұйымын құрсақ» деген ұсынысына алаңдаған еуропалықтар алдын алу шараларын ертерек қарастыру қажеттiгiн айтып, Брюссельге ескерту жасады. Ал 5-қараша күнi ресми мәлiмдеме жасаған нидерландтық газ саласының маманы Кристоф Жерар Газпромның Африканы халықаралық нарықты экспансиялау құралы ретiнде қолдануды көздейтiнiн айтты. Бүгiнгi таңда Анголаның мемлекеттiк Sonangol компаниясымен серiктестiк қатынасын бастаған Газпром Гвиея шығанағына тиесiлi кен орындарындағы байлыққа қол жеткiзу мақсатында африкалық кәсiпорындармен тығыз байланыста болудың барлық мүмкiндiктерiн қарастыруда. Орталықазиялық энергоқорды Еуропаға тасымалдауда Ресейдi айналып өтетiн Набукко жобасын «бесiгiнде тұншықтыруға» жанталасып жатқаны сондықтан.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары