ПЕДАГОГТАР БАС ҚОСТЫ

ПЕДАГОГТАР БАС ҚОСТЫ

ПЕДАГОГТАР БАС ҚОСТЫ
ашық дереккөзі
226

Жуырда, Алматы қалалық әкiмшiлiктiң мәжiлiс залында «Қазақ тiлi мен әдебиетiн оқыту сапасын арттыру — бүгiнгi күннiң өзектi мәселесi» тақырыбында конференция болып өттi.

Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары С.Сейдумановтың құттықтау сөзiмен ашылған жиынға ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң қызметкерi Р.М.Баттал, Бiлiм беру жүйесiнiң басшы және ғылыми педагогикалық кадрлары бiлiктiлiгiн арттыратын республикалық институттың директоры Т.Баймолдаев, Алматы қаласы тiлдердi дамыту басқармасының бастығы К.Матыжанов, ҚР Еңбек сiңiрген мұғалiмi Қ.Бiтiбаева және жалпы орта бiлiм беретiн мектеп басшылары мен әдiскер мұғалiмдерi қатысты.

Конференция барысында елiмiздегi жалпы орта бiлiм беру ошақтарында қазақ тiлi мен әдебиетiн оқытудың сапасын арттырумен қатар, Өзбекстан жерiндегi қазақ мектептерiндегi мұғалiмдердiң әдiстемелiк құралдарға мұқтаждықтары да сөз болды. Өзбекстанның Жизақ облысынан келген Шыназбек Үмiтәлиев туған елден қашықта жүрген қандастарымыз оқулық жеткiлiктi болғанымен, әдiстемелiк құралдарға зәру екендiктерiн айтып өттi.

Мәжiлiстiң екiншi бөлiмi КСРО Мемлекеттiк сыйлығының иегерi Қ.Бiтiбаева мен Астана қаласындағы «Лингва» орталығының директоры Қ.Қубаеваның шеберлiк мектептерiмен жалғасты. Екi күнге жоспарланған конференцияның келесi күнiнде секциялар №130, 159, 90, 83 мектеп-гимназияларда өз жұмыстарын одан әрi өрбiттi. Озат тәжiрибелi әдiскер-мұғалiмдер панорамалық сабақтар көрсетiп, соңынан мектеп оқушыларының концерттiк бағдарламасы тамашаланды. Түстен кейiн Бiлiм беру жүйесiнiң басшы және ғылыми педагогикалық кадрлар бiлiктiлiгiн арттыратын республикалық институтта конференцияға қатысушылар қайта бас қосып, Өзбекстан Республикасынан келген өкiлдiң және Т.Баймолдаевтың сөзi жиынды қорытындылады.

Сондай-ақ, жиын барысында «Үздiк қазақ тiлi мұғалiмi» байқауының жеңiмпаздары анықталып, нәтижесiнде жеңiске жеткен алты мектеп, бес колледж мұғалiмi марапатталды.

Балжан ҮСЕЕВА

Серіктес жаңалықтары