“МЕН ЕВАНГЕЛИСПIН” ДЕЙТIН ЖАСТАР КӨБЕЙДI

“МЕН ЕВАНГЕЛИСПIН” ДЕЙТIН ЖАСТАР КӨБЕЙДI

“МЕН ЕВАНГЕЛИСПIН” ДЕЙТIН ЖАСТАР КӨБЕЙДI
ашық дереккөзі
249

Бiр күнi шаштаразға бас сұқтым. Шаш қиюшы әйелдiң үстелi үстiнде тұрған кiтапқа көзiм түстi. «Осындай лас жерге адам кiтап қоюшы ма едi?!». «Мынау не кiтап?» деп сұраудың астына алдым. Өзiн Салтанат деп таныстырған қыз әп-сәтте сайраған тiлiмен жорғалай кеттi. «Бұл – Библия. Мен бұл кiтапты әрқашан жанымнан қалдырмаймын. Өйткенi, бұл өмiрде менi Иса ғана сүйедi!» —деген сарындағы жаттанды сөздер лек-легiмен ағылып барады. Өзi қазақ қызының басқа ағым дiнiн бар жанымен мадақтап, шаң жуытқысы келмейтiнi менi кәдiмгiдей таңқалдырды.

Сөйтсем, ол евангелие ағымына осыдан екi жыл бұрын кiрген екен. «Өмiрден қатты күйзелiп, тығырыққа тiрелген кезiм болды. Мешiтке де бардым. Түк шықпады. Осы күйiмдi көрген бiр құрбым евангелие ағымы орталығына баруыма ақыл-кеңес бердi. Бардым. Менi қуана, құшақ жая қарсы алды. Барлық шараларына қатыстым, бiрте-бiрте өзiмдi жеңiл сезiндiм. Мiне, екi жыл болды, Иса маған сұрағанымды берiп жатыр. Сен бiздегi жастарды айтсаңшы?! Айтпақшы, жастардың денi қазақ екендiгi қуантады. Өз көзiңмен көрмесең, сенбейсiң. Сондықтан уақытың болса, мiндеттi түрде кел» деп менi де тартқысы келдi-ау деймiн. «Библияға» сыйынатын Салтанатқа жүктелген мiндет осы шығар, бәлкiм. Өзi кiрдi, ендi тағы да қазақ жастарын бiртiндеп тартуды шаш қиып жүрiп-ақ орындап жатқан көрiнедi. Неге десеңiз, сол шаштаразда отырғанымда тағы бiр кiсiге сол орталықтың мекен-жайын жазып берiп, бас сұғып кетуiн өтiнiп жатты. Нақ сүйетiн тақырыбын қозғаған соң ба, Салтанаттың көзi нұрланып кеткен. Бiрақ нұр болғанда, адамға шапақ себетiн нұр емес, мүлдем басқа. Тiптi, уағызын зырылдатып, тоқтамай айтқанда, ауызыңды ашып қаласың. Кетер-кетпесiме дейiн өз миссиясын артығымен орындаған қазақ қызы маған да сол мекен-жайды айтты. Барсам, барып көрейiншi дедiм де, қасыма құрбымды ертiп алдым. Қаланың қақ төрiнен хан сарайындай етiп салған орталықтың сыртына «Iнжiлдiк мәсiхшiлiк миссионерлiк орталығы «Блогадать шiркеуi» деп жазып қойыпты. Iшке ендiк. Әуелгi кезде жай адам ретiнде кеңес сұрамақ ниетте болдық та, осында қызмет ететiндерден сұрастыра бастадық. Екеумiздiң асты-үстiмiзге түсе бастады. «Қош келдiңдер! Құдай жарылқасын, сiздi!» деген сияқты құрмет сөздердi әрқайсысы келiп айтып жатыр. Әрине, олар үшiн тағы да екi қазақ қызының кiргенi қуаныш емес пе?! Содан «басқа күнi келсек қалай болады, бiз әлi сенiңкiремей тұрмыз» деген желеу сөз арқылы әрең дегенде сыртқа шықтық. Бiр-бiрiмiзге қарап, аң-таңбыз. Басымыз сол бөлменiң аурасына шыр көбелек айналып қалған сияқты. Бәлкiм, бұл иiс те адамды анадайдан тартып алатын күш шығар. Әйтеуiр iшiмiзден «бiсмiлләмiздi» айтып, далаға тезiрек шығуға асықтық. Аула толы кәрi-жас, тiптi, кiшкентай баласын жетектеп кiрiп жатқан қазақтар. Кейiннен мұнда жасы үшке дейiнгi бүлдiршiндерге, жасөспiрiмдерге, жастарға да арналған орталықтары жұмыс iстейтiнiн бiлдiк. Мiне, қарсы алдымызда 12-14 жастағы баласын алғаш әкелiп тұрған қазақ әйелiн кездестiрiп, дереу мән-жайды сұрай кеттiк. Ештеңеден қысылмаған ана «өзiм келiп, сенiп жүрген соң, келешекте балам да тек Исаға ғана сенсiн деп әкелдiм» дей бастады ол да баяғы сарынмен. Тағы да жаттанды үгiт-насихат. Бiрақ қанша жерден ынты-шынтысымен барынша мақтап жатқанмен, таза шындықтың лебi байқалмады. Бiлуiмше, ағымға кiрдiң бе, ол жөнiнде даттау сөз айтуға болмайтын сияқты. Егер артық ауыз әңгiме шықса, өзiңмен iс басқа дегендей мәселенiң екiншi қыры болуы ғажап емес.

Ал Берiк атты жiгiт осы орталықтың асханасында жұмыс iстейдi екен. Өзi Қазалының қазағы. Евангелие ағымына бастапқыда анасы, сосын отбасы түгел кiрiп кетiптi. «Сұрай берiңiз, бәрiне жауап беремiн» деп ағынан жарылған жiгiт еш саспастан не үшiн, қандай жолмен енiп кеткендiгi туралы айта жөнелдi.

– Бiз салықты Үкiметке төлеп жатырмыз. Ал «Киелi кiтапта» Құдайға беру керек дейдi. Мен тапқан табысымның он пайызын осы Құдай үйiне беремiн.

– Ал, сенiңше, ол ақша қайда түседi?

– Мен оның бәрiне жауап бере алмаймын. Одан да бүгiн сағат 18.30-дағы «благослуженияға» келiңiз. Сонда бәрiн түсiнесiз.

– Осы ағымда жүргенiңе қанша жыл болды?

– Бес жарым жыл. Менi Құдай шақырды. Анам, сосын бiз кiрдiк. Оның алдында нашақор болдым. Құдай өзi күш бердi.

– Сол күштi ислам дiнiнен сұрауға болмас па едi?

– Сұрадым, бардым, ешкiм көмек бермедi ғой. Iшiп те, шегiп те жүрдiм. Содан ақыры кiрдiм. Құдай бiзге әр пайғамбарды жiбердi. Ақыр аяғында өз ұлын Исаны жiбердi. Ол болса, бiздiң күнәмiздi арқалап өлдi. Соған сенсек, бiз «мәңгiлiк өмiрге» барамыз. Керек болса, сендерге мадақтау әнiн де жазып берем.

– «Миссионер» деген сөз тапсырманы орындау дегендi бiлдiредi екен?..

– Иә, бiлемiн. Бiрақ адамның емес, Құдайдың тапсырмасы.

– Бiле бiлсең, олардың бар ойы Қазақстанды, соның iшiнде қазақты евангелиендiру сияқты ғой.

– Құдай «Киелi кiтапта»: «Менiң ақиқатымды халыққа таратыңдар! Ол тек Иса арқылы ғана келедi, басқа жол жоқ» деген.

– Саған «осыншама адам тарт, кiргiз» деп тапсырма бермей ме?

– Айтуына айтам. Уағыздаймын. Өзiм араласатын достарыма айтамын. Келiп жатқандары көп.

– Уағыз дегеннiң өзi сектаға тарту емес пе?

– Жоқ. Мен кездескен адамға «Сен тозаққа барасың. Сенiң күнәңдi Иса ғана кешiредi. Сол үшiн Исаға сен» деп айтамын. Қабылдаған адам келедi.

–Үйленгенсiң бе? Егер бойдақ болсаң, болашақ жарыңның да осы ағымда болғанын қалайсың ба?

– Әзiрге бойдақпын. Әрине, осы ағымдағы қызбен отбасы құрамын. Егер сенбесе, «жолың ашық, кете бер» деймiн.

– Мұнда қазақ жастары көп пе?

– Көп. Барлығы дерлiк – жастар.

– Қасиеттi Рамазан айындағы Ораза парызы сендерге жат па?

– Мен де мұсылмандармен бiрге ораза ұстадым.

– Бiрақ мешiтке бармайсың ба?

– Мешiтте не бар? Исаға сенсем, маған «мәңгiлiк өмiр» 100 пайыз берiлген.

Бұл Берiктiң бiзге айтқан уәжi. Қазақ жiгiтiнiң өз дiнi – исламнан безiп, басқа дiндi сауғалағаны көкiрегiме жеккөрiнiштiлiк сезiмiн ұялатты. Әрине, қай дiндi ұстанса да, әркiмнiң өз еркi. Дегенмен, отты, намысты болуға әбден лайық қазақ жiгiтiнiң айтып отырғаны осы ма? Бiр байқағанымыз, негiзi мұнда көбiнесе уақытша қиыншылық пен ауыртпалыққа тап болған адамдар келедi екен. Бәрiнiң әңгiмесiнiң желiсi сол, «мен қиналдым, не iстерiмдi бiлмедiм, сөйтiп жүргенде осындағы қызметкерлердiң бiрiне жолықтым, кiрiп кеттiм…т.б.». Осыны пайдаланған миссионерлер де алдымен жастарды азғырып, сендiрiп бағып, тартып жатыр. Ал зейнетке шыққан кемпiр-шалға ермек керек. Таңның атысынан күннiң батысына дейiн қала кезiп, кiтаптарын таратумен уақыт өткiзедi әрi соған әжептәуiр ақша алады.

Ал Құрманғали аға мен Жеңiскүл апа да евангелие ағымына аумалы-төкпелi заман кезiнде кiрiп кеткен. 1998 жылы елiмiзде әлеуметтiк жағдайдың күрт төмендеуiне байланысты қиындықтан қажыған 53 жастағы Жеңiскүл апа бәзбiреудiң айтуымен осында келiп, сосын жолдасы Құрманғалиды, одан соң жалғыз қызы – Гүлнәздi апарған. Жеңiскүл апаның айтуынша, оларды Құдайдың өзi тауыпты. «Содан берi бақандай 10 жыл!».

– Сiзге «жақындарыңды осы ағымға кiргiз» деген тапсырма бере ме?

– Почему айтпайды?! «Қарғыстан, пәле-жаладан құтқарушының барын не только жақындарыңа, бүкiл жер бетiндегiлерге айт» дейдi.

– Негiзгi дiнiмiз – ислам ғой. Сондықтан да бiр Аллаһ Тағалаға ғана сену керек деп ойлаймын.

– Сен солай ойлайсың. Бiрақ сол ойлаған ойыңды бiрдеңеге жетiп барып айтсаң болушы едi. Мен де жұма сайын мешiтке бардым. Қолымнан келгенше пiтiр-садақа бердiм.

– Сiз өзiңiздi мұсылман санайсыз ба?

– Мен мұсылман емеспiн. Маған тек Құдай керек. Маған ақиқат, шындық керек. Оған Исаның етегiнен ұстаған адам ғана жетедi.

– Бiр Аллаһ Тағалаға серiк қосуға болмайды делiнген Құран аяттарында.

– Мен Құранды оқыған жоқпын.

– Ендi сiз қалған туған-туыстарыңызды үгiттеп жатырсыз ба?

– Бәрi де көнiп жатқан жоқ. Әлбетте, көнгендерi басым.

– Қазақстанды евангелие ағымы бiртiндеп жаулап барады. Сiз әлдебiр ағымның қолшоқпарына айналып, солардың құрбаны болып жүрген жоқсыз ба?

– Бұл — Құдайдың тапсырмасы.

– Олардың мақсаты – Қазақстанды, соның iшiнде қазақтарды түбiмен евангелиендiру екен?

– Не только қазақтарды, бүкiл жер бетiндегi халықты евангелиендiру.

– Бұл орталықтың ашылғанына қанша жыл болды?

– Благодать» миссионерлiк орталығы жақында 16 жылдығын атап өттi. Ал негiзгi офисiмiз — Лос-Анджелесте.

Ал пастор Кәмшат Елеусiзова да алғашқы кезде тура осы кiсiлер секiлдi кiрген. Өзi уыздай жас қыз 26 жасында-ақ евангелие ағымын мойындап кетiптi. Кiшкентай ұлы Қайсар мен жолдасы да осында. Әке-шешесi бастапқыда қарсы болса да, оң мен солды айырмаған жас қыз уағыздаушылардың сөзiне сенiп, бiржола Исаға бас иген. Бiз оны да әңгiме тартқанымызда, «егер бәрi жақсы болмаса 5 мың адам келмес едi ғой» деп, әсiресе, жастардың үлесi артық екенiн айтты. Бiрақ өзi айтпақшы соларға «альфа сабақтан» берсе де, «Мен статистикасын алған жоқпын» деп жалтарған Камшат бiзден бiраз нәрсенi бүгiп қалды. Ал «Қадiр түнiн» күтiп, Аллаһ Тағаладан тiлек тiледiңiз бе?» дегенiмiзде, «Қадiр түнi не үшiн қажет?!» деп қарсы сауалды өзiмiзге қойғандай болды. Құдды өмiрiнде бес парыздың бiрi – Оразаны, Құран кiтап түскен күн – Қадiр түнiн естiмеген кейiп танытты.

Бiз жолығып, бетпе-бет жүздескен басқа ағымдағы қазақтардың пiкiрi айналып келгенде бiр жерден шығып жатты. Бiреуiнiң сөзi екiншiсiне өте ұқсас. Тура бiр-бiрiнiң аузына шайнап салып бергендей. Өйткенi, басқа адамдарға осылай мадақтап айту, олардың бiрiншi мiндетi. Алайда, әңгiмелерiнiң астарында өз iстерiне деген бiр түсiнбеушiлiк бар. Өздерi айтуға тиiс уағызын жеткiзгенмен, шынайы емес. Бәлкiм, бәрiн кеш түсiнiп, бармағын тiстейтiндер де бар шығар.

Шыны керек, «Қазақстан мен Орта Азияны 2010 жылға дейiн евангелиендiру» стратегиялық жоспары артығымен орындалып жатыр. Елiмiздiң кейбiр телеарналары азын-аулақ ақшаға бола солардың жын-ойнақтарын эфирден көрсетiп, қаншама қазақты кiргiзiп жатқанын аңғармай ма? Бұл бұл ма, кейбiр дiни ұйымдар мен секталар Алматының ең көрiктi жерлерiнде басқосу жиындарын жиi өткiзудi әдетке айналдырған. Тiптi, «Ағылшын клубы» орталығы тiл үйретедi деп, жоғары оқу орындарында қаптаған миссионерлер арқылы евангелие ағымын ашық түрде насихаттады. Оның үстiне евангелистердiң Қазақстан арқылы Орта Азия мемлекеттерiн протестанттық бағыттағы евангелие ағымына енгiзу жоспары арқылы Қазақстан мен Орта Азия аумағына мыңнан аса протестанттық шiркеу салу жұмысы да басталып кеткенi қашан. 2005 жылғы дерек бойынша елiмiзде 3 мыңнан астам дiни бiрлестiктер тiркелген. Ал астыртын түрде сананы жаулап жатқандары қаншама. Нәтижесiнде 70 пайыз мұсылманның кемiнде 11 пайызы басқа дiнге өтiп кеткен. Бiр Алматының өзiнде мешiттен гөрi протестанттық шiркеу саны басым. Себебi, қаладағы 200-ден астам дiни бiрлестiктiң 150-ге жуығы осы протестаннық бағытта. Оларға қаланың қақ төрiнен шiркеу ашып, үгiт-насихатын жүргiзуге жол ашқан кiм? Әрине, «көпдiндi», «көпұлтты» деп биiк мiнбелерден мақтанышпен жиi айтып, есiктi айқара ашып берген билiк емес пе?! Бұл аздай, Италияның Неаполь қаласында түрлi конфессия өкiлдерi қатысқан дiнаралық кездесуде ҚР Сенат төрағасы, Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерi съезi хатшылығының басшысы Қ.Тоқаев «15 жыл iшiнде 15,5 млн. тұрғыны бар елiмiзде 1,5 мың мешiт, 170 православ, 30-дан астам католик, мыңнан астам протестанттық шiркеуi миссиясы жұмыс iстейдi дейдi де, 15 жыл бұрын тек бiр еврей синагогасы болса, қазiр олар 20-ға жуық, 21 иудей қауымдастығы, тiптi, будда храмы да салынды» дегендi мақтанышпен айтады.

Айтып айтпай не керек, Қазақстанда дiни диверсияға толыққанды жағдай жасалып қойғандығы ащы да болса, шындық. Жақында жаңалықты тыңдап отырсам, Астанадағы жоғары оқу орындарына шетелден арнайы дiн өкiлдерi келiп басқа дiн ағымдары жөнiнде лекция оқып кетiптi. Бiрi – заратуштра, екiншiсi – христиан дiнi туралы, тағысын тағы. Олардың көздегенi не? Неге бiз басқа дiн ағымдары туралы емес, мұсылман дiнiнен кеңiрек сауат алмаймыз?! Есесiне, мiне қанша қаракөз осындай жат пиғылды, астыртын үгiттiң жетегiнде кетiп, өз дiнiнен қапыда айрылуда. Неге миссионерлiкке қарсы мамандар даярламаймыз? Миссионерлер қазақтарды тарту үшiн барлық айла-амалды жасап бағып, жастарды қызықтыратын түрлi ойын-сауықтар ұйымдастырып, азын-аулақ ақшаға алдандырып, қамқорлық көрсеткен боп өзiне қаратуға бар күшiн салуда. Ол аздай, ислам дiнiне iрiткi салып, түрлi-түстi бояуы қанық жасырын кiтаптарын жымия ұсынып жүрген де солар.

Қателеспесем, 2005 жылы экс-депутат Мұхтар Шаханов осы мәселеге қатысты «Дiни диверсияға тосқауыл қажет» деген депутаттық мәлiмдеме жасаған болатын. Онда: «1992 жылы Парламент қабылдаған «Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы» Заңға «миссионерлiк қызмет» туралы бап енгiзiлiп кеткен. Осы асығыс түрде қабылданған заңның республиканың рухани өмiрiне тигiзген зияны ұшан-теңiз. Осы уақыт iшiнде Қазақстан әлемдегi ең көпдiндi мемлекеттiң бiрiне айналды» деген мәтiн жолдары бар. Сондай-ақ, ол осы мәлiмдемесiнде: «Әлгiндей диверсиялық әрекеттерге әлемде жылына 12 млрд. доллар бөлiнедi екен. АҚШ-тың Лос-Анджелестегi евангелие сектасына қарасты «Блогодать» шiркеуi «Құдай сөзiмен қазақ халқының санасын өзгерту; 2005 жылға дейiн Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы шiркеулерге қызмет көрсету тәжiрибесiнде жетекшiлер тәрбиелеу үшiн «Лидер дайындау орталығын құру»; 2010 жылдың аяғына дейiн елдi толығымен евангелиеге айналдыру» секiлдi нақты-нақты бағдарлама түзгендiгiн айтып, жұртты селт еткiзген-дi. Алайда, мәлiмдеменiң астарына үңiлген, қысқасы, ұрпақ келешегiне елеңдеп, жаны ауырған жандар төбе көрсетпедi. Қайран, есiл сөздер желмен ұшып, қор болды-ау! Айтпақшы, ең сорақысы сол, Қазақстан мен Орта Азия елдерiнiң бәрiн дерлiк жаулап алған «Благодать» шiркеуi 2007 жылды «сыйыну жылы» деп атапты. Байқасақ, бұл «айтулы жыл» да жемiсiн берiп жатқанға ұқсайды. Сонда бiз қарап отыра бермекпiз бе? Елiмiздiң ертеңi – жастарды азғырып, арандатып жатқан мұндай ағымдарға қарсы шара жоқ па? Қысқасы, жоғарыда атап кеткен «Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы» Заңға миссионерлердiң жымысқы әрекетiне тосқауыл боларлықтай өзгерiстер мен түзетулер енгiзу қажет. Әлi де кеш емес. Онсыз қазақы мұсылмандардан бiржола айрылып қалуымыз ғажап емес.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары