ҚАЗАҚТЫҢ ТӘУЕЛСIЗДIГIНЕ КIМ ҚАРСЫ?
ҚАЗАҚТЫҢ ТӘУЕЛСIЗДIГIНЕ КIМ ҚАРСЫ?
Сан ғасыр бойы ата-бабаларымыздың жанын да, қанын да аямай қорғаған, еркiндiк аңсаған қазақ елiнiң бұл күнде өз алдына отау тiгiп, өркендеп өсiп келе жатқан тәуелсiз Қазақстан мемлекетi атануына, әлемге таныла бастауына сүйсiнетiндердiң де, күйiнетiндердiң де табылары анық.
Отаршыл империяның озбырлығынан шығып, ендi ғана ес жинаған Қазақстанның алдына келелi мiндеттер қойып, өркендеген елу ел қатарына қосыламыз деуiне күдiкпен қараушылардың қатарында "Қазiргi өркениеттер дамуының рухани негiздерi" деген тақырыпта философия ғылымдарының докторлығы ғылыми атақ алу үшiн еңбек жазған Қ.Жүкешевтiң және оның ғылыми кеңесшiсi академик Ә.Нысанбаевтың болуы қынжылтады.
Қазақ дүниетанымын әлемге танытуда басты роль атқаратын Философия институты мен оның ұжымының данышпан Абай мен Мұхтарлардың көзқарастарын қасақана бұрмалап, кiтап жазған "Адасқан қазақты" доқторлық қорғатпақшы болғанда көпшiлiктiң ашу-ызасына тап болған қателiктерiн тағы қайталауы таңқалдырады. Тағы да елегiсi келмейдi, әйтпесе Қ.Жүкешевтiң өрескел қатесiн автор қатысқан телеарнадағы пiкiрсайыста және баспасөздерде (Ж.Шойынбет, "Философ" Жүкешевтiң бұл қай далбасасы? "Жас қазақ үнi" газетi 21.09.2007 ж., "Түркiстан" газетi, 27.09.2007 ж., Ж.Шойынбет. "Қанағат та қақпанға түстi", "Ана тiлi" газетi, 11.10.2007ж., Ж.Шойынбет "Қазақты, Абайды қорлап докторлық диссертация қорғамақ", "Қазақ әдебиетi" газетi, 12.10.2007ж.) жан-жақты дәлелмен айтылғанына және осы жылдың 12 қазан күнi диссертациялық кеңеске бiр топ зиялы қауымның, ғалымдардың, тiлшiлердiң наразылық танытқанына да ешқандай жауап бермей, алған беттерiнен қайтпайтын сыңай танытуда.
Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаев "Тәуелсiздiгiмiздiң бес жылы" кiтабында "Бiздiң бәрiмiз осы әлем Қазақстан халқының тарихын, мәдениетiн, тiлiн, жан дүниесiн Абай даналығы арқылы жақсырақ бiлгенiн мақтан етемiз. Ұлы ақын, әрi ойшылдың ЮНЕСКО қамқорлығымен ұйымдастырылған 150 жылдығын мерекелеу оның шығармашылығын тану және жаңаша ой елегiнен өткiзу, оның философиясының терең қайнарларына бойлау рухында өттi. Абайды, басқа ұлы жазушылардың, композиторлардың, ғалымдардың еңбектерi мен шығармаларын танып, тарихтың, өнердiң, сәулеттiң таңғажайып ескерткiштерiмен таныса отырып, әлем Қазақстанды барған сайын тереңдеп танитынына бiз сенiмдiмiз" (402-бет) деген болатын. Бiз де осыған сенемiз, ал бұл сөзге докторант Қ.Жүкешев сенбейдi және өзiнше терiстейдi: "Если речь идет об Абае; рискуя снова показаться безбожником, скажу: Абай — поэт, выдающийся, только по нашим меркам (а если смотреть с вершин мировой литературы, не окажется среди таковых). Он не может считаться философом… Философом его сделали мы — казахи, искуственно, из-за дефицита философии, и на основе его житейского назидание, изложенного в стиле народной мудрости ("Далбаса государственного значение или об аграрном языке постиндустриального общества", "Деловая неделя" газетi, 27.04.2007)" деген негiзсiз сөзiн докторлық диссертациясында: "қазақ тiлiнде жарық көрiп жатқан көркем әдебиет, музыка, бейнелеу өнерi туындылары тақырыбы жағынан өркениеттен жырақтауға (ауылға) шақыратын, тұрмысты отбасын, ошақ қасын суреттейтiн: шынайылықтан аулақ" өркениеттi адам ұқпайтын, индустриялы сана қабылдай алмайтын дүниелер болып келедi (49-бет) деп жалғастырып қазақ ұлтының құндылықтарын жоққа шығарады. Жүкешевтiң айтуынша "Қазақтардың ауылын сүйетiнi сондай, оны әспеттеуден жалықпайды, ауылдың "артықшылығы" туралы ғылыммен де, нағыздықпен де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ахинеяға басады да отырады" деп өзiн-өзi мазақ етiп қана қоймай, қисынсыз қорытынды жасайды. "Қазақтар үшiн қала жат, тосын, тылсым және үрейлi" (119-бет), ал "Ауыл ешқашан қазаққа абырой әперiп көрген жоқ" (120-бет) деп түйiндейдi.
Елбасымыз қазақ ұлтының бейбiтсүйгiш, жоғары гуманизмдi ұстанған бауырмал халық екенiн, соның негiзiнде бүгiнгi Қазақстан үлгiсiн әлемдiк деңгейде насихаттап, ұсынып жүрсе, ал жалған ғалым еңбегiнде бiз басқа елге үлгi болмақ түгiлi өз iшiмiздегi алауыздықты жеңе алмаған "бейшара" елмiз: "Шынтуайттап келсек, бiзде бiр қазақ ұлтының iшiнде екi маргиналдық топтан тұратын бiрiн-бiрi түсiне бермейтiн, екi тiлде сөйлейтiн дүниетанымы бөлек, екi әлемдi құрайтын, екi мәдениет жасап отырған, екi "ұлт" өмiр сүрiп отыр" (52-бет). Мемлекеттiң қамқорлығындағы Философия институты ұжымының мемлекетiмiзге өте қауiптi тенденция, ұлт бiрлiгiнiң арасына жiк салған Жүкешевтiң бiртұтас қазақты "ауылдық" және "қалалық", "қазақтiлдi қазақ және орыстiлдi қазақ" деп бөлiп тастауы әрi диссертациясында "қазақтiлдi қазақтардың басты ерекшелiгi — өркениеттi елдерде қабылдаған құндылықтардан жырақ қалуында. Олар азаматтық институттармен санасқысы келмейдi, саяси-демократиялық мәдениетiн көтеруге жеткiлiктi көңiл бөлмейдi, құқықтарын пайдалана алмайды, мемлекеттiк тапсырмаларды ақсақалдық, туыстық, таныстық тұтқаларды iске қоса отырып шешуге бейiмдiк танытады. Қоғамдық практика орыс тiлдiлерге қарағанда ауыл мектептерiн бiтiрген қазақтiлдiлердiң көпшiлiгi кәсiби даярлығымен функциялық қызметiн атқару жағынан салыстырмалы төмендiгiн көрсетiп жүр" (52-бет) деп жаптым жала, жақтым күйе дегендей жеке адамға емес, жаппай қазаққа ауыр-ауыр кiнә тағады.
Егер де Қ.Жүкешевтiң докторлық диссертациясының қолжазбасына сенетiн болсақ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлi әдеби тiл дәрежесiне көтерiлмеген, мағынасы бұлдыр сөзден тұратын секiлдi. Сонда сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтының мәдени мұрасы "ымдасып" түсiнiсу арқылы жасалған ба, ал А.Байтұрсынов атындағы Тiл бiлiмi институтымен онда қызмет еткен академик-профессорлар том-том ғылыми еңбегiнде кiмнiң тiлiн зерттеп жүрген, қалайша тiл бiлiмi ғылымын жасаған, Қорқыттан Мұхтар Әуезовке дейiн және қазiргi күнгi мақтанышымыз ақын-жазушылар қай тiлде көркем туынды жазған деген сұрақ өзiнен-өзi туындайды? Ғылыми еңбек дегенiмiз — Қазақстан мемлекетiнiң, қазақ ұлтының өсiп-өркендеуiне үлес қосатын жетiстiк пен кемшiлiктi жан-жақты саралаған еңбек емес пе? Ал Қ.Жүкешевтiң диссертациясы қазақ ұлтын, оның мемлекетiн жалаң қаралаудан тұратын, тiптi әлдебiр "қараниет" сыртқы күштiң тапсырысымен жазылған жадағай еңбек екенi байқалады. Тиiстi мемлекеттiк органдар мен арнайы мамандар сарапқа салып, тиiстi шара қолдануын сұраймыз.
Тұрсынбек Кәкiшев, ф.ғ.д. профессор
Мекемтас Мырзахметұлы, ф.ғ.д. Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi
Жұмағали Ысмағұлов, ф.ғ.д. профессор, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi
Айгүл Iсмақова, ф.ғ.д. профессор
Темiрхан Тебегенов, ф.ғ.д. профессор
Нұрлан Оразалин, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi
Темiрхан Медетбек, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi
Исрайл Сапарбай, "Тарлан" сыйлығының иегерi
Ғалым Жайлыбай, "Алаш" сыйлығының иегерi
Аманхан Әлiм, "Алаш" сыйлығының иегерi
Аманжол Найманбай, "Этнодизайн Қазақ — 2030" президентi
Ғарифолла Әнес, "Арыс" қорының президентi