ҚАЗАҚТЫҢ «ҚАРА АЛТЫНЫ» НЕГЕ АРЗАН?

ҚАЗАҚТЫҢ «ҚАРА АЛТЫНЫ» НЕГЕ АРЗАН?

ҚАЗАҚТЫҢ «ҚАРА АЛТЫНЫ» НЕГЕ АРЗАН?
ашық дереккөзі
160

Бүкiл әлем мұнай бағасының шарықтап кеткенiне алаңдаулы. Әлемдiк нарықтағы бiр баррель мұнайдың құны 90 доллардың үстiнде. Кейбiр мүдделi мемлекеттер баға өскен сайын қуанып, алақандарын ысқылап отыр. Ал қазақ билiгi үшiн керiсiнше, қолда бар «қара алтынның» құны төмен. Парламентке келiп 2008 жылдың бюджетiн бекiтiп алған Үкiмет келесi жылы Қазақ елiнен экспортталатын мұнайдың бiр баррелiн 60 долларға бағалапты. Депутаттардың ат төбелiндей аз бөлiгi билiк өгiзiн өзеннен өткiзiп алғаннан кейiн ғана сандарын соқты. Әзiрге халық еншiсiндегi байлықтың құнын даулап, аттандап жатқан ешкiм жоқ. Министрлер кабинетiн сынға алған БАҚ-тың саны да саусақпен санарлықтай.

АҚШ СОҒЫС АША МА?

«Ираннан тасымалданатын «қара алтын» тоқтап қалса, Жер шары қалай күн көрмек?». Бүгiнде дүние жүзi сарапшыларының басын қатырған басты сұрақ осы. Ресми деректерге сүйенсек, бүкiл әлем бойынша мұнай өндiруден бiрiншi орында тұрған Сауд Аравиясы күн сайын өндiретiн 8,7 млн. баррель мұнайды 2.5 млн. баррельге дейiн өсiруге күшi жетедi (ал Иранның бiр күндiк өнiмiнiң көлемi – 2,5 млн. баррель). Сарапшылар пiкiрiнше, ирандық мұнайдың орнын арабтардың мұнайымен толтырғанмен, нарықта бұрынғыдай мамыражай тiрлiк орнамайды. Әлемнiң мұнай өндiрушi елдерi 80-жылдары Иран мен Ирак арасында қарулы қақтығыс орын алғанда да, 91-жылы Парсы шығанағында соғыс өртi тұтанғанда да, 2003 жылы АҚШ «демократия орнату мақсатында» Иракқа басып кiргенде де селт етпеген. Өйткенi, саяси дағдарысқа қарамастан, мұнай тасымалын үзбеуге олардың күшi жететiн. Қазiр жағдай басқаша. Тұтынушылар тарапынан сұраныс деңгейi өскен, есесiне, бұған дейiн «қара алтынды» еңсере өндiрiп келген кейбiр мемлекеттердiң арыны басылған: елдегi шикiзат көлемi бұрынғыдан едәуiр аз. Баға саясатындағы қиыншылық дер кезiнде шешiлмесе, мұнайға деген сұранысқа және шикiзат өндiру көлемiне керi әсер етпек. Әрине, мұнай неғұрлым қымбаттай түскенiн қалап отырғандар да жоқ емес. Табиғи байлығы мол Венесуэланың президентi Уго Чавес мұнай бағасының әлi де өсе түсетiнiне сенiмдi екендiгiн жеткiзген. Бүгiнде бiр баррель мұнайдың бағасы 90 доллардан асып түстi. Сарапшылар қауымы «Америка Иранға қарсы соғыс ашса, «қара алтын» бағасы күрт өсiп, әлемдiк мұнай нарығын дағдарыс жайлайды» дейдi. Әзiрге психологиялық тұрғыда қысым жасаумен және экономикалық санкциялар шоғырымен шектелген Вашингтон Тегеранға қарсы әскери күш қолданатыны туралы ресми мәлiмдеме жасаған жоқ. Бiрақ Буш «үшiншi дүниежүзiлiк соғыстың туындауын құптамайтынын» айтқанмен, оның орынбасары, вице-президент Дик Чейни Тегеранның ядролық бағдарламасы мәселесiне келгенде, қол қусырып қарап отырмайтындықтарын мәлiмдедi: «Иранның ядролық қарулануына жол бермеймiз». Егер екi ел арасында қарулы қақтығыстар орын алса, Иранның қарап қалмасы белгiлi. Яғни, Тегеран Ирактың оңтүстiгiндегi мұнай инфрақұрылымдарын әскери соққының астына алуы мүмкiн. Немесе Ирактың оңтүстiгiндегi шейiттiк әскерлердiң көңiлiн табу арқылы ирактардың сыртқа тасымалдайтын мұнайын тоқтатып тастай алады. Мұндайда Жер шары ирактықтардың күн сайын өндiретiн 1,7 млн. баррель «қара алтынынан» қағылмақ. Есесiне, есебi түгел Тегеран көршi жатқан мемлекеттi экономикалық тұрғыда әлсiрете отырып, экспортталатын мұнайының бағасын қалағанынша өсiруге қауқарлы. Соған қарамастан, «Иран лаңкестердi қолдап отыр» деген айыппен экономикалық санкцияларын күшейткен Ақ Үй егер Тегеран ядролық бағдарламасына қатысты қойылған талаптарды жүзеге асыруға құлықсыз болса, әлi де қатаң шаралар қолданатынын мәлiмдедi.

ҮКIМЕТТIҢ ТҮСIНIКСIЗ ҚАДАМЫ

Сарапшылар пiкiрiнше, «қара алтынның» қымбаттауы Ақ Үй мен Тегеран арасындағы даумен шектелмейдi. Екi ел арасындағы келiспеушiлiк қарулы қақтығыстарға ұласпаған күннiң өзiнде мұнай бағасының шарықтап кетуi биржалық алыпсатарлар мен инвестициялық қорлардың көбеюiне және олардың «қара алтын» құнын одан сайын өсiруiне әсер етедi. Мұнайға бай аймақ – Парсы шығанағындағы саяси ахуалдың ушығуы да «баға саясатына» ықпал еткен. Бұған дейiн осы аймақтағы мұнай шикiзатының күрт қымбаттауын сарапшылар уақытша құбылыс ретiнде қабылдаған едi. Алайда, көп ұзамай-ақ қателескендерiне көздерi жеттi. Орталықазиялық аймақтағы мұнай мен газды әлемдiк саясатқа ықпал ету құралына айналдыруға тырысатын орыстар баға саясатына әсер ете алмайды. Өйткенi, бұл нарықта Мұнайды экспорттаушы елдерi ұйымы үстемдiк етедi. Әрi Ресейдегi газ өндiру саласындағы ахуал тұрақтанғанмен, мұнайы 2010 жылға қарай сарқылады деп болжануда. Әрине, орыстар «қара алтынға» да, «көгiлдiр отынға» да кенде емес. Алайда, энергетикалық саласын күшейте түсетiн жаңа қорлар қажет. Ол үшiн қаржысы мен технологиясы мықты батыстық энергетикалық компанияларды орыстар жерiне тартуы тиiс. Бiрақ еуропалық iрi кәсiпорындар орыстардың энергетика саласына қаржы құюға құлықсыз. Кремльдiң саясатына сенбейдi. Өндiрiстiк тұрғыда дамыған елдердiң көпшiлiгi «әлдеқандай күн туса» деп сақтаған мұнай қорына ие. Мысалы, АҚШ-тың «қара алтын» қоры 700 млн. баррельге тең. Бұл Американың 68 күн бойы ешкiмге алақан жаймай-ақ, iшкi сұранысын қамтамасыз етуiне мүмкiндiк бередi. Бүкiл әлем мұнай бағасының қымбаттағанына алаңдап, тосын жайттардың алдын алу шараларын қарастырып жатса, қазақ билiгi керiсiнше, қолда бар «қара алтынның» қадiрiн бiлмей отыр. 2008 жылға арналған мемлекеттiк бюджеттi талқылау барысында бiздiң билiк қазақ мұнайының бiр баррелiн 60 долларға бағалапты. Қашан да «қолдарын мезгiлiнен кеш сермейтiн» бiздiң депутаттар жобаны бiрауыздан мақұлдап жiбергеннен кейiн ғана «әттеген-айлады». Ал кейбiр «сен тимесең, мен тимендерi» Үкiметке үнсiз бас шұлғысты. Негiзi саясат экономикалық мүдделер мен ұлттық құндылықтардан құралады. Кез келген мемлекет қолда бар байлығын барынша қымбат бағалауға тырысады. Құдайға шүкiр, бүгiнгi таңда Қазақ елiнiң мұнайы мен газы әлемдiк нарықта жоғары сұранысқа ие. Ендеше билiк осы жайтты неге ескермей отыр? Қазақтың «қара алтынын» арзанға бағалағанда Үкiметтiң ұтары не? Халыққа қандай пайда бар?

АНКАРА АҚШ-ҚА АЛАҢДАЙДЫ

Мұнай саласының мамандары Түркия мен Ирактың оңтүстiгiне орналасқан күрдтер арасындағы шиеленiске де алаңдаулы. 2007 жылдың 21 қазанында Ирактың солтүстiк бөлiгiндегi түрiктердiң шекарасына жақын жерде орын алған қарулы қақтығыс салдарынан 12 әскери қаза тауып, 16 жауынгер жараланған болатын. Ал, түрiктердiң 8 әскерiн күрдтер кепiлге алды. Түркияда оларды хабарсыз кеткендер санатына қосқанмен, әскерлердi елге қайтарудың қамын жасап бағуда. Осы мәселе бiрнеше күннен берi әлемдiк бұқаралық ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналған. Түркия премьер-министрi Реджеп Тайип Ердоған ирактық билiктiң күрд содырларын ауыздықтауға құлықсыздығын сынға алды. «Лаңкестiк әрекетке барған ирактық күрдтерге әскери күш қолдануға құқымыз бар» деп ашуланған Анкара Ирактың күрд содырларына соғыс ашу, ашпау мәселесiн түрiк билiгi ешкiмнiң араласуынсыз, өзi шешетiнiн мәлiмдеген. Мұның астарында өзiмбiлемдiкке басқан сыз жатыр. Негiзi Ирактың солтүстiк бөлiгiне орналасқан күрдтердiң Жұмысшылар партиясы жиырма жылдан астам уақыттан берi түрiк билiгiне Түркия аумағынан тәуелсiз Күрдiстан автономиясын құру туралы талап қойып келедi. Елдегi күрдтер наразылығынан туындаған түрлi лаңкестiк әрекеттер салдарынан 30 мыңға жуық адам өмiрiмен қоштасыпты. «Әлемдiк көшбасшыларға мынаны айтамыз: «Бүгiн менiң үйiм өртке оранса, ертең сенiң де үйiңдi жалын шарпымақ» («Erdogan’dan ABD’ye soguk dus», «Yeni safak» газетi) деген Ердоғанның мәлiмдемесi «лаңкестермен күрескiш» Бушқа жасаған ескертпе iспеттi. Вашингтон бiрнеше жылдан берi Анкараның күрдтердi тезге салу туралы өтiнiшiне құлақ аспай келедi. Түркия әншейiнде «лаңкестiкпен күрестi» ұран ететiн Батысқа да өкпелi. Оған 40 жылдан астам уақыттан берi түрiктердi Еуропалық Одақтың есiгiнен қаратпай келе жатқанын қосыңыз. АҚШ пен Солтүтстiкатлантикалық альянс Түркияның Иракқа қарсы соғыс ашуына әп-дегеннен-ақ қарсылық бiлдiрген. Сондықтан Америка түрiктермен келiссөз жүргiзуге кiрiстi. Жуырда Ердоғанмен кездескен АҚШ Мемлекеттiк департаментiнiң басшысы Кондолиза Райс «сабыр сақтай тұр» деп өтiнiш айтты («Rice: Bize birkac gun sure tan?y?n», «Aksam» газетi). Анкара ақылды да айлалы қара қыздың сөзiн жерге тастамады. Кездесуден кейiн әдепкi арыны басылып қалған Реджеп мырза үстiмiздегi жылдың 5 қарашасында Ақ Үй басшысымен кездесетiнiн, кесiмдi шешiмдi «өте маңызды кездесуден соң» жариялайтынын мәлiмдедi. Ирактағы Күрдтердiң аймақтық билiгi Күрдтердiң жұмысшы партиясынан кепiлге алған 8 түрiк әскерiне бостандық беруге шақыруда. Әзiрге шыққан оң нәтиже жоқ. Ирактың қорғаныс министрi Әбдүл Қадыр әл-Әбейди өткен аптада содырларды тезге салатын жоспар мен оларға қарсы қолданылатын шараларды ұсынды. Алайда, мұндай шаралардың игi әсер етуi екiталай. Өйткенi, Ирактағы жалпы саны шамамен 100 мыңдай болатын күрд сарбаздары кез келген сәтте әскери соққыны қайтаруға дайын екендiктерiн айтты. Ал олардың Жұмысшы партиясының өкiлдерi «Ирактан Түркияға мұнай тасымалдайтын құбырларды жарып жiберемiз» деп сес көрсетуде. Егер Ирактағы қиын жағдайға қарамастан, тұрақтылықты сақтай бiлген солтүстiк бөлiктегi ахуал да ушығып кететiн болса, Анкара мен Вашингтон арасына сызат түсетiнi белгiлi. Саяси қатынастардан бұрын «қара алтынның» нарқы арта түспек. Әлемнiң көңiлiн алаңдатқан да осы жайт. Оның үстiне, мұнай өндiрушi елдердiң ұйымы – ОПЕК-тiң мұнай өндiруiне қатысты туындаған дау да бiр баррель мұнайдың 3,8 пайызға өсуiне ықпал еткен.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары