ЖЕР ҚҰНАРЛЫЛЫҒЫН АРТТЫРУДАҒЫ ЖАҢА ТАБЫС

ЖЕР ҚҰНАРЛЫЛЫҒЫН АРТТЫРУДАҒЫ ЖАҢА ТАБЫС

ЖЕР ҚҰНАРЛЫЛЫҒЫН АРТТЫРУДАҒЫ ЖАҢА ТАБЫС
ашық дереккөзі
200

«Бұршақ тұқымдас дақылдардың өнiмдiлiгiн арттыратын «Нитрагин» биопрепаратын жасаудың жаңа технологиясы және өндiрiсiн ұйымдастыру циклы» дейтiн ғылыми еңбек авторлары биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi «Биологиялық зерттеулер орталығының» бас директоры Аманкелдi Саданов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигi, биология ғылымдарының докторы, профессор, «Микробиология және вирусология» институтының бас ғылыми қызметкерi Альфарид Илялетдинов, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, «Ұлттық биотехнология орталығының» филиалы директорының ғылым жөнiндегi орынбасары Бақытжан Керiмжанова, биология ғылымдарының кандидаты, «Топырақтану институтының» аға ғылыми қызметкерi Шалша Әлiбекова, биология ғылымдарының кандидаты, «Ұлттық биотехнология орталығы» экологиялық биотехнология лабораториясының меңгерушiсi Ерiк Шорабаев Қазақстан Республикасы ғылым және техника саласы бойынша берiлетiн елiмiздiң Мемлекеттiк сыйлығына ұсынылды.

Бұл еңбектiң маңызы қандай? Ендi осыған келейiк. Ғалымдардың сыйлыққа ұсынылып отырған еңбегiндегi «Нитрагин» препаратының бұршақ тұқымдас дақылдарды өсiрудегi ерекшелiгiне келетiн болсақ, ең алдымен ғалымдар 50 гектар жерге соя егiп, тәжiрибе жасағанын айтуымыз ләзiм. Сөйтiп, оған «Нитрагин» препаратын ендiрген кездегi өнiмнiң қандай болатынын сынақтан өткiздi. Мiне, осы кезде соя өсiрiлген әр гектарда 200-300 килограмм биологиялық азот жинақталатыны анықталды. Ал, елiмiзде 2005 жылы сояны осындай әдiспен өсiретiн жерлердiң көлемi 40 000 гектарға жеттi. Былтырғы жылы оның көлемi 200 мың гектарға жетсе, 2008 жылы бұл көрсеткiштi 500 мың гектарға жеткiзу жоспарланып отыр. Бұл дегенiмiз биология ғалымдарының жаңадан жасап шығарған препаратының бұршақ тұқымдас дақылдардан өнiм алудағы жетiстiктерiн бағалау екенi сөзсiз. Ғалымдар осы «Нитрагин» препаратын Ресейде қазiр қолданылып жүрген ризоторфин препаратынан артық деп бағалап отыр.

«Нитрагин» препаратын Алматы облысының Панфилов кеңшарындағы «Байсерке-Агро» фирмасының территориясында 2004 жылдан бастап пайдалануда. Осының арқасында соядан алынатын өнiм жыл өткен сайын артып келедi. Мысалы, 2004 жылы бұл жерде 230 гектарға соя егiлсе, оның өнiмi әр гектардан 23 центнерден түстi. Ал, бұрын, яғни «Нитрагин» препаратын ендiрмей тұрғанда бұл жердiң әр гектарынан 18,5 центнер өнiм алынатын. Сонда, «Нитрагин» препаратын ендiрген кездегi әр гектардан түскен таза пайда 12 мың теңге болып отыр. 2005 жылы осы фирма 320 гектар жерге соя ексе, оның әр гектарынан 13 мың теңге пайда тапты. 2006 жылы 450 гектарға соя егiлдi. 2007 жылы бұл көрсеткiш 580 гектарға жеттi, сөйтiп жаңа препаратты ендiру арқылы бұршақ тұқымдас дақылдардың өнiмi бұрынғыдан қарағанда артып, жер қабатының (қарашiрiктiң) жақсара түсетiнiн, ондағы азоттың көбейетiнiн көрiп отырмыз.

Бұл жөнiнде «Байсерке-Агро» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң бас аграномы Р.Босқынбаев былай дейдi: «Ғалымдардың жылдар бойы сарсылып еткен еңбегiнiң жемiсi өндiрiске енгiзiлгенде ғана бiлiнедi. «Нитрагин» препараты жасалғаннан кейiн оны қолдануды жүзеге асыруға бiз кiрiсiп едiк. Мiне, соңғы 3-4 жылдың көлемiнде оны пайдаланудың арқасында бұршақ тұқымдас дақылдардың өнiмдiлiгi бұрынғыға қарағанда анағұрлым артып, таза пайда көрiп отырмыз. Мен ғалым агроном ретiнде және осы жаңа препаратты өндiрiске тiкелей өндiру арқылы бұршақ тұқымдас дақылдардан мол өнiм, таза пайда алып отырған шаруа ретiнде, сонымен қатар жердi құнарландыруда «нитрагиннiң» атқаратын ролi орасан екенiн тәжiрибеде анық дәлелдеп отырған адам ретiнде де оның пайдасы зор деп атап айтқым келедi».

Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты «Ғалым» шаруа қожалығының бастығы Т. Құдайбергенов «Нитрагин» препаратының артықшылығын айта келiп: «Бiз бұрын да соя егетiнбiз. Ол кезде Ленинград, (қазiргi Санкт-Петербург) ғалымдары жасап шығарған ризоторфин препаратын пайдаланушы едiк. Оның қымбаттығына байланысты көп жылдар бойы пайдалана алмай келдiк. 2005-2006 жылдары бұршақ тұқымдас дақылдардың тұқымын өзiмiздiң егемен елiмiздiң биология саласындағы жетекшi ғалымдардың жасап шығарған нитрагин препаратымен өңдедiк. Соның арқасында әр гектардан бұрынғыға қарағанда 3-5 центнерден артық өнiм алынып, жердiң құнарлылығы арта түстi. 2006 жылы жоңышқа еккенде де осы «нитрагиндi» пайдаландық. Бұршақ тұқымдас дақылдарды еккен кезде өзiмiздiң қазақ ғалымдарының ойлап тапқан биологиялық препараты нитрагиндi енгiзу арқылы мол өнiм алып отырғанымыз оның экономикалық тиiмдiлiгiн көрсетедi», – дедi.

«Жаңа жол – АЖ» шаруа қожалығының басшысы А.Жиенқожаев «нитрагин» биопрепаратының артықшылығы жөнiнде өзiнiң пiкiрiн былай түйiндейдi: «Бiздiң Қызылорда облысының Жаңақорған облысына қарасты өзiм басқарып отырған шаруа қожалықтың жалпы көлемi 170 гектар алқапқа өсiрiлген түйежоңышқа өсiмдiгiнен өнiм алуда ғалымдардың жасаған жаңа биопрепараты – нитрагиндi пайдалану тиiмдi екенiн тәжiрибе көрсетiп отыр. Мысалы, 70 гектар жерге егiлген түйежоңышқаға әлгi биопрепаратты қолданбаған кезде түйежоңышқаның әр гектарынан 236 центнерден көк балауса алсақ, тәжiрибе ретiнде (түйежоңышқа тұқымын нитрагин биопрепаратымен өңдегеннен кейiн) егiлген 100 гектардың әр гектарынан 321 центнерден көк балауса өнiмi алынды. Сонда айырмашылығын көрiп отырсыз, «нитрагиндi» пайдалану арқылы әр гектардан 85 центнерден көк балауса артық алынуда».

Биология саласындағы бiр топ ғалымдардың жаңадан жасап шығарған «Нитрагин» биопрепараты өндiрiске енгiзiлiп, соның арқасында бұршақ тұқымдас дақылдардан мол өнiм алынып жатқанын жоғарыда келтiрiлген мысалдардан байқап отырмыз. Бұл бiздiң мемлекетiмiздiң экономикасын дамыту бағытындағы индустриалды-инновациялық стратегиясын жүзеге асырудағы елеулi үлес. Жаңа технология бойынша жасалған жаңа препаратқа патенттер берiлген. Оның бiздiң елде бұрыннан пайдаланылып келген Ресей препаратынан артық екенiн тәжiрибе көрсетiп отыр. Бұл препаратты пайдаланылмаған жер мен пайдаланылған жерден алынған өнiмнiң айырмасы едәуiр екенi тәжiрибе жүзiнде дәлелденген.

Қазiр бүкiл дүниежүзiнде «биологиялық» азот проблемасына айрықша көңiл бөлiнiп отыр. Индустриалды дамыған елдерде өндiрiске, тасымалдауға, өнiмдi сақтауға, сондай-ақ минералдық тыңайтқыштарды ендiруге кететiн шығын соңғы жылдары бұрынғыға қарағанда анағұрлым артып отыр. Әсiресе, газ, мұнай және көмiр сияқты аса қажеттi заттардың бағасы шапшаң өсiп бара жатқанына байланысты азоттық тыңайтқыштардың да бағасы өсiп келедi. Мiне, осындай қиындықтан шығу жолдарын iздестiру арқасында «биологиялық» азот пайдалану тәжiрибесi өз жемiсiн бергенiне куә болудамыз. Жердi өңдеудi биологизациялау iсi ауылшаруашылығы өндiрi¬сiнiң экологиясын тұрақтандыруға, жердi эрозиядан сақтауға қызмет етедi. Биология ғылымдарының докторы, профессор Аманкелдi Саданов басқарған бiр топ ғалымдардың жасап шығарған биологиялық препараты «Нитрагин» Қазақстан жерiнiң өз ерекшелiктерiне лайықталған. Бұл бұрынғы минералдық тыңайтқыштарға қарағанда биологиялық және экологиялық жағынан таза. «Нитрагин» биопрепараты соя, жоңышқа және түйежоңышқа өсiмдiктерiн өсiруге арналған. «Қазақстан Республикасы ұлттық биотехнология орталығы» республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының Степногор қаласындағы филиалы базасында осы «Нитрагиндi» өндiру технологиясы жасалды. Бұл препарат Қазақстанның оңтүстiк өңiрiнде тәжiрибеде сыналды. Сол сияқты 2002 жылдан бастап «Нитрагин» биопрепараты Алматы облысының ауылшаруашылық далаларында пайдаланылып келедi. Осындай егiс көлемi 6000 гектардан асып отыр. «Нитрагиндi» пайдаланудың нәтижесiнде әр гектардан бұрынғыға қарағанда 4-5 центнерден артық өнiм алынуда. 2003 жылдан бастап Қызылорда облысындағы шаруашылық қожалықтарында түйежоңышқа және жоңышқа өсiруде «Нитрагин» биопепрепаратын қолдану тәжiрибесi өз нәтижесiн беруде. Бұл облыста егiлген жоңышқа мен түйежоңышқаның жалпы көлемi 1300 гектарға жеттi. Оның әр гектарынан бұрынғыға қарағанда орта есеппен 30-35 пайыз көк балауса артық алынғаны осы жаңа препараттын арқасы деп айта аламыз.

– Бiздiң елiмiзде минералдық тыңайтқышты, соның iшiнде азоттық тыңайтқышты өндiретiн өндiрiс орындары жоқ. Осыған байланысты бiздiң жасап шығарған «Нитрагин» биопрепараты Қазақстан жерiндегi суармалы жер қабаттарына азоттық азық бере алатын бiрден-бiр препарат болып табылады, – дейдi Аманкелдi Саданов. – Мұның соя, жоңышқа және түйежоңышқа өсiрудегi артықшылығын тәжiрибе көрсетiп отыр. Мысалы, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты «Өзгент» шаруа қожалығының жалпы көлемi 313 гектар егiс алқабына өсiрiлген жоңышқа өсiмдiгiнен жиналған көк балауса өнiмiн алып қарайық. Бақылау ретiнде егiлген жоңышқа өсiмдiгiнiң көлемi 43 гектар, ал тәжiрибе ретiнде егiлген, яғни жоңышқа тұқымының «Нитрагин» биопрепаратымен өңделген, егiс көлемi 270 гектар болатын. Тәжiрибе жасалған егiс алқабының әр гектарынан 345 центнер көк балауса алынса, ал бақылау ретiнде егiлген егiс алқабының әр гектарынан 263 центнерден көк балауса өнiм алынды. Бұл бiр ғана мысал. Басқа өңiрлерде де осындай табыстарымыз бар.

Мемлекттiк сыйлыққа ұсынылып отырған бұл жұмыстың маңыздылығын айта отырып, биология ғылымы саласындағы бiр топ ғалымдарды басқарып, бұршақ тұқымдас дақылдардан мол өнiм алу жолында еселi еңбек етiп, жаңа препарат нитрагиндi өндiрiске ендiруге зор үлес қосып отырған ғалым Аманкелдi Садановты таныстыра кетсек, ол 1951 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы ақын Манап Көкенов атындағы ауылда туған. Қызылорда Педагогикалық институтының биология факультетiн бiтiрген. Сол жылдан 1979 жылға дейiн Жаңақорған ауданындағы Түгiскен ауылындағы орта мектепте биология және химия пәндерiнен сабақ берген. Ғылымның қия шыңына талпынған ол Ленин атындағы Бүкiлодақтық ауылшаруашылығы ғылыми-зерттеу академиясының В. Вильямс атындағы Егiншiлiк Қазақ ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқыды. Осы аспирантураны ойдағыдай бiтiрген соң Қазақ КСР Ғылым академиясының Микробиология және вирусология институтында кiшi ғылыми қызметкер болып жұмыс iстедi. Жас талапкердiң еңбегi бекер кеткен жоқ. 1984 жылы ол “Ақдала алқабындағы сортаңданған жерге мелиоранттарды енгiзгеннен кейiнгi микробиологиялық процестер” деген тақырыпта микробиология мамандығы бойынша кандидаттық диссертацияны ойдағыдай қорғап шықты. Сөйтiп, шынайы ғылым жолына түстi. Ендi өзi бұрын қызмет етiп жүрген мекемеде ғылыми қызметкер болды. 1988-1991 жылдары Мәскеудегi М. Ломоносов атындағы Мемлекеттiк университеттiң топырақ биологиясы кафедрасында докторантурада оқыды. Одан оралған соң өзi жұмыс iстеген институтқа аға ғылыми қызметкер болып қабылданды. 1993 жылы биология ғылымдарының докторы ғылыми атағын алу үшiн “Құнарлылығы арттырылған күрiштiк топырақтардың биологиялық белсендiлiгi” деген тақырыпта микробиология мамандығы бойынша диссертация қорғады. Осыдан кейiн ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Микробиология және вирусология институтының жетекшi ғылыми қызметкерi болып жұмыс жасады.

1993 жылы «Құнарлығы оңтайландырылған күрiштiк топырақтардың биологиялық белсендiлiгi» деген тақырыпта докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шыққаннан кейiн, бұрын өзi қызмет еткен институтта жетекшi маман болып еңбегiн жалғастырды. Қазақ Мемлекеттiк Аграрлық университетiнiң топырақтың экологиясы және биологиясы кафедрасының профессоры, осы кафедраның меңгерушiсi болды. Университет жанынан өз ынтасымен «Агроэкология» мамандығын ашты және «экология» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғау жөнiндегi Диссертациялық кеңестiң төрағасы болды. ҚР Ұлттық биотехнология орталығы Бас директорының орынбасары қызметiн атқарды. Қазiр ол – ҚР Бiлiм және Ғылым министрлiгi «Биологиялық зерттеулер орталығы» Республикалық мемлекеттiк кәсiпорынының бас директоры.

Егемен елiмiз әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына қосылу үшiн қарышты қадаммен алға адымдап, үлкен мiндеттердi жүзеге асырып жатқаны баршаға мәлiм. Осындай үлкен жауапкершiлiк тұсында ғылымның қай саласында болса да жаңалықтар ашылып, ол халық игiлiгiне қызмет етуге тиiс. Қазақ ғалымдары осы маңызды iске өз үлестерiн қосып отырғаны анық. Соның айқын бiр мысалы ретiнде биология ғылымы саласындағы бiр топ ғалымның ашқан жаңалығын атап айтуымыз керек. Бұршақ тұқымдас дақылдарды егуде оған биологиялық препарат «Нитрагиндi» енгiзу арқылы мол өнiм алу және жердiң құнарлылығын арттыру проблемасын шешiп отырған ғалымдар еңбегiн бағалауға тұратынын айтуымызға әбден болады. Бұл елiмiздi қолдаудың жемiстi көрiнiсi.

Базарбай ИСАЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары