ТЫНДЫРЫМДЫ ТӨКЕҢ

ТЫНДЫРЫМДЫ ТӨКЕҢ

ТЫНДЫРЫМДЫ ТӨКЕҢ
ашық дереккөзі
206

Табиғатынан тынымсыз Төкең тындырымдылығымен де танылған. Сондықтан да болар, небiр жауапкершiлiгi жоғары тың iстер соған жүктеледi. Мәселен, «Қазақмыс» корпорациясында жинақтаушы зейнетақы қоры, сақтандыру компаниясы, «Отан» партиясының өкiлдiгi сияқты жаңа құрылымдар құрылғанда осы шаруаларды ұйымдастырудың басы-қасында Төлеуқұл Әбiлқановтың жүргенiн бiлемiз. Тынымсыздығы мен тындырымдылығына тәжiрибесi мен талапшылдығы жұптасқанда қандай жұмыс болмасын жөнiн тауып жүйелi жүре бередi…

Аралас-құралас болмаған адамға Төкеңнiң мiнезi тiк, түсi суық көрiнуi мүмкiн. Мен де солай ойлайтынмын. Бiрде сол пiкiрiмдi ерiксiз өзгертуге тура келдi. Тiптi бiр көргенге қатал адамның қарапайымдылығына қайран қалдым.

Бұдан 3-4 жыл бұрын Қарағандыға iссапармен бардым. Қаланың басындағы корпорацияның кәсiпорындарын аралап болған соң «Нұрқазған» кенiшiне баруды ойладым. Сосын «Бөрлi» көмiр департаментiнен көлiк сұрадым. Кәсiпорынның бiрiншi басшысы жол жүрiп кеткен екен, басқалары бiр-бiрiне сiлтеп көмектесе қоймады.

Бiр басшының тамырын басып отыр едiм, үстiмiзге Төкең кiрiп келдi. Сiрә, бұрыннан сыралғы жандар болса керек қауқылдасып, қалжыңдасып жатыр. Сосын маған бетiн бұрып, бұйымтайымды сұрады. Жағдайды жасырмадым. «Бұнда бiрiншi басшы болмаса, iс бiтпейдi екен» дегендi қосып қойдым. Төкең бiрден: «Менiң бiр жөнiм болар, ал журналистi жолдан қалдырған жөн емес» деп кесiп айтты. Содан сан түрлi сылтау айтып сырғақтап отырған әлгi басшы сылқ ете қалды.

Айналасындағыларға қатал көрiнетiн адамды жаңа қырынан танығандай болдым. Сылбырлықты, сыныққа сылтау iздегендi суханы сүймейтiн мәрт мiнез. Ашығын айтатын адуын мiнез. Өмiрдiң өзiнен бойға дарыған қарапайымдылық қасиет. Бәлкiм беделi де безбеннiң басын басып жатқан болар. Әйтеуiр, талай табалдырықты аттап тығырыққа тiрелген мәселенi табан астында шешiп бердi. Осыдан кейiн барып мен Төлеуқұл ағаның өткен өмiрiне үңiлiп, барынша бiлуге тырыстым.

Ақтоғай ауданының Калинин ұжымшарындағы қарапайым колхозшының отбасында дүниеге келген ол орта мектептi Ақшатау кеншiлер поселкесiнде бiтiрiп, еңбек жолын сондағы шахтада бастапты. Елуiншi жылдардың ортасындағы өндiрiстiң тыныс-тiршiлiгiн басынан өткергендер ғана бағалай бiледi. Өздiгiнен жүретiн жетiлдiрiлген жабдықтармен жұмыс жасайтын қазiргiдей кенiш қайда?! Бiрақ, жалыңдап тұрған жас жiгiт қиындықтан қаймықпады. Кейiн немере ағасының қолдауымен Қоңырат кенiшiне ауысты.

Оның өмiрiндегi бiрегей бетбұрыс осы Қоңыраттан басталды десек те болады. Еселi еңбек ете жүрiп қоғамдық жұмыстарда да көзге түстi. Цехтың комсомол ұйымына жетекшiлiк жасады. Жастармен жұмысты жандандырды. Комсомол-жастар арасында одақтық деңгейде көтерiлген жарқын бастамаларды қолдауға мұрындық болып, өндiрiске шаруашылық есептi енгiзуге, материалдық ресурстарды үнемдеп жұмсауға цех жастарын жұмылдырды.

Күнге күйiп, шағырмақ суықта шыңдалған ауылдың баласы бiрер жылда-ақ жарқырап көзге түстi, ұйымдастырушылық қабiлетiмен танылды, түбiнде бiлiктi басшы шығатынын байқатты. Ресейдiң жоғары оқу орындарында ұлттық кадрлар даярлау мәселесi көтерiлiп, оған жастарды жiберу керектiгi күн тәртiбiне қойылғанда таңдау бiрден Төлеуқұлға түсуi тегiннен-тегiн емес, әрине. Қай жағынан алып қарасаң да оның кандидатурасы келiп тұр едi. Алайда, жолдама алудың жолы жеңiл емес екен. 150 орынға 1350 адам таласты. Ақыры барлық сыннан сүрiнбей өткен Төлеуқұлдың жұлдызы жанды.

Саратов политехникалық институтын 1963 жылы өнеркәсiптiк-азаматтық құрылыс инженерi мамандығы бойынша бiтiрген Төлеуқұл Әбiлқанов Балқаш кен-металлургия комбинатының күрделi құрылыс басқармасындағы өндiрiстiк-техникалық бөлiмiне аға инженер болып орналасады. Оның құрылыс саласындағы қызметi сатылап өсе бердi. Аталмыш басқарма бас инженерiнiң орынбасары, құрылыс-монтаж басқармасының бастығы, комбинаттағы күрделi құрылыс бөлiмi бастығының орынбасары, сосын бастығы — он бес жылда осындай өмiр мектебiнен өткен ол 1978 жылдан бастап ҚР Жоғарғы Кеңесiне депутат болып сайланғанға дейiн 16 жыл табан аудармай комбинат бас директорының жабдықтау және құрылыс жөнiндегi орынбасары, кейiн өндiрiстiк бiрлестiк болып қайта құрылғанда күрделi құрылыс жөнiндегi директоры болып қызмет атқарды.

Егер осы отыз бiр жылдың тарихын тарқатып айтсақ небiр сұңғыла сырға қанығар едiк. Ең бастысы, қиындығы мен қызығы қатар жүретiн құрылысшы кәсiбiн мұрат тұтқан, алдан кездескен ауыртпалыққа мойымаған, күрделi кезеңнен жол таба бiлген, қол жеткенге кеуде кермеген, қандай тапсырманы да тиянақты тындырған азаматтың айшықты ажары ашыла түсер едi. Алайда, алға ондай мақсат қойған жоқпыз. Өйткенi, Төкеңнiң қалдырған қолтаңбасы көпшiлiктiң көз алдында. Жүрген iзi сонардан кейiнгi соқпақтай сайрап жатыр.

Республика Жоғары Кеңесiне депутат болғанын жоғарыда айттық. Өмiрден көргенi мен көңiлге түйгенi мол халық қалаулысы өнеркәсiп, энергетика, көлiк және байланыс, сосын экология және табиғат байлығын пайдалану комитеттерiнде жемiстi жұмыстар атқарды. Ал, Балқашта жүргенде 12 рет қатарынан қалалық кеңеске, кейiн облыстық мәслихатқа депутат болып сайланып, елдiң мұң-мұқтажын түгендедi.

Еңбегi еленiп, омырауына «Тоғызыншы бесжылдық екпiндiсi» белгiсiн, «Ерен еңбегi үшiн» медалiн, «Халықтар достығы» орденiн тақты. Балқаш кен-металлургия комбинатының жарты ғасырлық мерейтойы атап өтiлгенде «Қазақ КСР-нiң еңбек сiңiрген металлургi» атағын алды. Бұл өндiрiстiк нысандарды салудағы еңбегiне берiлген лайықты баға едi. Бұлардың қатарына «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне — 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентiне — 10 жыл» мерейтойлық медальдарын қосыңыз. Бұдан тура елу жыл бұрын өнегелi еңбегi үшiн сыйлыққа киген қара туфлиi жұғысты болып, жарқын жолдарға жалғасты.

Депутаттықтан кейiн «Жезқазғантүстiмет» акционерлiк қоғамында күрделi құрылыс жөнiндегi вице-президент, күрделi құрылыс жөнiндегi директор қызметтерiн атқарды. Қазiр «Қазақмыс» корпорациясында қазба байлықтарын пайдалану департаментiнiң директоры.

Осындай өнегелi өмiр жолынан өткен Төлеуқұл аға жетпiстiң жайлауына ат шалдырып отыр. Сексеннiң сеңгiрiнен сергек көрейiк, деп тiлеймiз.

Әлiбек ӘБДIРАШ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары