ЕЛ ТАРИХЫНДА ЕЛЕУСIЗ НӘРСЕ БОЛМАЙДЫ

ЕЛ ТАРИХЫНДА ЕЛЕУСIЗ НӘРСЕ БОЛМАЙДЫ

ЕЛ ТАРИХЫНДА ЕЛЕУСIЗ НӘРСЕ БОЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі
252

«Ақтоғай ауданы бүкiл Қазақстан қарап отырған Қарағандының түбiнде отырып, майшамнан 1960 жылдың аяғында электр жарығын көрдi, осыған iздеу болмады, жанашырлық танытпады, мұны неге ұмытамыз. Қараңғыдан алып шыққан тағы да өз жерлесiмiз. Шаяхметов Рақымжан Ақмола облысында облисполком председателi болып жүргенде, Ақмоланың есебiнен аудан орталығында электр желiсiн тарттырған.

Сол үшiн Кручина бюрода сөгiс берген, мiне, елiмiздiң азаматы осылар, неге мақтанбасқа, неге жазбасқа? Жылап-сықтап жұрт 1970 жылдары совхоз орталықтарына электр жарығы жеттi», – деп «Тоқырауын тоқырамасын» атты кiтабында ащы шындықты жазған Рымбек Жүнiсұлының аталмыш кiтабы Кеңес Одағы кезiнде партком хатшысы, совхоз директоры, аудан басшыларының бiрi болған азаматтың ұзақ жылдар бойы қиын мiндеттi атқаруда бастан кешкендерiн, ел кiсiлерiн суреттеуi, сол кезеңнiң ащы-тұщы шындықтарын дәл жазуымен құнды.

Арамызда әлi күнге «Кеңес өкiметi тұсында бәрi ғажап-тұғын» дейтiндер бар болса, әдiлiн айтайық, олар қателеседi. Әмiршiлдiк-әкiмшiлдiк жүйе тұсында елдiң қалыпты, мамыражай күн кешкен уақыты өте сирек. Әр жыл күрделi, жаппай жанталас. Науқаншылдық. 1968-69 жылғы Қазақстанда мал жаппай қырылған жұтты айтпаған күнде, 1972 жылдан сексенiншi жылдардың басына дейiн республикада аса қатты қуаңшылық болғанын бiреу бiлiп, бiреу бiлмес. Оның үстiне Орталықтың – Мәскеудiң шөмiштен қысуы, елiмiздiң дамуына, әсiресе малды аудандардың жағдайына еш көңiл аудармауы қазақтарды қатты күйзелткенiн ұмытуға бола ма! Рымбек Жүнiсұлы жазғандай, дәп Қарағандының iргесiндегi Ақтоғай ауданында күнi кешеге дейiн электр жарығы болмаса, басқа алыс аудандардың күнi мүлдем қараң болғаны шығар?! Ақмоланың есебiнен Ақтоғайға электр желiсiн тартқызған Шаяхметов Рақымжанның амалсыз әрекетi заң тұрғысынан да, адамдық тұрғысынан да ауыр қылмыс. Өйткенi, Ақмола облысында да оңдаған мың адамдар жарықсыз қала бердi ғой. Бiрақ, туған жерiнiң шын жанашыры, елiн сүйетiн азаматты айыптауға бола ма? Ол да бұл әрекетке басқа амалы қалмаған соң барып отырғаны сөзсiз.

Өзiн-өзi сыйламаған жан өзiн өзгеге сыйлата алмайтыны басы ашық шындық. Өз кiтабында: «Бiз өзiмiздi өзiмiз сыйлата алатын халықтық және ұлттық деңгейде мiнез қалыптастыруымыз керек. Мiнезсiз адам да, ұлт та болмайды», – деген ұлағатты ойды өмiр бойы кредо етiп ұстанған Рымбек Жүнiсұлы өзi басшылық еткен бiр аудан – Ақтоғайдағы жағдайды жазу арқылы қазақ халқының басынан өткен ауыр тарихын, iзденiстерiн, болашаққа ұмтылуын ұтқыр детальдармен ашып көрсете бiлген. Тiптi Кеңес өкiметi тұсында тоқсанға келген Жобалайды байдың тұқымы ретiнде он жылға соттағанда, Жобалай қарияның еш қорқып-үрiкпестен: «Мына сот неткен ақылды, менiң жүзге келетiнiмдi қайдан бiлiп отыр, бауырларым-ау», – деуiнiң өзiнде қандай асқақтық, ащы мысқыл жатыр.

Ел басқару оңай емес. Елге басшы болған адамның әр басқан қадамын аңдып, сүрiнген сәтiнде табалап қалуға ұмтылатындар аз болмайды. Осындайда адамның отбасы, жан серiгi – сүйген жары қолтығынан демейтiнi сөзсiз. Рымбек Жүнiсұлының жан дүниесiн түсiне бiлетiн, әр кез анаға тән сарабдал сабырлылық, мейiрбандық таныта бiлген Бәзила апайдың да жөнi бөлек. Тiптi, белгiлi ақын, атпал азамат Кәкiмбек Салықов ағаның:

«Сүйедi екеуiңдi жас та, кәрi,

Түзу ғой бақыт құсы қас-қабағы.

Жастық шақ қош айтса да,

Қиналмаңдар,

Жас кезi егделiктiң басталады», – деп шын жүректен жыр шумағын арнауы да талай сырды аңғартары аян.

Ақтоғай – әншi, серiлер, қазақ күресiнiң талай мықты палуандары көп шыққан ерекше аудан. Оқуға, өнерге деген құштарлық басты мақсаттарына айналған, қазақтың салт-санасын бойына сiңiрiп өскен ел. Автордың: «Егер республикада 100 пайыз қазақтар тұратын елдi мекендердi немесе ауданды iздесеңiз, тек ол – Ақтоғай ауданы. Бұл туралы мақтануға да ренжуге де болады», – дейтiнi сондықтан. 77 жыл жеке аудан болып тұрған атақты Ақтоғайды кезiнде осы елде туып-өскен бiрде-бiр азамат басқармағаны – Кеңес Одағында жүргiзiлген солақай саясаттың нағыз көрiнiсi.

Тiптi, осы ауданның мерейтойында ауданды әр кезде басқарған түрлi басшылардың жиналып, «мен осы елге монша пайдалануды үйреттiм немесе дәретхана салдырдым», – деп күпiне мақтануының өзiнен-ақ сол бiр кезеңдегi дәрменсiздiк, елге жаны ашымастықты көруге болады. Ұсақ-түйектiң өзiн де өсу деп қабылдаған қауқарсыз заман-ай.

Иә, ел тарихын ерлер жасайды. Елiм, жұртым деп жар құлағы жастық көрмейтiн терең ойлы, iзденiмпаз, iскер жандар болмаса, талай аудандар сол баяғы мешеу қалпында қала берер ме едi?!

Қала мен дала өмiрiн көрген ұлтжанды азамат Рымбек Жүнiсұлының «Тоқырауын тоқырамасын» кiтабы – тек Ақтоғай елiне арналған деп қарауға болмайтын туынды. Қазақ мемлекетiнiң iргелi ел болуын, бiрлiгiн, келешек ойлы, iзденгiш жастарда екенiн, туған жерге сүйiспеншiлiк адам бойындағы ең асыл қасиеттер екенiн ашып көрсеткен еңбек. Өмiрдегi кемшiлiктердi көре бiлуi, оны саралауы, түйiн түюi ел басқарған азаматтың жан тазалығын, биiк адамгершiлiгi, әдiлдiгiн айқын көрсетедi.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары