БIЛIМГЕ БӨЛIНГЕН ИНВЕСТИЦИЯ
БIЛIМГЕ БӨЛIНГЕН ИНВЕСТИЦИЯ
Кеше Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық университетiнде тағы бiр аудитория тұсауын кестi. Тұсауын кестi дейтiн себебiмiз, салтанатты түрде ашылған аудиторияның ерекшелiгi – мультимедиялық болуы. Мұндай аудитория жасау жобасы ҚазЭУ-дiң Инновациялық университет құру жөнiндегi арнайы бағдарлама аясында жүзеге асырылып отыр.
Аудиторияның құрылуына тiкелей себепшi топ – Seimar Social Found коммерциялық емес қайырымдылық қорының «инновация» және «бiлiм» бағыттары шеңберiнде Сеймар-Альянс Қаржы Корпорациясы мен «Альянс Банк» АҚ болып отыр.
«Мұндай аудиториялардың өмiрге келуiне, яғни университеттердi материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етудi Ұлыбритания бұрынғы Премьер-министрi Маргарет Тэтчер бастаған екен. Бұл әдемi үрдiс бүкiлдүниежүзiнде қолдау тауыпты», – дейдi Seimar Social Found коммерциялық емес қайырымдылық қорының атқарушы директоры Айғаным Малишева.
Арнайы мультимедиялық аудиторияның дүниеге келудегi мақсаты – университетке ұлттық экономика үшiн жоғары кәсiби мамандар дайындау iсiне жәрдем беру, университеттiң өзге де iрi халықаралық оқу ордаларымен әрiптестiк байланыс орнатуына тiкелей ықпал жасау, ғылым әлеуетiн өнеркәсiпте қолдану мақсатында бiлiм саласын бизнес ортамен интеграциялау, университеттiң материалдық-техникалық базасын жақсартуға көмектесу болып табылады. Бұл аудитория арқылы Қазақстанда инновациялық университеттер құру мәселесiн ғана емес, ғаламдану және ғылымның серпiндi дамуы жағдайында сапалы бiлiм берудiң мәселелерiн шешуде де басты роль атқарады. Жаңа мультимедиялық технологиялардың арқасында студенттер, университет басшылары өзге елдердiң жоғары оқу орындарының ұстаздарымен on-line тәртiбiнде ақпаратпен тiкелей алмаса алады.
«Аудитория бiздiң қазақстандық әрiптестерiмiзбен бiрге бiлiм беру бағдарламаларын жүзеге асыруда таптырмайтын көмекшi. Бүгiн бiздiң жаңа МВА бағдарламамыз iске қосылды. Аталмыш бағдарлама бойынша бiлiм алатындардың мұндай керемет аудиторияның мүмкiндiктерiн пайдалану мүмкiндiгi бар. ҚазЭУ-дiң техникалық қорында бiздiң оқу ордаларымызды жақындата түсетiн, заман талабына сай құрал-жабдық пайда болғанына өте қуаныштымыз», – дейдi мультимедиялық аудиторияның ашылу салтанатына арнайы келген қонақ, М.Ломоносов атындағы ММУ профессоры Анатолий Пороховский.
«Бүгiнгi заман талаптарына сай құрал-жабдықтармен жарақталған аудиторияны ашу университетке көптеген бағдарламаларды тиiмдi жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi. Мультимедиялық аудиторияның мүмкiндiктерi нақты уақыт режимiнде қашықтан лекциялар мен семинарлар, бейнеконференциялар өткiзiп, студенттер мен ұстаздар арасында ғылыми қоғамдастық пен бизнес орта арасында ақпарат алмасуға көп мүмкiндiк бередi, – дедi ашылу салтанатында сөз алған ҚазЭУ ректоры Әли Әжiмұлы Әбiшев мырза.
«Альянс Банк» АҚ университетте мультимедиялық аудиторияның жұмыс iстеуiне қаржылық көмек көрсеткенiмен қоймай, студенттер үшiн бiрнеше экономикалық кiтаптарды да тарту еттi. Бүгiнде аталмыш университеттiң кiтапханасы республика бойынша экономикалық әдебиеттердiң үздiк қоры болып саналады екен.
Сонымен, универсиет ұжымы, студенттерi бүгiннен бастап, мультимедиялық аудиторияда жұмыс iстеуiне мүмкiндiктер мол. Ендi олардың ешқандай қиындықсыз өзге елдердiң университеттерiмен тәжiрибе алмасуына болады.
Гүлзина Бектасова