ҚЫТАЙДАН КЕЛГЕН ҚАНДАСТАР ӨНЕР КӨРСЕТЕДI

ҚЫТАЙДАН КЕЛГЕН ҚАНДАСТАР ӨНЕР КӨРСЕТЕДI

ҚЫТАЙДАН КЕЛГЕН ҚАНДАСТАР ӨНЕР КӨРСЕТЕДI
ашық дереккөзі
258

Қазақ туа бiттi талант иелерiнен кенде емес. Солардың қатарында аты жиi естiлмесе де, өнерi ешкiмнен кем емес, бiр әншi жұп бар. Олар – Құрманбек Әлiмғазыұлы және Риза Қайырбайқызы. Осыдан бiрнеше жыл бұрын Қытай жерiнен туған елге ат басын тiреген өнерлi жұптың бiрден-бiр алға қойған мақсаттары – халық арасына танылмай келген дәстүрлi әндердi көпшiлiкке таныту.

Он жылдан астам уақыттан берi өнер өлкесiнде жұптары жазылмай, шығармашылық жолдың ыстығы мен суығына қатар төзiп келе жатқан әншiлер кезiнде Iле Қазақ Автономиясының Еңбек сiңiрген қайраткерлерi дәрежесiне дейiн көтерiлген. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Тәрбиелi ұрпағыңмен мақтан» дегенiндей, ерекше қасиет дарыған бұл отбасы өнерлi балалары Олжас пен Үкiлайды мақтан тұтып, болашақтарынан үлкен үмiт күтедi.

«Елiм, жерiм» деп келген Құрманбек пен Риза туған елiнде 14 қазан күнi Республика сарайында шығармашылық кешiн өткiзудi жоспарлап отыр. Кеш алдында әншiлермен әңгiмелесудiң сәтi түскен едi.

– Атажұртқа қашан оралдыңыздар?

– 2001 жылдың он алтыншы желтоқсанында.

– Қытайдағы қазақ бауырларымыздың дәстүрлi өнерге деген көзқарастары қалай?

– Қытай жерiндегi бауырластарымыз халық әнi десе, iшкен асын жерге қояды. Себебi, олардың өзi сол халық әндерiмен, сол қазақ халық композиторларының әндерiмен сусындап өстi ғой. Әуендердiң дәстүрлi қалпын сақтап, оны кейiнгi ұрпаққа жеткiзуi де бiршама жақсы. Қазiрде халық әуендерiн эстрадаға салып, кейбiреу әнiн, кейбiреу тiптi сөзiн де ауыстырып жатыр. Әрине, оны ешкiм жаман дей алмайды, әйтседе де, әр нәрсенiң өз орны бар ғой. Кезiнде шет жақта жүрiп, радио арқылы көптеген ақын, композиторлардың шығармаларымен таныстық. Осындай халық әндерiнiң құдiреттiлiгi бiздiң тарихи отанымызға деген құштарлығымызды оятып, сол арқылы елге жетiп отырған жағдайымыз бар. Алдымызға үлкен мақсат қойып, өнерiмiздi шыңдай түссек деген ниеттемiз.

– Ал қазiргi қазақ эстрадасы туралы не айтар едiңiз?

– Бүгiнде әу дегеннiң барлығы әншi. Кiм әншi, кiм композитор, кiм ақын екенiн, айыра алмайтын жағдайға жетiп отырмыз. Әрине, көпке топырақ шашпаймын, замана ыңғайына байланысты ғой барлығы, уақыт озған сайын ән де өзгередi. Сонда да, әншi әнiн айтып, қойшы қойын бағу керек.

– Қытай жерiнде жүрiп, өз өнерлерiңiздi қалай шыңдадыңыздар?

– Тұрған жерiмiз Iле Қазақ Автономиясында Кәрiм Абдрахманның жетекшiлiк етуiмен алпыс-жетпiс адамдық үлкен филармония болды, сонда он тоғыз жыл бойы жұптасып та, жеке де ән салып, қос аққудай қалқып жүрдiк. Шығармашылық жолымыз филармониямен тығыз байланысты. Репертуарымызда халық әндерi де, эстрада мен классикалық әндер де болды.

– Әңгiме желiсiн шығармашылық кештерiңiз жайында өрбiтсек. Репертуарларыңызға кеш барысында орындалатын жаңа әндер ендi ме?

– Кешке үлкен әзiрлiкпен дайындалып жатырмыз. Әндердiң көпшiлiгi симфониялық оркестрмен орындалады. Оркестрмен дайындық үстiндемiз. Сондай-ақ, Риза бұрын еш жерде айтылмаған, еш жерден есiлмеген төрт халық әнiн орындайды. Бұл әндердi негiзiнен Қытай жерiнен алып келiп отырмыз. Бұл жердегi мақсатымыз – қазақтың керемет әндерiн халыққа тыңдату, таныстыру. Кеш барысында шырқалатын әндердiң денi жаңа әндер. Дәстүрлi әндердi дәстүрлi қалпын сақтай отырып, эстрадаға салып та орындамақпыз.

– Сiздердiң осы кештерiңiзге қонақ ретiнде кiмдер қатыcады?

– Мақпал Жүнiсова, Баян Нұрмышева, «Ерке-Нұр» сән театры, «Тарлан» тобы, бишi Гүлнәр Нұрсұлтанқызы және ұлымыз Олжас пен қызымыз Үкiлай өнер көрсетедi. Екеуiнiң болашағынан зор үмiт күтемiз. Олжас кеше ғана өткен «Мәңгiлiк сарын» фестивалiнде нарқобызбен байқауға қатысып, екiншi орынды жеңiп алды. Бұл да бiз үшiн үлкен қуаныш.

– Мақпал Жүнiсова демекшi, кезiнде осы кiсiмен де дуэт болып ән салдыңыз. Таныстықтарыңыз қалай басталды?

– Мақпал Жүнiсова 1998 жылы Iле Қазақ Автономиясына гастрольдiк сапармен барған едi. Оны марқұм Заманбек Нұрқадiлов бастап алып келген болатын. Сонда бiздiң де шығармашылық кешiмiз өттi. Орындалған әндердi тыңдап, Зәкеңнен «Осы шырқаған әндерiңдi елге барып неге орындамасқа?» деген ұсыныс түстi. Елге келуiмiзге осы бiр ауыз лебiздiң де әсерi болды. Келген күннен бастап Мақпалдың кештерiнде ән сала бастадық. Содан бергi уақытта шығармашылық жолда бiргемiз.

Әңгiмелескен Балжан ҮСЕЕВА

Серіктес жаңалықтары