АЙТА БЕРСЕК СӨЗ КӨП...
АЙТА БЕРСЕК СӨЗ КӨП...
Иә, айта берсек сөз көп.
«Ұят болды!»
Бұл депутат Бекболат Тiлеуханның сөзi: «Хабар» телеарнасының «Бетпе-бет» бағдарламасында одан әрi айтқаны мынау. – «Бiздiң «Нұр-Отан» партиясы парламентке сайланысымен нанның және де азық-түлiктiң бiрден қымбаттап кеткенi ыңғайсыз-ақ» – болды.
Шынында ұят болды. Арына жүгiнетiн азамат қой. Оның өзi үшiн, басқа әрiптестерi үшiн қысылғаны көрiнiп тұрды. Ал бүгiн бәрi қымбаттады. Солардың негiзгi ас атасы нанды мысалға алайықшы. Бiр бөлке нан Алматыда – 70, Астанада – 55, Шымкентте – 40, Ақтөбеде 35 теңгеге өстi. Парламентте отырған депутат мырзалар Үкiметке жалтақтап жатқанда, «Ауыл», «Руханият», «Ақ жол», «Коммунистiк халықтың демократиялық партиясы» Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiретiндерiн жариялап та үлгердi. Бұл өздерiн нағыз халықтық партиямыз дейтiн нұротандықтарға алғашқы сын едi. Өкiнiшке орай аса маңызды мәселенi шешуге ат салысудан шабандық танытты.
Иә, айта берсек сөз көп.
Жуырда Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Қызылорда облысына iс-сапармен барып қайтты. Ондағылар нанның неге қымбаттағанын сұрады. Үкiмет басшысы: «Тұрмысы төмендерге әлеуметтiк көмек берiледi. Ал қалталылар рыноктық бағамен сатып алсын», – дедi. Демек нан бұрынғы бағасымен сатылмайды. Құны бастапқысынан әлдеқайда жоғары болатыны анық. Қалталылар аз. Қымбатшылықты сезiне қоймас. Әл-ауқаты төмендер көп. Отбасында жетi, сегiз тiптен он, он екi жаннан тұратындары қаншама. «Арық атқа қамшы ауыр». Онсыз да iлдалап өмiр сүрiп жатқандардың бұдан кейiнгi хал-ахуалдары қалай болар екен.
Үкiмет басшысы айтқан әлеуметтiк көмектiң көлемi қандай? Пақырларын қанша уақытқа дейiн жарылқайды? Әдеттегiдей дүрбелең-дүрмек басылғанша ма? Сiрә солай болар. Қалай айтсақ та астығы мол елде нанның қымбаттағаны ақылға симайды. Алдағы жұмада Премьер-министр не айтар екен?
Иә, айта берсек сөз көп.
Сайлау демекшi. Қазақстан халықтары Ассамблеясынан Асылы Осман апамыз депутаттыққа өтпей қалды. «Шаханов пен Айталыдан зорға құтылғанда Асылыны «тiл», «қазақ» деп тақылдатып қайтемiз» деген шығар. Аталарымыз «Болатты болатқа сал» демеп пе едi.Ұлағатты сөзден мән де кеткенi ме? Осы бiз кiмнiң қадiрiне жетiп жүрмiз?
Иә, айта берсек сөз көп.
Өткен аптада Үкiмет мүшелерiнiң мәжiлiсi болды. Бiрнеше өзектi мәселелер қаралды. Солардың бiрi коммуналдық төлем. Индустрия және сауда министрi Ғалым Оразбақов өз ұсынысын талқыға салды. Ол коммуналдық қарызы көптердiң әуелi дүние мүлiктерiн тәркiлеп, одан нәтиже шығармаса пәтерлердi босатып алу керек дегенгей дейiн барды. Бар тапқандарын арақ-шарапқа жұмсап, iшкiлiкке салынып жүргендердi солай жазалауға болар. Алайда олардың кәмелетке толмаған балалары болса ше? Обалдары әкесi мен шешелерiне деп далаға тастау керек пе?
Ал тапқан-таянғандары iшiп-жемiнен артылмайтын отбасыларды ше? Олар жемқор шенеунiктердей оңынан, солынан қымқырып, жымқыруды бiлмейтiн, ұрлық-қарлық жасауға арлары бармайтын адал жандар ғой. Сондай жандарды қалай жекешелендiрген пәтерiнен шығарып, отанын бұзуға болады? Ата Заңда жердiң үстi мен астындағы байлық халықтiкi деп жазылған емес пе? Сондай жандардың сол аста-төк байлықтан титтей болса да үлесi бар шығар. Министр мырза олар пәтерiнен шығарылсын дегеннен гөрi «Сол тиесiлi үлесiнен әлеуметтiк көмек берiлсiн» деп неге айтпайды? Онсыз да игерiлмей жатқан қаражат қаншама.
Осы мәселе бойынша Әдiлет министрi Зағипа Балиева да өз ойын ортаға салды. Ол: «Жарайды, коммуналдық төлемнен қарызға батқандарды пәтерлерiнен шығарайық. Iс сонымен бiттi ме? Оларды орналастыруға басқа жайларды қарастыру керек қой. Ал сондай пәтерлер бiзде дайын ба?» – дедi. Құлаққа кiретiн сөз. Зайырлы елдiң Үкiметi бiрден шолақ шешiмге бара салмай, бәрiн де жан-жақты ойластырғаны жөн болар.
Иә, айта берсек сөз көп.
Өткен тамыз айында «31 телеарнада» Ұлттық қор жөнiнде сөз қозғалды. Көзi ашық, көкiрегi ояу жандар болмаса, қарапайым халық ондай қордың бар екенiнен де бейхабар. Неге? Өйткенi әзiрге одан көрiп жатқан пайдалары жоқ.
Мәселенi талдауға қатысқан бiлiктi мамандар мен ғалымдар бiраз жайдың бетiн ашты. Солардың айтуына қарағанда дәл бiздегiдей қор жазы қысқа, қысы ұзақ Норвегияда да бар екен. Олар теңiз түбiнен алынатын мұнайын 1964 жылдан берi игере бастаған. Әуелi шетелдiк компанияларды тартып, сол арқылы өз мамандарын жеделдете дайындап алған. Қазiр мұнай өндiрудiң 15 пайызы ғана шетелдiк компаниялардың қолына берiлген. Ал 85 пайызы Норвегия мемлекеттiк құзырында. Мұнайдан алынған пайда Ұлттық қорларына келiп түседi. Үкiмет сол қаржыны қоғамдық өмiрдiң маңызды салаларына парламент депутаттарының қатаң қадағалауымен бөледi. Және әр үш ай сайын қай салаға қанша қаражат бөлiнгенi, қаншасы игерiлгендiгi жөнiнде халыққа ақпарат таратып отырады. Демек халықтан ештеме жасырмайды. Сондықтан болар, онда мұнай мәселесiнде коррупция жоққа тән. «Ал бiзде, – дедi ғалымдар. – Мұнай өндiруден Ұлттық қорға түсiп жатқан қомақты қаржының қайда жұмсалып жатқанын Үкiметтен басқа ешкiм бiлмейдi». Халықтың байлығын, Үкiмет халықтан неге жасырады? Түсiнiксiз. Көкейде тек коррупционерлерге қолды болып кетпесе екен деген күдiк бар.
Американың Аляска түбегiндегi бiр профессоры: «Бiздiң түбектiң бюджетiне шетелдерде мұнай өндiрiп жатқан компаниялардан белгiлi бiр мөлшерде қаражат түсiп тұрады. Түскен қаражат қатаң қадағалануға алынған. Сол қаражаттан түбек тұрғындарына дивидент те берiледi» – дейдi. Американдықтардың тұрмыс деңгейiнiң жоғары болуы ел басқару мәдениетiнде, шынайылығында ма деп қаласың. Сосын бiзде қашан сондай болады деп ойға шомасың.
Иә, айта берсек сөз көп.
Бiзде iскер әкiмдер жоқ емес, бар. Оған дәлел керек пе? Айтайық. Бүгiнгi вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев Оңтүстiк Қазақстан облысына бiр жылға жетер жетпес уақыт қана әкiм болды. Қаншама толағай тiрлiктердi атқарды десеңiзшi. Соның арқасында оңтүстiктердiң құрметiне бөлендi. Алматы қаласының бүгiнгi әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтың көңiл қуантқан ерен iстерiне қарап, бұрынғы әкiмдер бiрнеше жыл бойына не iстеген деген ойға қаласың. «Балық басынан шiридi» демекшi, бiр топ байшыкештер Медеу аңғарындағы Бутаковка өзенiнiң бойынан заңсыз қытай қорғандарындай зәулiм үй салса, басқалардан қандай тәртiптi талап етесiз. Алты гектар алма бағын отап тастап, жасыл желегiн жапырып, тамылжыған табиғаттың ту-талапайын шығарып, әп-сәтте бас-басына үй салып алды. Үй болғанда қандай! Иран шахтың сарайы да ондай болмаған шығар сiрә да.
Экономика ғылымдарының докторы Тоқтар Есiркепов: «Егер республика прокуратурасы сол үйлердi заңсыз салынған деп тапса, арнайы құрылған комиссия да сондай тұжырымға келсе, онда Үкiмет неге оларға 4 миллиард доллардай өтемақы төлеу керек? – дейдi. Шынында Үкiмет заңсыз салынған үйлерге неге өтемақы төлеу керек? Кедей-кепшiктiң «Шаңырақтағы» қарызданып, қауғаланып жүрiп балшықтан салған, үйлерiн заңсыз деп ешқандай өтемақысыз трактормен бұздырып тастаған жоқ па. Әлде Үкiмет байлардың жөнi бөлек дей ме екен. Алланың алдында бәрi де бiрдей емес пе?
Иә, айта берсек сөз көп.
Бiздiң Үкiметке байлардың баии түскенi жақсы. «Байлар өндiрiс орындарын ашып, жұртты жұмыспен қамтамасыз етедi, халықтың тұрмысын жақсартады» дейдi. Иә, бүгiнде бiздегi байлардың саны өскен. Олардың арасында екi елдiң азаматы атанып жүрген Машкевич секiлдiлер де бар. Бiрақ солардан халыққа не пайда? Тапқан қаржыларын алтынға айналдырып, Швейцариядағы есiгi қырық қабат банкке салып, әлiптiң артын баққандай үн-түнсiз отыр ғой. Ал мұның ашқандары, бар болғаны казино, сауна, тойхана, мәшине жуатын орын. Алдыңғы жылы Республика Президентi «Шетелдегi ақшаларыңды алдырып, өндiрiске салыңдар» деп едi. Айтқанға құлақ аспады. Олар Үкiмет ойлағандай болмады. Неге? Бiрiншiден, бiздiң байларда патриоттық сезiм жоқ секiлдi. Екiншiден, Еуропа елдерiнiң байларына қарағанда саналары әлi де төмен бе дерсiң. Үшiншiден, мәдениеттiлiктерi жетiспейтiн сияқты. Алпауыттарының ақшасы алыстағы елде жатса, бұл ел қалай жедел дамиды?
Иә, айта берсек, сөз көп.
Малайзияның бұрынғы Премьер-министрi Мұхамед Махаткирдың даңқы анау ұшар басы көк тiреген қос үйдi салдырумен шыққан жоқ. Елдегi қытайлардан саны әлдеқайда төмен малайлықтардың тiлiн мемлекеттiк тiл жасап, халқының тұрмысын көтерумен шықты. Оның тағы бiр ұтымды тәсiлi шетелдерде оқып келгендердi жоғары мемлекеттiк қызметке көтермеген. Олардың бiлiм-бiлiктiгiн өндiрiс орындарында пайдаланған да өздерiнде жоғары оқу орындарын бiтiргендер ұлты малай азаматтарын мемлекеттiк басқару деңгейiне дейiн көтерiп отырыпты. Бiздiң Үкiмет басшыларына бұл ойлантын жәй емес пе?
Иә, айта берсек сөз көп…
Көлбай Адырбекұлы