СYЛЕЙМЕН ПАТШАНЫҢ САРАЙЫ НЕМЕСЕ ҚЫМБАТ ҮЙЛЕРДЕ КIМДЕР ТҰРАДЫ?
СYЛЕЙМЕН ПАТШАНЫҢ САРАЙЫ НЕМЕСЕ ҚЫМБАТ ҮЙЛЕРДЕ КIМДЕР ТҰРАДЫ?
Адамдардың тәжiрибесiн қоғам игiлiгiне пайдаланатын адамдық даналықтың жоғарғы көрiнiсi ретiнде отаншылдық, мемлекетшiлдiктi алатын болсақ, қазiр елiмiзде қалыптасқан жағдайға пайымдай қараған жан кейде өзiнiң Батыс Еуропа елдерiнiң бiрiнде, тым құрығанда Құрама Штаттарда өмiр сүрмейтiнiне өкiнетiн кездерi аз емес. Оның терең мәнiсi де бар.
Өткен айда Нью-Йоркте 2001 жылдың 11 қыркүйегiндегi қанды лаңкестiк оқиғаның бейкүнә құрбандарын еске алу жиыны өттi. Осы қаралы жиында Нью-Йорктың экс-мэрi мемлекет, қоғам қайраткерi ретiнде сөз сөйледi. Бүкiләлемдiк сауда орталығында 3 мыңға жуық адам, жүздеген өрт сөндiрушiлер қаза тапқанына қарамастан қала тұрғындары арасында дүрбелеңге жол бермегенi үшiн ғана ол АҚШ халқы үшiн көзi тiрi қаһарманға, ұлттық батырға айналған көрiнедi.
Өкiнiшке қарай, бiздiң қоғамда қазiр ел-жұртқа қандай еңбек сiңiрсең де бәрi бос тер төгу, құр әуре. Өлгендер болмаса, тiрiлердiң қатарында қадiрлiсi жоқ. Әсiресе соңғы жылдары «Жоғалған пышақтың сабы ғана алтын» боп бара жатқаны ерiксiз алаңдатады. Қатарында жүргендердiң елеулi еңбектерiн, жақсы қасиеттерiн бағалауға тым сараң қоғам бiртiндеп тым қатыгезге айнала бастағандай. Адамдарды, әсiресе, мемлекеттiк қызметкерлердi: «Ел-жұрт үшiн не атқарды? Қандай жақсы, айтулы iстерге мұрындық болды?» деп әдiл бағаламайды, керiсiнше, қызметке кiрiскен алғашқы сәттен бастап-ақ: «Бұл орынға неге келдi және қашан қызметтен кетедi?» деп бал ашушылардың қатары жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтардай күрт қаптайтыны аян. Өзiне, жеке басына дәп соның еш қатысы болмаса да. Ең таңданарлығы, осындай әдетке отандық БАҚ-тардың бiрсыпырасы әбден машықтанып, әккiленiп алғаны сонша, араға белгiлi бiр кезең салып «қызметтен кiмдер кетедi, қайда ауысады» дегенге кәдiмгiдей жауап iздеп, әуре-сарсаң күйге түсетiнi бар. Iшiнара өз жорамалдары жүзеге аса қалса әжептәуiр марқайып: «Әнi, бiз жазғанбыз (айтқанбыз)», – деп мәз болып алақайлайды. Бәлкiм, кофе тұнбасында көрiпкелдiк жасау журналист мамандығының емсiз дертi шығар. Осы өрескел әдет соңғы уақта жалпы қоғамдық кеселге де айналып бара жатқан сыңайлы. Осылайша халқымыздың ежелден келе жатқан «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген әдемi нақылын ойдан шығарғанымыз өкiнiштi.
2004 жылдың желтоқсанында ғана Алматы қаласының әкiмi болып тағайындалған Иманғали Тасмағамбетов те талай рет осындай өсек-аяң мен «балгерлiктiң» нысанасына айналғаны мәлiм. Әсiресе, соңғы жағдайларға байланысты қала әкiмiнiң қызметтен қай күнi және қайда кететiнi жөнiндегi жорамалдар соңғы күндерi көк теректiң жел ұшырған үпелегiндей борап, үдей түсуде. Дау жоқ, оның үлкен себебi, айтарлықтай мәнiсi де бар. Алматы бүткiл Қазақстан емес, иә, бұл әлгi орысшалау ой ғой, бiрақ елiмiзде бұл қаланың орны ерекше екенiн ешкiм жоққа шығара қоймасы хақ. Баяғы аталарымыздан уәзипа боп қалған әдемi ертегiдегiдей, «сегiз ұлым бiр төбе, Ер Төстiгiм бiр төбенiң» керi. Астана – Еуразияның кiндiгi, еуразиялық идея қайтадан ту көтерген орын десек, Алматы шын мәнiнде қазақтың ұлттық ойы, жады, санасы мен ар-намысының, руханиятының орталығы. Тiптi, Қазақстан коммунистiк империяның колониясы боп тұрған, қалада қазақтардың үлес салмағы тым мардымсыз болған кезеңдерде де Алматы осындай абыройлы мiндеттi адал атқарған-ды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiнiң де дәл осы қалада орын алуы бекер емес. Қазақстанның қай түкпiрiне бармаңыз, қалт-құлт етiп әрең өмiр сүрiп жатқан алыс ауылдардың кез келген тұрғыны ә дегеннен: «Алматыңда не жаңалық? Тыныштық па?» деп сұрайтынына бәс тiгуге болады. Тыныштық екенiн естiгенде көңiлдерi жайланып, жадырап сала бередi. Сондықтан Алатау бөктерiндегi ару қала ең әуелi қазақтарға қымбат-ау деуге болатын секiлдi.
Соңғы кездерi Алматы экологиясына байланысты әңгiменiң күрт өрбуi қала тұрғындарын әрi-сәрi күйге түсiрдi. Бiр жағынан қарапайым тұрғындардың басым бөлiгi Тасмағамбетовтың әкiм ретiнде қала беруiн қолдайды. Ол атқарар iс-шаралар мен мiндеттер шаш-етектен. Осы тұрғыдан қарастырсақ, өркениеттi елдерде қоғамдық пiкiр үлкен күшке ие. Яғни, әрбiр қайраткердiң атқарған шаруаларына көпшiлiк баға бередi.
Өкiнiшке қарай, бiздiң елiмiзде мемлекетшiл, ұлтжанды азаматтарды аяғынан шалушылар, қалайда сүрiндiрiп қалуға күш салушылар, қаржылық топтар мен саяси қайраткерлердiң өзара талас-тартысы мен субъективтi пiкiрлерi үстем түсiп, лауазымды адамдардың белсене қызмет атқаруына мүмкiндiк бермейтiнi де әрегiдiк байқалады.
Бiр мәселенi ашық айта кету керек, Иманғали Тасмағамбетовке iшi тартатындар болсын, тiптi, илiкпейтiн қарсыластары болсын, соңғы жылдары Алматыда ауыз толтырып айтарлықтай игiлiктi iстер атқарылғанын мойындауға тиiс. Бұл – жеке субъективтi пiкiр емес, күнделiктi көзге көрiнiп тұрған айқын жайт. Алматы кеңестiк кезеңдегi шеткерi жатқан провинциялық қаладан жедел дамып, үздiксiз өсiп келе жатқан iрi мегаполиске айналды және жаңа жағдайда қала басшысына қойылар талап пен оның атқарар мiндеттерi күрделене түстi. Қала әкiмi болып келген бетте-ақ «Алматы қазақша сөйлемей, Қазақстан қазақша сөйлемейдi», – деп мәлiмдеген И.Тасмағамбетов әп-сәтте өзiне қарсыластар тауып үлгердi және кейбiр қыз-келiншектер бастаған әлгi кертартпалар оны аяқтан шалуын күн сайын үдетiп, ашық күреске көштi. Тiптi, елiмiздегi енжарлау оппозиция серкелерiнiң бiрi Петр Своик мырзаның өзi-ақ бiрнеше жылдан берi Алматы түбi жарықсыз және жылусыз қалатынын сәуегейлiкпен айтып, тастүнек қалаға айналады деп үрейлендiруден еш жалыққан емес. Ал сырт көз аңғармайтын қаншама астыртын әрекеттер жасалғанын кiм санапты?!
Әрбiр қаланың өзгеге ұқсамайтын ерекшелiгi, адамдардың жүрегiнде жатталып қалар құпия қасиетi бар десек, Алатау бөктерiндегi ару Алматы өзiнiң жарқындығы, көшелерiнiң нұрымен адамдарды баурап алатыны даусыз. Ежелден осылай қалыптасқан ерекшелiгi бұл. Яғни, қаланың жарқындығы қашанда бiрiншi орында. Таяу уақытта Алатау ауылы мен Кеңсайда құрылысы басталғалы отырған қуатты подстанциялар қаланың электр энергиясына қажеттiлiгiн толық қамтамасыз еткелi отырғаны мәлiм. Бұлардан бөлек 2020 жылға дейiн әрбiрiнiң құны 10 млн.долларлық 20 қосымша подстанциялар қажет дер болсақ, қазiрдiң өзiнде солардың бесеуiнiң құрылысы басталып кеткен және қолданыстағы 9 подстанция түбегейлi қайта жарақтандырылуда. 2006 жылы Алматыда энергетикалық нысандарды одан әрi дамытуға алғаш рет 22 млрд.теңге көлемiндегi қомақты қаржы жұмсалса, биыл бұл мақсатқа 37 млрд.теңге бөлiнiп, әрбiр тұрғынға шаққанда 440 квт электр энергиясы өндiрiлуде. Жоғарыда айтқанымыздай, қазiргi заманға сай қала нұрлы болуға тиiс. Сондықтан қала көшелерiн жарықтандыруды ұсақ-түйек нәрсе деп қарауға болмайды. Өткен жылы қалада қосымша 57 мың жарық көздерi орнатылғаны сол-ақ екен, түнгi Алматының бұрынғыдан әрмен жайнап сала бергенiн айтпай кетуге болмайды. «Алматының түндерi-ай…» деп әдемi әндi айтушылар көбейген тәрiздi. Әсiресе, әлгiндей жарық көздерiнiң үлкен даңғылдар мен орталық көшелердiң ғана бойына емес, аулалар мен тұйықтарға, үйлердiң маңдайшаларына да орнатылуы адамдарға психологиялық тұрғыдан оң әсер еткенi айқын аңғарылуда. Ұзақ жылдардан берi қала тұрғындары түнгi көшелермен еш қауiптенбей, қорқынышсыз қыдыра бастады. Бұл құбылыс орталық көшелер ғана емес шеткергi аудандарда да байқалып отыр. Оның үстiне көп жылдардан берi жұмыс iстемей тұрған қала субұрқақтарының көпшiлiгi қайтадан күрделi жөндеулерден өткiзiлiп, түрлi-түстi жарықтармен безендiрiлуi, өткен жылы жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын арықтардың тәртiпке келтiрiлуi де қала көркiне көрiк қосқанын айта кету керек. Саябақтар мен сандаған гүлзарлар, бау-бақшалардың тәртiпке келтiрiлiп, өмiрге қайтадан келуi, әсiресе, бiр жылда ғана 30 мың ағаш көшеттерi мен бұталардың егiлуi таяу жылдарда Алматының «жасыл қала» атағын қайта иеленуiне мүмкiндiк беретiн сыңайлы.
Қала өмiрiнде ұсақ-түйек нәрсе болмайтыны аян. Бiр қарағанда елеусiз көрiнетiн нәрсенiң өзi қалаға қайталанбайтын ерекшелiк беретiн жағдайлар көп. Ал Алматының көшелерi ежелден көргендердi тамсантып, риза етiп келсе, соңғы жылдарда айтарлықтай жөндеу көрмеген немесе сапасыз жөнделген қала жолдары тұрғындардың көңiл толмастығын, тiптi, наразылығын туғызып келгенi де құпия дей алмаймыз. Ал соңғы екi-үш жылда қала көшелерi түбегейлi өзгерiске ұшырап, қайта жаңғырғанын кiм де болса мойындауы хақ. 2006 жылы 19 шақырым жаңа жолдар салынып, қала бойынша 242 шақырым жолдар күрделi жөндеуден өткiзiлген, бұл мақсаттарға 27 млрд.теңге көлемiнде қаржы жұмсалған. 4 жолайрығы: Рысқұлов-Сейфуллин; Рысқұлов-Жансүгiров; Рысқұлов-Бөкейханов; Рысқұлов-Күдерин көшелерiндегi жолайрықтар пайдаланылуға берiлсе, биыл Алматыда 7 жолайрығы салынып бiткенi немесе құрылысы аяқталуға таяу. Сенiмдi дерек көздерiне қарағанда, таяуда қосымша тағы 5 жолайрығының құрылысы басталмақшы көрiнедi. Әрине, алматылықтарды көп зарықтырған метро құрылысының мәселесi мүлдем бөлек әңгiме. Қала өмiрiнде стратегиялық маңызы бар метро құрылысы Елбасының тiкелей бақылауында болғандықтан оның алғашқы кезеңi уәде етiлген 2009 жылдың бiрiншi жартысында пайдаланылуға берiлетiнi күмән туғызбаса керек. Ал биылғы жылы осы мақсатқа жұмсалып отырған 20 млрд.теңге метроның аяқталуын анағұрлым жақындата түсетiнi аян.
Әр қаланың өзге шаһарларға ұқсамайтын ерекшелiгi болумен қатар, оның өрлеуi мен құлдырауының болатындығы да заңдылық. Өткен ғасырдың 80-шi жылдары әсемдiгi, тазалығы, сылдырай аққан арықтары мен буырқаған өзендерiнiң арқасында ару қала атанған Алматы да құлдырауды бастан кештi. Әсiресе, өзен аңғарлары қоқысқа толып, лайлы жылғаға айналған-тұғын. Осындай күрделi жағдайда қала бойынша «Алматы өзендерi» бағдарламасының дүниеге келуi, Есентай, Үлкен және Кiшi Алматы өзендерiнiң жағалауларын бекiту, жасыл желектендiру, жарықтандыру жұмыстары қолға алынуы қала ажарын қайта түлетуге жасалған маңызды iс-шаралардың бiрi. Осы мақсатқа биыл және алдағы жылдарда 24 млрд.теңге жұмсалғалы отыр. Өйткенi, қаладағы басқа өзендердi тазалау кезек күттiрмейтiн мәселе. Мойындау керек, Алматыда 22 өзен, 4 су қоймасы, 2 канал бар екенiн қаланың көнекөз тұрғындарының өздерi де бiле қоймайтын шығар.
Қала өмiрiндегi оңды өзгерiстердi ең әуелi балалар терең сезiнгенiне дау жоқ. Ақпарат хабарларына қарағанда, 2006 жылы 100 мектептiң аулалары бюджеттен тыс қаржы көздерiнiң есебiнен абаттандырылған. Сөйтiп, алдыңғы жылмен қоса алғанда 180 мектептiң аулалары тәртiпке келтiрiлiп, қайта жаңғырған. Ал ауласы гүл мен жасыл желекке малынған мектептер оқушылар ғана емес, ата-аналардың да көз қуанышы екенi дәлелдi қажет етпейтiн шындық. Осы жақсы үрдiстiң биыл да жалғастырылғаны, сондай-ақ қалада әрбiрi 1000 орындық жаңа 3 мектептiң пайдаланылуға берiлгенi көп жылдардан берi қордаланған мектеп жетiспеушiлiгiн аздап болса да шешуге сеп болғаны рас.
Өткен жылдан берi бiздiң ауланың кiшкентай балалары жүдә ойынпаз болып алған сынды. Әсiресе, тас төселген жолға шатыраштап сызып, бұрымдары желпiлдей секектеп ойнайтын кiшкене қыздар мен түрлi-түске боялған әткеншектер маңына мәз-майрам болып үймелесе қалатын ұлдардың кейде кенеттен бәрi қосылып «Менiң Қазақстанымды» шырқай жөнелетiндерi қызық-ақ. Берiлiп, қайта-қайта айтады. Неге екенiн кiм бiлсiн, әйтеуiр күн сайын дерлiк осылай. Үлкендер бұған әлденеге таңдана бас шайқап, ризашылықпен жымиып күледi де қояды. Бәлкiм, көптеген аулаларда осылай шығар?..
Өйткенi, сонау 90-жылдардың басынан берi күтiм көрмей, қоқыс басқан, әбден жүдеген қала аулаларының түбегейлi өзгерiп, ұсынықты қолдың жөндеуiн көргенiне әркiм куә және тұрғындардың бұған ерекше риза болғанына еш күмән жоқ. 2005 жылы қалада 600-дей аула, ал өткен жылы 1000-нын астам аулалар жөнделiп, жолдарға жаңадан тас төселдi, көгерiш отырғызылды. Яғни, қаланың әрбiр екiншi тұрғыны өз аулаларының қайта құлпырғанына куә.
Ал оңтайлы жүргiзiлген бюджеттiк және салық саясатының нәтижесiнде 2006 жылы мемлекет қоржынына Алматыда 493 млрд. теңге көлемiнде қаржы құйылғанын елемей кету мүмкiн емес. 4 млрд.долларға жуық орасан зор ақша! Бiрақ мемлекетке осындай қомақты табыс әкелiп отырған Алматы биыл қала шығындары үшiн небары 127 млрд.теңге, яки 1 млрд.доллар ақша жұмсалмақ.
Әңгiме ақшаның көп-аздығында емес, Алматы ешқашан өзге кейбiр қалалардай алақан жайып, өзгелерге сұрамсақтанған емес. Қала қазынасы ешқашанда бос болып көрмептi. Бiрақ, қала күрделi механизм десек, соның жұмысына шын жаны ашитын, Алматының нағыз жанкүйерi болған адамдардың қала билiгiне тұрақтауы анда-санда ғана. Мiне, сондай кезеңдерде қала күрт өскен, гүлденген, келбеттенiп, аңызға айналған ару қала атағын иеленген. Қазiр де қала тарихының жаңа беттерi, өткенге еш ұқсамайтын шежiресi жасалып жатыр.
Сөйте тұра қыркүйек айында Қазақстан Президентi Н.Назарбаевтың Алатау бөктерлерiнде: Медеу шатқалы, Шымбұлақ, Үлкен және Кiшi Алматы өзендерiнiң жағалаулары, Бутаковкаға самсатып салынған қызыл шатырлы, көк сарайлардың мәселесiн көтеруi әрi қалыптасқан жағдайды «наглый беспредел» деп сипаттауы бұлтсыз күндi найзағайдай әсер еткенi аян. Әлгi айтылған «беспределды» қарапайым тiлмен айтқанда «шектен шығу», «қанасынан асу» деп алуға болатын шығар. Ал, Алатау бөктерiнде әлгiндей қанасынан асқандардың ойға келгендерiн жасап жатқанына көп жылдардан берi амалсыз ғана үнсiз бақылап келе жатқан, бiрақ iштей наразы қоғам дүр сiлкiндi. Өйткенi, тау бөктерiндегi әсем сарайларда қанасынан асқан кiмдер тұратынын жұрттың бәрi iштей жорамалдайтын.
Әрине, министрлер, бұрынғы және қазiргi елшiлер, өздерiн демократия, заңдылық өкiлдерi санайтын бiрқатар саяси қайраткерлер, олигархтар, депутаттар, т.б.
Жекелеген фамилиялар жөнiнде адам қателесуi мүмкiн, ал жалпы нобайы осындай.
Бұл бiр күнде немесе бiр-екi жылда ғана қалыптасқан күрделi жағдай еместiгi бесенеден белгiлi. Ондаған жылдар бойы еш қадағалаусыз атқарылған, бiле тұра әдейi жасалған жағдай. Тiптi, сонау 2005 жылдың өзiнде-ақ марқұм Заманбек Нұрқадiлов өзiнiң 1997 жылы Алматы облысына әкiм болып тағайындалған шағында қала әкiмi В.В.Храпунов ауылшаруашылығы мақсаттарына қажеттi, аса құнарлы жүздеген мың гектар жердi қалаға берудi өтiнгенiн жазған-ды. Марқұмның жазғанын түпнұсқада сәл ғана қысқартып келтiрудi жөн көрiп отырмыз.
«…Якобы для проектирования и строительства двух объездных кольцевых дорог и десятка развязок. Где они? Вместо них появились виллы и хоромы размером не менее 30х30 м, а то и 50х50 м. Развелось вокруг города, особенно в предгорьях, столько «дворянских гнезд», что старая энергосистема разбалансировалась… Грядет энергетическая катастрофа, похуже московской.
…Стабилизация и благоустройство русел всех рек теперь видится лишь во сне. Два ущелья – Медео и Большая Алматинка – источники чистого горного воздуха и воды, застроены так плотно и безобразно, что гнуснее не придумаешь. Мало того, во всех этих «виллах» топят печи на солярке, загрязняя горный воздух, поступающий в город. А из-за отсутствия канализации все дерьмо сбрасывают в реки, где ниже в городе купаются люди, в основном дети», – деп жазған екен.
Бұл жазбалар қаладағы күрделi жағдайдың қай уақта қалыптасқанын, Алатау бөктерлерiндегi «ақсүйектердiң ұялары» қашаннан бастап жаппай салына бастағанын айқын көрсетерiне күмән жоқ.
Қала маңы мен Алматыда кезiнде талан-тараждың белең алғаны соншалық, қала iргесiнде кришнаиттердiң үлкен қауымдастығы iрге теуiп, ғибадатханалар салып, 300-ден астам сиыр ұстағаны туралы қалың көпшiлiк хабардар болғанымен, ал қаланың символы – Көктөбенiң жерi тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында кеткенiнен жұртшылық бейхабар. Мұнда 70-тен астам түрлi адамдар иелiк құрған. Тiптi, сығандар да жерге ие болып алған. Сөйткен Көктөбенi де И.Тасмағамбетов табанды түрде қала меншiгiне қайтарғанын бiреу бiлер, бiреу бiлмес.
Алматыға таяуда шұғыл түрде келiп жеткен Үкiмет комиссиясы да қалыптасқан тұйықтан шығар жол табуға қауқарсыздығын танытып отыр. Әңгiме аяғы сөзбұйдаға салынып бара жатқаны әлден-ақ аңғарылуда. Ал мұндай деңгейдегi аса құзырлы комиссия бiр қалаға КСРО кезiнде, сонау 1986 жылы мамырда, Чернобыль апатынан кейiн Мәскеуден Киевке ғана аттандырылғаны белгiлi. Үкiмет талқылауында Алатау бөктерiне заңсыз салынған 1800 нысанды (үйлер) бұзу, жердi қайтып алу үшiн 4 млрд.доллар шығын жұмсалуы қажет екенi айтылғаны мәлiм. Қарапайым есепке жүгiнсек, әлгiндей әрбiр үй иесiне өтемақы төлеу үшiн 2 млн.223 мың доллар көлемiнде қаржы жұмсалуы қажет секiлдi. Иә, аңыздағы аң мен құстың тiлiн бiлген, су иесi Сүлеймен патшаның ғажайып сарайлары да бұдан арзан болған шығар-ау. Аңызда ғана айтылар сарайлар былай тұрсын, өз кезiнде әлемдi тiтiренткен, әрбiрi Хиросима мен Нагасакиге ажал әкелген атом бомбасынан ондаған, тiптi жүздеген есе қуатты «Атлас» ядролық зымыранының шахталарын салуға АҚШ 2 млн.доллар көлемiнде шығын, жұмсағанын ескерсек, әлгi сарайлар Қазақстанның әлем халықтарын таңдандыратын әрi дұшпандардың үрейiн ұшыратын стратегиялық нысандары ма деп қалуға болады. Бiрақ адамдарды тығырыққа тiрейтiнi, егер әлгi үйлер заңсыз салынса онда неге мемлекет өтем төлеуге тиiс, ал заңды болса, онда ол үйлер неге бұзылуы керек деген дилемма.
Қалай болғанда да әлгi 1800 нысанның иелерi талайдан мемлекет билiгiнiң дәлiзiнде жүрген көрнектi қайраткерлер. Олар әдiлдiк, ар-ұят туралы, заң алдында адамдардың бiрдейлiгi жөнiнде биiк мiнберлерден талай сөз сөйлеген болар. Ендi өздерi қандай шешiм қабылдайды? Қалыптасқан жағдай қоғамға ғана емес, олардың өздерiне де ауыр сын. Халықты мәңгi алдап өмiр сүру мүмкiн емес…
Жаңабек ШАҒАТАЙ