СЫННЫҢ ТАРЛАНБОЗЫ ЕДI

СЫННЫҢ ТАРЛАНБОЗЫ ЕДI

СЫННЫҢ ТАРЛАНБОЗЫ ЕДI
ашық дереккөзі
388

Олар – Үркердей топ едi. Асқар Сүлейменов, Ризабек АДУОВ, Әдiлбек Тауасаров, Алма Қыраубаева, Сайлаубек Жұмабек. Бiрi-жазушы, бiрi-ақын, бiрi-ғалым, бiрi-сыншы. Алпысыншы жылдардың орта шенiнде әдебиеттiң отауына келiп, аттарын байлады. Ұлттың көркем сөз өнерiне өз үлестерiн қосты. Әттең дүние! Бәрiнiң де өмiрi қысқа болды. Соңғысы сыншы Сайлаубек Жұмабектi ағайын-тума, жора-жолдас, қаламдастары өткен сейсенбiде ақиреттiк соңғы сапарына шығарып салды. Кеңсайдағы мәңгiлiк мекенiне жамбасын жерге тигiздi.

Сын – қиын жанр. Қалам ұстағанның кез келгенi оған бара бермейдi. Өзiнiң бiлiм-бiлiктiлiгiне сенген жүректiлер ғана тәуекел етедi. Оның үстiне мiнез де керек. Ақын Нұрлан Оразалин: «Сайлаубек, шындықты бетке айтатын», – дейдi. Онысы рас. Тасада тұрып күбiрлеп, сыбырламайтын. Самбырлаған даусы жабық есiктiң арғы жағынан, алыстан анық естiлiп жататын. Ақын Темiрхан Медетбек: «Отырғанының өзi тiгiлген киiз үйдей» едi дейдi. Осы бiр бейнелi сөз оның мол тұлғасын,жайдары пiшiнiн көз алдыңа әкеледi. Денесi қанша үлкен болса, өзi де дос-жаранға сонша кең болатын. Көбiне жарқын жүрушi едi. Жасы едәуiр үлкендiгiне қарамай құрдасым Аманханмен нағашы-жиен болып әзiлдесетiнiн талайлар жақсы бiледi. Ал бiз ағалы-iнiдей қарым-қатынаста болдық.

Сәкеңнiң жетi кiтабы жарық көрдi. Тахауи Ахтанов, Асқар Сүлейменов, Әбiш Кекiлбаев, Шерхан Мұртаза және т.б. шығармашылығына сын көзбен қарап, әдiл талдағаны көпшiлiктiң көңiлiнен шықты. Сегiзiншi кiтабы жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджан туралы екен. Әне-мiне «Өнер» баспасынан жарық көредi деп тұрғанда қапияда өмiрi үзiлдi. Жазмыштан озмыш жоқ Өкiнiштi.

Бiрде үйiндегi жұмыс бөлмесiн көрсеттi. Бөлменiң екi жақ қабырғасы еденнен төбесiне дейiн тiзiлген кiтап. Көз жауын алады. Сәкеңдi аса жақтыра бермейтiндердiң де кiтаптары жоғары сөреде тұрды. Бiрiн сұрап едiм, қызғыштай қорып, бергiсi келмедi. Соған қарап: «Сәкең оларды жамандыққа қимайды-ау», – деген ойда қалдым. Бәлкiм оларға iшi жақсы көретiнiн сездiрмеген де шығар. Ал бiр жолы сәлем берiп барғанымда, ол: «Ендi екi жылдан соң зейнеткерлiкке шығамын. Содан соң алаңсыз жазуға отырамын» деген. Әттең дүние! Қаншама сын жазылмай қалды. Қаншама құнды ой кейiнгiлерге жетпей қалды. Ендi өкiнгенмен амал қанша. Қазақ әдебиетiнде айдарынан жел ескен саусақпен санарлықтай ғана сыншы бар едi. Кеше Зейнолла Серiкқалиев, бүгiн Сайлаубек Жұмабек. Нар тұлғалардың орындары ойсырап қалды. Кейiнгi iзбасарлары серпiлiп, қанаттарын кеңге жайғанша сынның жұтаңдап қалғаны тағы бар.

Сәкең жол апатынан тосын кеттi. Жалғыз кеткен жоқ, ең кенжесi Санжарбектi өзiмен бiрге ала кеттi. Сүйiктi ұлы Қазақстан Республикасы Президентiнiң күзет қызметiнде iстейтiн. Жұмабековтер әулетiнiң үлкенi Төлеген аға: «Санжарбек Астанадан келген сайын әуелi бiздiң үйге соғатын. «Балам-ау, папаң мен мамаңа барып па едiң?» – дегенiмде ол: «Оларға телефонмен хабарласып осында екенiмдi айтқанмын. Әуелi сiзге сәлем берейiн деп келдiм», – дейтiн едi. Оқытушы Құдиярбек Ағы-баев: «Санжарбек бала кезiнде эпостық жырларды жатқа айтқанда сүйсiнушi едiк» – дейдi. Әкесi бесiкте жатқан сол баласының құлағына радиодан тартылып жатқан күйдi тосады екен. Ұлттық тәрбие, ұлттық қасиеттi сәби кезiнен бойына сiңiрсiн дегенi ғой. Командирi: «Лейтенант Санжарбек ана тiлiнен бөлек орыс, қытай тiлдерiне де жүйрiк едi. Мен оған: «Санжарбек, маған сенiмен жұмыс iстеу қызық емес», – дейтiнмiн. Ол: «Неге?» деушi едi. Мен: «Өйткенi сен дайындаған құжаттан қате табу мүмкiн емес» – деймiн. Ол күлетiн. Санжарбек бiр өзi үш адамның жұмысын атқаратын. Бiздегi жiгiттердiң бәрi соған сенетiн. Санжарбек жоқ, ендi қайттық?» – деп сасып отырған жайлары бар. Ол досқа адал, болашағы зор нағыз ұлттық офицер едi. Бiз оны ешуақытта ұмытпаймыз», –дедi.

Жазушылар Одағындағы қаралы жиында жазушы Мархабат Байғұт: «Сайлаубек өзi қансырап жат¬қан жерiнен аударылған көлiктегi ұлына қарай жер бауырлап ұмтылған болар. «Санжарбек! Санжарбек!» деп дауыстаған да шығар. Оның мерт болғанына көзi жеткен соң күйiнiштен жүрегi жарылып кеттi ме, кiм бiлсiн. Болған жайт бiр Құдайға ғана аян. Сайлаубексiз Созақты, Бабатаны, Ащысайды елестету қиын» – дегенi қалың қауымның көңiлдерiн толқытты.

Сәкеңнiң асыл жары Зибагүл ақылды жан екен. «Аттанарда ұлының: «дәрiңдi iш» деп, әкесiнiң: «алаңсыз демiңдi ал» деген жанашыр сөздерi әлi құлағымда тұр» – дейдi. Арыстай ерi мен алтындай ұлын бiрдей жоқтай отырып, басына түскен ауыр қайғыны көтердi. Сабыр сақтап, Сәкеңнiң артында қалған үш ұлының, немерелерiнiң барлығына шүкiрлiк еттi. Асына жиналғандар Аллаһтан ендi бұл отбасында мұндай қайғы қасiреттiң болмауын, баршаға амандық-саулық тiлеп, дұға бағыштады.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

ӨКПЕК ЖЕЛДIҢ ӨТIНДЕ…

Елде жүргенмiн. Ертемен қалта телефонды қосуым мұң екен, безiлдеп ала жөнелдi. Бұрын-соңды мұндай шұғыл қоңырау естiмегем. Секем алып та, сезiктенiп те үлгергем жоқ, ар жақтан Аманхан достың мұңды даусы естiлдi. Әшейiнде, "Әй, Толымбек!" деп қалжыңын шұбатқан қағытпа сөзi iлесе жүретiн аңқылдақ Аманханның үнi жарықшақтанып суықтау шықты. "Сайлаубек аға мен Санжардан айырылдық! Астанаға бара жатқан жолда апат болыпты" дедi. Басқа- басқа, Сәкеңнiң мұндай халге душар болатынына сенбес едiм. Бiрақ тағдыр соған әкелдi. "Сен де үнемi жолдасың, абайлашы" деп күрсiнген Аманхан iстiң жәй-жапсарын түсiндiрiп болған соң байланысты үздi. Бiраз тұрып қалдым. Сәкеңмен жүрген күндер, бiрге қызмет iстеген жылдар елес берiп, көз алдымнан тiзбектелiп өте бердi.

Апыр-ай, десеңшi, кеше ғана осы ауылға бет алып келе жатқан жолда Қыдырәлi, Дiлдар, Гүлнар төртеумiз мәшиненiң iшiнде Сайлаубек ағамыз туралы бiраз әңгiме айтқан едiк. Ол апат болатыннан тура бiр күн бұрын едi. Сонда бiздiң iшiмiз сездi ме екен, жоқ барлығымыз жақсы көрiп сыйлайтын Сайлаубек ағамыздың өзi сездiрдi ме екен, неге ойда жоқта жол үстiнде сөз қозғадық деген ой бүгiн бiздi қатты мазалайды. Қалай дегенде де бiр құдiреттiң бар екенi ақиқат.

Бұдан бiр ай бұрын шамасында тағы Аманхан екеумiздiң басымыз қосылып қалған. Шығармашылық жөнiнде ұзақ сонар әңгiме айттық. Ақыры "Сендер қазақтар…" деп басталатын Аманханның таусылмас монологы, менiң "Әй, қожалар-ай…" дейтұғын қарсы уәжiм екеумiздi де жалықтырған соң ақылын да, үкiмiн де айтатын үшiншi Адамды, Досты, Ағаны iздедiк. Сол үшiншiмiз–Сайлаубек Жұмабек едi. Екеумiздiң таңдауымыз, қалауымыз Сәкең болған соң бәрiн доғарып, "Жұлдызға" тарттық. Ұзақ iздедiк. Таба алмадық. Амалсыз үйдi-үйге тарағанбыз. Сол таба алмаудың арты мынадай жоғалтуға әкелiп соғатынын бiз сол кезде сезбеген едiк. Ойымызға да кiрiп шықпаған. Сезер болсақ, сол күнi қайдан болса да Сәкеңдi табар едiк-ау…

"Қазақ әдебиетiнде", "Егемендi Қазақстанда" iстеп жүргенiнде бiлетiнмiн. Амандығымыз түзу, сәлемiмiз оң болатын. Тек, дәлiзге шыға сала айқайлап сөйлеп, қарқылдап күлетiн осы бiр кiсiнi кей тұстарда жақтырмай қалатыным рас-тын. "Мұнысы несi, дап-дардай кiсi сонша неге қатты сөйлейдi, сонша неге бар даусымен күледi?" деп өзiнен бұрын өзгенi кiналайтын қазақи мiнезiммен iштей сырласып қоятынмын. Сексенiншi жылдардың соңында Сәкең "Ара" журналына жауапты хатшы болып ауысты. Иықтасып қызмет iстеген жылдарымыз осыдан басталды. Адамды жақындаған сайын танисың. Жақындаған сайын не жақсы көре бастайсың, не алыс тарта бастайсың. Сәкеңмен қатты сыйластық. Тынысы бола алдым ба, болмадым ба, ол құпия Сайлаубек ағамызбен бiрге кеттi, ал iнiсi бола алғаныма куә да бар, өзiмнiң де жүрегiм сезедi. Оның қатты сөйлеп, қатты күлуiнiң сырын сол кездерде ұқтым. Сөйтсем, Сәкең сыбыр-күбiрге жоқ, алақанды қалқалап сөйлейтiн әдетi жоқ таза жан екен. Даланың төсiн еркiн кезетiн аңызақ желдей ақжарқын көңiлi бүкпесiз. Не айтса да, өтiң жарылып кетсе де қойып қалатын өр мiнездi екен. Үлкенге де, кiшiге де тең қарайтын кеңпейiл екен. Екеуiн де сыйлай алатын мейiрiмдi екен. Қарапайым жүрiп, қара нардың жүгiн көтеретiн еңбекқор екен. "Мен ананы қиратып жатырмын, мынаны жайпап жатырмын" демейтiн қаламгер екен. Ертемен бұрқыратып жазып әкелген дүниесiн көрсететiн де кей тұстарын дауыстап оқып беретiн. Шер-ағаң жайлы, Қал-ағаң жайлы жазғандарын қолжазбадан оқып едiм. "Мен керемет сыншымын, әдебиетшiмiн, айтқандарым — алтын, жазғандарым — жақұт" демейтiн, сенiң де пiкiрiңе құлақ асатын.

Сол кездерде кiшкентай Санжарын ертiп жүретiн. Екi көзi доп-домалақ, сүйкiмдi де сүйiктi кенжетайын өте жақсы көретiн. Мен де Тұрсынымды ала баратынмын. Құрақ ұшқан Сәкең екеуiнiң бiр-бiрiне жақын болғанын қалап тұратын. Балажан екенiн сонда аңғардым. Төрт ұлының iшiнде Санжарын алабөтен санап, тiптi бәйек боп, асты-үстiне түскенiн көзiмiз көрдi. Баланы да тым жақсы көрмеу керек екенiн қазақ ылғи ұқтырып отырады. Оның сырын ендi түсiнгендеймiн. Сол қатты жақсы көруiнен бе екен, Сәкең сүйiктi кенжетайымен бiрге кеттi, ана өмiрге. Қандай өкiнiштi! Қандай қайғы! Өмiрдiң дәмiн татып үлгермеген өрiм жас өксiп кеттi. Қазанама үстiнде Санжардың басқарма бастығы толғанып сөйледi: "Басқарманың жұмысының елу процентiн Санжар атқарушы едi, бiр қағазы керi қайтарылмайтын, бiр қате табылмайтын өте сауатты да еңбекқор едi" деп ағынан жарылды. Төрт тiлдi меңгерген, мектептi алтын медальмен, академияны үздiк бiтiрген, өмiрiнде "төрт" деген баға алып көрмеген болашағы зор Санжар да дүниеден озды.

Құлқыны кең, қомағай Кеңсай әкелi-балалы екеуiн кең құшағына алды. Осы бiр "Кеңсай" деп аталатын атау менiң жүрегiмдi тiтiркендiредi. "Жаманды жаман деген сайын бөркi қазандай болады" деген сияқты "Кеңсайды" кең деген сайын ашқарақтанып барады. Жас демей, жасамыс демей құшағына алып жатыр, алып жатыр. Қазақ ырымшыл халық. Менiңше, осы Кеңсайдың құлқынына құрық салатын, тоқтау жасайтын басқаша атау табатын мезгiл жеткен секiлдi. "Тар" деймiз бе, "Тоқта" деймiз бе, әйтеуiр ырымға келетiн жөнiн жасау керек сияқты. Бәлкiм, содан кейiн өлiм азаяр…

Өткен шақпен әңгiме айтқан қандай ауыр. Осы шақта көп сөйлемеймiз. Өйткенi бiрге жүрген соң, қасыңда қатарлас болған соң мән бермейсiң. Ойыңа келмейдi. Дегенмен Сәкең елуге келгенде мен "Өкпек желдiң өтiнде" деген ол кiсi туралы жарым сағаттық хабар жасадым. Тақырыпты да өзi таңдап едi жарықтық. Шындығында Өзi де ақыры айдалада, өкпек желдiң өтiнде дүниеден озды.

Iшкi сырын ақтара бермейтiн, құпиясын жаймайтын, сезiмiн бiлдiрмейтiн. Сөйтсе де былтыр Қайраты үйленгендегi Сәкеңнiң елпiлдегенiн көрсеңiз. Жарыла қуанып, мақтана той жасады. Ондай мiнезiн бұрын-соңды байқамағам. "Менiң барлық қуанышымның басы-қасында жүрдiң, тiзгiнiн ұстадың, осы жолы Қайраттың тойында қонақ бол, демал, ағасысың ғой. Тек, өзiң жақсы көретiн бiр iнiң той басқарсын, сенiң қалауың мен талғамыңа сенемiн" деген. Той өте жақсы өттi. Ризашылығын бiлдiрдi, көңiлi толды.

Әттең, Санжарын үйлендiре алмады…

Қош, асыл аға, абзал iнi! Ендiгi тiлегiмiз: арттарыңда аңырап қалған жеңешемiз бен бауырларымызға, келiндерiңiзге немерелерiңiзге Аллаһ амандық берсiн!

Толымбек ӘЛIМБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары