ҰЛЫ СУРЕТКЕР

ҰЛЫ СУРЕТКЕР

ҰЛЫ СУРЕТКЕР
ашық дереккөзі
1077

Ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтiң туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Мұндайда тарих пен тұлғаның бiте қайнасқан болмысын көз алдыңа қайта бiр елестетесiң. Ұлы Мұхаңның суреткерлiк өнегелi де бәйге кернесiнен көрiнетiнi және бар.

Ұлы суреткер және уақыт… Мұхтар Әуезов және уақыт… Уақыт және ұлы суреткер… Уақыт және Мұхтар Әуезов. Мәселен, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов өзiнiң атақты «Қилы заман» шығармасына нелiктен келген? Қалай келген? Кездейсоқтық па, жоқ әлде заңдылық па? Мақсатына жеттi ме? Суреткерлiк әрi көркемдiк олжалары қандай? Ал, көрнектi суреткер Асқар Сүлейменов өзiнiң атақты «Бесатар» шығармасына нелiктен келген? Қалай келген? Кездейсоқтық па, жоқ әлде заңдылық па? Мақсатына жеттi ме? Суреткерлiк әрi көркемдiк олжалары қандай? Сонымен, тақырып – бiреу. Бұл қазақ халқының тәуелсiздiк жолындағы ең қайғылы күрес – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiс. Сонымен, шығарма – екеу. Алғашқысы – қырық жылдан астам идеологиялық зындан тұншықтырса да өлмеген өшпеген, жұмбақ феникс сиқыр – құпия ретi бар, классикалық «Қилы заман», екiншiсi – атақты «Бесатар». Мұхтар Әуезов пен Асқар Сүлейменов туындыларының көркемдiк бiтiмi, шын мәнiнде, оқшау әрi дара екендiгiн қос туындыға уақыт өзi еншiлеген, уақыт өзi өлмейтiн тәңiрлiк нұр дарытқан. Елiмiздiң қазiргi тәуелсiздiгi қос шығарманың екеуiн де өзiнiң тарихи орнына шынайы көтерiп жатуы осының дәлелi. Бұл арада ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтiң «Қилы заманы» — күнi кешеге дейiн, яғни, 1972 жылға дейiн үнемi сабырмен, бiрақ үнемi сүйсiнiспен айтылып келгенiн еш жасыра алмаймыз. Сонымен қатар Асқар Сүлейменовтiң «Бесатар» шығармасының хрестоматиялық-канондық бағасы сонау 1970 жылдың өзiнде-ақ ұлы суреткер Ғабит Мүсiреповтiң «Кiтап аты – «Бесiн», авторы Асқар» деген мақаласымен әдебиет тарихына заңды түрде сiңгендiгiн де жасыра алмаймыз. Ұлы суреткердiң туғанына 110 жыл толуына орай, оның әдеби мұраларының қазақ әдебиетi тарихындағы өнеге арнасының дарияға айнала беретiнi кәмiл. Соның бiр мысалына аталмыш екi туындыны нақты жатқызамыз. Екеуi де Мұхтар Әуезов «Қилы заманға», Асқар Сүлейменов «Бесатарға» тарихи повесть деген жанрлық анықтама берген. Бұл арада екi автордың да сол туындыларын жазу кезiндегi өте-мөте жауапкершiлiгiне, өте-мөте талғампаздығына, өте-мөте жоғары мәдениеттiлiгiне ден қойсақ, онда авторлардың екеуi де толық құптауға болады. Мұхтар Әуезов «Қилы заман» шығармасын сонау 1927 жылы небәрi 30 жасында жазған. Бұған дейiн көркем прозаның кәнiгi шеберi, әлем әдебиетiнiң ғажайып бiлгiрлiгi бола тұра биiк мәдениет пен биiк парасат танытқан демеске, құптамасқа әддiң жоқ. Асқар Сүлейменов «Бесатар» шығармасын сонау 1968 жылы, небәрi 30 жасында жазған. Бұған дейiн көркем сынның кәнiгi шешенi мен шеберi, әлем әдебиетiнiң ғажайып бiлгiрi бола тұра биiк мәдениет пен биiк парасат танытқан демеске, құптамасыңа шамаң жоқ. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов те, көрнектi суреткер Асқар Сүлейменов те өз шығармаларын бiрден роман деп атау жауапкершiлiгiн терең сезiнген және шын мәнiнде, жастықтың асау оптимистiгiне салынбай, өмiршең пессимистiгiн пендешiлiк қанағат тұтып тарихи повесть деген жанрлық айқындамамен әдебиет көгiне шығып отыр. Ал, «Қилы заман» мен «Бесатар» шығармаларын қай тұрғыдан қарастырсақ та, роман-трагедия жүгiн көтерген кесек туындылар екендiгi даусыз. Өйткенi, бiрiншiсi – 1920-1930 жылдардағы қазақ әдебиетiнiң, екiншiсi – 1970-1980 жылдардағы қазақ прозасының көшелi туындылары болып танылады. Тарихымызға осылайша енiп, осылайша қалып отыр. Тәуелсiз елiмiздiң тарихы мен әдебиетiнiң жаңаша қарастырылуы, алдымызға жаңа мiндеттер қоюы нұр үстiне нұр емес пе?! Сонымен, «Қилы заман» әлемi ненi көрсетедi? Ал, «Бесатар» әлемi ше? Бiз осы шығармалардағы 1916 жылғы көтерiлiс тақырыбын даралаудағы, саралаудағы көркемдiк танымдар генетикасының ортақтастығы мен сабақтастығына назар аударсақ, ең алдымен бұл туындылар, сөз жоқ, роман-трагедия!!! Өйткенi, тым жайдақтағанның өзiнде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiмiздiң тарихи трагедиямен, әлеуметтiк теңдесiз трагедиямен аяқталғанын қайда қоямыз; Шын мәнiндегi, ұлттық қанқасап трагедиямыз. Шын мәнiндегi тәуелсiздiк көзделген философиямыздың өлмес-өшпес алау-рухын, мәңгiлiк Прометей оттарындай қайсар болмысымыздың қан жылатып, зар илеткен осынау трагедия басқаша көркемдiк формаға мүлде ие бола алмас едi. Тарихи повесть, тарихи хикая, тарихи новелла әсте ғажап емес. Бiрақ, солардың қай-қайсысы болмасын жоғарғыдай теңдесiз трагедияның бүкiл болмысынан, бүкiл жұлын-жүйкесiнен, бүкiл тамыры мен тәнiнен; жан азабы мен мехнатынан ешқашан алшақ кете алмас едi. Ал екi шығарманың екеуiнiң өн-бойында да 1916 жылғы көтерiлiстiң қан саулаған трагедиясы соншалықты шыншыл, соншалықты қайсар, соншалықты Қорқыт зарымен дүниежүзiлiк прозаның биiк көшпелi мәдениетiмен, парасатымен суреттелiп отырса, соншалықты құдiретiмен ерiксiз баурап алып отырса қалайша роман-трагедия демессiң!!! «Қилы заман» шығармасына қатысты романдық сипаттарды қай тұрғыдан қарастырсақ та, жарасты екендiгiн ғалымдарымыз, сыншыларымыз ара-тұра айтып келген. Бiз бұл пiкiрлердi қоштаймыз. Әрi ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтiң «Көксерек», «Қорғансыздың күнi», «Қаралы сұлу» тәрiздi классикалық әңгiмелерiнен соң, «Қараш-қараш» пен «Қилы заман» роман-трагедияларын жазбауы мүмкiн емес едi. Өйткенi, Мұхаңның өзiне болашақ ұлы суреткерлiк тағдыры оу бастан баянды түрде бұйырған. Мәселен, «Абай жолы» эпопеясының романдық баспалдақтары ретiнде сөз жоқ, «Қараш-қараш» пен «Қилы заман» роман-трагедияларының суреткерлiк теңдесiз эксперименттер болғандығы даусыз. Әлбетте ұлы суреткерге тән ұлы күш пен ұлы құдiрет бұл сыннан тек Мұхтар Әуезовтi ғана емес, қазiргi дүниежүзiне танымал көсегелi қазақ прозасының өзiн сол жылдары-ақ шырқау биiкке алып шыққан десек, тарихи шындыққа қиянат болмас едi. Ал, Асқар Сүлейменовтiң «Бесатар» шығармасы, сөз жоқ, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтiң «Қилы заман», «Қараш-қараш» сияқты туындыларының көркемдiк мектебiнен тартымды бiр өркен ретiнде шыққан. Құнарлы топыраққа түскен тектiң бiр зәу терегi iспеттi. Осылай бола тұра, «Бесатар» роман-трагедиясының өн-бойында әлемдiк классикалық модернизiмiнiң озық ықпалдары мен тамаша үрдiстерiнiң парасаты көркемдiк мазмұнға лайық нақты қызмет атқарғанын көре аламыз. Әсiресе, Эрнест Хэмингуэйдiң.Уильям Фолкнердiң, Джеймс Джойстiң, Генрих Бельдiң, Джон Апдайктың атақты шығармаларының әр түрлi өмiршең сәулелерi Асқар Сүлейменов қаламы арқылы қазақ топырағына әдемi сiңген. Сонымен, не керек, көркемдiк бiтiмi оқшау екi туындының ғана емес, ұлттық төл прозамыздың өн-бойынан бiр ғажайып көркемдiк танымдар генетикасын, координаталық полюстерiн, сондағы дәстүрлер өрiсiн тамаша дәлелдейтiн сипаттардың бар екендiгiн мақтанышпен айтуға тиiстiмiз. Ал мұның өзi бiр орайда нағыз тарихи, нағыз әлеуметтiк, нағыз көркемдiк, нағыз философиялық қуатты факторлар есебiнде ерекше қызығушылық тудыратын, ерекше қызықтыратын сирек құбылыстар екенiн, көтерiлiс арқылы, ортақ тақырып шеңберi ғажайып шешiм тапқан көркемдiк танымдар генетикасын әдемi көрсететiн жәйттер екендiгiн қайталап айтуға тура келедi. Әуелден басын ашып айтуымыздың нақты мысалдары қыруар десек артық емес. Ендi екi шығармадағы көтерiлiс пен көркемдiк танымдар генетикасына нақты көшейiк. «Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов «Қилы заман» роман-трагедиясына нелiктен келген?» деген сауалға жауап берiп көрейiк. Және бұған жауапты Мұхаң – ұлы суреткер Мұхтар Әуезов әлдеқашан берiп қойған десек те болады. Сарыарқаны өрт алды, Мезгiлiнен ерте алды. Көк тарлауы қуармай, Көк ала түтiн қаптады, — деп жырлаған Нармамбет ақын шындығына, яғни, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ елiнiң тарихи шындығына суреткер Мұхтар Әуезов бiрiншiден тiкелей куәгер. Көзiмен көрген. Бұған оның оқыған азамат ретiндегi, өз халқының шынайы бiр перзентi ретiндегi, болашақ бiр ұлы суреткер ретiндегi пiкiрлерiн, ойларын әрқашан, әр мезгiлде, әр түрлi жағдаяттар тұсында қылаусыз бiлдiрiп отырған. Ол өзiнiң 1918 жылы жазған «Ескерту керек» атты мақаласында былай деген: «Кешегi ешкiмге бағынбай, елдi хан билеп, көсем, би билеген заман киiз туырлықтан қазақтың тарихында әркiмге белгiлi бiр дәуiр. Ол заман өттi. Одан бергi бiздiң хал бұлқынбай, жатқа бағынудың жолында болды. Кең қазақ даласына әлдеқашан указ сайқалдап шықты. Көп өзгерiстер жаңалықтар болды. Әуелгi қазақтың халықтық қалпы неше толқып, неше кiшiрейiп, шым-шытырық түрлерге түстi. Екiншiден, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов «Қилы заман» роман-трагедиясын жазуға көркем ой иесi ретiнде, әдебиетшi, тарихшы ретiнде де кәмiл дайын едi. Бұған оның 1925 жылы жазған «Әдебиет тарихы» кiтабын айтсақ та жеткiлiктi. Үшiншiден, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов «Қилы заман» роман-трагедиясын жазар алдында қазақ халқының ұлы перзенттерi – Тұрар Рысқұловтың, Әлихан Бөкейхановтың, Мұхамеджан Тынышбаевтың 1926 жылы шыққан классикалық еңбектерiмен, зерттеулерiмен мейлiнше жете таныс едi. Ал бұл туындылардың барлығы дерлiк 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiстiң бүкiл трагедиясын еш бүкпесiз айтқан, тарихи-философиялық, әлеуметтiк-публицистикалық, классикалық қайнарлар едi. «Қилы-заман» роман-трагедиясының бүкiл өнбойынан отарлау саясатының озбырлықтары, қарулы әскердiң қарусыз халықты аяусыз қыруы, түрме мен жазалау әрекеттерiнiң небiр сорақы түрлерi, тәуелсiздiкке, азаттыққа ұмтылған халықтық рух пен жiгердiң, көзсiз ерлiкпен бас имей шет жерге ауып, атамекенiнен айырылуы айтып жеткiзуге тiл жетпейтiн ғажайып трагедиялық суреткерлiкпен көрiнедi. «Қилы заман» роман-трагедиясының өн-бойында XVII-XX ғасырлар аралығында қазақ өлкесiндегi барлық көтерiлiстердiң әрi тарихи, әрi көркемдiк, әрi әлеуметтiк, әрi философиялық барша квинтэссенциялары ешқандай қайталанбас шеберлiкпен суреттелген, классикалық қуатқа шынайы ие болған. Көз алдыңа Сырым бастаған көтерiлiс, Исатай-Махамбет бастаған көтерiлiс, Жанғожа, Есет, Кенесары бастаған көтерiлiс және тағы басқалар әрi ғаламат, әрi тарихи, әрi көркем құдiретпен тұра қалады. М. Әуезовтiң «Қилы заманы» 1927 жылы жазылған. Көтерiлiстен 10 жыл кейiн. А. Сүлейменовтiң «Бесатары» 1968 жылы жазылған. Көтерiлiстен 50 жыл кейiн. Екi шығарманың да көлемi шағын болғанмен, оларды шынайы роман-трагедия деуге, бәрiбiр толық көркем негiз бар . Өйткенi, «Қилы заман» классикалық эпикалық реализмнiң биiк талаптарына барша көркемдiк болмысымен толық әрi мейлiнше шынайы жауап берген. Ендi мұны бiле тұра үркiп, жасырып келгенiмiз ұят (1972 жылға дейiн). Оның үстiне «Бесатар» әлемдiк классикалық модеризмнiң биiк талаптарына барша көркемдiк болмысымен толық әрi мейлiнше шынайы жауап берген. Ендi мұны бiле тұра көрмегенсуге ұят. Ендi мұндағы – қос шығармадағы құдiреттi мәтiндерге нақты жүгiнiп көрейiкшi: «Бұл тау арқасындағы елдiң ұйқысы қалың едi. Таудың киiгiндей кең жайлаған тiршiлiгi бар едi». 30-бет; «Бұл – елдiгiңе келген сын, Албанның баласы. Елден адал туған ұл болса, белдi бекем буып бекiнетiн шағына келдi» — 35-бет; «Көтерiлiстiң тас iргесi орнатылып, алғашқы бiр буын, бiр сатысы басталып едi» — 38-бет; «Мысықпен арбасып тұрып, жеңiле қашқан жыландай көздегi оты сөнiп, жотасын бере жөнелген Ақжелке елдi дәл осы секундте қатты қызықтырғандай болып едi».- 51-бет; «Кешегi күн Асыда бұрын Алатау жоны көрмеген iрi уақиғаның болғаны рас едi». – 75-бет; «Тарт менiң артымнан. Бүгiнгi күннен қалған жан–жан, мал–мал. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледi. Уезд болмақ түгiл, жандаралы болса да көрiп алайын.Тек iспесiкке қол қойсын. Сонда ойынды бастаймыз». – 81-бет; «Елдiң шыдамы жеттi. Ендi бұдан арғыны көтерер жайымыз жоқ». – 123-бет; «Камера iшi толған жұрт түгелiмен селк етiп шошынып, есiкке жалт-жалт қарады. Сол-ақ екен, келесi секундте барлық абақты iшi дозақ үнiндей, жат суық үн шығарып, көп мылтық даусы күрс-күрс, патыр-пұтыр естiлiп қалды. Камера iшi дәрi мен ажал иiсiне толып бара жатты», — 129-бет; «Ендiгi тiрлiк, тұтастық басшылар арқылы ғана туған тұтастық емес. Нағыз қалың, мықты көптiң өзiнiкi. Еркек, ұрға¬шы, кәрi, жасын түгелiмен бiр араға жиған шоқтай иiрген, бiр-ақ ұран, бiр-ақ қара өзектi қақ жарған, намыс тiлiндей тiлек бар». – 136-бет; «Барлығы да – ұлы ниеттiң, елдiң ұранының құрбаны. Өз көңiлдерiнде «шейiтпiз, ақпыз, ел тiлегiнiң жолына шалынған «еркек тоқтымыз» деп өлген жандар. Ой, жүрек батырлары, тегiс намыс құлы едi».- 157-бет; «Сонымен өмiр бойы дұшпан ниетiмен келген ескi жәрмеңке үлкен өрттiң құшағына кiрiп, қара түтiннiң астында тұншығып, бықсып, жоғалып бара жатқан шақта қалың Албанның елi де үдере көштi. Салқар-салқар болып, қайтқан қаздай тiзiлiп ауа көшiп тартып бердi. Артында қара түтiн боп жәрмеңке қалды. Иесiз болып қаңырап Алатаудың жайлауы қалды. Құлазып қыстау, қоңырсып жұрт қалды. Кiндiгiн кескiзiп, кiрiн жуған мамандық күнi қалды. Албан албан болғалы қыстың жұтын, жаздың iндетiн көрсетпеген, жер кiндiгiн – ата қоныс мекенi қалды».- 158-бет; Мiне, осы мол мысалдар саналы түрде роман-трагедияның бүкiл әдеби компаненттерiн әралуан тұрғыдан көрсететiн көркемдiк машықтық биiк мәдениетi мен парасатын зайыр көретiнiмiздi қайтер едiк?! Сондықтан да ұлы суреткер Мұхтар Әуезов өзiнiң атақты «Қилы заман» роман-трагедиясына кездейсоқ келмеген. Үлкен дайындықтармен, едәуiр көркемдiк шеберлiк қажырымен келген. Ал, әдебиетте эпикалық роман көбiне-көп шыңдалған, қалам қуаты даусыз тұлғалардың ғана қолынан келедi. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтiң «Қилы заман» роман-трагедиясы көп жыл неге қапасқа түстi дейсiз ғой? Ең алдымен, азаттық сүйгiш, бостандыққа ұмтылғыш, тәуелсiздiкке құштар да қайсар, күрескер халықтың бүкiл болмысы мен рухы, бүкiл тарихы шынайы көрiнiс тапқаны ұлы суреткерге, қазақ халқына мақтаныш болғанмен, 1925-1935 жылдары нигилистiк, империялық амбицияның көзге көрiнбес идеологиясы күрт қалыптаса бастағанда, бұл шығарманың шынайы тағдырын күту еш қисынсыз болатын. Оның үстiне тым алмағайып, тым қатерлi едi. Өйткенi, «Қилы заман» барлық дәрежедегi, барлық жайдақтықтағы үгiт-насихат әдебиетiнiң ешбiр өлшемiне сыймайтын ересен қуатты, ересен ерлiк тiрлiк едi. Үгiт-насихат түрiндегi жаппай сауатсыздыққа «әрi ышқына, әрi шала қызмет ететiн жандайшап, қызметшiл, әпербақаншыл, ұраншыл, жасанды тартысқа-қақтығысқа құрылған туындылардың топыр-нөпiрi» қай тұрғыдан болса да шынайылықты, нәсiлi асыл бекзаттықты тiрiдей көметiн, тiрiдей жұтатын жайын ауыздығына «Қилы заман» қалай көзқиыр едi?! «Қилы заман! роман-трагедиясының әдебиетiмiзге, тарихымызға арада қырық жылдан астам уақыт салып, қайта оралуын бәз-баяғы бұл шығарманың табиғатына тәңiрлiк нұр дарыған қасиеттерiнен — мифтiк аңыздардағы феникс құстың жұмбақ болмысындай демеске басқа шарамыз жоқ. Көрнектi суреткер Асқар Сүлейменовтiң «Бесатар» шығармасына келу жолындағы өз тағдыры сыйлаған бiр артықшылығы – «Қилы заман» роман-трагедиясын жете оқығанын, жете зерделегенi. Суреткерлiк талантпен тоқығандығы. Тарихи материалдар яғни, Тұрар Рысқұловтың, Әлихан Бөкейхановтың, Мұхамеджан Тынышбаевтың жоғарыдағы классикалық туындыларын араға 40-50 жыл салып, жаңа толқынның – жаңа буынның қаламгерi ретiнде зер салып оқуы. Зертеуi. Зерделеуi. Оның үстiне, 1960 жылдардағы кеңестiк жылымықтың уақытынша кеңшiлiгiн,еркiндiгiн мейлiнше мол татып, тез марқайғанында. Әсiресе, капиталистiк реализм мен социалистiк реализм арасындағы идеологиялық перделердiң кештеу ашылған тұсында класикалық әлемдiк модеризмнiң нәрлi шапағаттарын бойына кернеуi өткiзгiштей ғажап суреткерлiкпен сiңiре бiлуiнде. «Бесатар» роман-трагедиясы 1916 жылғы көтерiлiстiң бiр тәулiгiн – 7 июльдiң сәскесi мен 8 июльдiң бесiнi арасындағы қысқа мерзiмдi уақытта ғана өз кейiпкерлерiнiң көзiмен ала отырып, бүкiл көтерiлiстiң әрi бауыздау, әрi қылта, әрi шешушi сипаттарын әдемi бейнелейдi. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтiң басты кейiпкерлерi – халық өкiлдерi болыстар мен ұлықтар болып келедi. Ұзақ, Жәмеңке, Ақжелке, тiлмаштар, урядниктер, болыстар және күреске шыққан жалпақ Албан елi. Ал суреткер Асқар Сүлейменовтiң де басты кейiпкерлерi — әкелi балалы Сәруар мен Төрехан; Крейгель, Иноземцев, Голоножкин сияқты болып келедi. Көркемдiк шындық құдiретiне сәйкес М. Әуезов пен А.Сүлейменов кейiпкерлерi 1916 жылғы көтерiлiстiң бүкiлхалықтық сипатын, трагедиялық астарын бастарынан өткiзе отырып, шынайы да тамаша суреттейдi. Ендi «Бесатар» шығармасындағы кейбiр үзiндiлерге назар аударайықшы. Мысалы: «Ал, мына, тағы қазақты солдаттыққа мiндеттейтiн указ шыққалы берi ұйғырдың қамырындай қалай созса да керек құлаш боп кете беретiн заң-закон атымен керексiз боп қалды. Оққа жалынып, оққа бағынар күндердiң туар тумасына нәргүмән боп жүрген Крейгель жер-жерден бунт деген хабар бұрқ-бұрқ ете қалғанда қатты толқып едi». – 14-бет; «Жұқа шапқа бөгелек төнгенде құлын екеш құлын да қайрат қылмақ». – 17-бет; «Әлi ұлтаны сөгiлмеген кавалер етiктi босаға алдына сықырлатқан Крейгель, мына екi қазақтың екiұдай мiнезiне, алайда зәредей де таңданған жоқ. Бұлардың, себебi сүтпен дарыған дерлiктей мiнезi осы. Қазақ екеу болса оның бiрi – шоқ, бiрi – мұз кескiндi келмек. Бұлар басқа түгiл, ойнап табысатын орайдың үстiнде жем көрген құзғын көзденiп шатынасып шыға келедi. Ал, бұлар егер үшеу болса, анау-мынау цирктен табыла бермейтiн майрампаздықтың қилы-қырлы иiрiмiне қарқ болдым дей бер. Себебi, от кескiнi мен мұз кескiн ырылдасып-ысылдасып жатқанда, үскiрiк соққан үсiк алмадай үшiншi қазақ қаша тартар шақ iздеп, жиынып-түйiнiп отырмақ. Кейде ояз бастықтарына, кейде приставтарға ерiп, болыс сайлауларына жер дауы, жесiр дауларына бой жаза барғанда талай көрген: бұлардың қаша тартар үшiншiсi, ана екеуiнiң титығына көзi әбден жеткенде, типық маңдайына айдар мен айбарды қатар жапсырып, теке тiресте қалған әлгi екеуiн қарауылға алыстан алады,қабат көздейдi: қабат көздеп жүрiп, жұлысқан әлгi екеудi, кейде жалғыз оқпен-ақ жайратып салуы мүмкiн. Сонда бұларға не жетпейдi екен, жетi атасының жұлынын суырғандай боп абаласқан қонам дейтiн тағы, кием дейтiн тәжi қайсы екен?», — 21-бет; «Әкесi мен шешесiн арқалап жүрiп бағуға бар мол қазақ, өлгенiне қарамай алақандай Рабаттың аяғын аспанға келтiруi мүмкiн. Оның үстiне кепiлге тұтқын ұстағанда сан емес, сапа керек. Екi қап сүзбеден тай саба қымыз артық. Төрехан, сол тай саба сары қымыздың өзi». – 39-бет; «Жұртпен кекесiн мен кекке, оқ пен отқа сүйенiп, сөйлесуге болмайды. Мақсұт кетiсу болса әңгiме басқа. Бiрақ, iшiнде сiз де бар, өзiм көрген көп ауғанның құлқынын мен бiлем. Өлсе кетер бұл өлкеден. Осы себептi де ел үстiне әңгiр таяқ ойнатып, елдiң өңменiне бесатар кезену емiп отырған үрпiнi шайнағанмен бiрдей», — 59-бет; «Жә, сонда маған заманмен алыс демекпiсiң. Кiм ол заман, не ол заман? Аспан мен жер тау менен су ол заман емес. Уақыт деп танисың. Сонда мен шiлдемен алысайын ба? Апа-қарындасыма келiп, қол артқан шiлде көрiнген жоқ. Аспан мен жер маған келiп, бесатар кезенген жоқ. Заман ол – бiлек. Бiлек сенiкi. Кер шiбiштей бұлтаңдама» — 87-бетi; — деген бiрсыпыра мысалдардан ненi аңғарып, ненi байқар едiк? Асқар Сүлейменов 1916 жылғы көтерiлiстiң барша трагедиясын жазалаушылардың әрекетi арқылы, сол әрекетi Сәруар, Төрехан, Мұқағали көзi арқылы сорғалаған қанымен шыншыл көрсетедi. Оңтүстiк өңiрiндегi 1916 жылғы көтерiлiстiң бүкiл салдарын жазушы өзiнiң ұлы ұстаздары – Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев қалдырған тарихи мұраларды, ғажайып талғамдарды суреткерлiк өзiндiк дербес көрiктен өткiзу арқылы тамаша бейнелеген, ойлы қалпында, яғни, ғаламат ұлт-азаттық трагедиялық – ахуалды, тарихи шындықты трагедиялық қалпында жазып шыққан. Әсiресе, кейiпкерлердiң көзқарасына, танымын, ой-санасын, ұлттық характерге тән айшық тiркестермен беруiндегi суреткерлiк талай ұтқырлық, жүйрiк тiл, шеберлiк, алғырлық танытқан. Классикалық әлемдiк модернизм шарапаттарының игi бiр шуақты сәулелер көрiнiсi осыны зайыр аңғартады. Суреткер А.Сүлейменовтiң «Бесатар» шығармасындағы жоғарғыдай қуатты да ойлы тiркестер роман-трагедияның бүкiл көркемдiк жүйесiне мейлiнше өзектес әрi өмiршең қызмет еткен деп бiлемiз. А.Сүлейменов 1916 жыл тақырыбына өзiнше келуi, мейлiнше тың сораптан келуi — тайға таңба басқандай көркем ақиқат. Қазiргi тәуелсiздiк танымымыз осыны танытады. Ең бастысы, Жер сотты алып планетада империя мен колониялардың тағылық сипаттағы әлеуметтiк қатынастарының келмеске кеткендiгiн дәлелдеген екi шығарманың екеуiнiң де бүкiл мұраты тәуелсiздiк идеяларының өмiршеңдiгiне сүйенгендiгiнде. Адамзат баласына деген сүйiспеншiлiк арқылы көрiнетiн гуманизмiнде. Қос шығармадағы Жәмеңке мен Төрехан, Ұзақ пен Мұқағали, Подпороков пен Крейгнель тәрiздi кейiпкерлердiң жан-жақты болмыстары, өзара тамырластығы көтерiлiстiң барша палитрасы мен трагедиясын нақты көрсетедi. Саналы түрде мол келтiрген мысалдардың салыстырмалы дәлелi мейлiнше әдемi жеткiзiп отырғандықтан, тәпiштеп жатуы артық. Сонымен 1916 жылғы көтерiлiстiң және ұлы суреткер Мұхтар Әуезов пен суреткер Асқар Сүлейменовке тән көркемдiк танымдар генетикасынан бiздiң байқағанымыздай топшылаулар болып шығады XVIII-XX ғасыр басындағы әр алуан көтерiлiстер туралы тарихи шындықтар мен тарихи жырлардан ұлы Мұхтар Әуезов те, суреткер Асқар Сүлейменов те қыруар тағылым алған.
  Сайлаубек ЖҰМАБЕК, сыншы, Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары