Светлана БРИТАНОВА: ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТIН ҚОҒАМҒА КЕЛЕ ЖАТЫРМЫЗ

Светлана БРИТАНОВА: ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТIН ҚОҒАМҒА КЕЛЕ ЖАТЫРМЫЗ

Светлана БРИТАНОВА: ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТIН ҚОҒАМҒА КЕЛЕ ЖАТЫРМЫЗ
ашық дереккөзі
313

Светлана Британованың есiмi бiздiң оқырмандарға бейтаныс болуы мүмкiн. Өйткенi, өзi айтпақшы, ол – «басқа әлемнiң адамы». Мамандығы – математик. Жұмыс iздеп жүрiп, телевидениеде жүрген байқауға қатысып, аяқ астынан тележүргiзушi болып шыға келедi. Өзi сол кезде «валюталық дүкенде сатушы болсам деп армандағанмын» дейдi. Журналистiк қызмет жолын «КТК» телеарнасында бастап, кейiн «31» телеарнада жұмыс iстеген.

Сосын… күндердiң күнiнде «31»-ден кетiп, қазақша журнал ашады.

Әңгiменiң қызығы да, «тұздығы» да осында. Өйткенi, Светлана Британова шашының түбiне дейiн орысшаға сусындаған, қазақша екi ауыз сөздiң басын қоса алмайтын адам…

— Әңгiменi сөзiмiздiң «тұздығынан», яғни «Әлияны» шығару идеясынан бастасақ. Орысша сөйлейтiн адамның қазақша журнал шығаруына не түрткi болды? Идеяның орындаушысы сiз, ал авторы кiм?

— Бәрi менiң телевидениеден кетуiмнен басталды. Сол уақытта менi қоғамдық-саяси мазмұндағы басылым ашу туралы ой мазалап жүретiн. Бiр азаматтармен осы бағытта жұмыс iстей бастадық. Бiрақ бұл ойдың жүзеге асуы созылып кеттi. Тағы бiр ойымыз – әйелдерге арналған қазақша журнал ашу болатын. Бұл идея бәрiмiзге ортақ деуiме де болады. Өйткенi, бiрiмiз осы идеяны ұсынғанда, қалғанымыз қоштай жөнелдiк. Мен сол уақытқа дейiн Қазақстанды түгелдей аралап шықтым. Iссапарлар барысында көзiм анық жеткен нәрсе – бiзде ешкiм қазақша сөйлемейдi деген пiкiр жаңсақ. Шын мәнiнде, қазақ тiлiн халықтың басым бөлiгi пайдаланады, мұны мойындамау, қылмыс емес шығар, бiрақ менiңше, ақылсыздық болар едi. Ал журналдың форматына келсек, бiз әдейi батыстық үлгiнi таңдап алдық. Өйткенi қазақ ақпарат рыногында бұған дейiн осыған тектес нәрсе болмаған. Бiзге дейiнгi қазақша журналдар өз форматтарында шығып тұрды. Олардың өз оқырманы бар, сондықтан бiзге төл оқырманымызды қалыптастыру керек болды. Тiптi, бiздiң алғашқы санымыз сыртқы түр, пiшiн жағынан ресейлiк «Лиза» журналын еске түсiретiн. Бұл – әдейi қолданылған жарнамалық тәсiл болатын. Бiз күткендей-ақ, көп оқырмандар «Әлияның» алғашқы саны қолдарына тигенде, айран-асыр болыпты: түрлi-түстi орысша журналдардың бiрi сияқты, ашып қараса – қазақша!

— Яғни, өзгеше пияр-қадам болды дейсiз ғой?

— Иә.

— Ал сiзбен бiрге бастаған кiсiлер…

— Бұл жобаны бiрге бастаған кiсiлермен жолымыз бiрден екi айрылды. Өйткенi, олардың басқа жобалары болды, ал мен осы жобаға ие болып қалдым. Мен әуелi осы жобаның шаруасын дөңгелетiп, сосын өзiмнiң «қоғамдық-саяси» басылымымды ашамын деген ойда болдым. Сөйтсем, уақыт өзi көрсеткендей, бәрi бiрден тез бола қоймайды екен.

— Ал қоғамдық-саяси басылымды орысша ашуды ойладыңыз ғой, шамасы…

— Ол басылым екi тiлде шығар едi. Бiрақ уақыт менiң таңдауды дұрыс жасағанымды көрсеттi. Бiздiң журнал осыдан бiр жыл бұрын сатуға шыға салысымен, оқырмандардың жылы ықыласына бөлендi. Журналдың электронды поштасына бiрден бiрнеше хат келдi, «ура, қазақша да осындай журнал шығады екен ғой» деген мазмұнда. Қазiр көп адам мемлекеттiк тiлдi бiлмейдi деген пiкiр бар. Олай емес. Қазақша сөйлейтiн адамдар өте көп. Оңтүстiкке барыңыз. Халық ең тығыз тұратын аймақ түгел қазақша сөйлейдi. Бiз мойындасақ та, мойындамасақ та, қазақша сөйлейтiн, қазақша оқитын қоғамға келе жатырмыз.

— Бiр жыл артта қалды. Осы алғашқы жылда журнал шығару iсiнде сiзге кездескен басты кедергi не? Менiң бiлетiнiм, сiз қазақша оқи алмайсыз, сонда журналда басылып жатқан мақалалардың сапасын қалай анықтайсыз?

— Алғашқы кезде мен өзiмдi тiптi соқыр адамдай сезiнгенмiн. Журналдың шығарушысы мен бас редактордың қызметiн өзiм қатар атқарып жүрдiм. Баспа iсiне қатысы бар адамдар бас редакторды табудың қандай қиын екенiн жақсы бiледi. Қазақ тiлiн бiлмегендiктен, журналистердiң кәсiбилiгiне сенуге мәжбүр болдым. Таныс қазақ журналистерiне басылуға кетiп бара жатқан мақалаларды оқытып, олардың пiкiрiне құлақ асып жүрдiм. Әрине, журналда шығып жатқан мақалалардың идеясы – менiкi, оны қағазға түсiру – журналистердiң еңбегi, одан кейiн сырт көздiң сыны … қараңғылықта қарманып келе жатқандай тiрлiк кештiк. Сол кездерi өзiмдi су қараңғы соқыр сезiнетiнмiн. Өте қиын болды. Уақыт өткен сайын, жұмысымызға төселе бастадық

— Қазiр қазақ тiлiн үйренiп жүрсiз бе?

— Шынымды айтсам, тап қазiр оған уақытым тапшы. Бiрақ менiң қазақ тiлiн үйренетiнiм айдан анық. Өйткенi, өзiм шығарып жатқан журналды өзiм оқығым келедi (Күлдi).

Менiң жақын достарымның өзi маған: «Саған бұл неге керек? Есiң дұрыс па?» деген кездерi де болды. Психологиялық жағынан осындай пiкiрлерден аттап өту қиынға соқты. Бiрақ бiз өзiмiздi өзiмiз сыйлауымыз керек қой деген ой жеңiп шықты. Көптеген қазақ әйелдерi қазiргi заман талаптарына сай журналдарды … орысша оқиды. Неге? Тап сондай журналдарды қазақша шығаруға болмай ма? Маған тыныштық бермеген нәрсе – осы. Өмiрiмнiң, осы журналдың жарық көре бастаған кездерiндегi ең қиын сәт – осы кездер болатын. Бiрақ кейiн журналдың жұмысы жолға қойылған соң, дүңгiршектерге жақындап, «Әлияны» сұрағанда, журналымыздың түскен бойында сатылып кеткенiн көргенде, бұл қиындықтың бәрi кiм үшiн, не үшiн екенiн түсiнесiң. Егер сенiң iстеп жүрген iсiң әлдекiмге керек болса, ол – жасауға тұрарлық iс деп ойлаймын.

— Шынында да, мен қазiр өзiм, французша журнал шығарғанда қалай болар едi деп елестетiп отырмын…

— Бұрын-соңды болмаған жағдай, әрине. Мен журнал шығара бастағалы өзiмдi басқа бiр әлемге енгендей сезiндiм. Бiз бiр елде тұрамыз, осы елде бiрақ бiр-бiрiн бiлмейтiн екi әлем бар. Қазақша журнал шығару арқылы мен осы әлемдi зерттеп бiле бастадым. Қазақ қоғамының тыныс-тiршiлiгiн, ой-санасын бiле бастадым. Мұның бәрi менiң қоғамымыздағы процестерге басқаша көзқараспен қарап, жаңаша пiкiр қалыптастыруыма көмектестi. Екiншi бiр жағдай – мен өз елiмде өзiмдi шетелдiк инвестор ретiнде сезiнген кезiм болды. Тiлдi бiлмегендiктен, маған қазақ тiлiн жақсы бiлетiн, кәсiби журналистер керек болды. Атап айтар қиындық – ол барлық баспагерлердiң басынан өткен ауыртпашылық – кадр және ақша.

— «Әлия» өзiнiң бүгiнгi қоғамға керектiгiн, өзектiлiгiн дәлелдедi деп ойлаймын. Идеяның авторы ретiнде қазiргi «Әлия» көңiлiңiзден шыға ма?

— Әу бастағы бiз қойған меже өте биiк болатын. Бiз бұл рынокта өзiмiзге бәсекелес басылымды көре алған жоқпыз. Сондықтан бiздiң бәсекелес – осы саладағы ресейлiк басылымдар болатын. Бұл бiзге әрi қиыншылық тудырса, әрi тынбай iзденiске жетелейдi. Қазiр де бiздi «Лиза», «Космополитен», «Бурда» сияқты журналдармен салыстырады. Ал менiң қазiргi мақсатым – «Әлия» республикадағы №1 журнал болуы керек. Мұны қажет етпесем, не үшiн журнал шығарып отырмын? «Әлияны» оқырмандары жақсы көрсе, оқыса, әр санын асыға күтсе. Осыдан көп жылдар бұрын «Бурда-моден» деген журнал болған. Сол журналдың әр санын қолға түсiру қиямет-қайым болатын. Оны сатып алу үшiн не танысың болу керек, не үлкен кезекте тұрып қана қол жеткiзесiң. Әрине, қазiргi ақпараттық заманда мұндай жайттың қайталануы мүмкiн емес. Бiрақ оқырмандар журналдың әр санын күтiп, дүңгiршектен «Келесi саны қашан түседi?» деп сұрап жүретiн жағдайға жетуге болады ғой! Бiз осыған ұмтыламыз.

— Журналдың қаржыландыру көзi қайдан?

— Журналды құрылтайшы топ қаржыландырады. Ал басқа қаржы көздерi … коммерциялық құпия.

— Сонда журналды жаздыртып алушылар жоқ па?

— Өте аз. Бiз жаздыртуды жарты жылға және бiр жылға деп белгiлегенбiз. Осынымыз қателiк болды ғой деймiн. Оның орнына бiр айға жазылуды енгiзу керек едi. Сонда оқырман журналдың бiр санын көргеннен кейiн, оны әрi қарай алып тұрғысы келе ме, жоқ па – шешiм құқығы өзiнде болар едi. Қазiр «Әлия» негiзiнен бөлшек саудамен тарайды. Әуелгi кезде бiз журналды аймақтар бойынша таратамыз деп ойласақ та, Алматының өзiнiң ақпараттық қажеттiлiгi әлi толық қамтылмағаны көрiндi. Сондықтан журналдың жарты тиражы Алматының өзiнде-ақ сатылып кетедi.

— Қазiр гендерлiк мәселе туралы көп айтылып жүр. Тiптi, әйелге саясаттан орын беру үшiн Парламентте квота бөлiнуi керек деген әңгiмелердi естiп қаламыз. Сiз қалай ойлайсыз, қазақстандық әйелдердiң саясатпен айналысуына кедергi бар ма?

— Өз басым ондай кедергi кезiктiрмедiм. Бiз шығыстық ел болғандықтан, қоғамдағы ер-азаматтың ролiне айрықша көңiл бөлiнедi. Менiң ойымша, бұл жақсы. Себебi ер кiсiлер өздерiнiң мойнындағы жауапкершiлiктi сезiнгендiктен де, әйелдерге қамқорлық танытып, көбiне көмек қолын созып жүредi. Тiптi, қызмет сатысымен өсу мәселесiне келгенде де, ер кiсiлер әйелдердi көтермелеп отырады. Бiзде әйелге, «сен үйде отыр, қазан-ошақ бақ» деп ешкiм талап қойып отырған жоқ қой. Бұл жағынан әйелдер ешкiмнен қағажу көрiп отырған жоқ. Бұл мәселенiң басқа қыры бар. Әйел табиғи ерекшелiгiне байланысты бiрнеше жағдайда қоғамнан қағажу көруi мүмкiн. Мысалы, аяғы ауыр кезде. Немесе жас балалары бар келiншектердiң жұмыстан шығып қалу мәселесi. Жұмыс берушi қызметкердiң толыққанды жұмыс атқарғанын қалайды. Ал жас баласы бар келiншектiң баласы ауырып қалуына байланысты көбiне жұмыстан сұрануға немесе уақытша демалыс алуына тура келедi. Осы жерде әйелдерге мемлекет тарапынан қамқорлық керек. Яғни, жас баласы бар немесе аяғы ауыр, декреттiк демалыстағы әйелдер қызмет iстейтiн мекеме мемлекет қоржынына төленетiн салығының көлемi азайтылсын. Сонда басшылар өз мекемесiнде әйелдердiң көптеп жұмыс iстеуiне қарсы болмас едi. Өйткенi, үнемделген қаржыны басқа қызметкер алуға мүмкiндiк бередi. Ал әйелдердiң саясатқа араласуына келсек, бiзде үш бiрдей министр әйел болды, бұл жаман көрсеткiш емес деп ойлаймын.

— Өзiңiз қалай ойлайсыз, әйелдiң орны үйде, қазан-ошақтың басында ма, әлде билiк басында, ел тұтқасында ма? Бұл бiр жағынан «Әлияға» да сұрақ. Журналыңыздың мұқабасында мiндеттi түрде қоғамымыздағы белгiлi әйелдiң суретi берiледi. Ол әйелдiң портретiн қай тұрғыдан ашасыздар: жеке өмiрi, отбасы тұрғысынан ба, әлде қызметтiк жетiстiктерi, кәсiби бiлiктiлiгi т.с.с. тұрғысынан ба?

— Ең әуелi бұл әр әйелдiң жеке таңдау құқығы деп бiлем. Мынау былай болсын деп кесiп айту мүмкiн емес. Бiр әйелге жарасатын нәрсе екiншi әйел үшiн тосын болуы мүмкiн. Әйел қайраткер болсын десек, үй-бала-шағаның қамын күйттегендi жақсы көретiн әйелдер бар, олар қайтпек? Ол – жақсы әйел, өнегелi ана, ендеше оны неге жылы орнын суытып, билiкке сүйреуiмiз керек? Шын мәнiнде, осындай әйелдердiң еңбегiн бағалауымыз керек, оларды құрметтеуiмiз керек. Өйткенi, олардың еңбегi – ұлы еңбек және көбiне қайтарымы жоқ еңбек. Ал карьера жасаймын деген әйелдi үйде қамап ұстай алмайсың.

Қоғам мен мемлекеттiң мiндетi – әйелге өз таңдауын жасауға және оны жүзеге асыруына көмектесу ғана. Егер әйел қайраткер боламын десе, жолы ашық болсын. Ал үйде отырам десе, оған да жағдай жасалуы керек. Қазiр бiздiң қоғамда осы мәселеде үлкен қайшылық бар. Бiздiң гендерлiк мәселенi тым терең қаузап кеткенiмiз соншама, егер әлдебiр әйел жұмыс iстемей, үйде отырса, оны қоғамнан, дамудан кенже қалғандай көремiз. Олай емес қой! Мен өзiм де анамын. Өз тәжiрибеме сүйенiп айта аламын: дүниеге адам әкелiп, оны азамат етiп өсiру, отбасының берекесiн сақтау дегенiңiз – орасан зор қажыр-қайратты қажет етедi. Шын мәнiнде, кешке күйеуi жұмыстан қалжырап келгенде, балалары мектептен шаршап-шалдығып жеткенде, үйдi тап-тұйнақтай етiп жинап, тамақ әзiрлеп қойып, өзi жылы жымиып қарсы алатын ана болу, басқаша айтқанда мына беймаза өмiрде әлдебiр тыл жасау – кiмнiң қолынан келедi? Әрине, әйелдiң! Ал өзi қоғамнан шаршаған әйел бала-шағасын қалай күтедi? Күйеуiнiң мұңын қалай тыңдайды? Баласының сабағын қалай дайындасады?

Мен әйелдiң қоғамдағы ролi туралы қазiр қалыптасқан пiкiрге түбегейлi қарсымын. Шын мәнiнде, қазiргi заманға ой-өресi сай адамды тәрбиелеп шығару үшiн әйелдiң өзi де көп нәрседен хабардар болуы керек. Шыдамдылық, мейiрiмдiлiк – әйелдiң табиғатында. Қоғам да, мемлекет те әйел таңдауына құрметпен қарап, оның мына өмiрде өзiн бақытты сезiнуiне жағдай жасауы керек.

Журналдың ұстанған бағыты да сондай – бiз карьералық өсу туралы жазсақ, сол нөмiрден әйел мен еркектiң қарым-қатынасы туралы мақаланы оқи аласыз. Бала тәрбиесiне қатысты кеңестер, оны өмiрге бейiмдеу туралы материалдар да бар. Яғни, әрбiр әйел өзiне керегiн осы журналдан тапса деймiз. Егер қоғамға белгiлi әйел туралы жазсақ, оның жұрт бiлмейтiн қырларын iздеймiз. Мысалы, Айткүл Самақовамен сұхбат жарияладық. Көп адам оны мықты ерiк-жiгердiң адамы деп бiледi. Ал шын мәнiнде, Самақова отбасында өнегелi келiн екенi көп жазыла бермейдi. Ол келiн болып түскенде, басына орамал тағып, салтты сақтап жүргенiн көруге көршi-көлем түгел жиналып, тамашалаған екен.

— Министр-әйелдi мұқабаға шығарасыз-ақ, ал үй шаруасындағы әйелдiң суретiн, мысалы төрт баланың анасын, журналдың алдыңғы бетiне басар ма едiңiз?

— Онда тұрған не бар? Неге баспасқа? Екiншi жағынан алғанда, мұқаба – витрина. Яғни, оқыр¬ман қай адам туралы көбiрек бiлгiсi келедi, сол адамды алдыңғы бетке шығарамыз. Ал төрт бала¬ның анасына келсек, бiзде көп балалы ана болса да, өз саласында жап-жақсы қызметтiк жетiстiктерге жетiп жүрген әйелдер бар. Мысалы, Зағипа Балиеваның неше баласы бар екенiн бiлесiз бе?

— Төртеу.

— Мiне, көрдiңiз бе? Өзi — ана, өзi – министр. Ал ол төртiншi баласын қай уақытта дүниеге әкелiп үлгердi, өзi үнемi көз алдымызда мойнына жүктелген қызметiн атқарып жүр емес пе, бұл – «Әлияның» болашақта жасайтын сұхбатының алғашқы сұрағы.

— Өзiңiздiң қанша балаңыз бар?

— Бiр балам бар. Бiр емес, бiрнеше бала туу керек екенiн ендi ғана түсiнiп жүрмiн. (Күлдi).

— Журналды бес жылдан кейiн қандай болады деп елестетесiз?

— Өте әдемi және «жуан» болады.

— Қандай жиiлiкпен жарық көредi?

— Айына бiр рет. Қосымшалары пайда болуы мүмкiн. Қазiрдiң өзiнде идеяларымыз бар. Егер бәрi ойдағыдай болса, келесi жылдың өзiнде-ақ алғашқы «қызымыз» дүниеге келiп қалар.

— Журналдың ұраны бар ма?

— Бар. Ол мұқабада жазылған «Бар арманыңыз орындалсын!» деген тiлек. Әйелдi жақсы көру керек, жақсы көргенде, оны бар болмысымен, табиғи қалпымен түсiнiп, қабылдау керек. Әрбiр әйелдiң арманы – осы. Қазiр журналда жаңа команда жұмыс iстеп жатыр. Мен сөзiмнiң басында басқа әлемге енгендей болдым дедiм ғой, оның бiр себебi журналға қызметкерлер iздеу бары¬сында мен көп талантты жастармен таныстым. Мен үшiн бұл үлкен қуаныш. Ал жаңа редактор, жаңа команда журналға тың тыныс бередi деген ойдамын.

Сұхбаттасқан Гүлбиғаш ОМАРОВА

Серіктес жаңалықтары