«ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ, ҚАЗАҚСТАН!»
«ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ, ҚАЗАҚСТАН!»
Күн сайын (сенбi мен жексенбi күндерiнен басқа күндерi) таңертеңгiлiк сағат 7-ден 9-ға дейiн «Қазақстан ұлттық телеарнасынан» көрсетiлiп жүрген ақпараттық-сазды бағдарламасы осылай аталады. Аты қандай тамаша. Әйтсе де бұл арнаны бұрынғы «Көңiлашар» ақпараттық-сазды бағдарламасының көшiрмесi деуге болады. Олай дейтiнiмiз, атына назар салмайтын болсақ сол жойылған «Көңiлашар» бағдарламасы деп қалуға болады. Өйткенi бұрынғысында да, жүргiзушiлерi — бiр қыз бен бiр жiгiт едi ғой. Айырмашылығы Игор Сахар мен Ақбота. Шыны керек, алғашқыда аты-жөнiн бiлмей тұрғанымда жiгiттiң не қазақ екендiгiн, не орыс екендiгiн бiразға дейiн ажырата алмай жүрдiм. Себебi ол жiгiт орысқа да, қазаққа да ұқсап тұр. Қазақшаға да, орысшаға да судай. Сонымен мен ол жiгiттi аты-жөнiне қаратып, орыс жiгiтi деген ойға бекiндiм.
Аталған ақпараттық-сазды бағдарламаны күн сайын көрiп тұрамын десем өтiрiкшi болармын. Анда-мұнда көз салатыным бар. Көз салған сайын телеэкранның сол жағындағы электро таблодағы республиканың ауа-райынан хабар берiп тұратын жүгiртпе жазуды көрген сайын тиiсерге қара таппай, қатты ашуға берiлемiн. Неге дейсiз ғой? Негесi сол – сол жүгiртпе жазу орыс тiлiнде жылтың-жылтың етiп шығып тұрады. Жылтыңдап шығып тұрған сайын «сендердiң мемлекеттiк тiлдерiң маған бес тиын. Көрмейсiңдер ме, төбелерiңнен өз айбынымды асырып тұрғаным» деп тұрғандай көрiнедi маған. Ауа-райы демекшi, осы жазуды қазақ тiлiнде беруге болмай ма? Әлде жоғарыдан бұған рұқсат бермей отырған және мемлекеттiк тiлiмiзге қарсы әлдебiреулер бар ма?
Осы орысша берiлiп тұратын жүгiртпе жазу «Көңiлашар» ақпараттық-сазды бағдарламасында да бар болатын. Сол тұста да мен баспасөз беттерiнде талай рет ренжiп тұрып, жазған да болатынмын. Бiрақ жазылған мақалам жазылған жерде қалып қойды. Ешкiм құлақ аспады. Ал айбынын асырған орысша жазу болса «менмұндалап», «төбемiзден құйын ойнатқандай» болып тұрды. Әлi де солай.
Ал ендi тақырыбы өзгергенмен заты өзгермеген сол бағдарлама «баяғы жартас сол жартас» болып алдымыздан тағы шықты. Бiрақ тақырыбы өте әдемi қойылған. Тақырыбы әдемi болған соң екi сағаттық көрсетiлiмi де әдемi болуы керек қой.
«Сырт көз – сыншы» демейтiн бе едiк. Бар жоғы екi сағаттық телебағдарламаға басқа тiлдi, яғни орыс тiлiн араластырудың жөнi жоқ деп ойлаймын. Осы айдың 18 күнгi студияға шақырылған қонақтарының көпшiлiгi орыстiлдi қазақтар болып шықты. Дәлiрек айтсақ, «Ал-давай» тобының жiгiттерi. Менiңше осы телеарнаны таза қазақ тiлiнде жүргiзуге болмас па едi? Әрине, болады. Бiрақ қазақ тiлiне жаны ауыратын адам болмай тұр-ау. Менiңше қазақ тiлiн бiлмейтiндердi бұл арнаға жолатпау керек деп ойлаймын. Таза қазақ тiлiнде жүргiзiлетiн бiр телеарнаға қол жеткiзе алмай жүр емеспiз бе? Ең құрмаса осы екi сағаттық «Қайырлы таң, Қазақстан!» ақпараттық-сазды бағдарламасын таза қазақ тiлiнде жүргiзейiк те.
Қыркүйек айының 20-сы күнi аталған телеарнаны басынан бастап көргенiмде, алдымен Елұранымыз ойналғанда (басқа күндерде де ойналып тұратынына сенiмдiмiн) көңiлiм қатты көтерiлiп қалды. Елұранымыз ойналып бiткен соң апталық киноларға шолу жасалды. Әрине орысша. Бұл ендi көңiлiмдi бәсеңсiтiп тастады. Бұл жерде екi жүргiзушi сол киноларға шолуды беруiнiң өзi дұрыс емес пе деп ойлаймын.
Көңiлге кiрбең салатын жайттар аз емес. Соның бiрi – ән шашу. Әндi кiм жек көрсiн. Бiрақ берiлетiн әндер көптiң көңiлiнен шығатын әндер болуы керек қой. Өкiнiшке қарай 13 қыркүйекте берiлген Сейфуллин Жолбарыстың өзi орындаған «Халқыма» деп аталатын клипiн ән деуге келе ме? Автокөлiк жүретiн үлкен жолдың үстiне жалғыз өзi түсiп алып баланың былдырлағанындай бiрдеменi жосытты дерсiң. Сондықтан мұндай әнсымақтан аталған ақпараттық-сазды бағдарлама арылуы керек. Оның есесiне Ералхан Әбiшұлы, Айгүл Мақашева сияқты аз көрiнiп жүрген әншiлердi көбiрек тартқанымыз жөн емес пе?
Шаймерген ӘЛДИБЕКҰЛЫ, журналист