ЖЕТIСУДЫҢ ЖЕРIНДЕГI ДYБIРЛI ТОЙ

ЖЕТIСУДЫҢ ЖЕРIНДЕГI ДYБIРЛI ТОЙ

ЖЕТIСУДЫҢ ЖЕРIНДЕГI ДYБIРЛI ТОЙ
ашық дереккөзі
358

Жетiсу жерiнде тағы да бiр дүбiрлi той. «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» демекшi, бұл тойдың да жөнi бөлек. Жөнi бөлек болатын себебi, жетiсулықтар бұл жолы тойды ауыл мәдениетiн қайтсем көркейтем деп тiрлiк кешкен дала «академигi» атанған Нұрмолда Алдабергеновке арнапты. Екi мәрте Социалистiк Еңбек Ерi атанған Нұрмолда Алдабергеновтың есiмi жетiсулықтар үшiн ғана емес, бүкiл Кеңестер елiне мәшһүр болған тұлға.

Елiн ардақтаған азаматты елi де ұмытпайды екен. Мұқыры ауылындағы Нұрмолда Алдабергеновтың бейiтiнiң басына үлкен ескерткiш қойған жетiсулықтар тойды ардагер азаматтың кешенiне гүл шоқтарын қоюмен бастады. Қайраткер азаматпен қатар жүрген, көзiн көрген жандардың бәрi дүбiрлi тойға жиналған. Гүл шоқтарын қою рәсiмiнен соң, тойға келген қонақтардың барлығы дерлiк Ескелдi ауданы, Алдабергенов ауылындағы Мәдениет үйiнде өткен ғылыми-конференцияға қатысты. Алдабергенов ауылында Алдабергеновтың мұражайы да орналасқан екен. Мұражайда не жоқ дерсiң, қайраткер азаматтың жұмыс үстөлiнен бастап, жатын бөлмесiне дейiн сол қалпында сақтаулы. Қазақтың қайраткер ұлы Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевпен түскен суреттерi де сақтаулы тұр. «Бiр ауданнан 20 батыр шықты» деп мақтан тұтатын жетiсулықтар үшiн Алдабергеновтың орны бөлек болатын себебi, қираған, тозығы жеткен ауылды қайта түлетiп, көркейткенiнде болса керек. Ауыл ақсақалдарының әңгiмесiне құлақ түрсеңiз, ардагердiң бос уақыты болмаған сыңайлы. Қай кезде де колхозшылардың қасынан табылатын Нұрмолда ақсақал еңбекшiлерiнiң мұң-мұхтажынан да хабардар болып отырыпты. Тiптi, бiрде алыстағы ауылдардың бiрiнде төрт баласымен аш-жалаңаш отырған ұйғырдың отбасын өзiнiң баспанасына әкелiп паналатқан да көрiнедi. Нұрмолда Алдабергенов Сталин атындағы колхозды 1961 жылға дейiн басқарып жүрiп, арасында жұмыссыз қудалаушылыққа да ұшырапты. Бiраз жыл қызметсiз жүрген азаматты кейiнiрек Хрущев билiктен кеткеннен соң ғана, Киров ауданындағы артта қалған Карл Маркс совхозын басқаруға жiбередi. «Нұрекең қайда барса да, сол ауылды көркейтуге, гүлдендiруге бар күш-жiгерiн жұмсаушы едi. Артта қалған, тұралап жатқан ауылдарға арнайы сұранатын. Сол кездегi Үкiмет басшысы Дiнмұхамед Қонаев та Нұрекеңнiң iскерлiгiне сенiп, арнайы жiберушi едi. «Жақсының аты өлмейдi» деген рас екен, қазiр Нұрекеңнiң есiмiн қадiрлемейтiн ауылда адам кемде-кем. Қазақ қана емес, аудандағы барлық ұлт өкiлдерi оның есiмiн қадiр тұтады», – дейдi ауыл ақсақалдары. Қай-қайсысының әңгiмесiне құлақ түрсеңiз, Нұрмолда Алдабергеновтың күн қатып, түн қатып iстеген ерен еңбегiнiң сырын ұғасыз. Ауыл үшiн, ауыл халқының тұрмыс-тiршiлiгi үшiн еңбек еткен азаматты халық та сол үшiн қадiрлейтiн болар.

Кешкiлiк мерейтой Талдықорған қаласындағы «Жетiсу» стадионында театрландырылған қойылыммен жалғасты. Бүгiнде жетiсулықтар ардагерiн қадiрлеп, Көксу ауданындағы Мұқыры селосына Н. Алдабергенов ескерткiшiн орнатса, 1977 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Президумының Жарлығы бойынша Шұбар селосы мен Шұбар селолық кеңесi Алдабергенов селосы және Алдабергенов селолық округi болып өзгертiлiптi. Стадионда өткен қойылым барысында сөз алған облыс әкiмi Серiк Үмбетов: «Ауыл ақсақалдары жиылып: «Нұрекеңнiң тоқсан жылдығының өтуiне де өзiң себепкер болып едiң. Ендi, мiне, 100 жылдығы таяп қалды. Халық үшiн, ел үшiн тiрлiк кешкен азаматтың мерейтойын атаусыз қалдырмайық» деген өтiнiш айтты. Бүгiн мiне, алыс-жақын елдерден Нұрмолда Алдабергеновтың көзiн көрген, қызметтес болған азаматтардың барлығының басын қосып, атамыздың мерейтойын өткiзiп жатырмыз» – дедi.

Той болған соң, бәйгесiз өтушi ме едi. Мерекенiң соңы «Талдықорған» ипподромында жалғасты. Кiлең Құлагердiң iзбасарлары жиналған аламан тойда бәйге алған да арманда, алмаған да арманда болған шығар. Ұлттық ат спортынан өткiзiлген жарыста кiлең жүйрiктер елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен жиналған. «Аламан» бәйгеде де, «Жорға» жарысында да, «Құнан» бәйгеде де бағы жанғандар бас жүлденi иемдендi. Әсiресе Аламан жарыста оқ бойы озық келген Алакөл ауданының Сұңқарына сүйсiнбеген жан жоқ шығар. «Соңғы кездерi бәйгенiң бәрiн осы Сұңқар иемденiп жүр» деп сүйсiндi жанкүйерлердiң бiрi.

Дүбiрлi той мәресiне жеттi. Ердiң есiмi елдiң есiнде тағы бiр жаңғырды. Тойдың мақсаты аста-төк думан емес, ұрпақ санасына бабалардың есiмiн қайта жаңғырту, еске салу. Осы мақсатта, жетiсулықтар көздеген межеден шыққан сыңайлы.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары