“АЛЬЯНС БАНК” ҮЗДIК БАНК АТАНДЫ

“АЛЬЯНС БАНК” ҮЗДIК БАНК АТАНДЫ

“АЛЬЯНС БАНК” ҮЗДIК БАНК АТАНДЫ
ашық дереккөзі

Республикадағы iрi коммерциялық банктердiң бiрi — "Альянс банк" әлемнiң жетекшi банктерi санатында үстiмiздегi жылдың "Қазақстандағы бөлшек бизнестегi ең үздiк банк" атағын иелендi. Апта басында өткен баспасөз мәслихатында "Euromoney" журналының басшылары мен "Альянс банк" жетекшiлерi осындай мәлiмдеме жасады.

"Euromoney" журналы жыл сайын корпоративтi басқарудағы әлемдiк стандарттарды қолдану және енгiзу жөнiнде сараптама жасайды. "Альянс банк" бұл атақты бiрiншi рет иеленiп отырған жоқ. "Euromoney" журналы сарапшыларының айтуынша, "Альянс банктiң" артықшылығы — тармақталған филиалдар желiсi, iрi тұтынушы базасы, бәсекеге қабiлеттi өнiмдердiң алуан түрлiлiгi "үздiк банк" атағын беруге себеп. Сондай-ақ, сарапшылар банктiң тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге бағыт алуын айрықша ықыласпен атап өттi.

"Альянс банк" басқарма төрағасы Дәурен Керейбаев: "Қызмет көрсету сапасын жақсартқан үстiне жақсарта беремiз". "Әлi бұл салада атқарылатын шаруалар көп" дедi ол.

Соңғы кезде әлемдiк қаржы саласында азын-аулақ дағдарыс байқалғаны мәлiм. Бiрақ "Альянс банк" басшылығы "Дағдарыс бар" деп елдi дүрлiктiрудiң қажетi жоқ" дейдi. "Әрине, қаржы саласында белгiлi бiр қиыншылықтар бар. Қазiр шетелдiк инвесторлар әлiптiң артын бағуда. Бiрақ рынок ақырындап өз күшiне ене бастады".

Жалпы, "Альянс банктiң" "Euromoney" марапатына ие болуы және осы жөнiнде сүйiншi хабар таратуының өзi — банк жұмысында ешқандай қиыншылық жоқ дегенге меңзеу болса керек.

Банк жақында ғана жаңа стратегиялық мақсаттарын жариялаған болатын. Оған сәйкес, банк қызметi "бақытты тұтынушылар", "бақытты қызметкерлер", "бақытты инвесторлар", "бақытты мемлекет", "бақытты қоғам" ұғымдарына сай жұмыс iстемек.

"Альянс банкi" бұған дейiн Қазақстан банктерiнiң рейтингiнде 26-орыннан 3-орынға дейiн көтерiлдi. Республика аумағында 43 қалада, 20 елдiмекенде жалпы саны 25 филиалы мен 219 бөлiмшесi бар.

Дәурен Керейбаев журналистермен тағы бiр жағымды жаңалығымен бөлiстi. Қыркүйек айында банктiң тұтынушы базасы 2 миллионға жеткен. Екi миллионшы тұтынушы — Қостанай қаласының тұрғыны Виолетта Ершова. "Альянс банк" 2 миллионыншы тұтынушысын Түркияға саяхатқа жолдама берiп құттықтады. Жалпы, "Альянс банк" тұтынушылар саны жыл сайын қарқынды түрде өсiп отыр. Мысалы, 2006 жылы банк Орал қаласының тұрғыны 1 миллионыншы тұтынушы ретiнде тiркелген болатын.

Гүлбиғаш Омарова