ҚИЯНАТ
ҚИЯНАТ
Астанадағы Ақордада Елбасының қолынан «Құрмет» орденiн алған, Түркiстан қаласы мен Бәйдiбек ауданының «Құрметтi азаматы» атанған Жамбыл Шырақбайұлы Байғонов аяқ астынан қызметiнен босап қалды.
Оңтүстiк Қазақстан облысында атқа мiнген әкiмдердiң арасында ең беделдi азаматтардың бiрi Жамбыл Байғоновтың басына неге қара бұлт үйiрiлдi? Ол комсомол мектебiнен өткен, әкiмшiлiк жүйеде ысылған, iскер кадрлардың қатарында болатын. Ол Президент сайлауы қарсаңында халқы көп шоғырланған Өзбекстанмен шекаралас Сарыағаш ауданының әкiмi болып тағайындалды. Сол тұста Байғонов басқарған Сарыағаш ауданы Елбасыны қолдап, 95 пайыз дауыс бердi. Осы өлкеден Парламент Мәжiлiсiне депутат болған Жармахан Тұяқбай 5 пайыз да дауыс ала алмады. Сарыағаш халқы Байғоновпен бiрге қазiргi мемлекетiмiздiң саясатын қызу қолдайтынын бiлдiрген. Сарыағаш ауданының экономикасы мен әлеуметтiк жағдайын жақсартуға аудан әкiмi ақ тер-көк тер болып шапқылап жүрген. Ақордада алған «Құрмет» орденiнiң осылай адал еңбегiмен ақтауға тырысқан азамат бiр күнде саясаттың құрбаны болады деп кiм ойлаған? Бұл әкiмнiң қызметi өрге басады, өседi, – деп ой түйген дүйiм жұрт Байғоновты үлкен лауазым қызметтерге лайықты деп санап та қойған едi. Дегенмен, «Жау жоқ деме жар астында, бөрi жоқ деме бөрi астында» дегеннiң кебi келдi. Байғонов ту сыртынан сенiмдi командалас серiктестерiнiң ор қазып, омақастыруға жасырын сыбайласып жүргенiн кеш бiлдi. Тасада тұрып тас атқандардың ойы жүзеге асты.
Байғонов өзiнiң қызметiнен босау жөнiнде сырттай өкiм шығып, жала жабылып жатқан тұста ешнәрседен бейхабар болатын. Сол кездегi Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Жылқышиев 25 тамыз күнi №1-292р өкiмiмен қаржы полициясының ұсынысын негiзге алып, басқа мемлекет органдарының, ұйымдарының қызметiне заңсыз араласқан және өзiнiң жақын туыстарының (жекжаттарының) материалдық мүдделерiн қанағаттандырған деген ауыр айыптар тағып, қызметiнен шеттеттi. Абыройлы азамат бiр-ақ күнде облыс әкiмiнiң командасынан осылай лақтырылып тасталды. Тек, 2007 жылғы қыркүйектiң 3-дегi әл-Фараби ауданының сот шешiмi облыс әкiмi өкiмiнiң көптеген заң талаптарын бұрмалап, мемлекеттiк қызмет туралы «Ар намыс» кодексiнiң өрескел бұзылғанын анықтады. Облыс әкiмi заң талаптары бойынша кез-келген мемлекет қызметкерiне ескерту, сөгiс, қатаң сөгiс қызмет бабына сәйкес еместiгi жөнiнде жазалар қолданылуы тиiс едi. Алайда, бұл заң талаптары аяқасты болып Сарыағаш ауданының әкiмi бiрден қызметiнен ескертусiз, тосыннан босатылған. Әкiмнiң тiрлiгiндегi көлеңкелi тұстар негiзiнен тәртiптiк кеңесте қаралып, содан соң ғана әртүрлi тәртiптiк шаралар қолданылуы тиiс. Дегенмен, қолында билiгi барлардың белден басып, азаматтарды жазықсыздан-жазықсыз құрбандыққа шалып жiберетiн әдеттерi бар. Байғоновтың тағдырында осындай жағдай қалыптасты. Сол кезде облыс әкiмi Байғоновты қызметiнен тайдыру үшiн жоқ жерден iлiк iздегенi көзге шыққан сүйелдей байқалады. Қаржы полициясының қолымен от көсеу баз-бiреулерге ауадай қажет болғаны аңғарылады. Қаржы полициясының облыс әкiмiне жолданған ұсынысы аудан әкiмiн қызметiнен алып тастауға соншалықты негiзде емес едi.
Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi «Ар-намыс» кодексiн мемлекет қызметкерлерi туралы заң талаптары өрескел бұзылғанын Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық соты өзiнiң ашық сот процесiнде айқындап бердi. Сот отырысы Байғоновтың талап-арызын толығымен қанағаттандырды. Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң Байғоновқа қарсы шығарған №1-292р өкiмiнiң күшiн жойды. Елiмiзде ақ-қараны ажырататын сот шешiмi десек, Байғонов облыс әкiмiн сотта таза жеңдi. Ақиқат салтанат құрды. Заңға сүйенсек, Жамбыл Байғонов Сарыағаш ауданының әкiмi болып қайта тағайындалуы тиiс.
Шымкентте аудан әкiмi сотта облыс әкiмiн жеңгенi қазiрше сенсацияға айналып тұр.
Балтабек ТYЙЕТАЕВ