ҚАЗАННАН ҚАҚПАҚ КЕТСЕ...
ҚАЗАННАН ҚАҚПАҚ КЕТСЕ...
Жақында iшкi iстер министрiнiң жанындағы полиция қызметiн қадағалау жөнiндегi қоғамдық кеңестiң үшiншi отырысы болып өттi. Алматы қаласы Iшкi iстер департаментiне басқосуға жиналған басшы қаралар қоғамда тәртiп орнатуға мықтап кiрiскен сыңайлы.
Осы мақсатқа байланысты құрылып отырған Қоғамдық кеңес жұмысын бастаған төрт айдан берi бiраз жайттың ашылуына түрткi болыпты. Соның iшiнде балалар мен жасөспiрiмдер арасындағы қылмысты, нашақорлық пен маскүнемдiк, сондай-ақ, жол қауiпсiздiгi мәселесiн жан-жақты зерттеген Кеңес мүшелерi қорытындыға келiп, бiрқатар ұсыныс жасады. Дегенмен, мұндай қоғамдық мәселенi бiр Iшкi iстер министрлiгi ғана шеше алмайды. Оны Бiлiм және ғылым және Денсаулық сақтау министрлiгiмен ақылдасып, келiсiп пiшкен жөн болар, – дейдi iшкi iстер вице-министрi Алик Шпекбаев мырза. Шынында да, нашақорлық пен маскүнемдiк, жасөспiрiмдер арасындағы қылмыстың көбейiп кетуi аты аталған министрлiктерге де тиесiлi. Сол себептен Қоғамдық кеңес медициналық айықтыру мекемелерiн Денсаулық сақтау министрлiгiне, ал жасөспiрiмдердi уақытша қамау, бейiмдеу мен сауықтыру орталығын Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң қоластына өткiзудi ашып айтты. Сондай-ақ, IIМ Академиясында полиция қызметкерлерiне арналған «Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғаммен байланыс» атты бiлiм беру бағдарламасын құру жобасына әрi жүзеге асуына мұрындық болды.
Кеңестiң үшiншi отырысы негiзiнде қоғамда нашақорлық пен маскүнемдiк iндетiмен күрес, жол қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, сол сияқты елiмiздiң басқа да аймақтарында дәл осындай Кеңестi көптеп құру керектiгi жөнiнде мәселе көтерiлдi. Ал, спирттiк iшiмдiктердi пайдалану фактiлерiнiң шамадан тыс өршiп кеткендiгiне жаны ауырған қоғам қайраткерi Мұрат Әуезов те жеке пiкiрiн бiлдiрiп жатты:
– Қоғамды маскүнемдiк пен нашақорлық жайлап барады. Ұлттың болашағын, ертеңiн ойлаймыз десек, алдымен осылардан бас тарту керек. Бұл – кәдiмгiдей трагедия. Мұны ел, мемлекет болып шешуiмiз қажет.
Ал, жол қауiпсiздiгiне жауап беретiн бас басшы Өмiрзақ Түсiмов мас күйiнде көлiк жүргiзушiлерге деген талапты қатаңдатты. Мәселен, бiр рет ұсталған жүргiзушi көлiк жүргiзетiн құжатынан бiр жылға, екiншi рет ұсталса, бес жылға, ал үшiншi мәрте тағы құрықталса мүлдеге айрылады дейдi. Қысқасын айтқанда, кеңестiң мақсаты – қоғам мен полиция қызметкерлерiн жақындастыра түсу, тығыз қарым-қатынас орнату екен.
Негiзi Қоғамдық кеңестiң жалпы отырысы жайлы өтетiн баспасөз мәслихатына Iшкi iстер министрi Б.Мұхамеджановтың өзi қатысады деген болатын. Бiрақ олай болмай шықты. Жиналған БАҚ өкiлдерi жуырда ғана Қазақстанға өз ерiктерiмен келген Сергей Кошлай мен Бектемiров туралы, жалпы Р.Әлиев жайында сұрақтар қойып, оған жауапты министрдiң өзiнен алғысы келгенi анық. Алайда, осыны сезген Алик мырза қайта-қайта: «Қоғамдық кеңестiң жұмысы жайында сұрақтарыңыз болса…» деп жалтақтаумен болды. Ал журналистердiң не, кiм жөнiнде толық ақпарат алғысы келгенiн ұға қойған IIМ баспасөз қызметiнiң жетекшiсi Бағдат Қожахметов баспасөз мәслихатынан соң, арнайы брифинг өткiздi. Ол Рахат Әлиевтiң iсiне қатысты осы күнге анық болған жайттарды айтып өттi. Өткен аптада Әлиевтiң екi серiктесi: оққағары Айдар Бектiбаев пен көлiк жүргiзушiсi Сергей Кошлайдың Қазақстанға өз ерiктерiмен оралғандығына тағы бiр тоқталып кеттi. Бағдат Қожахметовтың айтуынша, олар Алматыға ел қатарлы кәдiмгi рейспен ұшып келген. Бiрақ төлқұжаттарын басқа бiреудiң атына ауыстырғаны анықталған. Ал, олардың елге оралуына кiмнiң көмектескенi белгiсiз. Айта кету керек, олар осы кезге дейiн ҰҚК-де жұмыс iстеген, бәлкiм бiрге iстеген әрiптестерi қолұшын берген болар, ол жағы бiзге беймәлiм дегендi айтады. Сондай-ақ, ол «Нұрбанк» қызметкерлерiнiң жоғалуына қатысты ұрлап әкету фактiсi анықталғанын растады.
«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деген Абайдың ұлағатты сөзiн бiлген болса, есiне түсiрген болар, кiм бiледi? Өйткенi, олар ұшып келген күнi-ақ Әлиевке деген өкпе-назын жайып салды. «Бiз осыған дейiн Р.Әлиевтiң бар қысымына төздiк. Бар шындықты айтудан жалтарып, бiздi де, Австрияның сотын да тығырыққа тiредi. Себебi, бiз қамауға түскенде, жүз мың еуроны төлеп, кепiлдiкке шығарып алған едi. Соның салдарынан бiз Әлиевтiң айдағанына көнiп, тәуелдi болып қалдық», – дейдi олар.
Сонымен, құқық қорғау мекемесi өз еркiмен оралған Бектемiров пен Кошлайдың үстiнен қылмыстық iс қозғап, мынандай шешiм шығарды. Сот ұйғарымы бойынша, Сергей Кошлайға түрмеден үй қамауына алуға, ал Айдар Бектемiровтi уақытша түрмеде ұстауға мәжбүр. Алайда, оқиғаның анық-қанығын ашу үшiн фактi жеткiлiксiз. «Әзiрге бұл екеуi де жұртты елең еткiзерлiк жаңалық айтқан жоқ. Бiрақ келгенi кеше, ойланып-толғанып бiр деректiң көзiн ашуы ғажап емес», – дейдi, IIМ баспасөз қызметiнiң жетекшiсi. Оның мәлiмдеуiнше, жоғалған екi адам Ж.Темiрәлиев пен А.Хасенов жайында еш ақпарат жоқ. Бәлкiм тiрi, бәлкiм… Дегенмен, бұлардың iз-түссiз жоғалып кетуiне оққағарлардың қолының iзi қалуы мүмкiн. Егер ол екеуi табылса, Рахат Әлиевтiң қылмысына қатысты құпиялар ашылар едi. Сондай-ақ, Б.Қожахметов басқа күдiктiлер – Кошляк пен Сапожниковтiң Венада Рахат Әлиевтiң маңайында жүргендiгiн сенiммен айтады. Кеше Бектемiров пен Кошлай аяқ астынан келiп елдi елең еткiзсе, ертеңгi күнi Кошляк пен Сапожниковтың да райынан қайтуы мүмкiн ғой. «Бiрақ мұны уақыт көрсетедi. Қандай да бiр ақпараттың шегi шығып жатса, алдымен сiздерге хабарлаймыз», — дедi Б.Қожахметов.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ