“НАН БОЛСА, ӘН ДЕ БОЛАДЫ” деген нақылды отандастар саналарында қайта жаңғыртты

“НАН БОЛСА, ӘН ДЕ БОЛАДЫ” деген нақылды отандастар саналарында қайта жаңғыртты

“НАН БОЛСА, ӘН ДЕ БОЛАДЫ” деген нақылды отандастар саналарында қайта жаңғыртты
ашық дереккөзі
300

Нан бағасы күн сайын өсуде. Кейiнгi кездерi сан түрлi бөлке самсап тұратын дүкен сөрелерi әп-сәтте қаңырап бос қалатынды шығарды. Мәсiмов Есiмов пен әкiмдерге баға мен қаржыға қатысты тағы да тапсырма бердi. Инфляцияны дер кезiнде ауыздықтай алмаған Үкiметтiң пәрменi қаншалықты?

Осыдан бiр апта ғана бұрын 50 теңге тұратын нан Алматы дүкендерiнде 60-65 теңгеге қымбаттады. Кей жерлерде тiптi, 100 теңгенiң о жақ, бұ жағында. Пештерден қызара бөртiп жаңа ғана шыққан бөлкелердi таңертең алып үлгермесеңiз, ертеңге дейiн нансыз қаласыз. Республиканың өзге өңiрлерiнде де жағдай мәз емес. Нан бағасы аз ғана уақыт iшiнде бiрнеше есеге өскен. Мұндай қатшылық пен қымбатшылықты билiк басындағылар ұнның, сосын астықтың қымбаттауымен байланыстырады. Бұл туралы газетiмiздiң өткен санында толығырақ жазған болатынбыз («Мәсiмов пен Есiмов бағаны реттей ала ма?»). Апта басында Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов Ауылшаруашылығы министрлiгiне 1 аптаның iшiнде нан бағасын тұрақтандыруға қатысты шараларды жүзеге асырып, үкiметтiк кеңесте арнайы баяндама жасауға пәрмен бердi. Сонымен қатар iшкi нарықтағы бағаны жүйелеу мақсатында әкiм-қараларға iрi нан зауыттары мен нан өнiмдерiн пiсiретiн кәсiпорын басшыларымен әңгiме өткiзудi тапсырды. Қазiргi кезде көптеген кiшiгiрiм наубайханалар жабылып қалған. Сiрә, пайдасынан шығыны көп жұмысты ауырсынса керек. Ал Алматыдағы ең iрi зауыт – «Ақсай-нан» нан шығаруды уақытша тоқтатқан. Жөндеу жұмыстарына байланысты көрiнедi. Дүкен сөрелерiнiң әп-сәтте қаңырап бос қалатыны сондықтан. Кеш түсе Алматы көшелерiнен нан iздеп сабылған жұртты көрсеңiз, түк те таңғалмаңыз. Нанның әр бөлкесiн бiрнеше есеге қымбаттатқан наубайханашылар осыдан кейiн кеуде кермей қайтсiн!

Вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев ауылшаруашылығы министрi Ахметжан Есiмовтiң жуырда ғана зауыттардағы нан бағасының 39 теңге болатынын айтса да, Алматыдағы бiр бөлке нанның бағасы 60 теңге екенiн, бағаның тұрақтандырылмағанын сынға алды. Премьер мен вице-премьердiң қырына iлiккен Есiмов жақын күндерi нанды арзандатудың тиiмдi жолдарын қарастырумен бас қатырмақ. Бiрақ күнi кеше ғана: «Нан арзан болса, қадiрi болмайды. ТМД елдерiнде нан қымбат. Бағасы арзан болса, нанды малға беруi мүмкiн, Ресейге тасуы мүмкiн» деген «қауiп» айтқан Ахметжан мырзаның елпiлдей қоюы екiталай. Оның үстiне, сол кезде-ақ нанның бұрынғыдай 30-35 теңгеге сатылмайтынын ашық айтқан едi.

Ресми деректерге жүгiнсек, бүгiнгi таңда республика бойынша, 21 миллион тонна астық жиналған. Орташа есеппен алғанда, гектарына 14,4 центнерден астық алған егiншiлер астық алқаптарындағы дәндi-дақылды үстiмiздегi айдың соңына қарай түгел жинап алмақ. Ауа-райы күрт бұзылып кетпесе, әрине. Сондай-ақ, 2007 жылдың 8 айында Қазақстандағы инфляция 8,2 пайызға тең. Бұл болжанған межеден әлдеқайда көп. Әсiресе, Алматы, Тараз, Шымкент, Астана, Атырау қалаларында бағаның қатты өскенi байқалған. Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiндегiлер инфляция деңгейiнiң өсуiне азық-түлiк тауарларының қымбаттауы әсер еткенiн айтады. Мысалы, өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда, елдегi қымбатшылық 4,6 пайыздан 7,6 пайызға көтерiлген. «Жығылғанға – жұдырық», жергiлiктi және республикалық бюджет қаржысын игеру мәселесi де сын көтермейдi. Премьер Мәсiмовтiң мәлiмдеуiнше, үстiмiздегi жылдың 1 қыркүйегiндегi игерiлмеген бюджеттiк қаржының жалпы көлемi 62,2 миллиард теңге! Соның iшiнде, Көлiк және коммуникация министрлiгiнде – 3,7 млрд. теңге, Қорғаныс министрлiгiнде – 3,6 млрд., Әдiлет министрлiгi мен Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнде – 3 млрд., Қаржы министрлiгiнде – 2,2 млрд., Туризм министрлiгiнде – 2,7 млрд., Ауылшаруашылығы министрлiгiнде – 1,6 млрд. теңге… тағысын тағылар. Мұндай «кереметтер» жергiлiктi бюджеттiң құлағын ұстаған басшыларға да тән. Яғни, салық төлеушiлердiң есебiнен бөлiнетiн қыруар қаржы игерiлмей босқа тұр. Мәсiмов Президенттiң алдында есеп беретiндiгiн, аталған келеңсiздiктi қысқа мерзiм iшiнде жою керектiгiн айтты. Әрине, әншейiнде ауыздарын қу шөппен сүртуге дайын тұратын шендiлер мен шекпендiлердiң мұндай кесiр қылығын Президенттiң құптай қоймасы анық. Сондықтан «жоғарыдан» келетiн әр тапсырманы науқанға айналдыратын iрiлi-ұсақты шенеунiктер үшiн тағы бiр сынақ басталды. Ал қарапайым халықтың, әсiресе, ауылдағы ағайынның дастарқанына сән кiргiзген ас атасы – нанның бағасын Есiмов тез арада тұрақтандырса жақсы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары