АРАЛ ТАFЫ ДА ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА МА?

АРАЛ ТАFЫ ДА ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА МА?

АРАЛ ТАFЫ ДА ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА МА?
ашық дереккөзі

Әуелгiде қазақтың бағы болған, кейiннен соры бес елi маңдайының көп қасiреттерiнiң бiрiне айналған Арал теңiзiнiң экологиялық ахуалы тағы да әлем назарын өзiне аударды. Оған себеп – қазақ елiнiң Президентi Нұрсұлтан Назарбаев барша әлем халықтарының мiнберiнде сөз сөйлеп, қазақ топырағының эколгиялық жағдайы туралы мәселе көтердi.

БҰҰ-ның 62-сессиясының басты тақырыптарының бiрi – ауа-райының өзгеруiне байланысты пайда болған түйткiлдi мәселелердi шешу болатын. Сондықтан да Назарбаевтың Арал мәселесiн көтеруi қазiргi таңда әрi өзектi, әрi орынды.

Тұрақты даму жөнiндегi Йоханнесбург басқосуында Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның әлемдiк экологиялық мәселелерiнiң тiзiмiн жасау туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұсынысты Назарбаев осы жолы да қайталады.

Арал мәселесi тоқсаныншы жылдардан бастап көтерiле бастады. Осы кезге дейiн теңiздiң төрттен үшi тартылып кеткен. Нұрсұлтан Назарбаев Арал тек Қазақстанның емес, барша Еуразия континентiнiң бас ауруы екенiн еске салды. Құрғаған теңiз табанынан көтерiлген тұз Еуразия құрлығын айналып ұшып жүр. Бiр жылдары баспасөз беттерi Аралдың тұзды шаңы Антарктидаға жетiп қалды деп дабыл көтерген болатын.

Шын мәнiнде, Назарбаевтың Арал мәселесiн БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында көтеруi – әлем елдерiнен араша сұрауы едi. Өйткенi, бұған дейiн Қазақстан тарапынан, өзге де Орта Азия елдерi тарапынан Аралды құтқаруға бiраз талпыныстар жасалды. Сол iзгi ниеттердiң кейбiрi ғана жүзеге асып жатты. Қызылорда жергiлiктi ақпарат құралдарының хабарына жүгiнсек, Кiшi Аралды құтқару жұмыстары жемiсiн бергендей.

Аралды құтқару халықаралық қорына БҰҰ-ның институты мәртебесiн беру туралы бастама көтердi. Осы мазмұндағы ұсынысы 2003 жылы Жер саммитiнде де айтылған болатын: «Орталық Азия мемлекеттерi Арал теңiзiн құтқару үшiн көп шаруа тындырды, бiрақ әлемдiк қауымдастық бiр кiсiдей жұмылмайынша бұл мәселенi түбегейлi шешу мүмкiн емес. Сондықтан да мен 2002 жылы Жер саммитiнде айтқанымдай, Аралды құтқару халықаралық қорына БҰҰ институты мәртебесiн берудi ұсынамын».

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мүшелерiне тағы бiрқатар ұсыныс тастады. Оның бiрi – әлемдiк дiндер құрылтайын БҰҰ аясында өткiзу иедясы. Қазақстан дiндер арасындағы татулықты насихаттап келедi. Осы мақсатта бұған дейiн екi мәрте қазақ елi өз астанасында жер бетiндегi барша дiндердiң өкiлдерiнiң басын қосып, ортақ әңгiме-дүкенге шақырды. Ендiгi басқосу 2009 жылы Алматыда өтедi.

Назарбаев тағы да алдағы жылдардың бiрiн — мәдениеттер мен дiндердiң жақындасу жылы деп атауға ұсыныс бiлдiрдi.

Қазақстанның бұған дейiнгi бастамалары БҰҰ тарапынан қолдауға ие болған. Мысалы, Азиядағы ықпалдастық және сенiм шаралары жөнiндегi кеңес (АӨСШК) шақыру туралы шешiм 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-iншi сессиясында айтылған болатын. Қазiр бұл Кеңес он сегiз мемлекеттi ортақ мәселелер жөнiнде ойласуға ұйыстырып отыр. Назарбаев бұл жөнiнде: «АӨСШК аясында азиялық мемлекеттердiң саяси диалогы қарқын алуда», — дедi.

Қазақ елiнiң басшысы ақыр аяғы БҰҰ-ның өзiн реформалау қажеттiгiне тоқталды. Мысалы, Назарбаевтың пiкiрiнше, Қауiпсiздiк Кеңесiнiң кеңеюi тұрақты мүшелер желiсi бойынша да, тұрақты емес мүшелер желiсiнде де жүргiзiлуi керек, оның үстiне, мемлекеттердiң географиялық ерекшелiгiн сақтау керек. «Сондай-ақ, Қауiпсiздiк Кеңестiң ашық болуы, оның есеп беруiне қатысты жұмыс iстеу тәсiлдерiн де реформа жүргiзу керек» дедi Елбасы.

Қазақ елi басшысының ортаға салған ойы көп. Оның Арал мәселесi туралы айтқан ұсыныстары экологияның шын жанашырларына қозғау салар деп үмiттенемiз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасынан:

«Қазақстан халқы атом жарылыстарының барлық жан түршiгерлiк салдарын бастан өткердi. Семей ядролық полигонында 456 жарылыс болған. Сондықтан тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi Қазақстанның алғашқы тарихи шешiмдерiнiң бiрi — Семей ядролық полигонын жабу болатын. Одан кейiн қуаттылығы жөнiнде әлемдегi төртiншi орында тұрған ракеталық-ядролық арсеналдан бас тартып, оның инфрақұрылымын жойдық.

… Бiз барлық ядролық державалардан қауiпсiздiк кепiлiн алып, өз тәуелсiздiгiмiздi нығайта түстiк. Қару-жарақ көбейтуге қыруар қаржы жұмсағанша, өзгелер неге бiзден үлгi алмайды?».

Гүлбиғаш Омарова