ЖАFАЛАП ЕРТIС БОЙЫН ЕЛГЕ ШЫҚТЫҚ
ЖАFАЛАП ЕРТIС БОЙЫН ЕЛГЕ ШЫҚТЫҚ
«Баяғыда ауылымызға Сәбит Мұқа¬нов келгенде…» «Бiр жылы бiздiң елде Ғабит Мүсiрепов болғанда…» деп басталатын әңгiмелер ел iшiнде әлi де жиi кездеседi. Бұны айтатындар бiрде желпiнiп, бiрде маңғаздана түсiп, ерекше бiр мақтаныш сезiмге бөленiп отырар едi.
Кейде тiптi сол әдебиет алыптарының қолына су құйып, қолтығынан демеп үйге кiргiзгенiне дейiн тәптiштей баяндап: «Сонда Сәбең маған бұрылып былай деп едi…», – деп есте жоқ ескi заманға ұзағынан аттанып кететiндер де бар. Бiрақ, бiр қызығы, осындай әңгiмелердiң қай-қайсысы да айтушысына жарасып, тыңдаушысына таңдай қаққызып, кiм-кiмнiң де делебесiн қоздырып тұратынын талай көргенбiз. «Көргенбiз» дейтiнiмiз: кешегi 90-жылдардың басына дейiн өзiмiз де (осы жолдардың авторы) қаламгер ретiнде кең байтақ республикамыздың түстiгi мен терiскейiн, батысы мен шығысын сан рет сапарлап қайтқанымыз есiмiзде. Сол күндерде жаңағы Сәбең, Ғабең бастаған айтулы жазушыларды «көрдiк, бiлдiк, пәлен жерде бiрге болдық» деген әңгiмелердi әр жерде сүйсiнiп тыңдағанбыз. Және ол қандай әңгiмелер десеңiзшi! Шетiнен шежiрелi, өнегелi, ғибратты. Кейде тiптi күлкiлi. Бiрақ сол күлкiлiсiнiң өзiнен де бiр нәрсенi ұғып қаласың, бiлiп қаласың. Қалам қайраткерлерiнiң әр сөзiнiң өмiршеңдiгi де, мiне, осында ғой. Қайран ағалар! Көбi дүниеден баяғыда-ақ өтiп кеткен. Алайда олардың сөзi, олар туралы әңгiме әмсе алдыңнан шығып тұрады. Керемет тәлiм-тәрбие! Таусылмас қазына, сарқылмас игiлiк те осы.
Иә, сол 90-жылдардың басына дейiн жазушы мен ел арасындағы байланыс тонның iшкi бауындай берiк, ары-берi сабылып жататын қара жолдай даңғыл едi. Ол уақытта Қазақстан Жазушылар одағында «Әдебиеттi насихаттау бюросы» деген арнайы мекеме де болған. Бұл мекеме жазушыларды үштен-төрттен топтап, ел iшiне жиi шығарып тұратын. Олар сапар барысында шаруашылық, мекемелер арасында келiсiм-шарт жасасып, соның негiзiнде бюро тарапынан материалдық қолдау да көрiп отыратын. Кейiн… нарықтық экономика келдi. Артынша жарты әлемдi жамбастап жатқан Одақ ыдырады. Тәуелсiздiк. Қысылшаң күндер… «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстаным… Мәдениет, әдебиет, руханияттың кезегi қай жерде екенi де белгiсiз. Идеология деген мәселенiң тiптi аты өшiп тынған. (Қазiр де солай). Бұдан әрi айта берсек, мұң да көп, сыр да көп. Тек әйтеуiр бiртiндеп тұрмыстың түзелiп келе жатқаны көңiлге медеу. Жарайды, тұрмыс түзелер, көңiл жай табар, алайда он бес жылда басқа сiңiп үлгерген басқалардың жат идеологиясынан ендi қанша жылда құтыла алар екенбiз?
Шүкiр, Қазақстан Жазушылар одағы биылғы жылы жазушыларды елге шығару деген бұрынғы сол жақсы дәстүрдi қайта жалғастыруға кiрiскен. Одақ басшыларының айтуына қарағанда, бұның өзi «Ауылға көмек» бағдарламасының аясында, Президенттiк әкiмшiлiк деңгейiнде ұйымдастырыла бастаған секiлдi. Бұл жөнiнде сөз соңында тоқтала жатармыз, ал әзiрге өз сапарымыз жөнiнде.
Сонымен Одақ басшыларының жолға салуымен ақын, зейнеткер Серiк Қапшықбайұлы, «Атамұра» корпорациясының жоба жетекшiсi, прозашы Иген Хасенұлы, «Заң» газетiнiң бас редакторы, ақын Кәдiрбек Құныпияұлы және Мен – төртеумiз – тамыздың 20-сында Павлодар облысын бетке алып жүрiп кеткенбiз.
Павлодар қаласында бiздi қарсы алған облыстық Мәдениет департаментi директорының орынбасары Бекмұхамбет Ислам мен Бұқар жырау атындағы облыстық Әдебиет және өнер музейi өнер бөлiмiнiң меңгерушiсi Қуандық Қалиев бетiмiздi бiрден қала iргесiндегi Ақсу ауданына қарай бұрған.
– Осы ауданның бұрынғы аты Ермак емес пе едi? – деймiз бiз.
– Иә. Бiрақ Ермакка дейiн де Ақсу болған. Кейiн байырғы атауын қайта алды ғой, – дейдi микроавтобустың алдында отырған Бекмұхамбет.
– Ал аудан орталығы?
– Ол да Ермак атында болған. Шағын қала. Қаланың тура ортасында өткен ғасырдың аяғына дейiн оған орнатылған еңселi ескерткiш те тұрған. Өз билiгiмiз өз қолымызға тиген кезде екеуiнен де құтылдық қой. Дәлiрегiнде, 1993 жылы, Шокарев деген орыс аудан әкiмi болып тұрған кезде.
– Ескерткiштi алар кезде сырттан қарсылық болған жоқ па?
– Әрине, болды. Бiрақ ақылды жасалған iс-әрекеттердiң арқасында бәрi де оңды бiткен.
– Ал мына облыс орталығын да солай өзгертiп жiберуге болмас па?
– Бұның бiраз нәзiк тұстары бар. Бiрiншiден, бұл жердiң бұрынғы қазақша атауы туралы нақты бiр байлам жоқ. Мәселен көбiрек ауызға алынып жүрген «Кереку» атауының түпкi мағынасы жөнiнде де әркiм әрқалай ой түйедi. Бұлтартпас дәлел болмаған соң батыл ұсыныс жасау қиындау ғой.
– Бұдан басқа да себептерi бар шығар?
– Мүмкiн.
Бұдан әрi жолбасшыларды мұндай «сызды» сұрақтармен мазалай берудi артық көрдiк те, өз ойларымызды өзiмiз топшылауға көштiк.
Павлодар… Петропавл… Қазақшаға икемдеп алған Семей (Семипалатинск) мен Өскемендi (Усть-Каменогорск) есептемегенде, елiмiзде таза орыс атауымен тұрған екi облыс орталығы осылар ғана. Бұған да тәуба! Егер Н.С.Хрущев Одақ басында (1953-1964) тағы бiрер жыл отырса осы күнiмiзге де зар болар ма едiк, кiм бiлсiн. Дегенмен… сол кездiң өзiнде, Қазақстанның бес облысын сақтап қалу үшiн басын бәйгеге тiккен Жұмабек Тәшенов сынды азаматымыз болған. Тұтастай бес облысымызды! Қазақстанның тәуелдi, уақыттың қиын кезiнде! Ал көк ту астындағы бүгiнгi билiк басындағылар? Бес облыс былай тұрсын, бiр қаланың атын… жә, ар жағын айтпай-ақ қояйық. Қазақ тiлiнде жазып берген қағаздың өзiн сүрiнiп-жығылып әзер оқитындардан қандай патриотизмдi күтесiз.
Таңертең поездан түскелi байқап келемiз: қала iшiндегi көше атауларының бәрi бiрер қазақша әрiпке бола «екi тiлде» жазылған; қаладан шыға жол бойындағы елдiмекен атаулары тағы да «екi тiлде». Бiр кириллицамен! (мұндай көрiнiс тек бұл облысқа ғана тән емес). Бұдан не ой түюге болады? Есiңе Чеховтың Беликовi түседi. («Құндақтаулы адам»). «Ойпырмай, осыдан бiрдеме шығып кете ме» деп қарадай көлеңкесiнен қорқып жүретiн. Есiңе тағы қазақтың «ақкөт торғайы» түседi. Iннiң аузында қылп-қылп етiп: «Құдай-ау, қайдан қатер» деп қалтырап отыратын.
Қаладан Ермак кеткен. Бiрақ санадан бейнесi, сүйектен ызғары кетпеген. Елесi Ертiс бойын кезiп жүрген секiлдi.
Май ауданы. Көсiлiп жатқан кең дала. Түгiн тартсаң майы шығатын жер. Қай жағыңа қарасаң да – қаптай жайылған қара-құра мал. Жарықтық, ауылдық жерде елдiң де, жердiң де сәнi осы мал-ау деп ойлайсың.
– Бұдан он-он бес жыл бұрын мына кең өрiс көшкен елдiң жұртындай құлазып қалып едi, – дейдi аудан әкiмiнiң кеңесшiсi Шайғали ағамыз. – Соңғы жылдары, әйтеуiр, қайтадан жерге шырай кiре бастады ғой.
Шәкең ұзақ жыл осы елде шаруашылық басқарған адам екен. Iстiң жөнi мен жолын бiлетiн, көптi көрген, көптi түйген ақсақалды аудан әкiмi қазiр де қызметте ұстап отырған көрiнедi. Құптарлық iс. Мұндай адамдар елдiң қазынасы ғой.
– Бүгiнде ауылдарда уақ-түйек пен iрi-қараны былай қойғанда, алды жүздеген жылқы ұстап отырғандар бар, – дейдi Шәкең жай ғана.
– Ұрлық-қарлық жоқ па?
– Облыстың iшкi жағында орналасқан бiздiң Май, анау Баянауыл жағында ондай бәле жоқ десе де болады. Тек Ресеймен шекаралас кейбiр аудандарда «алып кетiптi, айдап кетiптi» дегендi ара-тұра естiп қаламыз.
– Жермен жұмыс қалай? Егiн егiп, бау-бақша баптап дегендей.
– Оның бәрi техникаға байланысты ғой. Ал техниканың жайы жанар-жағар майға байланысты да. Бiрақ… – деп, мәжiлiстес ақсақалдың бiрi мүдiрiп қалған.
Артынша бұл «бiрақтың» соңы бiраз әңгiмеге тиек болып едi. Бәрi жанға бататын әңгiме. Бәрi ылғи да айтылып жүрген әңгiме. Дегенмен… бiр сөздiң жөнi бөлек-тi.
Иә, өткен күнгi бiр кездесуден соң шоқша сақалды бiр iрiлеу шал бiздi сыртқа қарай жетелей жөнелген. Содан оңашалау жерге жеткен кезде:
– Шырағым, жаңа сен осы «ауылға көмек» деп бiрдеме дедiң бе? – деген шегiрлеу көзiн бiзге тiк қарап. Жүзi сұсты, даусы ызғарлы, «Арыстанбайдың Мұқышы» секiлдi үркiтiңкiреп сөйлейтiн адамға ұқсайды.
– Дұрыс, дұрыс! Қате естiген жоқсыз, ақсақал. Бiз – «Ауылға көмек» деген жұмыспен ел аралап жүрген жазушылармыз ғой, – дедiк шалдың құлағына тақай қаттырақ дауыстап.
– Мен саңырау емеспiн, ақырын сөйле, – дедi ол жаратыңқырамай. – Жаңа барлық сөздерiңдi естiдiм. Жақсы, әдемi сөйледiңдер. Сендер барлықтарың солай сөйлейсiңдер. Тiлдерiңнен бал тамады. Уәдеге келгенде сендерден жомарт адам жоқ, аспандағы айды қолға әперетiндей боласыңдар.
– Ақсақал, түсiнбедiм… Не айтып тұрсыз? Кiмге ренжiп тұрсыз? – деймiн аң-таң болып.
– Түсiнбейтiн не бар! Өкiлмiн деп бiреу келедi. Кәндидәтпiн деп екiншi келедi. Жазушымыз деп сендер келесiңдер. Бiрақ қайсысың келсеңдер де не пайда бар сендерден. «Ауылға көмек» дейсiңдер тағы да. Көмектерiң сол болсын, өтiрiк айтып дәмелендiрiп, алдамаңдаршы осы бiздi.
– Ау, қандай алдау сонда?!
– Алдау емей немене, үш жыл бойы «Ауыл жылы» деп кернейлетiп-сырнайлатып, барабандарыңды қақтыңдар да тұрдыңдар. Одан қандай пайда көрдiк бiз? Балаларымыз банктен кредит алайын десе, алдымен аткөпiр қағаз, сосын атасының құнын сұрайды. Соның бiр жеңiлдеу жолын ойластыруға болмас па! Жә, одан бұрын анау аттап бассаң ақша сұрайтындардың кеңiрдектерiне келсап тықпас па? Жә, бұны да қойдық. Бәрiнен де дәл жиын-терiн жақындаған кезде жанармай бағасының шарықтап шыға келетiнiн немен түсiндiруге болады! Бұл қандай «көмек» ауылға! Жыл сайын солай! Жыл сайын үмiттенемiз осыны жөнге келтiретiн бiреулер табылады-ау деп. Жоқ! Жоқ! Құдай-ау, менiң бiр түсiнбейтiнiм: елдегi ең жақсы бензiндi, ең көп бензiндi бiздiң осы Павлодар шығаратын көрiнедi. Сөйте тұра оның да қызығын өзiмiз көрiп отырғанымыз жоқ. Қайта мына көршi Ресейден әкелетiн жағармайдың бағасы әлдеқайда арзан бiздiкiнен… Мiне, ендi нан қымбаттайды дейдi. Не үшiн қымбаттайды. Радио мен телевизордан естуiмiзше, бiз астықпен шетелдердi жарылқап жатқан көрiнемiз… Ал сендер жаңа мiнбеде тұрып алып, «Ауылға көмек, көмек» дейсiңдер таңдайларың тақылдап.
– Ақсақал, осы сөздерiңiздi әлгiнде көптiң алдында неге айтпадыңыз?
— Қазiр көптiң алдында көсiлiп айта алатын қайбiр шындық бар, шырағым?!
– Аты-жөнiңiз кiм?
– Оны қайтесiң. «Ауылдағы бiр шал» десең бопты да. Егер бiр жерде бiрдеме жазсаң, жаңағы сөздерiмнiң бәрiн жаз. Бұл саған аманат, шырағым!
Бұл шал мүмкiн бiр арызқой шығар, мүмкiн ашынған бiреу болар. Бiрақ аманатқа қиянат жасау қиын ғой.
Май ауданының Баянауыл жерiмен шектесер тұсы. Ақшиман ауылының желкесi. Күн еңкейiп батып барады.
– Мынау етектегi кең алқапты «Қалмақ қырған» деп атайды, – дейдi биiк жақпар тастың үстiнде тұрған Бекмұхамбет төменге қарай қолын нұсқап. – Атақты Олжабай батыр бастаған қазақтың қалың қолы осы жерде қалмақтарды ойсырата жеңген.
– Олжабай – әйгiлi академик Әлкей Марғұлан мен ақын Олжас Сүлейменовтiң арғы аталары, – деп Қуандық сөздi толықтырып қояды.
Осы өлкенiң тарихы мен шежiресiне келгенде, бұл екi азамат айызыңды қандырып отырады.
– Мынау тас шоқының бiр бүйiрiнде терең үңгiр бар. Онда кезiнде Қаныш Сәтбаев ағамыз болған.
– Бұл жерге кезiнде Әлкей Марғұлан мен Шафық Шокин де талай рет ат шалдырып өткен, – деп әңгiме жалғасып кете барады.
Мұндай әңгiмелер Баянауылға жақындаған сайын қоюлана түскенi байқалады. Жүрегiңе жылы. Өйткенi бәрi де жалпы қазақтың тарихы мен өнерiне, ғылымына қатысты.
Өнер демекшi, бiз осы Май ауданына кiргелi жанымызға Алтынбек Әбiлқасов деген азамат қосылған. Әншi! Және тамаша әншi! Аудан әкiмi бiзге деген құрметiн осы Алтекең арқылы бiлдiргендей. Қазақтың ең керемет қасиеттерiнiң бiрi қонақты, үлкендi сыйлау болса, бұл азамат соның майын iшкенi сезiледi. Жанында Кенжегүл деген шәкiртi бар. Монғолиядан келген қандас қарындасымыз. Бұл екеуiнiң әуелетiп, толқындатып, тербетiп салған әнiн естiген кезде, өзiңнiң қазақ боп туғаныңа қуанасың.
Әне Үңгiртастың етегiнде, олар бiрi сырнаймен, бiр домбырамен Естайдың «Қорланын» шырқап тұр.
Қазақтың әнi! Қандай ғажап!
Баянауыл ауданының территориясына өте бере жолдың сол жағындағы жатаған төбенiң етегiнде тұрған қора-қопсылы үйдi көзiмiз шалған да, бұрыла кетудi жөн көргенбiз. Есiк алдындағы аласа текпiшекте онекi-онүштер шамасындағы бiр бала отыр екен. Жөн сұрастық. Бiлiстiк. Азын-аулақ малын бағып отырған қара шаруаның айдаладағы қараша үйi екен.
– Ауылдарың алыста ма? Қанша ша¬қырым жерде? – деймiз балаға.
– Алыс емес. Бес-алты километрдей боп қалар, – дейдi кiбiртiктеп.
– Ауылдарыңның аты қалай?
– Ауылымыздың аты көп. Бiреулер Жуантөбе дейдi. Бiреулер «Қызылтау», Көмiрбасы, Жосалы десе, ендi бiреулер Аймауытов дейдi.
– Жүсiпбек Аймауытовтың туған ауылы, – деп Қуандық бiзге сыбыр ете қалды.
– Жүсiпбек деген кiм? – дедiк бiз балаға әдейi, сынайық деп.
– ?.. (иығын қиқаң еткiзген)
– Ау, сен өзi қай класта оқисың?
– Бесiншi.
– Сонда сен… өз ауылыңда туып-өскен Жүсiпбек Аймауытов дегеннiң кiм екенiн, кiм болғанын бiлмейсiң бе?
– Бiлмеймiн.
Бiз бұрылып жүре бердiк. Қызық! Баяғыда, бiздiң Шыңғыстай мектебiнiң кез-келген оқушысы осы баянауылдық Сұлтанмахмұттың өлеңдерiн жатқа айтып тұрушы едi. Ендi адамды кiнәлаймыз ба, заманды кiнәлаймыз ба?
Жарты сағаттай жүрiп Жуантөбеге де жеттiк. Талма түс. Талаусыраған тiрлiк. Ауылдың әр тұсынан анда-санда ғана бiр қара көрiнедi. Неге екенi белгiсiз, қай жағыңа қарасаң да бойкүйез тыныштық, мимырт қозғалыс. Бекмұхамбет пен Қуаныш екеуi екi жақтап жүгiрiп жүрiп, он-онбес адамды әзер бiр жерге жинап алған. Әкiм шұғыл шаруамен ауданға кеткен екен. «Барымен – базар» деп, алдымыздағы шағын топпен әңгiмелесе бастадық. Мұндағы бiраз сөзден түйгенiмiз: Жүсiпбек Аймауытов ақтала салысымен осындағы совхозға (кеңшарға) оның аты берiлiптi. Кейiн совхоз тарап кеткен кезде, бұл есiм шаруа қожалығына көшiптi. Ал егер … ертеңгi күнi бұл қожалыққа да кешегi совхоздың күнi туса?.. Не болмақ?.. Байқаймыз, әзiрге бұл сұрақтың жауабымен бас қатырып жүргендер жоқ сияқты.
Қайран Жүсiпбек! Бүкiл алаштың қамы үшiн жүрегiн алаулатып, жанын жалаулатып өткен асыл ер! Қайтесiң, бүгiнде оның туған ауылының «жай-күйi» мiне осындай.
Баянауылдың арғы-бергi тарихына бiз ертеден-ақ қанық едiк. 70-жылдары осы өлкенiң тумасы Жанат Тұрғамбековпен (қазiр марқұм ) университетте бiрге оқып, бiр бөлмеде тұрдық. Жәкең әңгiмесiн Бұқар жырау, Олжабай батырдан бастап, Мәшһүр Жүсiп, Жарылғапбердi, Жаяу Мұса, Шорманның Мұсасы, Мұстафасы, Сұлтанмахмұтқа соға өтiп, одан әрi Сәтбай, Имантай ұрпақтары (Әбiкей, Қаныш т.б.) мен Әлкей Марғұлан, Шафық Шокин, Ержанов сынды академиктердi бiр қайырып, сосын Қаржас, Айдабол, Күлiктерден шыққан мықтыларды ондап санап бiр-ақ демалатын. «Осыншама iрi тұлғалар бiр ауданнан қалай шыққан? Бұның бәрiн Жәкең қайдан бiледi?» деп бiз iштей таң қалып отырушы едiк. Осы сұрақтардың жауабын ендi ғана тапқандаймыз. Бәрiне мұрындық – дәстүр екен. О баста жақсы, құнарлы қалыптасқан дәстүр Баянауылда талай-талай марқасқаларды биiкке шығарған екен. Бiздiңше Баянауылдағы бұл дәстүр өткен ғасырдың 30-жылдарынан берi қарай бұрынғы алтын тамырынан бiртiндеп үзiле бастағандай. Оған себеп?… Тағы да, бiздiңше, 30-жылдардағы зұлмат аштық, 37-38-дегi репрессия, 41-45-тегi соғыс, одан кейiн 54-те басталған тың көтеру болса керек. Егер бұл сөзiмiз қате болса, 40-жылдардан берi туған баянауылдық қандай айтулы тұлғалар бар екен, кәне еске түсiрiп көрейiкшi?..
Жо-жоқ, болған дүние қайда кете қойсын. Ақын Диқан Әбiлевтiң 100 жылдығын атап өтiп жатқан елде той салтанатын өзi ұйымдастырып, оны биiктен өзi басқарып, ұрымтал тұстарда сөзiн өлеңмен де өрнектеп жiберiп, көптi аузына қаратып отырған аудан әкiмi Қорабай Шәкiровтi көргенде кешегi асылдың сынықтары ел iшiнде әлi де бар екен-ау деп қуанып қалғанымыз және рас.
Облыстың солтүстiк бөлiгiн жамбастай жатқан Ертiс ауданы – атақты Иса Байзақовтың, белгiлi ақындар Аманжол Шамкенов пен Мүбарак Жаманбалиновтың туған жерi. Павлодар қаласынан келе жатқандар бұл жерге Ақтоғай ауданы арқылы өтедi. Ал онда әйгiлi махаббат әнi – «Қорланның» авторы Естай Беркiмбайұлы жерленген. Мазары үлкен жолдың оң жағында, бiр шақырымдай жерде тұр.
Жасы сексеннiң сеңгiрiне шыққан Мүбәрак ағаны бұрын бiз ел жақта тұратын балалар ақыны ретiнде ғана бiлетiнбiз. Ал шын мәнiнде ол кiсi өзiнiң бүкiл бiлiм-бiлiгiн, таланты мен зейiн-зердесiн бүгiнгi және ертеңгi ұрпақтардың тәлiм-тәрбиесiне жұмсап жүрген үлкен қайраткер де екен.
– Мен кезiнде облыстық газеттiң тiлшiсi болдым. Журналистiк сапармен бұл облыста мен араламаған жер аз. Сол уақытта кiмдермен жүздесiп, кiмдермен сөйлеспедiм. Маған кездескен құнды да сирек деректер қаншама! Әсiресе, өзiмiздiң қазақтар туралы. Мәселен, 1931-33 жылдардағы аштық апатында Ертiс ауданының негiзi болған Қызылағаш болысының жиырма мыңға жуық қазақтың жартысына таяуы қырғынға ұшырап, тұтастай бiр ауылдардың түтiнi өшiп қалған. Бұл – кейбiр отбасылар бүкiл бала-шағасымен жоқ болып кеттi деген сөз. Бұл жөнiнде бiр әңгiме. Осы жерде, 1998 жылы қайтыс болғанға дейiн, Жұмабай Смақанов деген ақсақал тұрды. Сол кiсiнiң бұл арадан 250 шақырым жерде тұратын Мүлипа атты апасы 1932 жылы күйеуi мен 9 баласынан бiрдей айырылғанда, оны тiрi қалған жалғыз ұлы (Кәлен) қоларбамен сүйреп, үш ай дегенде осы жерге (250 шақырым) әрең жеткiзген ғой. Ал дiттеген жерiне жете алмай жол бойында сүйегi қалған аш-жалаңаштар қаншама! Мына қаладан 6-7 шақырымдай жерде, жолдың оң жағында биiк құлпытас тұр. Сол құлпытастың жанындағы бауырластар бейiтiнде 100-ден астам әйелдiң сүйегi жатыр. Аштан өлген. Жол бойынан табылған… Тағы бiр мәселе. Өткен ғасырдың басында Ертiстiң бiзге қараған жағында екi жүздей қазақ ауылы болған. Қазiр соның 15-20-дайы ғана бар. Қайда қалғаны? Алдымен жаңағы аштық жылдарында, сосын елдiмекендердi iрiлендiру деген саясат кезiнде құрып кеткен. Жергiлiктi халықты сан, сапа, тiл жағынан тұқыртудың небiр айла әрекетi жасалған ғой. Солардың бәрiн зерттеп, «нәтижесiн» халыққа жеткiзу, әр кезеңдегi саясат құрбандарының басына белгi қою – бiздiң қасиеттi мiндетiмiз болмақ. Бұл бүгiнгi де ертеңгi ұрпақ үшiн керек.
Бiр қуанарлығы, Мүбәрак ағаның осындай тамаша ойлары мен ұсыныс-тiлектерiне аудан әкiмi үнемi қолдау көрсетiп отырады екен. Соның арқасы болар, оның «Әйгiлi аудан – Ертiсiм» атты екi томдығы (1998 және 2003 ж.ж.), «Аштық азабы» (2004 ж.) деген поэмасы жарық көрiп, аудан оқырмандарына кеңiнен тараған. Үш кiтап та – ел мен жердiң тарихы. Сондай-ақ аудандағы қазақ мектебiнiң бастауыш сыныптарында, тiл жаттықтыру мақсатында «Мүбарактану», ал жоғарғы сыныптарда «Исатану» сабақтары өтедi екен. Үлгi алатын-ақ iс!
Iс-сапардың соңғы күнiн облыс орталығында өткiзгенбiз. Сөз жоқ, Кереку көзге де, көңiлге де сүйкiмдi қала. Әсiресе, мұндағы үш нысан ерекше, айрықша көрiнедi. Мәшһүр-Жүсiп атындағы мешiт, Православье шiркеуi, Ертiс бойындағы Жағалау демалыс орны. Үшеуi де Ғалымжан Жақияновтың тұсында салынған. Бұны қаладағы соқырға дейiн мойындайтын көрiнедi. Шiркiн, халықтың игiлiгi үшiн, көзге көрiнер бiр нәрсе тындырып кеткен әкiмдi Әкiм деу керек-ау!
Қалада бiрнеше мұражай бар. Солардың iшiнде Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер мұражайын ерекше атау керек болар. Мұндай мұражай елдiң мәдени астанасы Алматыда да жоқ. Ал мұндағы мұражай тек экспонат жинаумен ғана емес, үлкен-үлкен ғылыми жұмыстар жүргiзумен де айналысып отырған көрiнедi.
Жалпы, облыс көлемiнде мәдениет пен руханиятқа қатысты жақсы жұмыстар жүрiп жатқаны анық. Бұны әр аудандағы мұражайлар мен мешiт үйлерiнен, ескi ғимараттарға жүргiзiлiп жатқан реставрациялық жұмыстардан, «Мәдени мұра» бағдарламасы мен өткен жылдың наурызынан берi тыңғылықты жұмыс iстеп келе жатқан, ауыл мәдениетiн көтеруге арналған «Бұлақ» бағдарламасының iс-нәтижелерiнен де көруге болады. Бұл тiптi арнайы мақаланың арқауы.
Алты күнде төрт ауданды аралап, бiр мың үш жүз шақырымдай жол жүрiп, облыс орталығымен қосқанда, сегiз жерде кездесу өткiздiк. Әр кездесуге орта есеппен жиырма-отыздай адам жиналған. Бұл, әрине, көп емес. Жаз мезгiлi. Бiреу ойда, бiреу қырда дегендей. Екiншiден, бiздiң алдымызда ғана ел аралап өткен депутат бар, кандидат бар – жұрт кездесу атаулыдан «тойып» та қалған секiлдi. Дегенмен, көпшiлiктiң, әсiресе ауыл зиялылары мен мектеп ұжымдарының жазушылармен жүздесiп-пiкiрлесуге ынта-ықыластарын әлi жоғалтпағаны байқалады. Демек, оқырман мен қаламгер арасындағы баяғы жақсы байланысты қайта жаңғырту керек қана емес қажет те деймiз. Бұл жағынан Жазушылар одағы мен Президент әкiмшiлiгiнiң қазiргi бастама-ниеттерiн құптаған жөн. Тек бiр ойласатын мәселе: iссапар кезiндегi жазушылардың еңбегiн материалдық жағынан ескеру жайын облыс әкiмшiлiктерiмен күнi бұрын шарт негiзiнде заңдастырып алу жөн болар. Әрине, алдағы уақытта бұл iстiң де оң шешiлетiнiне сенiмiмiз мол.
Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ, жазушы