Мәриям МҰҚАНКЕЛIНI: ТАҒДЫРЫМА РИЗАМЫН

Мәриям МҰҚАНКЕЛIНI: ТАҒДЫРЫМА РИЗАМЫН

Мәриям МҰҚАНКЕЛIНI: ТАҒДЫРЫМА РИЗАМЫН
ашық дереккөзі
490

Бiраздан ойда жүрген шаруа – Мәриям апайымның көңiл-күйiн, денсаулығын сұрап қайту едi. Оның сәтi өзiнiң туған күнi түстi. Мәриям Мұқанкелiнi –халқымыздың бiртуар саңлақ жазушысы, сөз зергерi Сәбит Мұқановтың қара шаңырағының қазiргi иесi, бiраз жылдардан берi өзiм бiлетiн, жақсы көретiн сыйлас апайларымның бiрi едi.

Қарап отырсам, бақытты ұрпақ екенмiн. Кешегi өмiрден өткен сырбаз-сыршыл Сырағаңның (Сырбай Мәуленов) бәйбiшесi Күлжамал, СССР және Қазақстан Республикасының Халық артисi, профессор Шолпан апайлармен (Жандарбекова) он бес-жиырма жылдай сыйлас, сырлас араласыппын. Сол Күлжамал апамыз арқылы Мәриям апаймен танысып, талай әңгiмелерiн тыңдап, батасын алғаныма да қаншама жыл өттi десеңшi!

Әкемiз Сәбиттiң үйiне музей қызметкерi, тағы бiр сыйлас келiншек Гүлнәр Құдабаевамен бардым. Кiре берiстегi кең жарық бөлме – залда аппақ болып Ақ анам — Мәриям күлiп қарсы алды. Жүзiне қарап, бүгiнгi күннiң сәттi басталғанына қуандым. Өйткенi, соңғы екi-үш жыл бұл кiсiнiң көңiл-күйi аса болмай жүрген-тiн. «Түркiстандық¬тардың» атынан апарған бiр құшақ гүлiмдi риза көңiлмен иiскелеп қойды.

— Ой, айналайын, сарықарын бәйбiше бол деп бата берiп едiм талдырмаш келiншек кезiңде. Тура бәйбiше боп қалыпсың, жақсылықтарың ұзағынан сүйiндiрсiн,— деп бетiмнен сүйдi.

Бiраз жыл көрiспедiк, жасы болса жүзге таяп қалды, ұмытып та қалған болар деген күдiгiмнiң тас-талқанын шығарды. Өзiмнен-өзiм әлгi ойыма ыңғайсыздана бастадым, апайдың күтiмi, жарасымды киiмi, ширақ сөздерi көңiлiмдi көншiтiп тастады.—Өзiңдi көрiп қайран Күлекем есiме түстi ғой. Ол кеткелi көңiлден қуаныш көштi, қатарластарыңның аман болғаны да адамға күш екен,— деп бетiн бiр сипап өттi.

Күлжамалдың барында ылғи ақын-жазушылардың жесiрлерi, басы мен болып жиi бас қосушы едiк. Өзiңнiң бiр жазғаның да бар ғой, «Жесiрлер шәйi» деп, iшке жиналған мұң-шерiмiздi бiр күлiп, бiр жылап отырып, ұзақ сырласушы едiк. Оның менен көп кiшiлiгi болса да, үнемi хабарласып, ақылдасып жүретiн. «Әй, Мәке, бүгiн театрға барамыз, жинал немесе пәленшенiң туған күнi, келiп алып кетемiн» деп бiр жаққа баратын болсақ таңертеңнен ескертiп қоятын-ды. Жаратқанның мұнысына да шүкiр, дегенмен ел мен елдi, ауыл мен ауылды байланыстырып, хат-хабар алып тұратын осындай ақылман бәйбiшелердiң де соңы сол Күлекеңдер екен ғой. Сонымен кеттi қызық бiткеннiң бәрi…

Дайындап келген сұрақтар жайына қалып, бiз әңгiменiң көңiл сергiтетiн жағына көштiк.

— Мәриям апай, ертең туған күнiңiз, Сәбит аға не сыйлық жасаушы едi ?

— Туған күн дегендi де қолдан жасадық қой, бiз туған кез солай болды ма, құжатқа өте салақ бопты ғой халқымыз. Кейiн метркесiз-ақ жаздырып алдық. Ол кiсi жетiм өскендiкi ме, үнемi балаларымен, қыздарымен ақылдасып отыратын. Қыздар кiшкентай кездерiнде әкесiнiң менен жасырып алған сыйлықтарын айтып қойып, қыран күлкiге батушы едiк. Сондағысы гауһар тастары бар алтын сақина-бiлезiктер. Сәбең әу бастан әйелдiң жақсы киiнiп, жарқыратып алқа, жүзiктерiн тағып әдемi болып жүргенiн жақсы көрушi едi. Әсiресе, ашық-шашықтан гөрi етек-жеңi ұзын, киiмдердi ұнататын. Өзi де кеңқолтық мол пiшiлген дүниелер киетiн. Дүкен аралауға жаны қас едi. Бәрiн өзiң бiлесiң ғой деп отыратын, сондықтан дайын киiм алуға өзiм баратынмын. Ол кезде үкiметтiң арнайы дүкендерiне бекiтiлiп қойғанбыз. Ал кейде тапсырыспен киiм тiктiре қалсам, айналып-толғанып, бетiнен сүйiп балаша өбектеп: «Мiне, дайын көлiкпен барасың да қайтасың, өлшеп қана алады» деп, жалынып-жалбарынып апарушы едiм. Одан гөрi қалам мен қағазды шимайлауды жақсы көрдi. Еңбекқор едi, жарықтық. Балажан едi, мейрiмдi болатын. Екеумiз бiр шәй деспей ғұмыр кештiк. Өзiме сатып алған көйлектердi де қонаққа бармай тұрып, өзi бiрiншi көретiн. «О, қандай мол жарасамды, түсi де жақсы екен, өңi де жақсы екен» деп балаша мәз болатын-ды. «Әйелдерде сәндi киiмдер мол болғаны жақсы. Еркектерге бiр-екi кастюм-шалбар болса, бес-алты жейдесi болса жарайды» дейдi.

— Немене жалаңаш жүресiңдер ме?—деп күлушi едiм. – Мен де кием, сен де киiнесiң,— деп, сатып әкелген киiмдердi қарап шығып:

— Әй, Мәке, сен осы менiң размерiмдi қалай бiлесiң, дәп-дәл ғой мынауың,— дейтiн кәдiмгiдей таңырқап.

— Осы уақытқа дейiн сенiң талғам-талабыңды, дене-бiтiмiңдi бiлмей не бiтiрiп жүрмiн,—дейтiнмiн. — Өте еңбекқор едi. Қағаз-қаламын қасынан тастаған емес. Осы жетпiске толғанда ғой деймiн, демалысқа кететiн болдық та:

— Сәбе, сен ендi берерiңдi берген адамсың, өзiң үшiн бiр демалыс болсын, мен сөмкеңе қағаз-қалам салмаймын,— дедiм. Қиналыңқырап барып басын изедi. Содан ұшып кеттiк, Мәскеу түбiнде жазушылардың демалыс орны бар. Орналастық. Серуендеп, кино-концерт көрiп бiр жұмадай уақыт өттi. Байқаймын, тықыршып әрең жүр. Аузы жыбырлап, күбiрлеп қояды. Бiр күнi түнде оянып кеткен екенмiн. Бөлмеге болар-болмас шамның жарығы түсiп тұр. Ұйқылы-ояу жатып аса мән бере қоймадым. Бiрақ сергек едiм, көзiмдi ашып қарасам, төсегiнде Сәбең жоқ. Дыбысымды бiлдiрмей, жан-жағыма жайлап қарай бастадым. Сөйтсем… жұқа шәлiм бар едi, соны көлегейлеп үстел үстiндегi шамның жарығымен жазып отыр. Ойын бұзғым келмедi. Ертеңiне түк болмағандай таңертеңгi астан соң, серуендеп жүрмiз.

– Кеше жаңадан кiсiлер түстi ғой деймiн, бiраз уақытқа дейiн шамның сәулесi түсiп тұрды. Түскi аста көрермiз, кiмдер екен,— деп алаңсыз әңгiме бастадым.

Сәбең алғашында үндемей қалды да, артынан селкiлдей күлдi.

— Әй, Мәке, нағыз қусың-ау,— дейдi. Балаша мәз.

— Ой-бүй, жазған-ау, қу боп неғылдым, көргенiмдi айтқаным ғой..

— Әй-әй-әй, қусың, сен бәрiн бiлгенсiң. Мен ғой түнде қолым қышып жұмыс iстеген,— дейдi жаутаң-жаутаң қарап, Сол жолы «Төрт тағанды» жазып қайтты. Осындай да жағдайлар болған.

— Өте сыйластықта ғұмыр кештiк дедiңiз, жазушылар елдiң, халықтың адамы деп жатамыз. Қызғанған кезiңiз болды ма?

— Ойбай, қызғанбағанда. Неге қызғанбайын, маңдайы жарқыраған ондай кiсiнi қызғанбағанда кiмдi қызғанамын. Ол өзi менiң қызғаншақ екенiмдi бiлетiн. Бiлетiн де ешкiмге жоламай, менiң көңiлiме күдiк ұялатпауға тырысатын-ды. Қайда барса да қасынан қалдырмайтын. Сәбемнiң арқасында көрмеген жерiм, бармаған елiм жоқ. Менi қайдан қызғансын, жанып тұрған кезiм, ешкiмге қарайтын шамам да жоқ, Сәбеңдей азаматтың жарымын, ешкiмдi менсiнбеймiн. Дүниеде қол жетпейтiн тек қана өзiмнiң Сәбитiм. Ол өзi әзiл-қалжыңға, бос сөзге аса үйiр емес, томаға тұйықтау, адал, әдiл жан болды. Сосын Ғабит, Ғабидендер менi қылжақ қылатын.

— Ой, малбағар, жайыңа жүр, тып-тыныш қана, бетi жылтырағандардың соңынан сұқтанбай, — деймiн ғой.

— Ой-бай, мынаған жолауға болмайды,ей, бұл бiрдеңенi бүлдiрер,—деп күлетiн мырс-мырс етiп.

Аппақ ақ көбiктi жұмсақ қар жауып тұрған бiр күнi бәрiмiз қонаққа бара жаттық. Қар қалың-ақ түскен екен. Әңгiмелерi мен, Сәбеңнiң болса да қыңқ демейтiн әдетiн бiледi де, менi жағалайды ғой баяғы. Сосын жанына жаймен бардым да, аяғынан шалып қалып едiм, бейқам келе жатқан әлгiлер етпеттерiнен түскенi. Ал кеп күл… «Ой-бай, Сәбе, Мәкең қандай күштi-ей, екеумiздi екi жаққа сұлатты ғой» деп ер азаматтар әбден күлсiн. Мендегi қайдағы күш, ондай қимылды күтпеген өздерi ғой.

Шынында да сол кез бiр қимас дәурен екен ғой, жыл өткен , уақыт өткен сайын есiңе түседi. Сәбеңнiң арқасында тұстас ақын-жазушылардың еркесiне айналған сол бiр жылдар көзден кетсе де, көкiректе сайрап тұр. Әуезовтен, қадiрлi Мұқаңнан бастап сыйлап тұрушы едi. Сәкен қандай едi, бет бiткеннiң сұлуы, ол кiсiнiң де алдынан өтiп, не жүзiне тура қарамай, «сiз-бiз» десiп өттiк. Қандай сырбаз, сұлу, шешен едi. Ақбоз атына мiнiп шыға келгенде, баяғы сал-серiлерден бiрде кем емес, сымбатты. Талай дәмдес болдық. Сәбең сол кiсiнiң үйiнде тұрып, рабфактi бiтiрдi, әкемiздей қабылдадық. Сыйладық. Гүлбаһраммен сырлас, дос болдық. Сәбеңнiң қасында жатыр. Барған сайын тәттi, сәттi күндер еске түседi.

— Әшекей бұйымдарыңыз көп бола тұра, құлағыңызды теспегенiңiз қалай?

— ӘКЕМНIҢ тiлегi солай болыпты. Төрт жасымда әкеден жетiм қалдым. Әкемнiң анасы Зейнептiң тәрбиесiнiң арқасында адам қатары¬на қосылдық қой. Жалғыздың жалғызы болдым ғой, қайтсiн, барын аузыма тосып, әкесiз, анасыз дегiзбей, қатарымнан кем етпей өсiрдi. Содан екi-үш жасым болар, құла¬ғыма сырға салайын деп, уқалап жұқартып отырғанын көрген әкем:

— Апа, қайдағы пәленi қайдан шығардың, баланың жанын ауыртып, салмай-ақ қойшы, сол сырғаңды, апа, теспешi,— деп шырылдап қоя берiптi. Әжем жарықтық жалғыз баласының сол тiлегiн бертiн келе құлағыма құйып қойған болуы керек, мен де сол тiлектi аттап кете алмадым, қарағым. Тiптi сырға туралы, әшекей-бұйым туралы ойлай қалсам, әкемнiң бейнесi көлбеңдейдi де тұрады көз алдымда. Есiмдi бiлiп келе жатқанда анам тұрмысқа шығып кеттi де, Зейнептiң құшағында қала бердiм…

Зейнеп әжем келбеттi, әдемi, тау халқына ұқсайтын қыр мұрынды ұзын бойлы келiстi кiсi едi. Сәбең керемет жақсы көрдi, өзi де жетiм өскен адам ғой, ананың мейiрiмiне қанбай өскендiкi ме, қасымыздан бiр елi қалдырмай, қайда көшсек те бiрге жүрдi. «Шеше, шеше» деп бәйек боп жататын-ды. 1936 жылы қайтыс болғанда да өз қолымен жерледi, осы «Саяхаттың» орнында зират болатын, соған қойған. Кейiн сол зираттар бұзылып, орнына автобекет салынатынын естiгенде, үйге қатты күйзелiп келдi.

—Мәриям, ана шешейдiң сүйегiн алуымыз керек, зират бұзылады екен,— дедi.

—Ой-бүй-ау, оған бере ме екен?—дедiм мен де есiм шығып.

Содан горкомға барып, рұқсат алып, әлгi кiсiнiң сүйегiн қаздырып, арнайы адамдармен бiрге қазiргi Райымбек бабамыздың бойына жатқызды. Кейiн әжемнiң басына белгi қойдырып, үлкен сауапты iс жасап едi. Аяғым жүрген кезге дейiн Зейнептiң басына барып құран оқып тұрдым, қазiр қыздарым барып тұрады. Сол кiсiнiң аялы алақанының арқасында, жоқты-барды сездiрмей тоқшылықта өсiргенiнiң арқасында Сәбеңе қосылып едiм, одан жаман болғам жоқ. Сәбеңдi маған, менi Сәбеңе жолықтырған тағдырыма мың сан тәубе жасап отырамын…

Мәриям апайдың аппақ жүзiне болар-болмас дiрiл пайда болды. Алқынбай екi сағаттан астам сөйлеп отырған ол кiсiнi шаршатып алмайын деген оймен, әңгiме арасында әзiлдесiп те аламыз. Бiрнеше рет суретке түсiрiп алдық. Сонда апай «тұра тұр, қарағым, бет-жүзiмдi жөндеп алайын, менде қайбiр келбет қалды дейсiң» дегенi.

— Бет-жүз демекшi, әдемi қалпыңызды қалай сақтап қалдыңыз? Ұзақ жасауға астың да көмегi болуы керек, әйел ретiнде сүйсiнiп дайындайтын асыңыз не? – деп сұрадық.

— Ей, айналайын-ай, сұлулықтың, көркемдiктiң ауылы алыс қалды ғой. Сол жастық дегеннiң өзi сұлулық деген емес пе, жас келген сайын қайдағы сақтап қалу, әйтеуiр қыртыс-қыртыс боп отырмайын деймiн де, анда-санда бетiмдi әлi де күтетiнiм бар. Бұл ендi бiр жағы өзiм үшiн, сосын төңiрегiңдегiлерге құбыжықтай көрiнбеу үшiн жасалатын тiрлiк қой.

— Әкемiзбен шетелдерде көп болдыңыз, жас кезiңiзде қай елдiң бояуын қолданушы едiңiз?

—Сәбеңнiң арқасында көрмеген ел-жерiм қалмады. Онда да бетiме ұнамды, терiме ұқсас, үйлесетiн бояу ғана алатынмын. Көбiне құрбыларыма сыйлыққа таратып жiберемiн де, әжемнiң үйреткен баяғы өзiмнiң айналайын ақ айранымнан артығын көре алмаушы едiм. Шашым қандай едi, сол шаш қой Сәбеңнiң көзiне түскен. Қап-қалың, жiбектей ұзын бұрымды қазiр көзге түсiре бермейсiң. Шашымды да сол ақпен жуып, бетi-қолымды да бiр мезгiл айранға шылап, терiмдi нәрлендiру осы күнге дейiн қалмай келе жатқан әдет. Ал, ендi анда-мұнда болмаса бетiме опа, ернiме бояу жаққан әйел емеспiн. Бiздiң кезiмiзде судың да таза, ауаның да таза кезi ғой, таза ауамен серуендегендi жаным қалайтын.

Сүйген асымды ғана уақыт талғамай сүйсiне пiсiрiп, асықпай-аптықпай жәймен бабымен iшкендi ұнаттым. Әйел болып ет бүлдiрiп алған кезiм жоқ. Жылқының етiн кейбiреулер қап-қара қатырып алады ғой, мен сақтаған ет үнемi сол күйiнде тұратын. Соғымнан соғымға дейiн бүлдiрмей сақтаушы едiм. Жолға көп шығамыз. Сәбеңнiң бiр әдетi жолаушылап жүрiп сырттан тамақ iшпеушi едi. Сондықтан қазы-қарта, жал-жаямды молдау пiсiрiп, тоңазытып, тiптi шәйға қосатын кiлегейiмдi де бiрге ала жүретiнмiн. Есiмнен кетпейтiн сондай жолсапардың бiрi Азияда теңiз үстiнде теплоходта Сәбеңнiң 60 жылдығын тойлағанымыз. Құдай-ау, үш жүздей адам бар ғой деймiн, сонда дастарқанды үйден әзiрлеп әкеткен аспен-ақ толтырып, елдiң әбден риза болғаны бар.

Жаңа айттым ғой, арманы жоқ Сәбитiмнiң, оны маған, менi оған жолықтырған тағдырға ризамын. Екi жетiм боп қосылып едiк, Құдайға шүкiр өстiк-өндiк. Бермедi емес, Жаратқан ием төрт ұл, екi қыз бердi. Амал жоқ, ұлдарым да кеттi. Немере қызым мен үш қызым бағып-қағып отырған жай бар. Тағдырыма өкпем жоқ. Сәбит көрмеген жүздi көрсеткелi отырған, бұл ұзақ жас деген де Жаратқанның пендесiне қиған дәулетi екен. Аяулы Сәбитiм, алтын Сәбитiмнен осылай ажырасқаным болмаса, осы балалардың алдында қасына барсам деген ғана тiлек.

Әңгiме ауанын тағы да өзгертуге тура келдi. Жасы болса жүзге таяп, жақсыға жақсы жар болған, көптi де көрген, көп те жасаған анамызды бiз де көбiне көңiлдi әңгiмеге тартып отырғанымыз да түсiнiктi болар.

— Мәриям апай, осы қазақтың батыр ұлы Баукең Сiзден қаймығыпты дейдi, рас па?

Ақ апамның жүзiне күлкi үйiрiлiп сала бердi.

— Е, ол қаймыққаны емес, сыйлағаны ғой. Баукең қандай едi, кездейсоқ кiсi жанына жолай бермейтiн сұсты, қатал көретiн. Серi едi өзi. Қонаққа барсақ бiздiң қасымызға жайғасатын-ды. Сонда ұнатпайтын кiсi отырса, мұрты жыбырлап, тынышы кететiн. Соны байқаймын да, «Әй, тыныш отыр, немене жыбырлап кеттiң?» десем, «Мәке, қойдым, қойдым» дейдi. Өте жақсы сыйластықта болдық. Бiр ауыз артық не қарсы сөйлеп көрген емес. «Құдайдан қорықпаймын, Мәриямнан қорқамын» дейтiн.

— Тек, Алла сақтай гөр, айта көрме,- дейтiнмiн. Солай қарағым, сыйласқан сыйлылардың бәрi кеттi. Мықты денсаулық болса, жақсылықтың бәрiн көредi екен кiсi, Алла Тағалам денсаулық берсiн деп тiле.

— Сiз өзiңiз айтқандай, жаныңыз қалағандай, Сәбиттей қазақтың жары болып тарихта қаласыз. Ол кiсiнiң атында көше, мектеп, музей бар. Кiтаптары жаңарып шығып жатыр, артында мына шаруасы қалды-ау дегендей бұйымтайыңыз жоқ па?

— Айтар сыным, өкпем де жоқ. Қанағат дегендi өз басым өте жақсы көретiн кiсiмiн. Жасым болса келiп қалды, уақыт деген өз дегенiн жасайды, бойдан күш-қуат кете бастады, сонда осы жасқа келiп «маған, маған» деп сұрайтындай не басыма күн тусын?! Сұраншақтық, сұғанақтық табиғатыма жат нәрсе едi, солай боп өмiрден өтсем арман жоқ. Даңғарадай үйiм бар, әрине, Сәбитiмнiң ошағы. Жақында қала басшысының тапсырмасымен орынбасары телефон шалып, жағдайымды сұратыпты. Риза болып қалдым. Жоқтықты көрдiк, аш-жалаңаш болдық… барды да, байлықты да көрген, тойған адаммын. Ел сияқты бұйымтай айтсам, осы ел азаматтары қолымды қақпас едi, дегенмен бес-он сом үшiн абыройымды төгер жайым жоқ. Алла риза болсын, хал-жайымды сұрағандарға менен дұғай сәлем дерсiң. Аман екен, балапандарының қамқорлығымен Құдай қаласа төбесi көрiнген жүзге жетсем деген бiр бұйымтайы бар екен дерсiң,— деп езу тартып қойды апай.

— Сәбең жақсы кiсiлердiң шапағатын көп көрдi дедiңiз, өзi де талайға жақсылықтың жарығын түсiрдi емес пе?..

— Дұрыс айтасың. Әсiресе, алғаш үй болып қалыптаса бастаған шағымызда бiздiң үйге студент жастар көп келетiн. Дастарқанымды ендi жинай бастасам, тағы бiреуi кiрiп келе жататын. Бәйек болып дәм әзiрлеп, шығарып салуға әрең үлгеретiнмiн. Олар келген күн бiз үшiн мейрамнан кем емес тәрiздi. Сол тұстағы студенттер арасында «қарындарың ашса Сәбеңдiкiне барыңдар, тамаққа тойғызып, ақшасын салып бередi» деген әзiл болса да шындыққа айналған сөз бар. Әсiресе… бiр күнi осындай жастарды шығарып салып, ендi түскi асқа келетiн Сәбеңе ас дайындап жатқанмын. Есiктiң қоңырауы қайта сыңғырлай жөнелдi. Сағатқа қарасам, әлi ерте, Сәбең емес. Ашсам, қолтығында қыстырып алған дәптерi бар бiр қара бала тұр.

—Сәбит Мұқановтың үйi ме?,- деп сұрайды.

— Иә, иә, кiре ғой,— деп iшке енгiздiм. Сәбең келдi. Таныстық. Ғабдолла деген қарапайым шаруаның баласы – Мәлiк екен. Қазақ фольклорының тұңғыш өкiлдерiнiң бiрегейi, ғалым. Кеңестер Одағының Батыры Мәлiк Ғабдуллинмен осылай басталған таныстық, кейiн туған баламыздай болып, әкелi-балалыдай ғұмыр кештiк.

Мүмкiн, МӘЛIК өлмегенде СӘБЕҢ де өлмес пе едi деп ойлаймын кейде, кiм бiлсiн? Өйткенi, Мәлiктiң қазасынан кейiн ес жия алмай қойды Сәбең. Күндiз-түнi егiлетiн-дi. Қабырғасы қайысып кеттi, белi бүгiлiп кеттi. Не керек, содан кейiн көп ұзамай, үш айдан соң өзi де кеттi ғой iзiнен. Артынан ерген iнiге, бiрге тумаса да туғандай қабылдаған Мәлiкке деген, оның жазғандарына, атқарған тiрлiгiне көңiлi өсiп жүретiн де, «әй, осы баланың отбасындағы көңiл-күйi дұрыс болса, бұдан да жақсы дүниелер жасар едi-ау» деп сырттай өкiнiп, жаны ашып отыратын…

Талайларға инабатты келiн, жақсы жеңге, жетiмдерге көзқарасы мен қабағы түзу, асылдың сынығы Ақ апам—Мәрияммен болған әңгiме, тағы да көңiлсiздеу аяқталды. Өмiр болған соң, оның үстiне көппен сыйлас, тығыз аралас болған соң, онсыз тiрлiк те болмайтынын ол кiсi де, бiз де амалсыз мойындағандаймыз. Қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң ауыр жүгiн сүйреген қазақтың қайыспас қара шалына адал жар, балапандарына мейiрiмдi ана болған осынау Ақ апаммен әңгiме шынымды айтсам, өте әсерлi болды. Қағаз бетiне түспегенi, түсiре алмайтын кейбiр жақтары қаншама… Мүмкiн кезiнде олар да айтылар…

Қоғамның бүгiнгi келбетi, адамзаттың болашағы жөнiндегi керемет пәлсафаға толы ойлары менi керемет толғандырды. «Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiн» айтар болсақ, бетiмен кеткен бойжеткен мен бозбалаға ата-ананың салқынқандылығы, тiршiлiк қамы деп ақшаның соңында кеткен ата-аналардың балаға бөлер уақытын көңiл көтеруге аямауы, уақтында асын дайындап, жатқызып-тұрғызып отырған ананың мейiрiмiн толық сезiнбеген ұрпақтың болашағына алаңдауы ақылман анамызбен болған әңгiмеде тыс қала алмады. «Әйтеуiр, артының қайырын берсiн, осыншама бай қазақ әдебиетi, соны маңдай тер, саналы ойымен жасаған әкелердiң еңбегi қайтар кез алыс еместiгiн, қазақтың май тамызар майда қоңыр тiлi өлмесе керек-тi» деген әдемi сөзiмен әдемi әңгiмемiздi аяқтадық.

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары