АҢЫЗДАН АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

АҢЫЗДАН АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

АҢЫЗДАН АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА
ашық дереккөзі
583

Ақтөбенiң Қобда өңiрiнде Қарақыпшақ Қобыланды батырға арналып ұлы дүрмек той өттi

Өткен жылдан берi Қарақыпшақ Қобыланды батыр туралы Ақтөбе облысында келелi сөз қозғалып, жүйелi iстердiң басы басталған-ды. Мiне, содан берi ақтөбелiктердiң ниетiн, республика жұртшылығы да қолдап, батыр бабамыздың тарихы, өмiр жолы, ерлiк iстерi, ол хақындағы арғы-бергi жазбалар мен «Қобыланды батыр» жырлары бiр жүйеге түсiрiлдi.

Қазақ эпостары туралы алғаш пiкiр жазып, өз ойын бiлдiргендердiң бастауында В.В.Радлов, И.Е.Березин, Г.Н.Потанин, Ш.Ш.Уәлиханов, А.Е.Алекторов, Ә.Диваев,тұрса кейiнгi қазақ әдебиетшi-ғалымдары М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин, О.Нұрмағамбетова, т.б.-дың бағалы да жүйелi еңбектерiнде терең пiкiрлер қалдырған.

«Қобыланды батыр» жырында:

…Қыс қыстауы Қараспан,

Қараспан көкке таласқан,– деген жыр жолдары бар.

Бұл өлең жолдарынан Қобыланды батырдың Оңтүстiк өңiрiнде туғанынан хабардар етедi. Дәл осы жолдар «Қобыланды» жырының 29 нұсқасында да кездеседi. Демек Қобыланды «Қараспан» тауында туып, жамбасы Қобда, Жирен өзендерi бойындағы Жиренқопада тиiптi.

«Қобыланды батыр» жырын зерттеушiлердiң пайымдауынша, Қобыланды батыр Ноғайлы дәуiрiнде (ХIII-ХУI) яғни Қазақ хандығының өз алдына мемлекет болған жылдарының басында өмiр сүргенге ұқсайды.

Аты аңызға айналған Қобыланды батырдың Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Жиренқопа жерiнде орнатылған мемориалды кешенiнiң ашылу салтанатына республиканың барлық өңiрiнен, Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан қалалары мен Өзбекстан, Қарақалпақстан республикаларынан өкiлдер келiптi. Сонымен қыркүйектiң 7-сi күнi облыс әкiмшiлiгiнiң конференц залында Қобыланды батырға арналған ғылыми-тәжiрибелiк конференция өттi. «Қобыланды батыр:аңыздар мен шындықтар тоғысында» атты конференцияда ҚР Президентi Мәдениет орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстанның Халық жазушысы, көрнектi қоғам және мемлекет қайраткерi Әбiш Кекiлбаев, Мәдениет және ақпарат министрi Ермұхамет Ертiсбаев, ғалым Қойшығара Салғарин, антрополог, академик Оразақ Исмағұлов, Ақтөбе облысының әкiмi Елеусiн Сағындықов тағы басқалар сөз алып, Қобыланды батырдың Ноғайлы заманының соңғы кезеңiндегi батырлар тобына жататындығын, аңыздан тарихқа айналғанын нақты деректермен аңыз-әңгiмелердi саралап ғылыми тұрғыда негiздеп бердi.

Қобыланды батырға арналған тарихи мемориалдық кешендi ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Е.Ертiсбаев, Ақтөбе облысының әкiмi Е. Сағындықов ашты. Қобыланды батыр ескерткiшiнiң ашылуы қарсаңында Жиренқопа жаңарып, жасарып кеткен. Батыр тойын өткiзуде ақтөбелiктердiң көп тер төккенiн көзбен көрдiк.

Кесененiң сәулетшiсi, белгiлi сәулетшi Бек Ибраев. Кесененiң биiктiгi – 17,5 метр, диаметрi – 12 метр. Кiре берiс алдында қорғап тұрған мәңгiр, балбал тастар қойылған. Жалпы мемориалдық кешен әдемi де сәндi жасалынған ескерткiш деуге болар. Ал батырдың бейнесiн жасаған белгiлi антрополог, академик Оразақ Исмағұлов батырдың моласынан алынған сүйектi зерттеп, ғалым тап осы сүйектiң Қобыландыныкi екенiн негiздеп, батырдың бас сүйегiн жасап шығарды. Бұл тұста ғалымның көп еңбектенгенi көрiнiп-ақ тұр.

Қобда өзенiнiң бойына орналасқан сахнада қойылған театрландырылған көрiнiс Қобыланды заманын ашып көрсете алды. Бұл тұста Ақтөбе облыстық театр режиссерi Мағзом Бақытжанов бастаған режиссерлер және қойылымға қатысқан оқушылар мен студенттердiң еңбегiн айта кету керек.

Алып кешендi Темiрболат Айтбаев бастаған жергiлiктi құрылысшылар салса, батыр құралдарын салған ағайынды айтулы алматылық үш шебер Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Құлментегiлер. Сондай-ақ той қарсаңында «Қобыланды» жыры (екi тiлде),«Ақтөбе» деп аталған фотоальбом Ақтөбе облысының 75 жылдығына орай шығарылған. «Қобыланды – Жаскiлең». «Қобыланды батыр» атты республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияның материалдары жинақталған кiтаптар жарық көрiп, тойға жиналғандарға сыйлық ретiнде ұсынылды.

Той үстiнде театрландырылған көрiнiстен басқа әрбiр ауылда ән-күй тартылып, палуандар белдестi. Жиренқопадағы 300-ден астам ақшаңқан үйлер реттелiп тiгiлiп, әрбiр ауылға бөлiнiп, қонақтар мен келушiлердi жылы жүзбен қарсы алып жатты.

Тойдың аяғы ат бәйгесiне ұласты. Бәйге жарысқа облыстардың барлығынан және Ресейдiң көптеген облыстарынан жүйрiк аттар қатысты. Бәйге жеңiмпазына басы «ДЖИП» машинасы болып ,басқа да бағалы сыйлықтар берiлдi. 25 шақырымдық жарыс жолына қосылған «Аламан» бәйгедегi аттар 10- айналымға шығарылды. Осынау жарыста 8-айналымда да жарыс жолында бiрiншi болып келген Қызылорданың «Гауһартас» атты жүйрiгi, 9-айналымда екiншi, 10-шы айналымда тағы да алға ұмтылып, қарақшыға басы озып барды. Дегенмен, төрешiлер Алматыдан келген (бiрақ Ақтөбенiң Әйтеке би ауданы атынан қосылған) атқа беруге көңiлi ауыпты.

Жалпы Қобыланды батырдың бас батыр деуге толық негiзi болған, аңыздан ақиқатқа, тарихи тұлғаға айналған кезеңiн көрдiк. Осы тұста ақтөбелiктердiң шын мәнiндегi жасаған еңбектерi, басқа аймақтардағы басшыларға ой салатынына, iрi iстерге жол сiлтейтiн iс болды демекпiн.

Қорыта айтар болсақ, талас, дау тудырмайтын етiп Қобыланды батыр Қазақ батырларының басы болып негiзделдi. Қобыланды батыр тойынан қазақ халқының еңсесiн көтерiп, iргелi ел болғанын, көтерiңкi екенiн көрдiк. Ақтөбелiктерге тойларың тойға ұлассын демекпiз.

Тынышбек Дайрабай, этнограф, ғалым

Серіктес жаңалықтары