ЖАТАҚХАНАСЫЗ СТУДЕНТТЕН БАСПАНАСЫЗ ҚАЗАҚҚА ДЕЙIН...

ЖАТАҚХАНАСЫЗ СТУДЕНТТЕН БАСПАНАСЫЗ ҚАЗАҚҚА ДЕЙIН...

ЖАТАҚХАНАСЫЗ СТУДЕНТТЕН БАСПАНАСЫЗ ҚАЗАҚҚА ДЕЙIН...
ашық дереккөзі
252

Баспана — қазақтың бас ауруына айналғалы қай заман. Қазақ қала салып, отырықшы елге айналғаннан бергi мәселе. Бүгiнгi баспана мәселесi тым өткiр сипат алып отыр. Ол қазақтың даладан қалаға ағылуынан туындап отырған жайт.

Кешегi Кеңес заманының өзiнде 20-30 жыл бойы пәтер сағалап, бала-шағасын бiреудiң босағасында өсiргендердiң саны жетiп артылған. Ол кезде империяның ұсақ ұлттарға ұстанған саясаты салдарынан солай болды делiк. Ал, тәуелсiздiкпен бiрге оянған үкiлi үмiттердiң аяқасты болғанын немен түсiндiремiз. Алпауыттар қазақ жерiн ойыншыққа айналдырып, зәулiм-зәулiм құрылыстарды салып, оның бағасын аспандатып қойғанымен, одан қазаққа қайыр жоқ. Өйткенi, ол құрылыстардың есiгiнен сығалау үшiн қалтаң қомақты болуы керек. Ауылдағы жаман тамы мен екi-үш малын сатып келген қара қазақтың қалтасында ондай пұл қайдан болсын. Ашынған жұрт өз бетiмен жер басып алып, заңсыз үй де тұрғызып жатыр. Бiрақ, оны елеп-ескерiп отырған ешкiм жоқ. Қолынан келсе, күреп тастап қарап отыратын болды. Бұл қарапайым тұрғынның ашу-ызасын қоздыратын қадам екенi ешкiмдi ойландырмайды.

Сайын дала сахарада бүгiнде халқымыздың тең жарымына жуығы тiрлiк етедi. Қалаға ағылғаны ағылып, далада қалғаны далада қалған елдiң күз туа тағы бiр проблемасы қылаң еттi. Ол — жатақхана мәселесi. Қазiр ақылы бөлiм студенттерi түгiлi, мемлекеттiк оқу грантын жеңiп алғандардың өзi жатақхана iздеп сабылып жүр. Бұның сырын оқу орнының басшылары оқуға студенттердiң жылдағыдан көп қабылданғанымен түсiндiредi. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiне биыл 5 мың студент I-курсқа түскен. Бұл әдеттегiден он есе көп. Сол себептен аталған оқу орны алыс-шалғай ауылдардың студенттерiне ғана жатақханадан орын берудi жөн деп тапқан. Яғни, Алматы облысынан келгендерге жатақхана жоқ. Тағы бiр оқу орны 3-4 курстың студенттерiне: «Баспанаңды өзiң тап» деген. Қалай десек те, оқу орындарының басшыларының алдын күзеткен студент пен оның ата-анасынан көз тұнады. Жақындап, сөйлесе кетсең, мұңын мұңдап жылап жiберуге шақ тұрады. Сол оқу орындарының бiрiнде болып, жатақханаға қол жеткiзе алмаған ата-аналармен сәл тiл қатысқанмын.

— Мен былтыр да жатақханасыз қалғанмын, — дейдi 2-курс студентi Қобылан — жатақханадан бiр орын алу үшiн бүкiл туыс-туғанымды салдым. Биыл да солай болып тұр.

Ал, баласын I-курсқа алып келген мына бiр ана факультет деканының алдынан тауы шағылып шықты.

— Балам бiрiншi курсқа өз күшiмен түстi. Грант деушi ме едi, әлгi. Анау Нарынқолдан келiп жүрмiз. Деканға кiрсек: «Неге пәтер жалдамайсыздар?» дейдi. Менiң бұдан басқа да оқытып жатқан балаларым бар. Ал, Алматыдағы пәтер құнын өзiңiз бiлесiз. Бiр бөлмелi пәтердiң өзi 700-800 долларға шықты. Мен күнiмдi көрем бе, жоқ баламның пәтерiне ақша iздеймiн бе, әлде мыналарды оқытам ба, басым қатып тұр, — дейдi ол кiсi.

Тағы бiрi осы Алматы қаласында тұратын менiң танысым болып шықты.

— Ағайынымның қызы едi. Текелiден келген. 111 балмен грантқа түсiп едi. Декан менi мазақ еттi. «Алматыда жап-жақсы туысқаны тұрады екен. Сол қамқорлығына алсын. Далаға тастамайтын шығарсыз ендi бұл қызды», — деп келеке қылды. Мен өз жағдайымды айтып ақталып жатырмын. Үйiмнiң тарлығын, онда да тұратындардың жетiп артылатындығын айттым, алайда, декан мазақ еткенiн қоймады, — дейдi әлгi танысым.

Жатақхана iздеп сабылып жүргендердiң iшiнен бiз өзге ұлт өкiлдерiн кездестiрген жоқпыз. Яғни, жатақхана да қазақтың проблемасына айналғандығының куәсi болдық. Жатақхананың бүгiн мұндай проблемаға айналғанының бiрiншi себебiн жоғарыда айттық. Жылдағыдан 10 есе көп студенттiң оқуға қабылдануы болса, екiншi себебi, көптеген оқу орындары студенттерге арналып салынған жатақханалардың бiразын жекешелендiрiп жiберген. Оған дәлел, Қазақ Мемлекеттiк құрылыс-архитектура академиясының студенттер жатақханасында орнығып алған бiр топ тұрғынның оны босатуға құлықсыздығы. Оларды да түсiнуге болады. Қыстың көзi қырауда жатақхананы тастап шықса, барар жер басар тауы болмайды. Осында күнелтiп жатқандарына алдына — 20, соңына — 10 жыл болып қалған. Оқу орны басшыларының ауызша жекешелендiрiп бердiк дегенiне алданып қалғандар. Сондықтан, оларды шығарып тастауға келген сот орындаушылардың танауы тасқа жиi соғылып қайтуда. Олардың биылғы наразылық акциясы ерекшелеу сипат алды. Қолдарына ордер тиiп, жатақханаға орналаспақ болып келген қазақ жастарын бөлмеге кiргiзбек түгiлi, жатақхананың есiгiнен де өткiзбей қайтарды.

"Мал ашуы — жан ашуы" дейдi қазақ. Десе дегендей. Соңғы жылдарғы оқиғаларға назар аударсақ, қалтасындағы соңғы бақырын сарқып отырып тұрғызып алған күркешiгiн бұзу туралы шешiм шығып, оны күреуге келгендерге табанды қарсылық көрсеткен "Шаңырақтағы" оқиғаның соңы қайғымен, кiсi өлiмiмен аяқталды. Бүгiнде сол оқиғаға қатысы барлардың iсi сотта қаралып жатыр. Әзiрге қабылданған шешiм жоқ, алайда қақтығысқа қатысты деген 25 адам бiр жылдан астам уақыт түрмеде отыр. Жақында мен осы түрмеде отырған жiгiттердiң аналарымен кездесiп қалдым.

— Алматыдан бiр баспана iздеп сабылып келгенде, басымызға бұлт үйiрiлiп, бүкiл ауылы қарап отырған атпал азаматтарымыз түрмеден бiр-ақ шықты. Олардың ендiгi тағдыры не болады, бiлмеймiз, — деседi аналар. "Байтал түгiлi бас қайғы" дегендей бүгiнгi мұңдары — темiр торға жазықсыз қамалған балалары. Оларды ақтаған, не қаралаған үкiм жоқ. Бiр жылдың iшiнде қаншама адвокат жалдағандарын айтып етектерi жасқа толады. Тiптi, бiреуi адвокат жалдау үшiн банкiден несие алған.

— Оны өзiм емес, анам төлеп отыр, — дейдi ол.

Мiне, қара қазақтың бүгiнгi мұңы. ХХ ғасырдың басында да, жерге иелiк ету үшiн күрессе, ХХI ғасырдың басында да, бостандыққа қол жеткiзген заманда да алақандай жер үшiн күресiп жүр. Заңға әрбiр тұрғынның 10 сотық жерге тегiн иелiк ететiндiгiн жазып қойдық. Бiрақ, ол Алматы мен Астанада жүзеге аспайтын Қаулы болып шықты. Соңғы деректерге қарасақ, жердi заңсыз басып алушылардың саны күн өткен сайын көбейiп барады. Мұның сырын әлеуметтiк теңсiздiктен iздеген жөн болар. Алайда, бiздiң билiк тармақтары әлеуметтiк теңсiздiкке көз жұма қарайтын болып алды, кез-келген мәселеде қарапайым тұрғындарды кiнәлап қарап отырамыз. Ал, халықтың қордаланған ашуының бұрқ етуiнiң соңы алапатқа айналатындығын 86-шы жылғы оқиға-ақ дәлелдеп берген жоқ па? Билiк осындай алапаттардың алдын алуы үшiн, қазақтың қалаға енуiн жеделдетуi қажет.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары