ТӘРЖIМЕ ЖӘНЕ ТӨЛ ӘДЕБИЕТ

ТӘРЖIМЕ ЖӘНЕ ТӨЛ ӘДЕБИЕТ

ТӘРЖIМЕ ЖӘНЕ ТӨЛ ӘДЕБИЕТ
ашық дереккөзі
569

1970 жылы қазақ елiнiң рухани өмiрiнде елеулi оқиға болды — "Алдаспан" атты керемет кiтап жарық көрдi. Мұхтар Мағауиннiң мұның алдында шыққан "Қобыз сарынындағы" жаңалық ендi жыраулық поэзия антологиясымен тиянақтала түстi. Қосымша мұқабаның форзацқа бүктелетiн жерiне екi өлең басылған, бiрi — Асан Қайғынiкi, екiншiсi — Бұқар жыраудiкi. Мұндай орынға кiтаптағы ең елеулi шығарма немесе солардан үзiндi берiлетiнi белгiлi. Соның алғашқысы мынандай:

Таза, мiнсiз асыл тас —

Су түбiнде жатады.

Таза, мiнсiз асыл сөз

Ой түбiнде жатады.

Су түбiнде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

Ой түбiнде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады.

(Асан Қайғы).

Қадым заман тереңiнен жеткен осынау даналық жыр жөнiнде шабыттана ой толғаған әдебиетшi аз емес бiзде. Оны тауып, жариялаған Мұхтар Мағауинге де, антология құрастырушысына айтып берген (кiтаптың түсiндiрмесiнде солай жазылған) Iлияс Есенберлинге де алғысымыз алабөтен. Арада жылдар өттi. Қайта құру деген бiр кезең басталып кеттi. Жылжып жариялылық жеттi. Алаштың арыстары ақтала бастады. Алдыңғылардың қатарында Ахаң — Ахмет Байтұрсынов ақталды. 1989 жылы Ахаңның кiтабы да шықты. Қарасақ — осы өлең сол кiтапта жүр. Басына "Ю.Жадовскаядан" деп жазып қойыпты. Бар айырмасы: бiрiншi жол — "Мiнсiз таза меруерт", үшiншi жол — "Мiнсiз таза асыл сөз", бесiншi жол — "Су түбiнде жатқан зат".

Иә, қазақ жырының қымбат қазынасына қосылған, бәрiмiз Асан Қайғы атамыздың айтқан сөзi екенiне титтей де күмән келтiрмей келген бұл жолдар — Ахмет Байтұрсыновтың ХIХ ғасырда өмiр сүрген орыс ақыны Юлия Жадовскаядан жасаған аудармасы… Сенбесеңiз, қараңыз, ақтөбелiк зерделi зерттеушi Н.Байғанина "Университетское переводоведение" атты жинақтағы (Университетское переводоведение. Выпуск 3. СпБ. 2002, 51-59 беттер) мақаласында Ю.Жадовскаяның өзiмiз түпнұсқасын iздеп жүрген өлеңiн 1958 жылы сонау Ярославльде (Жадовская Ю.В. Избранные стихотворения. Ярославль, 1958) жарық көрген жерiнен тауып алып келтiрiптi. Ол кiтапты бiз Мәскеуге 2005 жылы барған жерiмiзден кездестiрiп қалдық. Түпнұсқа мынандай:

Лучший перл таится

В глубине морской;

Зреет мысль святая

В глубине души.

Надо сильно буре

Море взволновать,

Чтоб оно, в бореньи,

Выбросило перл!

Надо сильно чувству

Душу потрясти,

Чтоб оно, в восторге,

Выразила мысль.

Әрине, бұл — алдымен "Алдаспанда", кейiннен "Бес ғасыр жырлайдының" бәленбай басылымында Асан Қайғы өлеңi деп жарияланып жүрген өлеңнiң түпнұсқасы екендiгi талас тудырмайды. Ахмет Байтұрсынов түпнұсқадағы жекелеген сөздердi қазақ ұғымына бейiмдеп (мысалы, Атыраудан басқа жерде теңiз көре қоймайтын қазаққа "теңiздiң тереңiнде" дегеннен гөрi "су түбiнде" деген ұғым жақынырақ) алып келген, өлеңдi барынша ширатып, жұмырлап, афористiк айшыққа жеткiзген. Аударманың мiнсiздiгi, сөз саптауының қазақылығы сондай, 1970 жылы Ахмет Байтұрсынов аудармасын бәрiбiр бастыра алмайтынын бiлген Мұхтар Мағауин Асан Қайғы бабамызға басыбайлы етiп бергенде күмән келтiрген ешкiм болған жоқ.

Осы бiр мысалдың өзi тамаша тәржiмеленген туынды ұлттық сөз өнерiне қандайлық табиғи кiрiгiп кететiнiне даусыз дәлел. Бұл әрi аударманың керемет мүмкiндiгiне де нақты айғақ.

Аудармашылық өнердiң төл әдебиетке әсерi болатындығына ешқандай күмән келтiрудiң жөнi жоқ. В.Огнев кезiнде грузин поэзиясының Заболоцкий өлеңдерiне ықпалы деген мәселенi зерттемей жүрмiз деп жазған едi. Тәржiме арқылы бiр әдебиет бiр әдебиетке не бере алады дегенде көбiне орыс әдебиетiнiң, бұрынғы сөз саптауға салып сөйлесек, ұлт әдебиеттерiне ықпалын айтатынбыз. Негiзiнде, өзге тiлдерден аудара жүрiп, өзiне де талай пайда тапқан, тiптi өлең өлшемiне жаңа түр енгiзген ақындар орыстарда да баршылық. Өзбек ақыны Мукимидiң әдiптеме ұйқаспен жазылған өлеңдерiн аудара-аудара келiп, Николай Ушаков өзi де мынандай жыр төгiлткен:

Вот вы и встретились под ивой после войны,

Под ивой тихой терпеливой после войны.

Друг друга вы узнали сразу после войны.

К чему слова, к чему все фразы после войны?

Рукопожатья молчаливы после войны.

Ах эти ивы, ивы, ивы после войны.

Тамаша емес пе? Л.Мкртчян осы мысалды келтiрiп, "Редиф орыс поэзиясында орныға бастады" деп қуана жазады.

Әбдiкәрiм Ахметов кезiнде Юлиан Тувим өлеңдерiн аударды. Бiр тұсының орысшасы былай:

Трава! Трава по колена,

Давай охватим друг-друга,

Чтоб в мыслях не было больше

Ни меня и ни луга.

Чтоб я цветами, корнями,

Срастился, они же — со мною,

Чтоб никогда между нами

Слова не встали стеною.

Чтобы мы лишь единым звались

Именем неделимым:

Или оба — травою,

Или оба Тувимом.

Мұның қазақшасы былай келтiрiлген:

Ау көкмайса, көкмайса.

Аңсап келдiм құшақ аш, —

Болармыз — өзге, көп болса,

Саған да, маған ұсамас.

Тамырымыз, гүлiмiз

Аралассын, қабыссын.

Бөлек өткен күнiмiз

Бөлiнбестей табыссын.

Айта жүрер көп болса,

Сұрағандар "бұ кiм?" деп, —

Екеуi де — көкмайса,

Екеуi де Тувим! — деп.

Бұл арада аударма сапасына тоқталғалы тұрған жоқпыз. Айтпағымыз — әлем әдебиетiндегi үздiк үлгiлердiң аудармамен айналысатын, өнегелi өлеңдерден өзiне де өрiм алып кететiн айрықша ақындарға жасайтын, дұрысырағы — жасай алатын ықпалы.

Қайың боп мен де бағайын,

Орманнан орным табайын.

Беймәлiм маған өмiрге,

Қайың көзiмен қарайын…

Өмiрге өмiр жалғасып,

Анамыз жерге жармасып,

Бiрде адам, бiрде қайың боп,

Сүрейiк өмiр алмасып…

Тувимде де, Мақатаевта да мотив бiреу. Соған қарамай, екеуi екi басқа жыр.

Рас, кезiнде ұлы ақындар шығармашылығының басқа ақындарға әсерiн тым қарабайырлатып, оңайлатып түсiндiрiп те жүрдiк, оған қимыл-қозғалысыңның бәрiне орыс әдебиетiнiң игi ықпалы тимесе болмайтындай сөйлететiн саясаттың да әсерi болды. Мысалы, "Пушкиндi Абай арқылы Жамбыл да қабыл алды. Ол қазақша аудармалар арқылы "Руслан мен Людмиланы", "Сығандарды", "Кавказ тұтқынын", "Сiбiрге хатты", "Еркiндiк" одасын тыңдады. Мұның бәрi Жамбылдың жаңа бейнелердi өз бойына сiңiруiне септiгiн тигiздi" деген сияқты пайымдаулар сол саясаттың салқыны. Жамбыл атты феноменнiң жөнi басқалау. Қазақ жырының қара қазанында қайнаған Жамбылдың дүниежүзiлiк даңқы дала жерiнде, көшпелi өмiр жағдайында ұлы мәдениет жасалуы үшiн өзге мәдениеттiң тiкелей ықпал етуi мiндеттi шарт еместiгiн, халқымыз өзiнiң рухани талап-тiлегiн қанағаттандыратын, сұлулыққа сұранысын сусындататын қайнарды өз бойынан түгелiмен таба бiлгенiн, яғни, орысша айтқанда, "самодостаточная культура" жасай алғанын дәлелдейдi.

Бейнелi түрде айтар болсақ, аудармашы еңбегiнiң жетiден бiр бөлiгiн ғана судың бетiне шығып тұратын мұхиттағы айсбергке теңей алар едiк. Аудармашының бiлiмi, ой-өрiсiнiң кеңдiгi, тәржiмелейтiн авторының шығармашылығымен жақсы таныстығы, сол ел, сол заман туралы пайым-түсiнiгi… — осылардың бәрi оқырманға көрiнбей тұратын, бiрақ бәрiбiр сезiлмей қоймайтын нәрселер.

Талантты оқырман ғана талантты аудармашы бола алады.

Белгiлi бiр дәрежеде аудармашыға актердiң кейiпкержандылығы да керек. Ол аударма барысында аударатын авторына айналып кетуге тура келедi.

Корней Чуковскийдiң кiтабында Достоевскийдiң Пушкин туралы атақты сөзiнде ақынның "өзге ұлттар данышпандарына" айналып кету қасиетi туралы айтқанда оның төл туындыларын ғана емес, аудармаларын да еске алғаны ескертiлген. Осы пiкiрiне көшер тұста автор аударманың үлкен шеберлерi ғана өзiнiң эго-сын, яғни өзiмшiлдiгiн еңсерiп, аударатын авторына айналып кете алады деген ойын ортаға салған.

Аудармашының өзi аударатын авторға құрметпен қарауы орынды, алайда құлай берiлуi тiптi де шарт емес. "Стилi жағынан да, сенiм-нанымы жағынан да, жан-күйi жағынан да өзiне соншама жақын келмейтiн өзге тiлдi жазушыларды аударуға тек кәнiгi шеберлер, мәдениетi жоғары, талғамы нәзiк, сарабдал суреткерлер ғана кiрiседi. Мұндай сөз зергерлерiнiң сирек кездесетiн бiр қасиетi бар: олар өздерi аудармада қайта туындатуға тиiс шығармашылық тұлғаны бедерлi таныту үшiн өздерiнiң жеке басының жан ауанын, көңiл-күйiн, талғамын тежей бiледi", дейдi Корней Чуковский.

Кезiнде "Қазақ әдебиетiнде" (1958, 17 қаңтар) "Аударма мәдениетiн көтере берейiк" деген есеп-мақала жарияланған. Жазушылар одағында өткен көркем аударма мәселесiне арналған жиын жөнiнде әңгiмеленетiн мақаланың бiр тұсында Хамит Ерғалиевтiң сөзiне байланысты: "Поэзияны аударудың мәселелерi жөнiнде кейбiр орынды ойлар айта тұрса да, ол: "Абай аудармасы поэзияны аударудың үлгiсi бола алмайды" деп жаңсақ пiкiр айтып қалды", делiнген. Бiз ақын ол сөздi Абайдың аудармадағы әдiс-тәсiлдерi бүгiнгi аударманың бұлжытпай ұстанатын нормалары ретiнде қаралуы шарт емес деген тұрғыда айтқан болар деп шамалаймыз. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, аударма нормалары уақытқа сай, оқырман талабына сай өзгерiп отыратынын, өзгерiп отыруға тиiс екенiн мойындауға тура келедi.

Аударманың халықаралық саясатқа, елдiң өз iшiндегi саяси ахуалға қатысты қарқын алып немесе бәсең тартып жататын кезеңдерi де көп болады. ХIХ ғасырдың аяқ шенiнде армян тiлiне болгар жазушыларының шығармалары көп аударылыпты. Себебi түсiнiктi. Л.Каравелов, З.Стоянов, И.Базов сынды болгар жазушыларының түрiк езгiсiне қарсы ұлттық көтерiлiстер туралы шығармаларын аудару армян халқын азаттық жолындағы күреске шақыруға тиiс едi. К.Джингозянның жазуына қарағанда, Л.Каравеловтiң "Басқаның бейiтiнiң басында көз жасын төкпей жылайды" атты повесiнiң аудармасында адам есiмдерi мен жер аттары әдейi армяндандырылған екен. Соның арқасында повесте суреттелген оқиғаларды армян баспасөзi "түрiктер езгiге салған армян кедейлерiнiң өмiрiнен алынған" шығарма деп бағалапты.

Аударма — уақытқа тәуелдi өнер. Ешкiм де барлық замандарға бiрдей жарай беретiн аударма жасай алмауы мүмкiн. Орыс әдебиетшiлерi Н.Заболоцкийдiң классикалық аудармасын — "Жолбарыс тонды жиһанкездi" мақтағанда орыс тiлi өзгергенше ендi ешкiм бұл поэманы қайта аударуға тәуекел ете қоймас десiп жатады. Бұл — керемет баға. Ал егер уақыт ауанына орай тiл өзгерiп жатса ше?.. Онда сол өзгерген тiлге лайық жаңа аударма жасалуы да әбден мүмкiн болар? Сондықтан да әр дәуiр өз аудармасын талап етедi делiнедi. Түпнұсқа ғана ескiрмеуi мүмкiн.

Ю.Левин "Национальная литература и перевод" деген мақаласында А.Лейтестiң "Художественный перевод как явление родной литературы" атты мақаласындағы негiзгi тезистi былайша дамытады: "Мысал үшiн орыс совет әдебиетiнiң тарихын алып қарайықшы. Дәстүр бойынша ол, басқа да ұлтық әдебиеттер секiлдi, былайша баяндалады. Орыс совет жазушыларының творчестволық қызметi, олардың шығармалары, олар шешкен мәселелер, олардың туындыларының қандай үндестiкке ие болғаны, тағы сол секiлдi жайлар талданады. Бұл ендi "өндiрушiлердiң" көзiмен қарағанда солай екенi анық. Ал егер мәселеге "тұтынушылардың" тұрғысынан келiп қарасақ қайтер едi? Орыс совет оқырманы солармен бiр қатарда өзiнiң ана тiлiнде, қадап айтамыз — өзiнiң ана тiлiнде Ролланды да, Барбюстi де, Манндарды да, Хемингуэйдi де, Фейхтвангердi де, Ремаркты да, Чапектi де, Фолкнердi де, Тагорды да, Стейнбенктi де, Сент-Экзюперидi де, көптеген басқа қаламгерлердi де оқиды, оларды да тап солардай қабылдайды ғой. Бiздiң отандастарымыз болып табылатын осынау жазушылармен қатар олар да аударма арқылы "халықтық сана-сезiмдi орнықтыруға, санаткерлiк пен эстетикалық көзқарасты дамытуға маңызды үлес қосады". Ал Роллан, Хемингуэй немесе Брехт сияқты алыптар бұл iске кейбiр совет жазушыларынан гөрi көбiрек үлес қосатынына келiсерсiздер. Әйтпесе "Гамлеттi" алайық, ол туындының XIX ғасырдағы орыс әдебиетiне аудармалар арқылы жасаған әсерiнiң маңызы қайбiр тұрғыдан алып қарағанда тiптi "Евгений Онегиннен" де кем түспейтiндей болған".

Бұл өте қызғылықты тезис. Дәл осы жайды бiздiң қазақ әдебиетiнен де, жалпы кез-келген ұлттық әдебиеттен де байқауға болады. Қазақ қаламгерлерi де, әрине, қазақ оқырмандары да өзi қолға қалам алған шақта да, қолға кiтап ұстаған шақта да мынау аударма, мынау түпнұсқа деп бөлiп жатпайды, жанына не жақын келсе соны оқи бередi, тiптi аудармасы алақол болып келдi деген күннiң өзiнде шығарманың өн бойындағы классикалық қуат кернеп бара жататындықтан көңiлдегiдей тәржiмеленбеген кiтаптарға да құштарлығын онша кемiте қоймайды. Мұның алдымен проза кiтаптарына қатысты екенiн жоғарыда айттық. Әсiресе ауылдан шыққан, күнi кешеге дейiн қазақ қаламгерлерiнiң барлығы дерлiк тек қана ауылдан шығып келдi ғой, сан түрлi себептерге байланысты орысша кiтаптарды түпнұсқадан оқу мүмкiндiгiне ие бола алмаған (бұл арада олардың орысшаны еркiн меңгере қоймауына қоса ауыл дүкендерiнде орыс тiлiндегi кiтаптардың тапшылығын да айтуға болар едi), талапкерлердiң сөз өнерiнiң үздiк үлгiлерiн алдымен аударма арқылы танып-бiлгенi тегiн емес.

Поэзияда төлтума мен телтуманың арасы бiте қайнасып кететiн жайлар тiптi жиi ұшырасады. Ю.Левиннiң: "Тредиаковскийдiң "Телемахидасын", Сумароковтың "Гамлетiн", Поптың "Илиадасын" қай қатарға апарып қоярсыз?" деп қиналатын жерi бар. Мұндай жайлар бiздiң ұлттық сөз өнерiмiзден де табылады.

Қалай дегенде де аудармашы өз тiлiндегi оқырман үшiн жазады. Ол ұлттық өлең мектебiнде тәрбие алған оқырманның түсiнiк-пайымын, таным деңгейiн, талғамын, қалыптасқан дәстүрлердi ескермей отыра алмайды. Абайдың өз тұсындағы оқырман талғамымен санасуына мысал ретiнде Мұратбек Бөжеевтiң: "Пушкин берген сипатты Абай да дәл айтып берудi мақұл көргенге ұқсайды. Бiрақ Абай ХII шумақтың:

"Но вы, блаженные мужья,

С ним остались вы, друзья;

Его ласкал супруг лукавый

Фобласа давний ученик", —

деген жолдарын әдейi аудармағанға ұқсайды. Онегиннiң Фобластың шәкiртi екендiгi Абайға ұнамаған шығар. Пушкин Онегиннiң әйелшiл адам екендiгiн, кейде өз жолдастарының әйелдерiне де көз сала жүретiн бозбалашылыққа құмар ұстамсыз мiнезден аман емес екенiн айта кетедi. Абай Онегиннiң бұл сияқты келiсiмсiз ұсақ мiнездерiн қазымырлай айтып жатуды артық көрген. Абай Онегиннiң ұсақ мiнездерiнен гөрi оның тәуiр жақтарына көз салған көрiнедi", дегенiн айтуға болады. Мұндағы Фоблас — Луве де Кувренiң "Серi Фобластың бастан кешкендерi" романының бас кейiпкерi. Абайдың Лермонтовтың "Не верь себе" деген өлеңiн аударған тұста шығарма түйiнiндегi "… Как разрумяненный трагический актер, махающий мечом картонным" деген жолдарды да орынды тастап кеткенiне кезiнде Мырзабек Дүйсенов назар аударған. Расында да, театры жоқ даланың оқырманы мұндай образдарды жатсынып тұрары анық едi, тiптi түсiнбеуi де мүмкiн болатын.

Сонымен қатар бiздiң оқырман осындайға үйренген, анандай өлең оған бөгде болып келедi, ойына орныға қалмайды, құлағына қона кетпейдi деген ұстаныммен аударылатын шығарманы әдейi оңайлату, қолдан қазақыландыру да жөнсiз екендiгi даусыз.

Аудармашы өз оқырманының талғамын жаңа өрiстерге тартып жатса, күнес биiктерге көтерiп жатса ғанибеттiң ғанибетi. Әрине, бұл қиынның қиыны. Өзге тiлдегi үздiк үлгiнi қолға алған ақын өз оқырманының эстетикалық тұрғыдан қабылдампаздығын тәрбиелеудi де дәйiм есте ұстағаны, өзге ұлттық мәдениеттердiң өлең өнерiндегi құнды қасиеттердiң қыр-сырын ашу арқылы сол тiлдердегi өлең өрiмдерiнен өзiмiзге де өнеге болатындай өрнектер тауып жатқаны абзал. Қайрат Жұмағалиевтiң "Дархан дәстүр жемiсi" атты мақаласында: "Заманы бөлек, тiлi басқа, туған топырағы тосын, ұғымы шалғай, салт-сана, дәстүрi әр алуан ақындарды ана тiлiмiзде сөйлету асқан бiлiмдарлықты, даңғайыр диапазонды, дархан да дара дарын иесi болуды, сондай-ақ, өлеңдiк форманың әрқандай құбылысын, қисапсыз қыры мен сырын кең меңгерген виртуоз болуды талап етерi хақ", дейтiнi содан. Қазiр өзi кез келген сөздi аударып ала беретiн болдық қой, бiрақ, осы арада "виртуоз" сөзi орнында тұрған сияқты.

Абайдың "Сөз түзелдi, тыңдаушы, сен де түзелiн" аудармаға да қатысты айтудың ретi бар. Тәржiменiң қалай шығуы аудармашының өзiне ғана байланысты болса бәрi де әлдеқайда оңайланып кетер едi. Кез келген өнер туындысының, соның iшiнде өлең-жырдың да бағасы, дәлiрек айтқанда, оның оқырманға әсер етуi сол туындыны кiмнiң, қалай оқуына да қатысты. Оқырман талғамы аударманың сипатына, сапасына әсер ететiн басты факторлардың бiрi дегенде бiз аударма туралы түсiнiктiң, оған қойылар талаптардың дұрыс қалыптасуы өзге тiлде қайта туған дүниенiң жұртшылық тарапынан қабылдануына шешушi ықпал жасайтынын да еске аламыз. Өйткенi, қалай болғанда да, әдеби шығарманың бағасы заманға, уақытқа, қалыптасқан жағдайға, ортаға орай өзгерiп отыратындығы даусыз. Абсолюттi ақиқат жалпы өмiрде болмайды десек, ол өнер әлемiнде тiптi де болмайды.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ

Серіктес жаңалықтары