ШУ АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШIТ БОЙ КӨТЕРДI
ШУ АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШIТ БОЙ КӨТЕРДI
Күллi мұсылман жұртшылығы асыға күтетiн қасиеттi Рамазан айы қарсаңында Жамбыл облысы Шу ауданындағы Абай ауылының тұрғындары көл-көсiр қуанышқа бөлендi. Ауылда 2007 жылдың наурыз айында қолға алынған мешiт құрылысы аяқталып, пайдалануға берiлдi. Өткен аптада осы қуанышқа арналған салтанатты жиын болып өттi. Оған қатысқан Қазақстан Республикасы Дiни басқармасының бас мүфтиi Әбсәттар Қажы Дербiсәлiұлы: "Қыз деген — қонақ. Олар елiне келедi, кетедi. Туған жерiне мұндай жақсылық жасайтын қыздар өте сирек кездеседi. Осы жағынан алғанда Рәшкүл Жәлелқызы бүгiн көпшiлiкке үлкен үлгi көрсетiп отыр",— деп атап өттi.
Сондай-ақ айтулы мерекеге Жамбыл облысының имамдары мен басқа да лауазымды тұлғалар қатысып, iзгi тiлектерiн бiлдiрдi. Ал жиналған жұртшылық мешiттiң салынуына мұрындық болған күйеу балалары Әлiшер Толыбаевқа шынайы ризашылықтарын бiлдiрiп, арғымақ ат мiнгiздi және де iскер қыздарына, елiмiзге белгiлi кәсiпкер әйелдердiң бiрi, "Құрмет" орденiнiң иегерi, Оңтүстiк Қазақстан облыстық Мәслихатының депутаты, "Береке" ЖШС-нiң директоры Рәшкүл Оспанәлиеваға алғыстарын жаудырып жатты.
Мешiттiң ашылу салтанатынан кейiн мешiтке есiмi берiлген Оспанәлi ақсақалдың аруағына бағышталып ас берiлiп, құран оқылды. Оспанәлi ақсақал — өз заманында елге сыйлы, халқына құрметтi ел ағасы болған жан.
Мешiт Арыстан баб мешiтiнiң сәулет өнерiмен салынған, екi мұнаралы( 13 метр) және бiр күмбездi (11 метр), оның қабырға биiктiгi 18 метр, енi 15 метр, ұзындығы 20 метр, күмбезiнiң диаметрi 5 метр, 500 адамға есептелген. Сонымен бiрге мешiттiң жанында үлкен медресесi (ұзындығы 20 метр, енi 6 метр) мен кiтапханасы да бар.
Бiр айта кетерлiгi, Р.Жәлелқызы Қазақстан Республикасы Президентiнiң үкiмiмен 2005-2006 жылдары мәдени және гуманитарлық салалардағы қайырымдылық және демеушiлiк қызметi үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Құрмет дипломымен, сонымен бiрге тәуелсiздiгiмiздiң 15 жылдығына орай мемлекеттiк "Құрмет" орденiмен марапатталған. Сондай-ақ, Рәшкүлдiң халық игiлiгi үшiн атқарып жатқан игi iстерi өз алдына үлкен бiр әңгiме өзегi болғандай.
Оның iскерлiгi арқасында бiр кездерi қирап, жоқ болып кетуге шақ қалған зауыт бүгiнде құрылыс материалдарының бiрнеше түрiн, сондай-ақ асфальт пен темiр бетон бұйымдарын шығаратын 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған елiмiздегi iргелi кәсiпорындардың бiрiне айналды. Оңтүстiк Қазақстан жолдарын жақсартуда, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауда, әлеуметтiк-мәдени шараларды жүзеге асыруда Рәшкүл Жәлелқызының атқарып отырған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай.
Елiмiздегi әрбiр кәсiпкер өзiнiң туған ауылына осындай қуаныш сыйлап жатса, ауылдар күннен күнге көрiктене түссе, өркениетке ұмтылған елiмiздiң мәртебесi де биiктей түсерi хақ.
«ТҮРКIСТАН-АҚПАРАТ»