АЛТЫНБЕГIН АЛАТАУ ЖОҚТАП ЖАТЫР
АЛТЫНБЕГIН АЛАТАУ ЖОҚТАП ЖАТЫР
Қалың қарағайлы әсем беткейлерi алақандағыдай ап-анық көрiнген таудың қолат-қойнау, терең шатқалдарын көгiлжiм жеңiл мұнар, нәзiк шiлтер, жұқа жiбектей төгiле көлегейлеп жатыр. Әлдеқайдан әредiк лекiте соққан ерке тау самалымен дiрiлдеп, жұмбақ сырын жасыра көлбеңдейдi.
– Беу, қапас қаланың бой бермейтiн шаңы мен улы газы мына тауды да буып тастапты, – дедi «Түркiстан» газетiнiң журналисi Көлбай Адырбекұлы, беткейде жер бетiне текпiшектене шығып жатқан жуан-жуан қарағай тамырларына өкшесiн тiреген күйi ұзынша бойын тiктеп. Атжақты, бидай өңдi жүзiнен, түйiп алған қыртысты қабағынан iшкi қыжылы айқын аңғарылған. – Ғасырлар бойы емiзулi баладай күнәсiз жатқан, тұмса табиғатты осылайша тұмшалап, өз қолымызбен тұншықтырамыз-ау.
Әсте онша-мұншаға селт ете қоймайтын аса сабырлы, томаға-тұйық, бiрақ қолына қалам алғанда жазғандары жұрттың жүрегiн жаулап алатын ақмылтық Көлағаңның осыншама елжiреп, жаны жүдегенiн көрсемшi. Айта бередi-ау, адам қиналып, алға басқан аяғы керi кетiп тұрғанда лирикада несi бар десеңшi?!
– Жо-жоқ, ол жәй мұнар ғой, – деп Жүсiпбек Қорғасбек – «Жас Алаш» газетiнiң бас редакторы абы-күбi шыға қолдарын сермеледi. Өзге уақытта аса салмақты оның бойынан да өзiм бұрын байқамаған қасиеттердi көргендеймiн. Әйтеуiр елгезектенiп, ерекше жасаңғырап алған сияқты. Сосын тiк қияға iлби өрмелеген, бүктетiле тырмысқан маған жаны аши қарады. – Асықпай, ақырындап жүр. Тауға алғаш шығу ауыр болады. Шiркiн, бәрiн тастап, тау қойнауында қой жайып жүрсең ғой. Мао Цзедун да шалқар кеңiстiк, бытырай жайылған малды жақсы көрген екен. Ал, Көлаға, жөндеп қарап алыңыз, шаң мен газ анау Алматының үстiн торлап, таза ауа бермей бүркеп жатыр.
– Әй, айтып тұрған дiрiлдеген мұнарың да сау сиырдың боғы деймiсiң, – дедiм қастарына таяп, әлгiде жолбастаушымыз – Ұлан тауып берген басы имек таяқты бейнеткеш адамның бiлек тамырларындай адырайып жатқан қарағай тамырына тiрей еңсемдi түзеп. – Манадан тамсанған мұнарларың да улы газбен араласып, қойыртпақ боп көлбеңдейтiн шығар.
Әлгiден сиыр соқпақпен тiкше қияға мысықтабандап тырмысқан әрi өнбейтiн мықшыңдаудан әлден-ақ өкпем кәуаптай күйiп, қатты қалжыраған маған мыналардың әңгiмесi әшейiн сөз, жәй айтыла салған жалған лепес сияқты естiлген. Тауға келген, ерекше сұлулықты көрген соң туған жалған тамсану ғана сияқты. Әйтпесе, шын шаршаған адамға табиғаттың сұлулығының бәсi бес тиын. Бәлкiм, бұл екеуi мүлдем шаршамаған шығар. Әй, несiн айтасың, жалқау, аянкес адамға теледидарға қаратып қойылған жұмсақ диваннан қымбат, жайлы биiктiк жоқ…
Ал анау етектегi Алматының аспаны расымен қорқынышты екен-ау. Биiк үйлердiң үстiн тұмшалаған қарақошқыл мұнар – шаң мен улы газдың қойыртпақ коктейлi бейшара қаланың еңсесiн езiп, жерге жаншып тастағандай. Ауа тазарғанда асқақтап көрiнетiн зәулiм үйлер мен биiк мырзатеректер мықырая жер бауырлап, көзге әрең шалынады. Жайшылықта жанына таяғаныңда үрейлi үнсiздiк, тәкаппарлығымен абдыратып тастайтын «жаңа қазақтардың» дуалы ұлы Қытай қорғанындай көрiнетiн, бәсекелесiп бiр-бiрiнен асқақтатып салған коттедждерi де мықырайып, үйшiктей-ақ көзге әрең шалынады екен мынау биiктен. Ендеше олар несiне күпiнiп жүр екен, а?! Бойың мен үйiң таудан бәрiбiр биiк болмайтын көрiнедi…бiрақ адамда ой биiктiгi, сана, мақсат биiктiгi бар емес пе?!
Өмiрде бәрi де салыстырмалы ғана екен ғой. Ал Алматының үстiн жапқан қорғасын түстес көкшiл сұр жамылғы бiраз биiктегенде сәл сейiле көгiлдiрленiп барып, одан соң қайтадан қарауытып, еш қозғалыссыз тұтаса тұтылып қалған. Белдеу-белдеу боп жатыр, әлде қара ала көбiктей көпсидi десе келе ме?..
Сол жақтағы Алатау көкжиектi қымтай маңғазданып жатыр. Бүгiн таудың қабағы ерекше ашық, жайдары. Бiр-бiрiне тiзбектеле жалғасқан шыңдар барша сұлу, көркем қалпымен мұнарға малына асқақтайды. Сары күздiң ерекше жаймашуағында құт қойнаулары жұмбақ сырға толып тұр. Тұтаса көрiнген қарағайлы орманның әр тұсына қызғылт сары бояу жүгiрiп, алтын зер тағынғандай кербезденедi. Жапырақтары қурай бастаған қандығаштар ма екен?! Жанға жайлы, денеге жұмсақ күн сәулесi өн-бойыңды әлдебiр нәзiктiкпен аймалайтындай. Бәлкiм, қазақтың бiртуар ұлы Алтынбек Сәрсенбаевтың туған күнi – 12 қыркүйек қарсаңында, қасиеттi жұмада, осындай ерекше шара – Алтынбектiң табаны тиген, өзi асықпай аралауды жақсы көрген тау қойнауында журналистер жорығын ұйымдастырған «жасалаштықтардың» iзгi ойларын, жақсы ниеттерiн жайдарлығымен құптағаны шығар-ау.
Ал төменде адамдар құжынаған қатыгез қала қарауытады. Жақсылығы мен зұлымдық, әдiлетi мен қараулық, ақ пен қара тынымсыз айқасып жатқан қорқау апан. Адамгершiлiк ар-ұждан арзандаған анау қатулы қабақ қаланың бейшара қалыппен мәңгiлiк таулар алдында бүрiсiп жатуы жүректi ерiксiз езедi. Алыстан әрi биiктен қарағанда қала тiршiлiгiнiң бәрi мәнсiз жанталас, құр әбiгер ғана сияқты. Қорқаулық пен қатыгездiк, зұлымдық пен аярлық, ашкөздiк пен тойымсыздық адамға ғана тән, ал мына таулар үшiн олар елеуге тұрмайтын өткiншi дүниелер.
Адамдарға әдiлеттiлiк туралы үйретiп әуре болудың қажетi жоқ, тек әрбiр жеке адамның өзi әдiлеттi өмiр сүрсе жетiп жатыр. Бiрақ өмiрде түк олай емес. Анау етектегi Алматыда бейуақтағы жұмбақ өлiмдер көбейiп барады жыл сайын. Халық деп шырылдаған ұлдар көз жұмуда қапияда. Қадам бассаң шығар жолы жоқ тұйыққа, «Неге бұлай?» деген жауабы жоқ сауалға тiрелесiң. Бәрi де тым-тым күрделi.
Күнi кеше Әуезов атындағы драма театрында туғанына 60 жыл толғаны атап өтiлген марқұм Сағат Әшiмбаев та бiр кездерi дәптерiне: «Бiздiң дәуiрiмiздiң III ғасырында өмiр сүрген грек ойшылы Диоген Лаэрций тамаша айтқан. «Государства погибают тогда, когда не могут более отличать хороших людей от дурных» – деген. Диоген сөздерiнде терең шындық бар», – деп жазған екен. Аз ғана ғұмыр сүрген, туған халқының жүрегiнде терең iз қалдырған қайран Сағат аға бұл сөздердi қандай оймен жазды екен, ненi болжап қамықты?! Жанын не тербетiп, жүрегiн не ауыртты? Кемеңгер жанның осы жазбаны неге меңзеп түрткенiн ендi мұқым дүниеде ешкiм бiле алмайды… Ал аз ғана өмiр сүрсе де, талай адамдардың жүрегiнде аты мәңгi жазылып қалған Алтынбек те, қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкенмен, өмiрдi, адамдарды ыстық, адал жүрегiнiң бар жылуымен сүйген Алтынбек те Алатауды аралағанда не ойлап, не жайлы толғанды екен?! Мұны да ендi ешбiрiмiз бiле алмаймыз.
Алтынбекпен осы жолда талай бiрге жүрген Ұланның айтуынша, екеуi бiз жүрген 18 шақырымды екi, екi жарым сағатта жүрiп өтетiн болса керек. Ал бiз Құмбелге дейiн төрт сағат бойы сүйретiлiп келемiз. Шыңдар да қалмай, қатарласып тiзбектеле түседi сұстанып. Үзiлмей жалғасады.
Бiр газетте таяуда ғана «Шыңбұлақ» па, «Шымбұлақ» па деп, пiкiрталас тудырып жазған автордың мақаласы ойыма оралды. Беу, болмашыны дауға айналдырған қайран қазекем-ай, содан өзгерер бiрдеңе бар ма өзi. «Шың» да, «Шым» да қазақтың қасиеттi төл сөзi. Бiрiнiң орнына бiрiн қойғанда ұтарың қайсы? Есесiне, осынау Алатаудағы тiзбектелген шыңдардың екi-үшеуi ғана қазақша аталатынын неге жазбасқа?! Әуезов шыңы, Талғар шыңы, Кiмасар асуы… Ал өзгелерi «пик Победы», «пик Коммунизма», «пик Ленинского комсомола» сияқты болып орысша тiзбектеледi. Сол шыңдарға өздерiнше ат қойып, картаға түрткен шағында орыс альпинистерi мен картографтары маңайдағы қазақтармен ақылдаса қоймағаны кәмiл. Ал ендi өзi сүйген Алатаудың бiр шыңын Алтынбектiң нәмiне қиып, еншiлеуге қоғам дайын ба, билiк бас шұлғып келiсер ме екен?! Әй, бiлмеймiн… Бiлмеймiн.
Жiгiттер зiлсiз әзiл айтып, қыздар сылқ-сылқ күлген жастар жағы бiртiндеп озып, еңiске қарай ұзап барады. Төзiмдiсiн-ай, Көлаға да солардың ортасында қараң-құраң етедi. Үнсiз сүйретiлемiн. Қартаю – қалың шашқа ақ кiрiп, бетке әжiм түсу емес екен-ау. Қартаю – қатар жүрген жастардың жазықты қуалап жеткiзбей кетуi, бiртiндеп алыстай беруi көрiнедi. Ех, жастық шақ!..
Тағы да тауларға қарадым. Шыңдардың басына кешкi бұлттар аялдап, жалама жартастар кешкi ала сәулемен түнерiп бара жатқандай. Табиғат әлденеге алаңдаулы сияқты. Әлде, асқақ Алатау Алтынбегiн жоқтап жатыр ма, мынау бейуақта…
Жаңабек ШАҒАТАЙ