ДАFДАРЫСТАН КЕЙIНГI ЖЕҢIС

ДАFДАРЫСТАН КЕЙIНГI ЖЕҢIС

ДАFДАРЫСТАН КЕЙIНГI ЖЕҢIС
ашық дереккөзі
251

Төрт ай бұрын «Түркiстан» газетiне Анкарадан телефон арқылы арнайы сұхбат берген Түркия Мәжiлiсiнiң депутаты, Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы Парламенттiк ассамблеясының вице-президентi Невзат Ялчынташ мырза түрiктер жерiндегi қос сайлауда өзi мүшесi болып табылатын Әдiлет және даму партиясының (ӘДП) сөзсiз жеңiске жететiнiн, ал президенттiкке Абдуллах Гүлдiң сайланатынын айтқан болатын. Саясаттың майын iшкен сарабдал сыншы бұл жолы да қателескен жоқ. Мәжiлiстегi 550 мандаттың 340-ы ӘДП-ның еншiсiне тисе, президенттiк таққа ӘДП тарапынан ұсынылған бiрыңғай үмiткер – Абдуллах Гүл отырды. Сайлаушылардың басым бөлiгi сенiм артқан премьер қарсыластарынан несiмен ерекшелендi? Оппозиция неге шарасыз? Түрiк билiгiне жиi наразылық танытып жүрген күрдтердiң кешегi парламенттiк сайлауға көңiлi неге тоқ?

Халық тағы да Ердоғанға сенiм артты

Бiрнеше айдан берi түрiктердi сергелдеңге салған саяси дағдарыс аяқталды. Талас пен тартысқа толы болған парламенттiк сайлауда Түркия премьер-министрi Реджеп Тайип Ердоған басшылық ететiн Әдiлет және даму партиясының өкiлдерi тағы да жеңiске жеттi. Ресми деректерге сүйенсек, сайлаушылардың 46,66 пайызы премьердiң партиясына сенiм артқан. Ал үстiмiздегi жылдың 28 тамызында Түркия парламентiнде өткiзiлген президенттiк сайлаудың үшiншi кезеңiнде 550 депутаттың 339-ы саяси науқанға дейiн елдiң сыртқы iстер министрi қызметiн атқарған және ӘДП-нiң бiрыңғай үмiткерi Абдуллах Гүлдi ел басшылығына лайық деп шештi. Сарапшылар пiкiрiнше, Түркия тарихында алғаш рет дiншiл үмiткер ел басқаруға мүмкiндiк алды. Әрине, бұл жеңiс экс-министрге оңайлықпен келген жоқ. Сайлаудың алғашқы кезеңiнде ӘДП тарапынан ұсынылған Гүлдiң кандидатурасы елдегi саяси жағдайдың одан әрi ушыға түсуiне себеп болған едi. Әп дегеннен-ақ Ердоғанның президенттiк таққа таласуына үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытқан оппозиция өкiлдерi Абдуллах Гүлге де кедергi жасап бақты. ӘДП өкiлдерiне тағылған негiзгi айып дiншiлдiк сипатта болатын. Бастарына орамал тағатын қыз-келiншектердiң қызметке кедергiсiз орналасуын, мектеп және жоғарғы оқу орындарында қуғынға ұшырамауын қатаң қадағалаған, елдегi арақ-шараптың сатылуына тыйым салуға тырысқан, зинақор еркектердi қатаң жазаға тартуды жақтаған Ердоған мен оның жақтастарын оппозиция зайырлы қоғам саналатын Түркияны ислам мемлекетi етедi, азаматтарды шариғат қағидаларын қатаң сақтауға мәжбүрлейдi деп айыптады. (Айтпақшы, Ердоғанның да, Гүлдiң де жұбайлары бес уақыт намаздарын қаза етпейтiндердiң, бастарынан орамалдарын тастамайтындардың қатарында). Оппозиция өкiлдерiнiң талабы бойынша, 2007 жылдың мамырында Түркияның Конституциялық соты президенттiк сайлаудың 27 сәуiрде өткiзiлген бiрiншi кезеңiн жоққа шығаруға мәжбүр болды. Ал Парламенттегi 550 депутаттың 367-сi ӘДП-ден ұсынылған бiртұтас үмiткер ретiнде Гүлге дауыс беруден бас тартты. Мұның соңы заң шығарушы органның таратылып, парламенттiк сайлаудың кезектен тыс өткiзiлуiне әкеп соқты. Қарсыластары мен бәсекелестерi қысым жасап бақса да, экс-министр саяси дүрмектен шет қалған жоқ. Жаңадан жасақталған Мәжiлiс жаңа президенттi сайлады. Ұзаққа созылған дау-дамай мен талас-тартыстың нәтижесiнде президенттiкке Абдуллах Гүл сайланды. Әрине, дауыс беру процесiн бақылағандардың пiкiрлерi сан-алуан. Алайда басым бөлiгi сайлаудың әдiл де ашық бәсекеге сай болғанын мойындады. Өз кезегiнде Еуропалық Кеңестiң Парламенттiк ассамблеясы (ЕКПА) Түркиядағы парламенттiк сайлаудың әдiл және демократиялық қағидаларға сай өткенiн мәлiмдедi. ЕКПА өкiлi Люк Ван ден Бранде түрiк билiгiне парламенттегi партиялар өкiлдерiнiң санын көбейту және тұрақтылықты қамтамасыз ету үшiн партияларға қойылатын 10 пайыздық меженi қайта қарастыруға ұсыныс бiлдiрдi. Түркия Орталық сайлау комиссиясының деректерi бойынша, ӘДП-ден кейiн солшыл-цетристiк бағыттағы Халықтық-республикалық партия (21 пайыз), әсiреоңшыл Ұлттық қозғалыс партиясы (14 пайыз) тұр. Сонымен қатар саяси додаға тәуелсiз үмiткер ретiнде қатысқан 27 азамат депутаттық мандатқа ие болған. Олардың 25-i – күрдтерге тиесiлi Демократиялық қоғам партиясының өкiлдерi. Ел саясатына белсене араласуға мүдделi әрi билiкке жиi наз артатын түркиялық күрдтер бұл жолғы сайлауға дән риза. Ердоғанның: «Бiздiң демократиямыз аса маңызды сынақты бастан кешiрдi. Ол бүкiл әлемге үлгi болуға лайық. Дауыс беру нәтижесi демократиямыздың қаншалықты өсiп, жетiлгенiн көрсеттi» деп ағынан жарылуы сол себептен.

«Не ексең, соны орасың»

Мәжiлiстегi 550 орынның 340-ына қол жеткiзген ӘДП бiр партиялық үкiметтi түзуге кiрiстi. Әдеттегi саяси «қансонардан» қанжығасы майланған Ердоған қоғамды демократияландыру үрдiсiн жалғастыруға және Еуропалық Одаққа мүшелiкке өту мүмкiндiгiн қарастыруды тоқтатпауға халық алдында уәде бердi. Қарсыластары «зайырлы қоғамға қауiп төндi» деп аттандағанмен, сайлаушылардың көпшiлiгiнiң бүйректерi Ердоған мен оның жақтастарына бұрады. Оған себеп жоқ емес. Кезiнде тұралап қалған ел экономикасының қайта қалыпқа түсе бастауы, шағын және орта кәсiпкерлiктiң гүлденуi – Ердоған үкiметi жасаған игiлiктi iстердiң нәтижесi. Құнды қағаздар нарығындағы көрсеткiштердiң 4 пайызға артуы, түрiктердiң ұлттық валютасы – лира бағамының соңғы екi жылда жоғары болуы премьердiң билiк басында қалуына жағдай жасағаны сөзсiз. Шынында да, экономикалық тұрғыдан алғанда, сайлау қорытындысы Тайип Ердоғанның партиясы ұстанған саясаттың қаншалықты нәтижелi болғанын көрсетедi. Осыдан 5 жыл бұрын қаржылық дағдарысқа тап болып, тұралап қалған Түркия ӘДП саясатының арқасында тығырықтан аман шықты. Елдiң экономикалық көрсеткiшi жыл сайын 7 пайызға артып отырды. Түрiктердiң бас ауруына айналған инфляция айналдырған 4 жыл iшiнде 30 пайыздан 10 пайызға, яғни үш есеге дейiн төмендедi. Бұл көрсеткiш түрiктер құны тым жоғарылап кеткен «қара алтынды» сырттан тасымалдаса да сол қалпында сақталып келедi. Ресми Анкараның экономикалық саясатын Халықаралық қаржы қоры да қолдап, түрiктердiң арзан несиеге қол жеткiзуiне мүмкiндiк бердi. Сайлауда ӘДП-ның iрi бизнемендер тарапынан қолдау табуы да партия жүргiзiп отырған саясаттың арқасында. Кезiнде түрiктердi сырт айналып өтуге тырысатын шетелдiк инвесторлар бүгiнде Ердоған үкiметiн iштартады. Ердоғанның командасы бастаған кез келген бағдарламаның жүгiн бiрлесе көтеруге кетары емес. Қазiргi таңда түркиялық үкiмет алдында тұрған басты мәселе – елдегi жұмыссыздық деңгейiн төмендетуге күш салу. Жалпы саны 80 миллионға жуықтаған түрiктердiң әрбiр оныншысы жұмыссыздар қатарында. Сарапшылар пiкiрiне сүйенсек, түрiк билiгi елдiң оңтүстiк аймағына шоғырланған жұмыс күшiн мамандарға зәру солтүстiк аймаққа тартуы тиiс. Бұл елдегi жұмыссыздар санын азайтудың ең тиiмдi жолы болып табылады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары