ЗЫМЫРАН ЖАРЫЛЫСТАН КӨЗ АШПАЙТЫН БОЛДЫ

ЗЫМЫРАН ЖАРЫЛЫСТАН КӨЗ АШПАЙТЫН БОЛДЫ

ЗЫМЫРАН ЖАРЫЛЫСТАН КӨЗ АШПАЙТЫН БОЛДЫ
ашық дереккөзі
285

Байқоңыр қазақтың бағы ма, соры ма? Осы бiр сауалдың төңiрегiнде сарапшылар бас қатырғалы бiраз уақыт. Бiрақ, әзiрге нақты бiр байламға келе алмай отыр. Саясаткерлер Байқоңырдың залалы мен пайдасын саралап, зерттеп болғанша, ондағы қарапайым жұрттың шегер зардабы күн сайын еселене түсуде.

Одан келер зиянды тек Қызылорда облысының халқы ғана емес, көршi жезқазғандықтар да тартудай-ақ тартуда. Әсiресе, бiрiнен кейiн бiрi құлаған протоннан төгiлген гептилдiң зиянын айтсаңызшы. Яғни, өткен аптадағы Байқоңырдан ұшырылған жапондық JCSAT-11 атты жерсерiгi бар "ПротонМ" зымыран тасығышының әуеге көтерiлгеннен кейiн 2 минуттан соң апатқа ұшырап, Жезқазған даласына құлап түсуi онсыз да жүрегi тiлiм-тiлiм қазақ даласын одан әрi улап, мал мен жанға қатер төндiруде. «Протон» Жезқазғанның оңтүстiк-батысына қарай 40 шақырым қашықтыққа құлап түскен. Мамандардың есебi бойынша жерге 219 тонна гептил төгiлген екен.

Бұдан бергi бiр апта уақыт аралығында ресми Астана Байқоңырдан «Протон» ұшыруға бiрден тыйым салды. Бұл Байқоңырды жалға алған келiсiм-шартта көрсетiлген болатын. Қазiр төтенше жағдайлар министрi Виктор Храпуновтың төрағалық етуiмен арнайы үкiметтiк комиссия жасақталып, апат салдарын анықтауда. Қазақ ғарыш зерттеу орталығының директоры Талғат Мұсабаев гептилдiң аса зиянды у екендiгiн айтуда.

— Ол тек жан-жануар мен өсiмдiктi ғана құртып қоймай, сол маңдағы халыққа да қатты әсер етедi. Сондықтан жедел қимылдау қажет, — дейдi ол Астана телеарнасына берген мәлiмдемесiнде.

Ал, Ресей басылымдары зымыранның екiншi, үшiншi бөлiгiнiң құлап түсуi салдарынан, далада өрт шыққанын және ресейлiк iздестiру тобының осы өрттi сөндiруге кiрiскенiн айтқан. "Интерфакс" агенттiгi «Протон» зымыран тасығышы құлаған ауданның елсiз иен дала екендiгiн айта отырып, ешкiм зардап шеккен жоқ деген мәлiмдеме таратқан. Ресей мамандары бұл оқиғаның салдары Ресей үшiн экономикалық тұрғыдан да, көршi Қазақстанмен қарым-қатынас тұрғысынан да ауыр болатындығын айтып дабыл қағуда. Бiрақ, қазақстандық ғалымдар да, ресми билiк өкiлдерi де ресейлiк сарапшылар күткендей қатал үкiм шығара қоймайтын-сынды. Олай дейтiнiмiз, 1999 жылдан бергi уақытта қазақ даласына осымен 6 рет «Протон» құлады. Ресей мен Қазақстан арасындағы келiсiм-шартқа орай, Ресей Қазақстанға азын-аулақ айыппұл төлеумен құтылып келедi. Айталық, былтырғы жылдың шiлдесiнде "Днепр" зымыран-тасығышы да осы Жезқазған өңiрiне құлап түскен едi. Қазақстандық мамандар мен ғалымдар, ресми билiк өкiлдерi қазақ даласына келген экологиялық зардаптың құнын 333 миллион долларға бағалаған. Алайда, ресейлiктер бұл құнның 1 пайызын да төлеген жоқ. Қазақстандық ғалымдардың бұл есебiн жоққа шығарған көршiмiз былтыр экологиямызға келтiрiлген зиян үшiн, 1,1 миллион доллар төлеген.

Жапондық JSAT спутниктiк байланыс операторы телекоммуникациялық жер серiгiнен айрылғанына пәлендей қайғырып отырған жоқ. Аталған жерсерiгi сақтандырылған, яғни, апатқа ұшырау мүмкiндiгi ескерiлген. Екiншiден, ғарышта жапондық аппарат жұмыс iстеп тұр. Бұл аппарат сәттi ұшырылғанда ол ескi аппаратты ауыстыру көзделген болатын. Бұрынғы сынақтан өткен аппараттың арқасында байланыс пен ақпарат тарату iсiне зиян келген жоқ. Ал, Ресей аздап қаржы төлеп құтылатын болады. Бұл жерде зардап шегетiн экологиялық та, басқа да қауiпке ұрынатын — қазақ жерi болайын деп тұр. Ресейдiң жыл сайын ұшырып, жыл сайын сәтсiздiкке ұшырап жатқан жер серiктерiнiң салдарынан Қазақстанда адам денсаулығына, экологиясына келiп жатқан зиянды есептеп шығарған кiм бар? Қызылорда мен оған серiктес, шектес жатқан қалалардағы жыл сайын өмiрге келiп жатқан мүгедек сәбилердiң көз жасын кiм арқалайды? Жасының орташа деңгейi 50-ден аспай қалған жергiлiктi тұрғындардың экология зардабынан қан жұтып отырғандығы кiмдi алаңдатады? Оған жер бетiнен жоқ болып кеткен Арал тағдырын қосыңыз. Бiрақ, қалай десеңiз де Ресей мықтап орын тепкен Байқоңырдан бүгiн-ертең тажал бойын аулақ сала қоймасы анық. Өйткенi, бұл өңiрдi бақандай 50 жылға жалға бердiк. 50 жылдан кейiн тоз-тозы шыққан, көкiрегi шерге толы, қамкөңiл шұрқ тесiк дала ғана қазақтың несiбесiне бұйыратын болады. Жасайтынын жасап, алатынын алып болғаннан кейiн Ресей басқа өңiрлерге ауыз салары анық. Қазiр кейбiр әңгiмелерге қарағанда, Ресейдiң өз ғарыш айлағы салынбақ көрiнедi. Ол да қазақ даласынан тым жырақ емес. Астрахань өңiрiндегi Капустин Ярдi ғарыш айлағына айналдыру жұмыстары жүрiп жатқан көрiнедi. Бiрақ, бұл мәлiметтi ресми билiк органдары әзiрге жоққа шығарып отыр. Қалай дегенмен де, ұлы державаның ғарыштық идеяларының құрбаны болған қазақ даласының жарасына дәру болар ем-дом әзiр болмай тұрғанға ұқсайды. Ал, «Протоннан» төгiлген гептил елсiз иенге құлады дегендi сылтауратып, мал мен жанға келетiн зиян ескерiлмей келедi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары