МЫҚ ШЕГЕСI СОМ АЛТЫННАН ҚЫМБАТ КЕНIШ

МЫҚ ШЕГЕСI СОМ АЛТЫННАН ҚЫМБАТ КЕНIШ

МЫҚ ШЕГЕСI СОМ АЛТЫННАН ҚЫМБАТ КЕНIШ
ашық дереккөзі
266

Қашағанның дауы қаншаға созылады?

Ерлерi еркебұлан боп өткен өз заманында:

«Тауына қарай – бұланы,

Жерiне қарай – құланы,

Бiз-дағы теңiз сынды ел едiк», – деп шалқыта толғаған, жалпақ сөздi жұмырлап түйiп айтқан ұзандардың ұлығы Қашаған Күржiманұлының атынан қойылған ба екен, әлде аяғы-аяғына жұқпайтын безгек құс сынды байыз таппас жалпы қашағандардың – жануарлар (жылқы, түйе, ешкi) немесе адамдар (еркек, әйел, бала), әлде аң-құсты меңзедi ме екен, әйтеуiр осынау бiр айырықша – Қашаған деген атауға ие болған кенiштiң дауы өрши келе түптiң-түбiнде халықаралық ылаңға айналар сұры бар.

Ел экономикасы құлдырауға ұшырап, әбден дағдарған 90-шы жылдары Қазақстан шет елдiк инвестицияларға аса зәру болып, алақан жайған тұста солтүстiк Каспийдiң табиғи байлығын шұғыл игеру қажет болғаны белгiлi. Осы жағдайда әбден тығырыққа тiрелiп, шығар жол таппай абдыраған ел Үкiметi 1997 жылы халықаралық тендер өткiзiп, Қашаған кенiшiн игеру жөнiнде келiсiм шарт жасасты. Итальяндық ENJ компаниясымен бiрге американдық Exxon Mobil, англо-голландық Royal Dutch Sheell, француздың Total компанияларының әрбiрi кенiштiң 18,5 пайыз акциясына, ал Conoco Phillips 9,3, жапондық Jnpex пен отандық «ҚазМұнайГаз» компаниясының әрбiрi 8,3 пайыздан иемдендi. Кенiштi игерудiң операторлығына «Аджип» КСО белгiленген.

Елiмiздiң дамуы мен әлеуметтiк-экономикалық бағдарламасының стратегиялық жоспары көп жағдайда Қашаған кенiшiнен түсетiн табысқа тiкелей байланысты болғандықтан кенiштi белгiленген уақытында игерудiң маңызы зор.

Арада он жыл өткенде күтпеген тұстан Қашаған кенiшiне байланысты акционерлер арасында дау-шар өрбiп, кикiлжiң күн өткен сайын бой бермей бара жатыр.

Соңғы 30 жылда әлемде мұнайға осыншама бай кенiш ашыла қойған жоқ. Ресми мәлiметтерге сенсек, Қашаған кенiшiнде өндiрiлген мұнайды тасымалдау, басқа да қосымша шығындардан тыс шетелдiк акционерлер 150-200 млрд.доллар көлемiнде таза пайда тауып отырмақ. Болжам бойынша 2019 жылы мұнда күнiне 1,5 млн.баррель мұнай өндiрiледi делiнiп жүр. Бұл – мұнай өндiрудiң ұзақ жылдық бай тәжiрибесi жинақталған Ангола немесе Катар мемлекетiнде өндiрiлетiн жалпы қара алтыннан анағұрлым көп.

Қашаған кенiшiн толық пайдалануға берудiң мерзiмi кешеулдеуi мүмкiн екендiгi жөнiнде сөз өткен жылдың соңына таман басталған болатын. Ал нақты ресми құжатты «Аджип» консорциумы Қазақстан Үкiметiне биылғы жылдың 29 маусымында табыстап, содан бергi екi айдан астам уақытта бiрталай қатал мәлiмдеме жасалып, талай қабақ түйiлдi. Әсiресе, Қазақстанның премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов мырза аталмыш даулы мәселеге байланысты қатаң әрi табанды көзқарас ұстануда. «Белгiленген шығын 5-10 пайыз өсуi бiр бөлек, ал ол екi жарым есе өсiрелетiн болса, онда жобалаушылар әлдененi шатастырған немесе жобаның өзi дұрыс орындалмауда, тiптi шығын қасақана әдейi көбейтiлiп отыр», – деп күдiктенедi ол. Бұл пiкiрдiң қиысыны да бар, өйткенi, кенiштi 40 жыл бойы пайдалануға әуелде шығын 57 млрд. доллар көлемiнде деп белгiленсе, ендi 136 млрд. долларға дейiн көбейтiлмекшi. Қазақстан атқарушы билiгiнiң бұл мәселеге байланысты табанды ұстанымы осынау түйткiлдi жағдайды одан әрмен шиеленiстiре түсуi ықтимал. Елiмiздiң жуырда тағайындалған Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов мырзаның таяуда: «Жер байлығын пайдаланушылардан Ұлттық қорға түсетiн түсiмдерге орай бюджеттiң табыс бөлiмiнiң орындалуына байланысты айтарлықтай алаңдаушылық туындап отыр», – деуi де Үкiмет мүшелерiнiң бұл жағдайда бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығарып отырғандығын айқындайтын жайт. Иә, елiмiз үшiн маңыздылығы жағынан бюджет басты мәселе, ал Ұлттық қордың қоржыны тоқ болуы қасиеттi мiндет. Бұған байланысты мойнына алған мiндеттемесiн орындамаған босбелбеулердiң жаймашуақ күнi үскiрiк аязға айналатыны әмбеге аян.

Осыған қарамастан шетелдiк инвесторлар мойынға алған мiндеттемелерiнен жалтарып баққысы келетiнi де жиi байқалып жүр. Қашағанды толық пайдалануға беру мерзiмi осыған дейiн үш рет кейiнге шегерiлген болатын. Кейбiр мамандардың айтуына қарағанда, осынау теңдесi жоқ кенiштi игерудi өз мойнына алған итальяндық «Аджип» КСО консорциумы 2021 жылға дейiнгi шикiзат өндiру мен оған жұмсалар шығынның кестесiн құйтырқыландырып жасағандары соншама, сол жылдан кейiн экономикалық тұрғыдан аса тиiмдi көлемде мұнай өндiру кезеңi бiтiп, одан әрi қарай қара алтынның әр тамшысын өндiру тиiмсiз болып қалатын көрiнедi. Сол кезде осындай қиындықпен Қазақстан тарапы жекпе-жек қалмақшы.

Соңғы уақытта Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарында солтүстiк Каспийдiң табиғи байлығын игеру жөнiндегi 90-шы жылдары жасалған келiсiм шарттарды қайта қарау туралы ұсыныстар қылаңытып бой көрсете де бастады. Әсiресе, Өнiмдi бөлу туралы келiсiм (СРП) қарақшылық шарт, нағыз капиталистiк қанаудың үлгiсi ретiнде бағаланып жүр. Өткен аптада «Начнем с понедельника» газетiнiң авторы Анна Владимированың:

«Пиратами ХХI века» для Казахстана стали иностранные участники международного консорциума по освоению Кашаганского месторождения – крупнейшего из открытых в мире за 30 лет. Как иначе расценивать намерение нанести целому государству убытки сопоставимые с двумя третями объема ее годового ВВП?» – деп сауал тастауында да терең мән бар.

Шетелдiк инвесторлар мен аталмыш халықаралық консорциумға қатысушылар өздерiнiң атына айтылған сындар мен туындап отырған орынды сауалдарға шын мәнiнде түсiнбестiкпен немесе түсiнбеген кейiппен қарауда. Тiптi, әлiптiң артын бағатын сыңайлы.

Осы ретте сексенiншi жылдары қазақтың екi ақынның арасында өрбiген дау ойға оралады. Олар бiр-бiрiне соғымға жылқы сатып, соңы әжептәуiр кикiлжiңге ұласса керек. Сөйтiп жүргенде өзiне жылқы сатқан ақынды кездейсоқ ұшырастырып қалған бiреуi әлгiнi көре сап:

«Алдап арық тай сатқан,

Сақтан мынау найсаптан», – десе, екiншiсi де жұлып алғандай:

«Көрмей, бiлмей алған жоқсың,

Бұл шатқаның – қай шатқан?!» деген екен.

Мiне, Қашағанның тағдырына байланысты әңгiменiң түптiң-түбiнде осылай өрбитiнiн болжамағандық екi жақты да осындай қиын түйiнге тiрелтiп отыр.

Қашағанды игерудi мойнына алған халықаралық консорциумның өз мiндеттемелерiн дер уағында орындамауы елiмiздiң экономикасы және оның дамуына шынымен айтарлықтай кедергi келтiрiп, тұсау бола ма, жоқ, әлде Қазақстан Үкiметi қалыптасқан жағдайда орынсыз алаңдаушылық танытуда ма?! Бәлкiм, Кәрiм Мәсiмов мырза «Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап отырған» шығар.

Орасан зор табыс келтiретiн майлы жiлiк – Қашаған кенiшiнiң бұдан былайғы тағдыры инвесторларды да, елiмiздiң саналы азаматтарын да бей-жай қалдыра қоймайтыны сөзсiз. Тiрелген тұйықтан шығар жол iздеу оңай емес.Екi тараптан да салқынқанды сабырлылық, қисынды аргументтерге бас иiп, өзара тiл табыса бiлу қажет етiлiп отыр. Алдағы бiр-екi күнде Eni компаниясының Миландағы атқарушы директоры Паоло Скарони Қазақстанға келiп, Қазақстан Үкiметiмен мәмiле жүргiзудi мойнына алған-ды. Бұл келiссөздердiң алғашқы кезеңi басталып та кеттi және осынау қиын да күрделi екi жақта пiкiрсайыс 60 күнге созылады деп болжануда. Әрине, шетелдiк инвесторлардың алға тартар сылтауы да аз болмайды. Теңiз жағалауынан жүз шақты километр су ортасында қолдан екi арал жасау және оларды жал-жал биiк толқындардан қорғау үшiн тас бөгеттер тұрғызуға 4 млн.тонна тас төгiлiп, болат арқаулармен бекiтiлгенiн, бетон блоктар төселгенiн тiлге тиек етерi сөзсiз. Бiрнеше мұз жарғыш, берiк катерлер арнайы жабдықталғанын да алға тартуы ықтимал. Каспий климатының аса күрделi екендiгiн, мұнай құрамында күкiрттiң көптiгiн, қара алтын 3000-5000 метр тереңдiктен өндiрiлетiнiн де айтуы ықтимал.

Иә, өткен уақыт iшiнде атқарылған жұмыс айтарлықтай. Дегенмен, Қашағандағы мұнай өндiрудiң алғашқы кезеңi әу баста жобаланғандай 2008 жылы емес, 2010 жылдан басталады деген және жұмсалатын шығын 10 млрд.доллардың орнына 19 млрд.доллары құрайды деген хабар Қазақстан тарапын бекер алаңдатып отырған жоқ. Тiптi, Кәрiм Мәсiмовтiң: «Кей-кейде мен осы инвесторлар Қашағанда мұнай өндiрудi бастауға құлықты ма өзi деп күмәнданамын», – деуiнде де үлкен астар бар.

Шетелдiк инвесторлар жүргiзетiн есеп-қисап кiтабына қарағанда, премьер-министрдiң нелiктен күдiктенетiнiн толық түсiнуге болады. Өйткенi, мұндағы кәдуiлгi шегелердiң өзi сом алтыннан қымбат. Бұл – әсiрелеп айтылған сөз емес, Қазақстандағы бiрқатар ақпарат құралдарының жазуына сенсек, мұхиттың арғы бетiндегi алыс Канададан әкелiнетiн қарапайым жұмыс қолғабы – 10 доллар, ал әрбiр тал шеге – 2,5 доллар. 1 доллардың бағамы теңгеге шаққанда 125 теңгеге тең екенiн ескергенде, үстемеленiп көбейетiн шығынның нелiктен үздiксiз өсетiнiн аңғару қиын емес. Арнайы құрал-жабдықтардың бағасы да тым қымбат. Оған қоса итальяндық мамандарға айына 25 мың доллар және одан жоғары еңбек ақы тағайындалған. «Аджип» консорциумының ортанқол қызметкерлерi күнiне 500-1000 доллар көлемiнде табыс табады деседi.

Қазақстан жағы «Аджип» компаниясына табиғат қорғау туралы заңдарды аяқасты етiп, өндiрiлген мұнайдың құрамындағы күкiрттi пайдаға асырудың амалын қарастырмауда, қоршаған ортаны ластап, теңiздiң құнды балықтары мен Каспий тюленьдерiнiң көптеп қырылуына жол беруде деген ауыр айыптар тағып отырғаны белгiлi.

Ол ғана емес, кеденнен заңсыз, баж салығын төлемей тауарлар алып өтудiң көптеген фактiлерi тiркелген. Алдын ала есептеулер бойынша, «Аджип» компаниясының осындай өрескел әрекеттерi нәтижесiнде елiмiздiң экономикасына 2,5 млн. доллар көлемiнде нұқсан келтiрiлген.

Осының бәрi сарапқа салына келiп,өткен аптада Қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрлан Ысқақов мырза Каспий шельфiндегi Қашаған мұнай кенiшiн игеруге байланысты итальяндық ENJ компаниясының жұмысы тоқтатылғаны туралы мәлiмдедi. Алты нысанға берiлген экологиялық қорытынды керi қайтарылып, 2007 жылға берiлген рұқсат күшiн жойған.

Елiмiздегi бiрсыпыра БАҚ-тардың хабарлауына қарағанда,таяуда Италияның премьер-министрi Роман Проди мырза Қазақстанға арнайы атбасын тiреп, қалыптасқан жағдайды мемлекеттiк тұрғыдан реттеуге күш салуы мүмкiн. Бәлкiм, бұл таяу болашақтың үлесiне жататын маңызды iс те шығар, ал күншығыс елi – Жапонияда әлден-ақ қауiп дабылы қағыла бастады.

Жапонияның жаңа тағайындалған Экономика, сауда және өнеркәсiп министрi Акира Амари-сан Қазақстанның Қашаған кенiшiнде мұнай өндiрудi тоқтату туралы шешiмi Ресей үкiметiнiң осындай орынсыз әрекетерiне ұқсайтынын айта келiп, «шикiзат ұлтшылдығының» («ресурсный национализм») кең өрiстеуiнен сақтандырды. «Сахалинге ұқсас жағдайдың қайталануы қалыпты құбылысқа айналса, өте жаман болады», – деген көрiнедi жаңа министр журналистерге. Әрине, ресми Токио да Қашағандағы өз мүддесiн қорғауға құқылы. Жапонияның Inpex Holdings Jnc компаниясының үлесiне тиесiлi 8,3 пайыз акцияны қалайда сақтап қалулары керек.

Расы керек, Қашағанға байланысты көтерiлген даудың экономикалық себептерiнен гөрi, саяси астары да жетерлiк сияқты. Сондықтан сарапшылар мен зерттеушiлердiң Ресейдегi «Сахалин-2» кенiшiнiң тағдыры мен Қашаған үшiн шатақтың арасында ұқсастық, жұмбақ байланыс бар деп жүргендерi де бекер емес. Өйткенi, Ресей үкiметi өктемдiкпен шетелдiк инвесторларды өз акцияларын арзанға сатуға мәжбүрлеп, англо-голландық Royal Dutch Sheel компаниясының меншiгiндегi бақылау пакетiн мемлекеттiк «Газпром» компаниясына күштеп әпергенi мәлiм.

Үстiрт қарағанда өздерiнiң мемлекеттiк мүдделерiн табанды қорғай бiлген Ресей билiгiнiң әрекеттерi құптарлық қадам. Әйтсе де Қазақстан сондай жолдармен әрекет ете ала ма? Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов мырза: «Экономикалық мүдделердiң тепе-теңдiгi бiз үшiн зиянды күйде бұзылған», – деуi қаншалықты орынды?! Әу бастағы келiсiмшарттары қайта қарау, берiлген уәденi бұзу Қазақстанға тиiмдi ме?

Кейбiр деректерге сенсек, Қазақстан тарапы Қашаған кенiшiнiң 40 пайыз акциясына ие болудан дәмелi секiлдi. Тiптi, бұл мақсат орындалмаған жағдайда 20-25 пайыз акцияға ие болудан да кетәрi емес. Бiрақ, Ресейдiң үлгiсiне ұқсауға тырысу бар да, әр елдiң өз шама-шарқын шамалаудың жөнi бөлек. Бәлкiм, «Юпитерге рұқсат етiлген iс өзгеге рұқсат етiлмейдi» дегендi де көңiлдiң бiр түкпiрiнде ұстаған абзал шығар. Ядролық держава – Ресей өзге елдердiң пiкiрiмен санаса бермеуiне болады. Оның үстiне соңғы күндерi Қашаған кенiшiн игеру бұдан былай Ресейдiң монополисi – «Лукойл» компаниясына жүктелуi ықтимал деген қауесеттiң де құлағы қылтиды. Мұның шындыққа қаншалықты жақын екенiн әзiр ешкiм кесiп айта алмайды. Егер жағдай бұдан әрi дәл осылай өрбитiн болса әрi қазiргi дау осындай шешiм тапса, онда әлемдiк қауымдастық Астанадан әп-сәтте терiс айналары сөзсiз.

Қалай дегенде де бiр мәселе айқын, жаңа заманда мұнай мемлекеттi орасан зор байлық пен мол дәулетке кенелтiп қана қоймайды, қауiп пен кесеапатты қатар ала жүретiнi де жазылмаған заңға айналды. Нигерияда мұнайға байланысты жиi-жиi қарулы қақтығыстар мен кантөгiстер орын алса, Кувейт пен қазiр қансырап жатқан Ирактың да жағдайы жақсы мәлiм. Мұнай кенiштерiн мемлекеттiң меншiгiне алған Венесуэланың президентi Уго Чавес Батыс елдерi үшiн бөжейден әрмен. Ал iргемiздегi Ресей таяуда мұнай, газ өндiрушi компанияларға өз қарулы жасақтарын құруға рұқсат етпекшi. Сондай ұсыныстар билiк кабинеттерiнде бiраздан берi қаралып жатыр…

Қайран қара алтын-ай, қашанғы адамдар арасындағы алауыздықтың басты себебi болып қала берер екен?!

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары