ЗАҢ ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛМАЙ МА?!

ЗАҢ ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛМАЙ МА?!

ЗАҢ ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛМАЙ МА?!
ашық дереккөзі
236

Таяуда «Спорт KZ» газетiнiң кезектi бiр нөмiрiн қолыма алдым да таң-тамаша болдым, бiр жағынан тәлкекке түскен қазақ тiлiнiң тағдырына қапаландым. Оған себеп: газет үлкен форматпен екi қос бет болып шығарылыпты. Бiрiншi яғни, сыртқы беттерi көздiң жауын алып, түрлi-түстi бояумен орыс тiлiнде шықса, ал екi iшкi қос бетi солғын ақ-қара бояумен қазақ тiлiнде шығарылған көрiнедi.

Бiр таңданарлығы, соңғы кездерi осындай әдiспен шығарылатын «қойыртпақ» газет-журналдар, түрлi басылымдар жауыннан соңғы саңырауқұлақтай елiмiзде қаптап барады. Сiрә, кейбiр пысықайлардың «50-де 50» деген негiзсiз тұжырымды орындаған сұры болар.

Республикамызда мемлекеттiк тiл қазақ тiлi емес пе? Ал «Тiлдер туралы» Заңда мемлекеттiк тiл сол жақтан бiрiншi және жоғары тұруы тиiс деген талап бар емес пе едi? Яғни, газеттiң бiрiншi бетi қазақша болуы керектiгi өзiнен-өзi сұранып тұр ғой. Ендеше «заң талабы неге орындалмайды?» деп газет редакторы Бигелдi Ғабдуллин мырзадан сұрауға толық қақымыз бар ғой деп ойлаймын. Тiптi, спорт газетi нелiктен қазақ тiлiнде шығарылмайды?

Ендi бiр таңданатыным, Абай даңғылы бойымен жүрiп келе жатқанда, Байтұрсынов көшесiмен қиылыста «Қазақ спорт және туризм академиясы» деп жазылған жоғары оқу орнын көзiңiз шалуы сөзсiз. Дұрыс, ал ендi тура сол оқу орнының iргесiнде «Қазақстан медициналық университетi» де орналасқан.

Сонда қалай, болашақ дәрiгерлерiмiз «қазақ» деген атаудан ат-тонын ала қашқаны ма, әлде басқа себебi бар ма?..

Қайсар Асау

Алматы қаласы.

Серіктес жаңалықтары