НЕСИЕ АЛУ ОҢАЙ, ҚАЙТАРУ ҚИЫН

НЕСИЕ АЛУ ОҢАЙ, ҚАЙТАРУ ҚИЫН

НЕСИЕ АЛУ ОҢАЙ, ҚАЙТАРУ ҚИЫН
ашық дереккөзі
278

Бүгiнде халық несие алып үй алады, көлiк сатып алады, тiптi үйлену тойын да жасайды. Бұл шындық. Кез келген банктiң табалдырығын тоздырып, қажеттi құжатын жинап, несие ақшасын алуға сақадай-сай отырған қарапайым халықтың алдына қойған үмiтi зор. Тiптi, несие алу осы заманның үлкен бiр үрдiсiне айналған сияқты. Оның үстiне халық та соңғы үмiтiн осы несиеден ғана iздейтiн жағдайға жеттi. Әрине, ақша – ауадай қажеттi құнды қағаз. Алайда, алу бар жерде, қайтару тағы бар. Мұндайда «Несие алу оңай, қайтару қиын» деген жаңа заманның мақалы да өзiнен-өзi тiлге орала кетедi.

Қазiр қарасаңыз, банк есiгi алдында ұзын-сонар кезекте тұратын халықтың саны күрт қысқарып кеттi. Оның үстiне жақын арада «Ендi банктер қарызға ақша бермейдi екен» деген де сөздiң қылаң бергенi бар едi. Бұдан соң «Ойбу, несие алып, үй саламын, той жасаймын немесе көлiк алайын» деп едiм дейтiндер де көбейiп, мұңын айта бастады. Көпшiлiк арасында «Неге ертерек әрекет жасамадым, ендi маған кiм ақша бередi?» деп бармағын тiстегендер де жоқ емес. Шынында да, айтқандары айдай келдi. Бүкiл Қазақстандағы жұмыс iстейтiн қайсыбiр банктi алсаңыз, жаппай несие берудi тоқтатқан сыңайлы. «Неге тоқтатты екен, себебi қайсы?» деген сұрақтар да көңiлдi көптен мазалап жүрген. Бiз бұл сұрақты «Альянс Банк» басқарма төрағасы Дәурен Жұмағалиұлы Керейбаевқа қойған едiк.

– Бiз негiзiнен несие берудi тоқтатқан жоқпыз. Бұрын қалай бердiк, қазiр де солай. Бiрақ несие беру қызметiне бiраз басқа көзқараспен қарауға бет бұрдық. Бүгiнде тұрғын үй де, тiптi, адамға керектi нәрсенiң бәрi де қымбаттап кеттi. Сондықтан да кепiлдiк затты бағалау ерекше өсiп отыр. Оның үстiне Алматы қаласы қымбаттығы жағынан дүние жүзi бойынша 30 орында тұр екен. Бәрi қымбат. Тiптi, шетелдiк азаматтардың өзi таңқалып жатыр. Сенсеңiз, Париждегi бағамен пара-пар екен. Сол себептен де, бiз баспана құнының тек жартысын ғана бағалап қолға берiп жатырмыз.

Бiр айта кетерлiгi, ендi бұдан былай несие алу талаптарын күшейтемiз. Қарасаңыз, шетелдiк банктер де қарыз берудi доғарды. Дамыған елдiң өздерi осындай дәрежеге жеткенде, бiзге бұл түк емес. Құдайға шүкiр, экономика қарыштап, дамуда, ел бюджетi жылдан-жылға өсуде. Бiзде мұнай саласы да жақсы жолға қойылды. Кез-келген мұнай саласында қызмет iстейтiн кәсiпкердiң Алматы қаласында кем дегенде екi-үш жылжымайтын мүлiгi бар. Әрине, бұл баспананың қымбаттауына әкелмей ме?! Осының бәрiн ескерiп, кiшкене банк қызметi жүйесiне өзгерiстер енгiзiп, талапты күшейтпекпiз. Алайда, несие беру тоқтатылмайды, бiрақ екi-үш айдан соң жаңа толықтырулармен жұмыс iстейдi.

– Несие беруде «Альянс Банк» қай орында?

– Актив көлемi бойынша несие беруде «Казкомерцбанк», «Тұран әлем» содан кейiн, «Альянс Банк» үшiншi орында. Ал ұсақ несие беруде «Альянс Банк» бiрiншi орында екендiгiн айту керек.

Айта кетейiн дегенiм, қазiр әр банк туралы түрлi өсек көп. Мәселен, бiреу «Мына банк тоқырауға ұшырады, жабылып жатыр» десе болды, бәрi iлiп әкетедi. Айтқан адам қандай негiзге сүйенiп айтты, шын ба, өтiрiк пе, онда ешкiмнiң шаруасы жоқ. Негiзi мұндай адамдар қазақстандық банк саласына тұсау салушылар. Сiз одан да мұны кез келген банктегi бiлiктi қаржыгерден сұрасаңыз, қағаз жүзiнде дәлелдеп бередi. Ал жаңағыдай шу шығарып жүрген адамдарды ештеңеге қарамастан қамап тастау керек. Өйткенi, әлгiндей қаңғытпа сөздердi елге жайғаны үшiн жазасын алуы керек қой.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары