ПОРНОГРАФИЯ КӨБЕЙIП БАРАДЫ

ПОРНОГРАФИЯ КӨБЕЙIП БАРАДЫ

ПОРНОГРАФИЯ КӨБЕЙIП БАРАДЫ
ашық дереккөзі
547

Биыл елiмiзде "контрафакт" деген атпен республикалық профилактикалық жедел операция өткiзiлдi. Оның мақсаты ақпараттық технология саласындағы қылмыстарды анықтау болатын. Осы шара барысында 468 рейд жүргiзiлiп, 789 аудио-бейне таспа сатумен айналысатын нысан, 154 компюьтерлiк клуб, 57 интернет-кафе, компьютерлiк техникаларды сататын 87 фирма, кабелдi теледидар орнатушы 21 операторлық фирма тексерiлген. Нәтижесiнде тыйым салынған ақпараттар мен өнiмдердi заңсыз тарату бойынша 257 фактi тiркелген екен.

Ақпараттық технологияларды пайдалану кезiнде орын алатын басқа да қылмыстар көптеп анықталыпты. Осының iшiнде 207-сi контрафакталық өнiмдердi таратуға байланысты болса, 34-i порнографиялық тауарлар, 3-уi байланыс қызметiн заңсыз пайдалану, 2-уi зиянды бағдарламаларды тарату, 2-уi ақпараттық технологиядағы алаяқтық, 5-уi жауыздық пен қатыгездiктi насихаттайтын өнiмдердi тарату бойынша тiркелген.

Полиция қызметкерлерi осы мерзiм iшiнде еркiн айналымға шығаруға тыйым салынған 26801 дана өнiмдi, соның iшiнде 26377 контрафакталық СD, DVD дискiлердi, порнографиялық көрсетiлiмдерi бар 149 дискiнi, заңды түрде тiркелмеген 162 бағдарламаларды, 17 жүйе блогын, 47 дана оргтехникаларды тәркiлеген. "Жоғары технологиялы" қылмыскерлердiң келтiрген зияны 36 миллион теңгенi құраса керек. Рейд барысында контрафакталық тауар шығаруға арналған төрт жасырын цех табылған. Айта кету керек, мұның бәрi бес күн iшiндегi тексерулер кезiнде анықталған жайлар. Егер рейдтер бiр ай бойы жүргiзiлсе, бұл көрсеткiштердiң әлденеше есе артары белгiлi. Қазiр жоғарыдағы фактiлер бойынша тоғыз қылмыстық iс қозғалған. Соның бесеуi интеллектуалдық меншiк құқығының бұзылуына байланысты болса, екеуi порнографиялық өнiмдердi заңсыз таратқаны үшiн, тағы екеуi зиянды бағдарламаларды саудалағанына орай жауапқа тартылған. Бұған қосымша 53 материалға қосымша тергеу амалдары тағайындалып отыр. Яғни, бұлардың үстiнен де келешекте қылмыстық iс қозғалуы мүмкiн деген сөз.

Құқық қорғау органдарының бес күндiк тексеру жұмысының нәтижесi бiздегi iшкi рыноктың контрафактылық өнiмдерге толы екенiн көрсетiп бердi. Мамандардың айтуынша, қармаққа iлiккендер "шабақтар" ғана. Үлкендерiне салар мықты "қармақ" әзiрге қолда болмай тұрғанын өздерi де мойындайды. Былайша айтқанда, бiзде қарақшылыққа қарсы күресер күштiң жоқ болғаны. Сондықтан елiмiзде авторлық құқыққа қатысты заңның ешқандай пәрменi сезiлмейдi.

ҚР "Авторлық және сабақтас құқықтар туралы" Заңының 7 бабына сәйкес әдеби шығармалар, драмалық және музыкалық-драмалық шығармалар, сценарийлер, хореографиялық, мәтiндi және мәтiнсiз музыкалық шығармалар, аудиовизуалдық, көркемсурет, графика, мүсiндер, құрастырушылық өнер туындылары, архитектуралық, саябақ-парк өнерi, фотосурет туындылары, карта, жоспар, өнделген шығармалар (аударма, қайтадан өндеп жасау, музыкалық оранжировка және тағы басқа өнделген әдеби, ғылыми, өнер туындылары) жалпы алғанда творчестволық еңбектердiң барлығы да мемлекеттiк тiркеуге жатады. Заң бойынша солай. Әркiм өзiнiң дүниеге әкелген туындысын тiркетiп алғаннан кейiн заңды түрде өндiруге кiрiседi. Сонда туынды авторы мен өндiруге келiсiмшарт жасасқан өндiрiсшi пайданың астында қалуы тиiс. Бұл табыстан Үкiмет те құралақан қалмайды (салық). Әттең, iс жүзiнде солай болса ғой. Мәселен CD, DVD дискiлерiн қарақшылық жолмен өндiру осы өнiмнiң рынокта пайда болуымен бiр мезгiлде жүзеге аса бастаған. Түрлi дискiлер тарала бастаған соңғы төрт-бес жылда қарақшылар заңды тiркелген өнiмнен екi-үш есе көп шығарып үлгерген көрiнедi. Мұндай жағдай, әрине, заңды өндiрушiлер мен интеллектуалдық меншiк иелерiне ұнап отырған жоқ. Бейресми мәлiметтерге қарағанда, оларға (заңды өндiрушiлерге) рыноктың бес-ақ пайызы ғана бұйырады. Қалғаны қарақшылардың қолында. Бiздiң елiмiзде қарақшылық жолмен тауар өндiру өте қарқынды дамып кеткенiн ешкiм жоққа шығара алмайды. Мамандар қарақшы-бизнесмен болу үшiн 3 мың доллардың өзi жеткiлiктi дейдi. Аз уақытта 2500-iне CD, DVD дискiсiнiң мыңдаған көшiрмесiн жасайды да, өнiмдерiн лезде рынокке "төгiп" жiбередi. Бiттi, шаруа! Алғашқы шығарған қаржысы әлденеше өсiп керi қайтады. Ал, бастапқы капиталыңыз 3 мыңнан да жоғары болса, сiздiң "қарақшы-барон" болып шыға келуiңiз әбден мүмкiн. Қазiргi цифрлық технология қарақшылардың қолайына жағып-ақ тұр. Тiптi 200 доллардың өзiне CD, DVD дискiлерiнiң көшiрмесiн жасасаңыз, санаулы уақытта көлеңкелi бизнестiң "көкесi" боласыз да шығасыз. Ал бұл саладағы заңды бизнесмендерге бiраз қиындықтар мен кедергiлерден өтуге тура келедi. Алдымен заңды иесi өзiнiң өнiмiн тiркеткеннен кейiн, бiр кинокомпаниямен лицензиялық келiсiмшарт жасасуы керек. Одан соң сапалы дубляж дайындауға, тағы басқа жұмыстарға уақытын жоғалтады. Сөйтiп, өлiп-талып жүрiп өнiмiн рынокқа ендi әкелгенде, келесi күнi қарақшылық жолмен жасалған тауарлар қаптап кетедi. Көп жағдайда фильмдердi ұрлауға әбден машықтанғандар өз өнiмдерiн ресми премьера басталмас бұрын таратып үлгередi екен.

Бүгiнде халықтың көпшiлiгi "үй кинотеатрларын" алып, киноларды үйлерiнен қарауға көшкен.Сол себептi де дискiлерге сұраныс күштi. Екi жақты дискiге 20 толыққанды фильм жаздыруға болады. Сұраныстың бәрiн қарақшылар өтеп жатыр. Олар Үкiметке салық, басқа да төлемдер төлемейдi. Экономистердiң есебiнше, көлеңкелi бизнестiң айналымы бiзде 60-80 пайыз шамасына жеткен. Нарықтық экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткiш 20 пайыздан аспайды. Осы арада бiр заңды сұрақ туады. Бiзде қарақшылықпен айналысатындарға заң бойынша ешқандай жаза қарастырылмаған ба? Осы сұрақты бiз Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ерталап Есеналиевке қойған едiк.

— Әрине, қарастырылған. Бұл бiрiншiден заңсыз кәсiпкерлiкпен айналысу болып табылады. Сондықтан, салықтан жалтарғаны үшiн әкiмшiлiк жауапқа тартылады. Қылмыстық әрекет ретiнде танып, қатаң жаза да қолданады. Қылмыстың анықталған дәрежесiне қарай, бес жыл бас бостандығынан айыруға дейiн барады. Ал егер ұйымдасқан топ болса (олардың тапқан көлденең табысы 500 мың теңгеден асқан жағдайда) басшылары бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айырылады,-деп жауап бердi Ерталап Алхамұлы.

Заң жүзiнде солай да шығар. Бiрақ, бiз әзiрге қарақшылық әрекеттерiне байланысты қатаң жазаға ұшырағандар жайлы ести қойған жоқпыз. Заң талабын одан әрi қатайта түссе, мәселен 7 жылдан 10 жыл мерзiмге дейiн бас бостандығынан айыру, үлкен мөлшерде айыппұл салынса, дүние-мүлкi тәркiленсе, сонда мұндай кәсiппен айналысуға кез келген адамның жүрегi дауламас едi. БСҰ-ға кiрер алдында қарақшылықтың жолын кесу мәселесiн де түбегейлi шешiп алуымыз қажет. Өйткенi, ұйымға мүше елдерге қойлатын басты талаптың бiрi де — осы емес пе?!

Меңдолла ШАМҰРАТОВ,

Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары