СОТ ШЕШIМI НЕГЕ ОРЫНДАЛМАДЫ?
СОТ ШЕШIМI НЕГЕ ОРЫНДАЛМАДЫ?
Оралманның интелектуальдық қуатын пайдалану туралы әңгiменi жиi көтеремiз. Бiрақ, оның iс жүзiнде жүзеге асырылуы тым баяу. Ал, азын-аулақ болса да, мемлекеттiк қызметте жұмыс iстеп жүргендерiн заңсыз қудалап, ешқандай негiзсiз жұмыстан шығарып жiберу фактiсi анықталып отыр.
Редакциямызға телефон шалған Құрметбек Сансызбайұлы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон және демография комитетiнiң Алматы облыстық басқармасында басқарма төрағасының орынбасары және басқарма төрағасының мiндетiн атқарушы қызметiн атқарып жүргенiнде аяқасты қызметiнен босап қалады. Оған себеп жалған арыз, жабылған жала. Алайда Көшi-қон және демография комитетi ол арызда көрсетiлген фактiлердi тексерiп, анық-қанығына жетпестен, 2006 жылддың 9-қарашасында жұмыстан босату туралы бұйрық түсiредi.
Аяқасты жұмыстан босап қалған оны Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттiгiнiң Алматы облыстық департаментi екi ай бойы қыр-соңынан қалмай, iс-әрекетiн тексерiп, әлек-шәлегiн шығарады. Оған «жаптым жала, жақтым күйемен» әлдекiмдердiң жазған шағым-арызы себепкер болса керек. Арызда Құрметбектi қаралайтын үш түрлi жайт айтылады. Бiрiншi, 2006 жылы көшiп-келу квотасына енгiзiлген отбасы құрамына көлденең көк аттылар енгiзiлiп, оларға 93 127 300 (тоқсан үш миллион жүз жиырма жетi мың үш жүз) теңге артық төлендi, екiншi, «Қазпоштаның» есеп-шотына 34 252 900 ( отыз төрт миллион екi жүз елу екi мың тоғыз жүз) теңге заңсыз аударылған, үшiншi, Күлiмхан Мұқамияның отбасы көшiп-келу квотасына ҚР азаматтығын алғаннан кейiн ғана енгiзiлген. Жоғарыда аталған облыстық департамент арыз-шағымдағы бұл мәселелермен танысып, мәселенiң ақ-қарасын айқындағаннан кейiн, 2006 жылдың 22-желтоқсанында «Алматы облыстық көшi-қон басқармасының лауазымды тұлғаларының әрекетiнде қылмыстық белгiлерi жоқ болғандықтан, қылмыстық iс қозғалмайды» деген Қаулы шығарады. Алайда, Алматы облыстық прокуратурасы бұл шешiммен келiсе қоймайды. Прокуратураның қайта талап етуiмен, 2007 жылдың қаңтар, ақпан айларында iстi қайтадан қарайды. Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттiгiнiң Алматы облыстық департаментi 2007 жылы 22- ақпанда екiншi рет қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы Қаулы қабылдайды. Бiрақ, Алматы облыстық прокуратура бұл Қаулыға тағы да көзжұмбайлықпен қарайды. Екi реткi шешiмге қанағаттанбаған прокуратура iстi өздерi тексередi. Дегенмен, «аққа құдай жақ» дегендей Қ.Сансызбайұылының соңынан шырақ алып түскенiмен, ештеңе өндiре алмай, қылмыстық iс қозғауға негiзсiз екенiне көздерi жетiп, тексерудi доғарады.
Бұдан кейiн, Құрметбек Сансызбайұлы сотқа өзi талап арыз бередi. Бiрiншiден, жұмыстан негiзсiз босатылғаны үшiн, жұмысына қайтадан орналасуды ниет етсе, екiншiден, бос жүрген уақытының еңбекақысын өндiрiп алуды мақсат тұтады. Сөйтiп, Астана қалалық Сарыарқа аудандық соты iстi Қ. Сансызбайұлының пайдасына шешедi. Алайда, сот шешiмiмен келiспеген Көшi-қон және демография комитетi қызметкерлерi Сарыарқа аудандық сотының шешiмiн бұзғызуға дейiн барады. Құрметбек бұнымен ғана тынбайды Астана қалалық сотының азаматтық iстер жөнiндегi алқасына апелляциялық арыз түсiредi. Олар Сарыарқа аудандық сотына, iстi басқа судьяның қарауына қайта жiбередi. Ақыры, көп сарсаңнан кейiн, Құрметбектiң талап арызы қанағаттандырылып, Алматы облысы бойынша, көшi-қон басқармасы бастығының орынбасары қызметiне қайтадан орналасуға, жұмыссыз жүрген уақытына Көшi-қон комитетiнен 326484 (үш жүз жиырма алты мың төрт жүз сексен төрт ) теңге өндiрiп алуға қол жеткiзедi. Заң бойынша ол моральдық шығын ретiнде бiрнеше миллион теңгенi өндiрiп ала алатын едi. Бiрақ, бұлай iстеуге ар-ұятының жiбермегендiгiн айтады.
Дегенмен, неге екенi белгiсiз, сот үкiмi шығарылғаннан берi бiраз уақыт өтсе де, Қ.Сансызбайұлы өзiнiң заңды қызметiне әлi оралған жоқ. Көшi-қон және демография комитетi сот шешiмiн орындауға құлықсыз. Алматы облыстық көшi-қон басқармасы төрағасының орынбасарының орын тағы Қ.Сансызбайұлы жұмысынан босаған уақыттан берi бос тұр. Ол орын Көшi-қон және демография агенттiгiне не үшiн қажет болғаны бiзге түсiнiксiз. Әйтпесе, ақ-қарасын анықтамай, жазықсыздан-жазықсыз қызметкерiн жұмыстан босата салар ма едi.
Құрметбек Сансызбайұлы – 1991 жылы Моңғолиядан қоныс аударған. Мамандығы – экономист, заңгер. Шетелдерден қоныс аударған миллионға жуық қазақтың iшiнде облыстық көшi-қон басқармасы төрағасының орынбасары лауазымына көтерiлген жалғыз оралман. Бiрақ, Көшi-қон комитетiндегiлер мұны да көп көрiптi. Оларға көшi-қон проблемаларынан гөрi, адал еңбегiмен билiк тұғырына көтерiлген оралманның соңынан түсу тиiмдiрек болған сияқты. Өйткенi, аталмыш агенттiктiң атқаруға тиiстi шаруасы шаш етектен. Әлi күнге қабылданбай жатқан «Халықтың көшi-қоны туралы» заңды былай қойғанда, комитеттiң өкiлеттiгiн көтерiп, шеттен келетiн оралмандардың санын мейлiнше көбейту мәселелерiнiң күн өткен сайын күрделi сипат алып бара жатқанын да ұмытпау керек. Қазiр Қытай қазағын жiбермеу үшiн неше түрлi айла-шарғылар ойлап табуда. Ал, Көшi-қон комитетi олармен белгiлi деңгейде келiссөз жүргiзiп, көптеп алудың шарасын қарастыру керек едi. Немесе, қазағы аз өлкелерге оралмандарды шоғырландыру үшiн арнайы бағдарлама жасап, солтүстiк облыстарға орналастыру шараларын iздеуi қажет едi. Бiрақ, бұның бәрiн ысырып қойып, қол астында жұмыс iстеген, өз iсiнiң шеберi, заңның тiлiн де, iс-қағаздар тiлiн де мемлекеттiк тiлде жүргiзе бiлетiн Қ.Сансызбайұлын қызметтен шеттетудi көздеген. Тағы бiр айта кетерлiк жайт, Алматы облыстық Көшi-қон басқармасы, жалпы, облыста, Көшi-қон комитетiнде iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзiп келген бiрден-бiр мекеме болған. Соңғы төрт жылда мемлекеттiк тiлде iс-қағаздарын жүргiзуi бойынша, облыстық Тiл басқармасының екi рет «Құрмет грамотасын» жеңiп алған. Мiне, осындай қызметкердiң Көшi-қон комитетiнiң қолайына қалай жақпай қалғандығы түсiнiксiз. Оралмандарды бауырға тартуға тиiстi бiрден бiр мекеме бұндай қатыгездiкке не үшiн барғандығы да сұраусыз қалмауға тиiстi.
Есенгүл Кәпқызы