“БАЛАНЫ ҚАЙДА БЕРЕМIН?”

“БАЛАНЫ ҚАЙДА БЕРЕМIН?”

“БАЛАНЫ ҚАЙДА БЕРЕМIН?”
ашық дереккөзі
272

Урбанизация – ауылдағыларды қалаға шұбыртып қана қойған жоқ. Сонымен қатар, сан қабат проблемасын ала келдi. Ауылдағы баспанасын тастап, қалаға келiп, бiреудiң есiгiн сығалап күн көрiп жүргендер қаншама. Оның нақты санын айтып беретiн жан жоқ. 1999 жылғы бүкiлхалықтық халық санағы да бұл санды дөп басып айтып бере алмады. Әрi одан бергi 7-8 жылда тiршiлiк түбегейлi өзгердi. Халықтың ауылдан қалаға шоғырлануы екi есеге дейiн артты. Кейбiр ресми емес деректер 2 миллиондай ауыл халқының қала мен ауыл арасында босқынға айналғандығын айтады.

Қалай десек те, бұрындары теледидардан көрiп, газет-журналдардан оқып жағамызды ұстайтын капиталистiк елдердiң тiрлiгi бiзге жеттi. Айталық, ауылды жерлерде халық жоқтың қасы, қалада сыйыспай жатыр. Басқаны былай қойғанда, елiмiздiң ең iрi мегаполисi саналатын Алматыда пәтер сағалап күн көрiп жатқандардың санына да ешкiм жете алмайды. Өйткенi, көбi ауылдың тiзiмiнде. Қала оларға есiгiн аша қойған жоқ. Ресми деректер Алматы халқының санын 1,5 миллионға жеткiзiп жүрсе, ресми емес дерек көздерi бұл санға тағы миллионды жамайды. Демек, миллион тұрғынның үй-күйi, баспанасы жоқ. Бәлкiм тұрақты жұмысы бар шығар, оның өзi неғайбыл. Көбi базар сағалап күнiн көруде. Қалаға бiрлi- жарым баласымен көшiп келiп, пәтер жалдап немесе жатақхана сағалап жүргенiнде 5-6 жылдың қалай сырғып өте шыққанын өздерi де бiлмей қалады. Бала 6 жасқа толды. Сабаққа апару керек. Мiне, осы кездегi проблеманы айтсаңызшы.

Биылғы оқу жылы басталмас бұрын мен қаладағы екi-үш қазақ мектебiне бас сұғып, осы проблеманың куәсi болдым. Мектеп директорлары алдымен қалада тiркеуi бар, үй кiтапшасы қолындағы тұрғындардың балаларын қабылдайды екен. Бiр нәрсеге қуанып, бiр нәрседен жұбаныш табасың. Қуанатының – қазақ мектебiнде оқуға ниет бiлдiрушiлердiң санының жыл сайын артып отырғаны, жұбанатының – осы көгенкөздердi оқытатын мектеп саны аз. Алматыдағы жалпы бiлiм беретiн қазақ мектептерiнiң саны орыс мектептерiнiң санынан үш есеге аз. Алайда, қазақ мектебiнде оқып жатқан балалардың саны орыс мектебiнде оқитындардың санынан әлдеқайда көп. Бұл не деген қайшылық. Жылда бiз осы мәселенi көтеремiз. Бiрақ, алға басқан iс тағы жоқ. Былтырғы жылы Алматы қаласы қосымша 22 мектептiң ғимаратын салуды жоспарлап отырғанын, оның барлығы қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектепке айналатындығын айтқан. Бiрақ, ол 22 мектеп салынып болғанша, өсiп келе жатқан жеткiншек қазақ мектебiнiң жоқтығы салдарынан, орыс мектебiнiң табалдырығын ерiксiз аттайтын болады. Қалада ресми дерек бойынша 178 мектеп бар. Соның 45-сi қазақ мектебi. Қалғандары орыс тiлiнде бiлiм бередi. Қазақ мектептерiнде оқитын оқушылардың саны күн сайын артып отыр.

Қаладағы №36 лингвистикалық гимназияның директоры Бақыт Сназарова ханым өз мектебiнiң 600 орынға арналғандығын, алайда қазiр 700-ден астам оқушы бiлiм алып жатқанын айтады. Әрi лингвистикалық гимназия деген атқа сай болу үшiн мұнда үлгерiмi нашар балаларды алуға болмайды, бiрақ, мәжбүр. Өйткенi, «Целинный» кинотеатрының қарама-қарсысында орналасқан бұл мектеп Абай мен Сейфуллин көшелерiнiң қиылысынан Абай мен Фурманов көшелерiнiң қиылысындағы, Абай мен Сейфуллин көшесiнiң қиылысынан Сейфуллин мен Мақатаев көшелерiнiң қиылысындағы аралықты қамтиды. Яғни, оларға қарайтын аумақ iрi. Бақыт Рақышқызының айтуына қарағанда, ол ең алдымен осы аумақтағы халықтың баласын қабылдауға мiндеттi. Бiрiншi кезекте, әрине, қаладағы тiркеуге назар аударады. Содан кейiн ғана, тiркеусiз пәтер жалдап жүргендердiң балаларын алуға болады.

— Жыл сайын оқу жылы аяқталып жатқанда, бiзге тiркеусiз адамдардың баласын алмауды мiндеттейдi. Ал, оқу жылы басталуға жақындағанда, алуды мiндеттейдi. Биыл тамыз конференциясында тiркеусiз болса да, сенiң аумағыңа қарасты жерде тұрып жатса, оны оқуға қабылдауың керек дедi. Бiрақ, бiр мәселе бар. Оқуға жаңа қабылданған тiркеуi жоқ баланың ата-анасы аяқасты мекенiн өзгертiп кетiп қалды дейiк. Кейбiр ата-аналар қайда кеткенiн де айтпастан, құжаттарын алмастан кетедi. Бiрақ, ол баланың қайда кеткенiн iздеп табу бiздiң мiндетiмiз. Сол себептi де бiз тiркеуi жоқ ата-аналардың балаларынан бойымызды аулақ ұстауға тырысамыз. Бiрақ, «Бiлiм туралы» Заң бойынша, жалпы бiлiм беру мiндеттелген. Мектеп жасындағы балалардың барлығы жалпы бiлiм алуға құқылы әрi мiндеттi. Сол себептi де, тiркеуi жоқ болса да, бiз осы аумақтағы пәтерлердiң бiрiнде тұрып жатқандардың балаларын ерiксiз қабылдаймыз, — дейдi ол.

Бақыт Сназарова ханым қазақ мектептерiнде орын жетпей жататындығының тағы бiр сырын ортаға салды. Оның айтуынша, қазiр қаладағы орыстардың көбi орта жастан асып кеткендер немесе зейнет жасындағылар. Яғни, ол жастағы ата-ананың мектепке берер баласы қайдан болсын. Ал, жастар оқуын бiтiрiсiмен «Ресей қайдасың» деп тайып отырады. Тәуелсiздiк жылдарында Қазақстанды артқа тастаған 2 миллион тұрғынның көбiн осы жастар құрайды. Оның үстiне өзге ұлт өкiлдерi арасында туу сирек. Сол себептi де орыс мектептерi саны жағынан артық болса да, онда оқуға ниет бiлдiрушiлер тым аз. Сондай-ақ, қазақ мектебiне оқуға ықылас танытып жатқан өзге ұлт өкiлдерi де бар екен. Биыл Петров деген орыс баласын бiрiншi сыныпқа қабылдағанын айтады Б. Сназарова.

— «Балалар әлемi» дүкенiнiң алдында №39 орыс мектебi тұр. Ол мектеп ғимарат жағынан iрi мектептердiң бiрiнен саналады. Онда бар-жоғы 450 бала оқиды. Бiр ғана ауысыммен. Бас қатыратын дәнеңе жоқ. Бiз биыл тамыз конференциясында осы мектептi қазақ мектебiне айналдыруды сұрап едiк, одан ештеңе өнбедi, — дейдi ол.

Сондай-ақ, қазақ ата-аналар балаларын бұрынғыдай орыс мектептерiне сүйремейдi. Лажы болса қазақша оқытуға күш салады. Тiптi, орыс мектебiнде оқып жүрген қазақ балалары да қазақ мектебiне ауысып келiптi. Алайда, амал кем.

Сол секiлдi Тастақ шағын ауданында бiр үлкен ғимаратта екi мектеп орналасқан. №62 лингвистикалық гимназия мен №167 мектеп. Бұл мектептердегi бала саны әрқайсысында 1500-ге жеткен. Яғни, бiр ғимаратта – екi мектеп, 3000 бала бiлiм алады. Бiз осы мектептерге арнайы бас сұққанымызда мектеп директорларының алдындағы ұзын-сонар кезектiң куәсi болдық. Тағы да жаңағыдай проблема. Балаларын мектепке апара алмай дағдарған ата-ана. Бәрiнiң көзiнде үрей, көңiлiнде күдiк. Өйткенi, қалалық тiркеуде жоқ. Ал, директорлар мүмкiн болса, қалалық тiркеуi барлардың кiруiн өтiнiп жатты. №167 мектептiң директоры қалалық тiркеуi болмаса да, сол ауданда пәтер жалдап тұрады деген анықтамамен болсын қабылдайтындықтарын айтады. Өйткенi, баласын алып келген ата-ананың көңiлiндегi үмiт отын сөндiрмеуiмiз тиiс дейдi ол.

«Орбита» шағын ауданында дәл сондай екi орыс мектебi бар – бiрi гимназия, бiрi жай мектеп, №139 гимназия мен №131 мектептегi бала саны 1500-дiң айналасында ғана. Яғни екi мектептегi бала саны бiр мектептегi бала санымен қатарлас. Бiрақ, бұл мектептердегi бiлiм беру процесiн қазақ тiлiне көшiру оңай шаруа болмай тұрғанға ұқсайды.

Демек, жоғарыдан мемлекеттiк тiлге көшуге деген салғырттыққа қарамай, төменнен ұлттық құндылықтарға деген сұраныс өзiнен-өзi туындап жатқанын бiз осыдан-ақ байқаймыз. Ендiгi он жылда өсiп-өнген бұл ұрпақ нағыз қазақ елiнiң патриоттары болмасына кiм кепiл. Бiрақта, ең жаманы, халықтың сұранысын қанағаттандыра алмай отырғанымыз. Демек, мемлекеттiк тiлдiң дамуына күш салғаннан гөрi, тежегiш күштердi iске қосып жатқан сыңайлымыз.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары