НАШАҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШIН...
НАШАҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШIН...
Қазiр нашақорлық кәдiмгiдей iндетке айналды. Өйткенi, жан-жақтан ағылып жатқан есiрткi түрiнiң елiмiзге еркiн кiруiнiң салдары ересектер түгiлi, жасөспiрiмдердiң де ауыздануына алып келдi.
Мәселен, былтырғы жылы бiр Алматының өзiнде наркологиялық диспансерде 7 мың адам тiркеуде тұрса, бүгiн бұл көрсеткiш 7 мың 235-ке жеткен. Оның 1 мың 155-i нашақорлар екен. Алайда, бұл ресми көрсеткiш. Шын мәнiнде, нақты есеп бұдан екi есе асып жығылады. Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментi директоры Зәуреш Аманжолованың айтуынша, есiрткiге көбiнесе әйелдер мен жасөспiрiмдер елiгетiн көрiнедi. Денсаулық сақтау департаментiнiң ресми мәлiметi бойынша, қалада күнi бүгiн 54 мыңнан астам нашақор бар. Оның 6 мың 760-сы нәзiк жандар болса, 2 мың 223-i 15-18 жас аралығындағы жасөспiрiмдер. Жасөспiрiм арасындағы нашақорлықты былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскендiгiн бiлдiредi. Осы жаппай iндетке айналып бара жатқан нашақорлық дертiнiң алдын алу және оны дер кезiнде емдеу үшiн арнайы орталықтың салынуы бүгiн артықтық етпесе керек. Өйткенi, қалада жаңа заман талабына сай құралдармен жабдықталған наркологиялық диспансер жоқтың қасы. Жақында бұрынғы наркологиялық орталықтың жанынан аумағы 6 мың 470 шаршы метрдi алып жатқан 160 орындық сауықтыру кешенi тұсауын кестi. Сондай-ақ орталықта 380-нен 506 адамға дейiн нашақорлар емделе алады. Денсаулық сақтау департаментiнiң айтуынша, бұл орталықты салуға 750 млн. теңге қаражат жұмсалып, оның 50 млн. теңгесi қажеттi медициналық құрал-жабдық алуға кеткен. Емханасы мен ауруханасы бiр жерде шоғырланған сауықтыру орталығында 6 аудан бойынша нарколог-дәрiгерлер қызмет көрсетедi. Жаңа орталықтың iске қосылуы ем алушылар мен медицина қызметкерлерiнiң жұмысының сапасын арттыруға септiгiн тигiзетiнi сөзсiз.
Алматы қаласының әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов бұдан басқа қазiр Алматыда 350 орындық көпсалалы аурухананың құрылысы жүрiп жатқандығын айтты. Сол сияқты қазан айында екi денсаулық орны – Перинатальдық орталық пен Туберкулезге қарсы диспансердiң құрылысы өз жұмысын бастайды. Құдай қаласа, келер жылы әр түрлi жарақатты емдейтiн арнайы орталық бой көтермек. Қысқасы, алдағы жылдары бар-жоғы 6 денсаулық сақтау мекемелерi халыққа тапжылмай қызмет көрсететiн болады.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ