Асылы ОСМАН: ҚАЙ УАҚЫТТА ДА ҚАЗАҒЫМА АДАЛМЫН
Асылы ОСМАН: ҚАЙ УАҚЫТТА ДА ҚАЗАҒЫМА АДАЛМЫН
Ассамблеядан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi депутаттығына үмiткерлердiң есiмi белгiлi болды. 130-ға жуық ұлттың арасынан таңдап алынған тоғыздың арасында Ұлт, Мемлекет, Тiл деп шырқырап жүрген Асылы Османның есiмiн кездестiрмегенi көпшiлiктiң жанына батқандай. Редакцияға қоңырау шалып, осының себебiн сұрап жатқандарда шек жоқ. Дамылсыз соғылған қоңырауларға жауапты Асылы Османның өзi берер деген үмiтпен, апамызға телефон шалғанбыз.<br>
– Жандарым, ол үмiткерлердiң арасында болайын, болмайын, мен өмiрбақи елiме қызмет етем. Қазақтың тiлi орыстың тiлiнiң дәрежесiне жеткенше айғайлағаным айғайлаған.
– Асылы апа, жалпы, ассамблея үмiткерлердi қалай таңдап алды?
– Мұны қалай iрiктегендерiн бiлмеймiн?! Ассамблея орталықтары басшыларының кеңесi бар. «Сол кеңесте талқылаймыз» деген. Ол талқылау қалай өттi, үмiткерлер қалай таңдалып алынды, ол жағын мен бiлмеймiн. Он үш ұлттың өкiлi жиналып, Мұхтар Шахановты ұсынғанын өтiнiп едiк. Оның себебi, тiл деп шырылдап жүрген, белгiлi ақын, ешкiмдi бөлiп жармайтын, жұрттың бәрiне бiрдей қамқорлық жасап жүрген азамат. Ассамблеяның атынан, ол кiсi «еш партияда жоқ қой» деп өтiнiп едiк. Бiздiң өтiнiшiмiздi ескермеген бе, әйтеуiр, Шахановты жiбермептi.
– Мұхтар Шаханов ассамблеяға мүше болмағаннан кейiн өткiзбеген шығар.
– Олай емес, менiң түсiнiгiмше, ассамблеяның мүшесi болсын, болмасын, соншама ұлттың өкiлi өтiнгеннен кейiн, бiр мән беру керек едi. О баста, мен тоғыз депутаттың екеуi қазақ болсын деп, өзiмнiң ұсынысымды бергенмiн. Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Қазақстанның иесi де, киесi де – қазақ. Дәл Мұхтар Шахановтай ұлттың бәрiн бөлiп-жармай, бiрдей қарайтын адам жоқ. Қазақтың үлкен дертi болып жатқан бiр-ақ проблема бар. Ол – қазақтың тiлi. Сол қазақтың тiлiн қорғап, шырылдап жүрген жалғыз адам болса, ол – Мұхтар Шаханов. Соның iшiнде, ассамблеяға әбден еңбегi сiңген адамдар аз деген болар едiм. Олардың кейбiрi ассамблеяға мүше болғанына да бiр-екi-ақ ай. Қазақ деген халықтың болмысын ұғатын, жан-дүниесiн сезiнетiн, ұлтпен бiрге қайғырып, ұлтпен бiрге қуанатын, халықты қадiрлейтiн адамдар депутат болса екен деп өзiмнiң сұхбаттарымда жазғанмын да, айтқанмын да. Өйткенi, қазақ халқы олардың елге, жерге деген сенiмiн арттырды, олардың ешқайсысының да шекесiнен шерткен жоқ қой. Солай болғаннан кейiн, ақыры депутаттыққа сайланады екен, онда жан-жақты қарау керек едi. Әншейiн ұсына салу, ол асығыстық болады. Парламентке де бiлгiр, ойлы, бiлiмдi, саналы, ешкiмдi бөлiп-жармайтын, қоғамға қызмет ететiн адамдар керек. Егер ол адамдар осы уақытқа дейiн осылай еңбек етiп келсе, онда Парламентте де соны жасайтын болады. Ал, осы уақытқа дейiн ұлтқа еңбек етпегендер Парламентте бiрдеңе жасайды дегенге сенбеймiн. Парламент деген өте жауапкершiлiгi зор жұмыс. Ол ертең қоғамның дертiн сауықтыратындай адам болуы қажет. Халық қалаулысы деп неге айтамыз? Халық өзiнiң арасынан қалап ұсынған соң, оған сенiм артады. Ол естi адам болса, сол сенiмдi ақтайды. Мемлекеттiк тiлдi бiлмесе де, оған қарсылық етпейтiн, ниетi түзу, тiлдi бiлуге, ұлтты сыйлауға, қадiрлеуге деген ниетi түзу болса… Жалпы, Парламентке баратын депутаттың өздерiнiң арнайы критерийлерi болуы керек. Ол критерий мемлекеттiң тiлiн бiлу. Тiлдi бiлмесе де, бiлуге талпынсын, өзiнiң ұрпағын соған баулысын. Қазақтың елi – менiң елiм, қазақтың жерi – менiң жерiм, менiң топырағым, менiң ұлтым деп өмiр сүрсiн. «Мысықтың түрiне қарама. Ол ақ па, қара ма, бәрiбiр. Ең бастысы, сол мысық жақсылап тышқан ауласа болды»,– деген жақсы сөз бар. Менiң елiмде қай ұлттың өкiлi болса, ол болсын, бiрақ ол Қазақстанға, қазақ қоғамына, қазақтың тiлiне, қазақтың жетпей жатқан дүниесiн ары қарай сүйреуге қызмет ететiн адам болса, болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ұлт пен ұлыс өкiлiне бiрдей қарап тұрса, оларда соған лайық болуы қажет,–дейдi Асылы апа.
Ассамблея ұсынған тоғыз үмiткер дәл осылай ұлттың тiлiн бiлуге, ұлт үшiн қызмет етуге жарай ма? Олардың кейбiрi болмаса, кейбiрiнiң есiмi көпшiлiкке беймәлiм. Сонда олар ертең қалай Парламентте отырып, елдiң мұңын айтып, жоғын жоқтамақ?! Әлде, үн-түнсiз бас шұлғып, қол қоюдан әрiге аса алмай ма? Әйтеуiр, бұл сайлаудың қызығы мен шыжығы көп болып тұр…
Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА