«МАРШАЛ» АПА

«МАРШАЛ» АПА

«МАРШАЛ» АПА
ашық дереккөзі
363

Тәжiгүл Серiкбайқызын замандастары осылай атайды. Бұл оның бекзат болымысына, ұстамды мiнезiне берiлген құрметтi атау. Бiрде атақты кинорежиссер Шәкен Айманов: «Тәжiгүл, сенiң ақыл-парасатыңа, бiлiм-бiлiктiлiгiңе, көрiк келбетiңе тәнтiмiн. Айналайын, бiрақ бiр ескертерiм бар, қабағың қатуланғанда бiз iстiктiң үстiнде отырғандай, мазасызданып кетемiз. Тiптен аузымыздағы сөздi де кекештенiп, дұрыстап айта алмай дегбiрiмiз қашады. Кеңсеге келгенiмiзде, жиналыстарда үнемi күлiмсiреп, жылы шырайыңды берiп отыршы», – деген екен. Сонда Тәжiгүл: «Шәкен аға-ау, сiздердiң алдарыңызда мен үнемi күлiмсiреп жүретiн болсам кiм қалай түсiнедi? Өнердегi өзiңiз секiлдi азу тiстерi қанжардай көкжалдар «Е,е өзiмiздiң Тәжiгүл ғой» деп сөзiмдi жүре тыңдаса, iсiмдi жүргiзуден мүлде қалармын», – дейдi.

Шәкен риза көңiлiмен арқасынан қағады: «Иә, шырағым, мiнез көрсетпесең бiздiң жайсаңдарды қайырып жөнге сала алмайсың».

Ал Сабира Майқанованың: «Тәжiгүл қарағым, сенiң қыз болып туғаныңа таңқаламын» дегенiн талайлар естiген.

Бүгiнде сексеннiң сеңгiрiндегi Тәжiгүл апаның басынан нелер келiп, нелер өтпедi. Қаршадайынан қамшы ұстап, атқа мiнiп, ел iшi қызметке араласты. Ыстығына күйiп, суығына тоңып жүрiп, ер азматтың iсiн атқарды. Қай iсте де, шаруашылықтың қай саласында да қолға алған iсi жанданып, беделi артты. Үлкендер «Тектi әулеттiң тұқымы» дейдi екен. Бекер айтылған сөз емес. Арғы атасы Сиқым батыр болған. Хиуа хандығының басқыншыларынын елдi қорғапты. Сол Сиқымның ұлы Тоғабай да өр мiнездi қайсар жан болса керек. Ол тұңғышы Қозыке тоғыз жасқа толғанда өмiрден өткен. Ал Қозыке он жасында шешендiгiмен, тапқырлығымен, әдiлдiгiмен датқа атанған. Қазыбек бидiң назарына iлiнiп, тәлiм-тәрбиесiн алады. Көз көргендер «Қозыкенiң ұлы Жолдасбек те дәулеттi, елге қадiрлi кiсi болған», деп жүрiптi. Кеңес өкiметiнiң қысымынан Жалалабадқа қоныс аударыпты. Сол жерде жамбасы жерге тиiп, жат жердiң топырағы бұйырса амал қанша. Артында қалған қамшыұстары Серiкбай елге оралып, Орынбордағы темiр жол институтында оқиды. Алаштың ардақтысы Мұхаметжан Тынышпаевпен бiрге жүрiп, «Түркiсiб» темiр жолының құрылысына қатысады. Кейiндеу Арыс, Луговой, Әулие-Ата станцияларында қызмет еткен. 1932 жылы 7 қарашада КСРО Жол қатынасы Халық комиссариатының басшысы Лазер Моисеевич Каганович оны Мақтау грамотасымен марапаттапты. Әйелi Құндызай он бiр құрсақ көтерген жан. Ұлдарының арасынан Батырбек Мәскеудiң Фрунзе атындағы әскери академиясында оқиды. Қозыке датқаның ұрпағы деп НКВД қызметкерлерi Мәскеуде оқып жүрген Батырбек пен Тәжiгүлдiң басын әуре-сарсаңға салғаны бар. Тәжiгүл аналар қыр соңынан қалмай қойған соң, қызыл идеологияның басында отырған Михаил Сусловтың қабылдауында болып, Кагановичтiң әкесiне берген әлгi Мақтау грамотасын көрсетiп, екеуi де қуғын-сүргiннiң тұзағынан құтылады. Жалпы Тәжiгүл апаның өмiр жолы кейiнгi ұрпаққа үлгi. Ендi сол апаның өмiр белестерiнiң әр кезеңдерiнен сыр шертiп көрейiк.

* * *

1943 жылы Тәжiгүл Серiкбайқызы Шымкент облысындағы Сарыағаш аудандық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметiне тағайындалды. Соғыс жүрiп жатқан кез. Елдегiлер «Бәрi де майдан үшiн!» деген ұранмен бел шешпей күн-түн қатып еңбектенуде. Жауынгерлерге жылы киiмдер, азық-түлiктер және қаражат жинап, аудан басшысы Зақан Ескендiров қыстың қақаған суығында Тәжiгүлдi үш адаммен Смоленскiге аттандырады. Аңғал-саңғал вагонмен бiрнеше күн жол жүрiп, дiттеген жерге жетiп, әскери бөлiмдерге бәрiн тапсырады. Қайтарда аяғын үсiтiп, бiраз уақыт үйде емделуiне тура келдi. Бiр жылдан соң оны облыстық комсомол комитетiнiң кезектi пленумы Арыс аудандық комсомол комитетiне бiрiншi хатшы қызметiне ауыстырады.

1945 жылы қарашада Қазақстанның 25 жылдық тойы өттi. Сол тойға қатысуға Шымкент облысынан бiр топ жандар Алматыға шақырылған. Араларында Тәжiгүл Серiкбайқызы да бар. Сол кезде Қазақстан Компартиясының ОК-нiң бiрiншi хатшысы Геннадий Андреевич Барков, екiншi хатшы Жұмабай Шаяхметов едi. Бағдарламадағы ұлттық ойын жарысына «Қыз қуу» да кiргiзiлiптi. Облыс өкiлдерi Тәжiгүлге қолқа салады. Тәжiгүл келiседi. Әйгiлi әншi Күләш Бәйсейiтова оны опера және балет театрына ертiп барып, бүрмелi көйлегiн, зерлi камзолын, үкiлi сәукелесiн кигiзедi. Сол сайыста Тәжiгүл республика чемпионы атанды.

* * *

1946 жылдың көктемiнде Қазақстан Компартиясы ОК бiрiншi хатшысы Жұмабай Шаяхметов, атақты ғалым Нәйла Базанова Арысқа келдi. Олар КСРО Жоғарғы Советiне депутаттыққа осы қаладан ұсынылған. Сайлаушылармен кездесуден кейiн Шаяхметов Тәжiгүлге болашағынан үлкен үмiт күтетiнiн айтып, Алматыға оқуға шақырады. Арада бiрнеше күн өткен соң Алматыда спорт өнерiнен Бүкiлодақтық жарыс өтетiн болып, соның шеруiне Тәжiгүл де шақыртылады. Шеруден соң ол Орталық Комитетке барып, Шаяхметовпен кездеседi. Ол:

– Обкомның бiрiншi хатшысы Макаров арқылы менi iздестiрген екенсiз, – дейдi.

– Иә, Тәжiгүл, iздестiргенiм рас. Алматыдан жоғары партия мектебi ашылды. Соған бағыңды сынап көрсең қайтедi?

Тәжiгүл оған әкесiнiң өмiрден өтiп кеткенiн, қолындағы шешесi мен бауырларының өзiне қарап отырғанын айта келiп ұсынысынан бас тартты.

Шаяхметов ойланып:

– Тәжiгүл сенiң қазiргi еңбек ақың қанша? – дейдi.

– 900 сомның төңiрегiнде.

– Сенiң сол жалақыңды толық сақтатып, Арыстағы жабық дүкеннен алып тұратын азық-түлiктi сол анаң мен бауырларыңа қалдырайын. Мұнда 1500 сом стипендияң болады. Осылай жасасам келiсесiң бе?

– Мұндай қамқорлығыңыздан тартынғаным жөн болмас. Бәрiн де кейiн еңбегiммен ақтаймын, аға.

Сол жылы Тәжiгүл қазақтың тұңғыш ұшқышы Хиуаз Доспанова екеуi жоғары партия мектебiне құжаттарын тапсырып, сынақ емтиханында ең жоғары баға алады.

* * *

Тәжiгүл Серiкбайқызы партия мектебiн бiтiрген соң Шымкент қалалық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметiне жiберiлдi. Қаладағы Сыпатаев атындағы орта мектептi үздiк бiтiрген Өмiрбек Жолдасбековке Мәскеу мемлекеттiк университетiне барарда мiнездеме бередi. Арада жыл өткен соң Мәскеу қалалық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы Сизовтың қолы қойылған хат Тәжiгүлдiң қолына тиедi. Онда Өмiрбек Жолдасбеков бастаған қазақ жiгiттерiнiң трамвайда тәртiпсiздiк жайларға барып, милиция қамауында жатқанын айта келiп, Жолдасбековтың сол әрекетiн айыптап, мiнездеме жазып жiберуiн өтiнiптi. Тәжiгүл өзi жақсы бiлетiн Жолдасбековтың ондай оқыс iстерге себепсiз бармайтынын, мектеп қабырғасындағы комсомол ұйымының қоғамдық жұмыстарында тек жақсы қасиеттерiмен көрiне бiлгенiн жазып жiбередi. Сол мiнездемеден кейiн мәскеулiк тәртiп сақшылары Жолдасбековты босатуға мәжбүр болған.

* * *

Шымкент обкомының бiрiншi хатшысы Мұхамеджан Ерлепесовтiң дәуренi жүрiп тұрған кез. Ал бұл жылдары Тәжiгүл Серiкбайқызы облыстық комсомол комитетiнiң хатшысы қызметiне көтерiлген. Неге екенi кiм бiлсiн Ерлепесовтың оған көзқарасы өзгерiп, үлкен жиналыстарда облыстық комсомол ұйымының жұмыстарын көпе-көренеу сынаумен болады. Жақсысын жасырып, түймедей кемшiлiктi түйедей ете берген соң, Тәжiгүл Серiкбайқызы да оның жөн-жосықсыз сындарына тойтарыс берiп, кей тұста текетiресiп алған бетiнен қайтпайды. Әдiлдiк Тәжiгүл жағында болған соң, ол жаза қолданудың жөнiн таппаса керек. Әсiресе, оған Тәжiгүлдiң бiрбеткей тiк мiнезi ұнамайды. Солай қырғиқабақ болып жүргенде облыстық Атқару комитетi төрағасының орынбасары Фаина Закирова отбасы жағдайымен басқа қалаға қызмет ауыстырған. Обком мен облыстық Атқару комитетiнiң жиналыстарында Тәжiгүлдiң тыңғылықты жұмыстарын көрiп жүрген басшылар оны Закированың орнына ұсынады. Ерлепесов: «Ол әлi жас, кейiндеу оңтайлы қызмет беремiз» – деп, сол қызметке Ленгiр аудандық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы Любовь Решетникованы тағайындатады. Бiрiншi хатшының осылай бұра тартып, өзiн соншалық төмендеткенi намысына тиген Тәжiгүл бiрден обкомға барады. Көмекшiсi Егемқұл Тасамбаевтың «Ерлепесов бүгiн ешкiмдi қабылдамайды» – дегенiне қарамастан оның есiгiн жұлқи ашып, iшке кiредi. Ерлепесов одан мұндай өр мiнездi күтпесе керек, сасып қалып жөн сұрайды. Ол:

– Сiздiң маған iстеген қиянатыңызды бетiңiзге айтқалы келдiм, – деп өзiн облыс басшыларының бiрқатары ұсынған облыстық Атқару комитетi төрағасының орынбасарлығына қасақана Решетникованы тағайындатқанын айта келiп. – Оның менен қай iсi артық? Ол – аудандық комсомол комитетiнiң хатшысы. Тым болмаса қалалық деңгейдегi емес. Решетникова соғыс жылдарында ауыл-ауылды атпен аралап жүрiп, жастарды комсомол қатарына тартып, жұмысқа жұмылдырды ма? Қақаған қыста қан майданға азық-түлiк, киiм-кешек жеткiздi ме? Сонда оқ пен оттың арасында жүрген жауынгерлердi көрiп, қолдау көрсеттi ме? Жұмабай Шаяхметов Алматыға үлкен қызметке шақыртқанда әуелi өз облысыма еңбегiмдi сiңiрiп, сатылап көтерiлейiн деп бас тартқан едiм. Сiз тағайындаған Решетникова тым болмаса Жоғарғы партия мектебiн бiтiрсе қане. Сiздiңше оның бiлiм-бiлiктiлiгi менен асып тұрғаны ма? – Тәжiгүл ашу қысып, стол үстiндегi сия сорғызатын доғал сауытты қолымен шеңгелдеп ұстап, кiжiне сөйлеген. Анау: «Мына тiк мiнез қыз қолындағы зiлмауыр затпен басыма қойып қалса, шаруамның бiткенi ғой» – деп ойлап, орнынан тұрып: «Тәжiгүл, уәжiң орынды. Ашуыңды бас. Жақында обкомның хатшысы Дроздецкая Украинаға қоныс аударғалы жатыр. Сол орынға сенi сайлаймыз», – деп шығарып салды. Бiрақ бұл Ерлепесовтың алдамшы, шығарып салма сөзi екен. Екi-үш айдан соң Тәжiгүлдi Сарыағаш аудандық Атқару комитетiнiң төрайымы етiп жiбердi. Алайда ол жаңа қызметте жанын салып жұмыс iстесе де, Ерлепесов тырнақ астынан кiр iздеп, жөнсiз сынауын тоқтатпады.

* * *

Тәжiгүл Серiкбайқызы Алматыдағы жиналысқа қатысып, ертеңiне Жұмабай Шаяхметовтың қабылдауына барды. Бiрiншi басшыға мән-жайды қысқаша баяндап, Ерлепесовпен жұмыс iстесудiң қиындап кеткенiн ашып айтқан. Ол Алматы обкомының бiрiншi хатшысы Әмiр Канафинмен телефон арқылы хабарласып, Тәжiгүлге қызмет қарастыруды тапсырды. Бiр аптадан соң Тәжiгүл Алматы облыстық Мәдениет басқармасының бастығы болып жаңа жұмысты қолға алды. Бұл 1953 жыл едi. Тәжiгүл бұл iсте де ұйымдастырушылық қабiлетiмен ерекше танылды. 1958 жылы Мәскеудегi қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға түсiп, үш жылдан соң Алматыға оралды. Республикалық Халық шығармашылығы мекемесi директорының тiзгiнiн ұстайды.

* * *

Алматыда халық шығармашылығына байланысты үлкен жиындардың бiрiнде, белгiлi кинорежиссер Шәкен Айманов, Мәдениет министрi Ләйла Ғалымжанова, жазушы Ғабит Мүсiрепов, суретшi Қанапия Телжанов баяндамалар жасайды. Сол баяндамалардың iшiнен Ғабит Мүсiреповтiң сөзi кiлең сынға құралып, халық шығармашылығы мекемесiнiң жұмысын жоққа шығарғанда, жұрттың таңданбасқа шарасы қалмайды. Төрдегi ұзын столдың басында Қазақстан ЛКСМ ОК идеология жөнiндегi хатшысы Өзбекәлi Жәнiбековпен қатар отырған Тәжiгүлдiң төбесiнен бiреу мұздай су құйып жiбергендей күй кешедi. Ғабекең сынды орнымен, жөнiмен айтса мақұл-ау. Онда құба-құп деп қабылдар едi. Жөнсiз айтылған сынға Тәжiгүлдiң жаны шыдамай, жиналысты жүргiзiп отырған тарих институтының директоры Серiкбай Бейсебаевтан сөз беруiн өтiнедi. Ол кезде орысша сөйлеу дәстүрге айналған. Тәжiгүл де сөзiн солай бастап, атқарылған қыруыр жұмыстарға нақты-нақты тоқталып, Ғабекеңнiң сыны орынсыз айтылғанын дәлелдейдi. Сөзiнiң соңында қазақша: «Ғабеке, сiз күнара Халық шығармашылығы үйiнiң үшiншi қабатына келiп, бильярд ойнайсыз. Сол кездерде тым болмаса бiр рет екiншi қабаттағы қым-қуыт iспен айналысып жатқан бiзге келiп, жағдайымызды сұрадыңыз ба? Осы қаршадай қыз басқарып отырған ұжымға нендей қолғабыс көрсетсем екен деп есiгiмiзден басыңызды сұқтыңыз ба? Сiз жылдар бойы атқарған бiздiң жанкештi жұмысымызды бүгiн бiрауыз сөзiңiзбен жоққа шығарып отырсыз. Оның үстiне бар кемшiлiгiмiздi өз көзiңiзбен көрсеңiз мақұл-ау. Ешқандай қисыны жоқ әлдекiмнiң жазып бергенiн оқып тұрсыз. Мен сiздiң бұл сыныңызды қабылдай алмаймын», – дейдi.

Сөз кезегiн алған актриса Бикен Римова Халық шығармашылығы үйi ұжымының тамаша жұмыстарын, жетiстiктерiн айта келiп, Ғабит ағаға соңғы жылдары театрға пьеса бермей жүргенiн ескертедi. Мiнберге шыққан өзге де өнер шеберлерi Тәжiгүл басқарған ұжымның жұмысын жоғары бағалайды. Ғабит Мүсiрепов қайта сөз алып: «Орынсыз сыным әдiл жүректi жаралап кеткенiн ендi бiлiп отырмын. Тәжiгүл қарағым, дұрыс айттың, өкпеңдi қабылдаймын», – дейдi.

Сол Ғабеңнiң 1962 жылы 60 жылдық мерейтойы өтедi. Жазушылар одағында болған үлкен жиында жайсаң қаламгер Сәбит Мұқанов халық шығармашылығы мекемесiнiң директоры Тәжiгүлге де сөз бередi. Ол Ғабеңдi құттықтап Ленинградтан арнайы алдырған альбомды сыйға тартады. Той иесi бұл сыйлыққа риза болған. Оның бетiнен сүйiп құлағына «Тәжiгүл, мен ендi сенi ешқашан да сынамаймын» –деп сыбырлайды. Ол: «Е,е Ғабең ана жолғы жөнсiз сынағанына әлi күнге ыңғайсызданып жүр екен-ау» – деген ойда қалды. Жиналыстан соң таныс жазушылардың бiрi: «Тәжiгүл, ағаң құлағыңа не деп сыбырлады?» – деп сұрағанда, ол жорта: «Кешке қарай бiрге қыдыруға шақырды» – деп жауап бердi.

* * *

Ленинград мәдениет институтында оқитын Қанат Саудабаев,Орынбасар Исақов және Қозы Iлиясов Алматыдағы Халық шығармашылығы мекемесiне алты айлық өндiрiстiк тәжiрбиеден өтуге келген. Тәжiгүл Серiкбайқызы үшеуiн де 90 сом айлықпен жұмысқа қабылдайды. Студенттер өздерiне берiлген тапсырманы ойдағыдай орындап, уақыттары бiткен соң Ленинградтағы оқуларын жалғастыруға аттаныпты. Солар кетiсiмен-ақ мекемеге «КРУ»-ден тексерушiлер сау ете қалған. Комиссияны Бақылау-тексеру басқармасының бастығы Чепруновтың өзi бастап, құжаттарды түп-түгел сүзгiден өткiздi. Соңынан әлгi үш студентке алты ай бойы еңбекақы ретiнде берiлген ақшаны заңсыз деп тауып,Тәжiгүлдiң мойнынан өндiрiп алуға хаттама жасайды. Тәжiгүл олар атқарған жұмыстарын көрсетсе де, Чепрунов мәмiлеге келмейдi. Тәжiгүл амал жоқ Қаржы министрi Рымбек Байсейiтовке барып, мән-жайды түсiндiрген. Үш студенттiң еңбегiн тегiн пайдалануға ар-ұятының бармағанын жеткiзгенде, Байсейiтов сол бойда Чепруновты шақырып, iстi қысқартуға бұйрық бередi.

* * *

Халық мұрасының бiрi – айтыс. Сол төл өнерiмiз соңғы рет 1943 жылы Алматыдағы опера және балет театрында өткен екен. Тәжiгүлдiң ойына «Айтысты неге қайта жаңғыртпасқа» деген ой келдi де, осы мақсатпен Қазақстан Компартиясы ОК идеология жөнiндегi хатшысы Саттар Имашовқа бiр емес, әлде неше рет шығады. Алайда Имашов республикалық айтыс өткiзудi кейiнге шегерте бердi. Болмаған соң сол жылғы айтыста түсiрiлген фильмдi мұрағаттан iздестiрген. Фильм жарты сағаттық екен. Айтысқа республика басшылары Скворцов, Шаяхметов, Оңдасынов, Қазақбаев қатысып, Жамбыл, Шашубай, Кенен тағы басқа да азулы ақындардың сөз сайыстарын тамашалапты. Ал оларға шай құйып жүргендер Күләш Бәйсейiтова мен Шара Жиенқұлова екен.

Тәжiгүлге бұл фильм iштей күш бередi. Алған мақсатын орындауға ұмтылдырады. Орталық Комитеттiң идеология бөлiмiнiң меңгерушiсi Логвиноваға көрсетiп, республикалық айтыс өткiзу жөнiндегi өз ұсынысын нақты қояды. Өкiнiшке орай Логвинова енжарлық танытқан. Логвинова қызыметтен кетiп, орнына Плотников тағайындалғанда, Тәжiгүл оған да сол ұсыныспен шығады. Ұлты басқа болса да ол ұлттық өнерге Логвиновадай емес, жанашырлық танытады. Ол: «Тәжiгүл, әр iстiң сәтi болады. Бұл фильмдi Имашов кезектi еңбек демалысына кеткен кезде ОК Бiрiншi хатшысы Дiнмұхамед Қонаевқа көрсетейiк»,– дейдi. Фильмдi көрген Қонаев: «Тәжiгүл, мынау қандай құнды фильм. Айтыс–бiздiң дәстүрге сiңген ұлттық өнерiмiз. Мұны жаңарту жөнiндегi ұсынысыңды құптаймын. Тез арада республикалық айтысты ұйымдастыр», – дейдi де, Плотниковқа республикалық ақындар айтысын өткiзу туралы ОК-тiң шешiмiн дайында,– деп тапсырады. Сол айтыс Алматыда өтедi. Араға 37 жыл салып ,ұмыт бола бастаған халқымыздың төл өнерi, ұлттық айтыс өнерi қайта оралды. Айтыстан соң Халық ақыны Әбдiлда Тәжiбаев оны ұйымдастыруда жанкештi жұмыс атқарған Тәжiгүл Серiкбайқызына бүкiл қазақ халқы атынан алғыс айтады.

* * *

Халық шығармашылығы мекемесiне ақын жазушылар, әншi сазгерлер, әртiстер жиi-жиi келiп жататын. Бiр күнi Тәжiгүлдiң кеңсесiнiң есiгiн әйгiлi сазгер Шәмшi Қалдаяқов ашады. Әдеттегiдей күле амандасып: «Апа, сiз Арыс өзенiнiң бойында өстiңiз ғой. Ақын Мұхтар Шаханов екеумiз түнiмен сiзге арнап, «Арыс жағасында» деп аталатын ән жаздық. Тыңдап көресiз бе?» – дейдi. Тәжiгүл оның күреңiткен түрiнен аздап iшiп алғанын байқайды. «Мұхтар қайда қазiр?» – деп сұрайды. Шәмшi: «Ол үйдiң екiншi қабатында отыр», – дейдi. Тәжiгүл оған хатшы қызды жұмсайды. Шәмшi кеңседегi пианиноға отырып, әндi әулете орындаған. Әннiң сөзi де, әуенi де Тәжiгүлге ұнайды. «Шәмшi, Мұхтар, әндерiң тамаша! Бiрақ «Тәжiгүл апамызға арнаймыз» деген сөздердi нотадан алып тастаңдар.Ертеңгi күнi баз бiреулер: «Бұл әндi, Тәжiгүл әдейi өзiне арнап жаздырған», – деп жүрер. Екеуi амалсыз келiседi. Кетерiнде Шәмшi: «Апа, өлеңдi сiз қабылдасаңыз аздаған аванс берiңiзшi. Кейiн қаламақыдан ұстап қаларсыз», – дейдi. Тәжiгүл есепшi Екатерина Симонованы шақыртқанда ол қолда бар ақшаның бәрiн банкке өткiзiп жiбергенiн айтады. Екi атақты азаматтың меселiн қайтарғысы келмей ол сол күнi «Социалистiк Қазақстан» газетiнен алған 25 сом қаламақысын Шәмшiнiң қолына ұстатады. Кейiндеу Шәмшiнi Шымкент облыстық Халық шығармашылығы үйiнiң директоры етiп тағайындайды.

* * *

Белгiлi композитор Әсет Бейсеуов те ара-тұра Халық шығармашылығы мекемесiне келiп, қаламақысын алып, Тәжiгүл апасымен амандасып кететiн. 1975 жылы Тәжiгүл елу жасқа толды. Салтанатты жиын Мәдениет министрлiгiнiң мәжiлiс залында өттi. Сол жиында Әсет Бейсеуов Тәжiгүл әпкесiне арнаған «Әпкетайым» әнiн орындады. Оның сөзiн ақын Оспанхан Әубәкiров жазған. Ән көпшiлiкке ұнап, ұзақ қол шапалақтады.

Бiр жолы оның кеңсесiне қолында емiзулi сәбиi мен етегiнен ұстаған екi баласы бар бiр бейтаныс әйел келдi. Тәжiгүл оның жүдеу тартқан өңiне қарап, жәй келмегенiн iштей сезiп, жөн сұрайды. Әйел қиналған шарасыз кейiппен: «Апай, мен Әсеттiң әйелi едiм. Қазiр Шу қаласында тұрып жатырмын. Мына үшеуi Әсеттiң балалары. Бiраз айдан берi алимент ала алмай жүрмiн», – деп мұңын шағады. Әйел Әсеттiң бұл мекемеде iстемейтiнiн қайдан бiлсiн. Мұнан ол тек қаламақы алып тұрады. Сонда да болса Тәжiгүл әйелдiң қолына бiраз ақша ұстатып: «Қазiр асханадан тамақтанып, тынығып алыңдар. Түстен кейiн сағат төртте осы жерге кел», – дейдi де хатшы қызға Әсеттi iздестiрудi тапсырады. Түстен кейiн Әсет те келiп, балаларын көрiп, ашудан өзiн ұстай алмай әйелiне: «Неге мұнда келдiңдер?» – деп тап бередi. Тәжiгүл киiп кетедi. «Әй, Әсет, мына өрiмдей балаларыңды неге тентiретесiң? Бұлардың жазығы не? Әкелiк парызыңды өтей алмасаң, әкелiк жанашырлығың, қамқорлығың болмаса, сенiң атағың кiмге керек. Ендi мына балаларыңды осылай тентiрететiн болсаң, менiң есiгiмдi ашушы болма!», – дейдi зiлдi үнмен. Әсет бiрден райдан қайтып: «Алтын әпке, сiздiң сөзiңiз маған заң. Орындаймын», – деп сәбиiн көтерiп алып, балаларын жетектеп кеңседен шығып кетедi. Әсет солай өз үйiрiне қосылған.

* * *

Тәжiгүл Серiкбайқызы Алматы облыстық Мәдениет басқармасының бастығы қызметiнде жүргенде барлық аудандарды аралап, халықтың мәдени тұрмысымен танысқан едi. Нарынқол ауданына барғанда, аупарткомда iстейтiн Исабай Құлжабаев жол бастап, шаруашылықтарға апарады. Шалкөде ауылының кiтапханасына соғады. Кiтапханашы ұзын шашын артына шалқалата қайырған, денелi, келбеттi жiгiт екен. Құлжабаев: «Бұл Мұқағали Мақтаев деген ақын жiгiт», – деп таныстырды. Тәжiгүл оның өлеңдерiн «Лениншiл жас» газетiнен оқығанын, сырттай бiлетiнiн жеткiздi. Сөредегi ұқыпты жиналған кiтаптарға көңiлi толып, ризашылығын бiлдiрiп шыға бергенде, Мұқағали: «Апай, сiзге айтар бiр өтiнiшiм бар», – деп тежейдi. Кiдiрген Тәжiгүлге ол: «Апа, сiз үлкен қызметте жүрген жансыз. Астанада сiздi сыйлайтындар да көп. Мен мына Нарынқолдан шыға алмай жүрмiн. Алматыдағы әдеби ортаға барғым келедi. Соған көмектессеңiз», – дейдi. Тәжiгүл: «Бұл өтiнiшiңдi ойланып көрейiн», – дейдi.

Алматыға келген соң бiрден Жазушылар одағының төрағасы Ғабит Мүсiреповпен кездеседi. Мұқағалидың жағдайын айтып, талантты ақынға жұмыс тауып беруiн өтiнедi.

«Тәжiгүл, оның талантты ақын екенiн мен де бiлемiн. Алматыға шақыруыңа қарсы емеспiн. Қызметтiң бiр мәнiсi болар, – дейдi Ғабит.

Тәжiгүл сол күнi Нарынқолға телефон шалады. Ертеңiне жетiп келген Мұқағалиды өзi Ғабит Мүсiреповке алып барады. Ғабең: «Мұқағали саған жұмыс бар, бiрақ табан астында бере қоятын пәтеремiз жоқ, – дейдi. Мұқағали қуанып: «Аға маған пәтер керек емес. Жолдастарымның үйiнде тұра беремiн ғой», – дейдi.

Тәжiгүл апа Мұқағали Мақатаевтың астанаға келiп, талантының ашылуына солай қол ұшын бердi.

* * *

1983 жылы Тәжiгүл Серiкбаева Одақтық дәрежедегi дербес зейнеткерлiкке шықты. Бiрақ демалысы ұзаққа созылмады. Орталық Комитеттегi шәкiртi Сәдуақас Темiрбеков телефон шалып: «Тәжiгүл апай, Ғылым академиясының жанынан «Ғалымдар үйi» ашылмақшы. Соның директорлығына сiздi ұсынып отырмыз», – дейдi. Әуелгiде ол келiспейдi. Бiрақ шәкiртi тақымдап қоймаған соң тәуекел еткен. Ғылым академиясының президентi Асқар Қонаевтың қабылдауында болып, штат санына өзгерiстер енгiздi. Үйдiң құрылысына тiкелей өзi араласып, дер кезiнде бiтiрдi. Оның ашылу салтанатына Дiнмұхамед Қонаев қатысып, аз уақыттың iшiнде қыруар жұмыс атқарған Тәжiгүл Серiкбайқызына өз алғысын бiлдiрдi. Екi жылдан соң Тәжiгүл Серiкбаева зейнеткерлiк демалысына шыққан. Қазiр ел анасының, бейнеттiң зейнетiн көрiп жатқан жайы бар.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары