ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ... ЖЫЛДАР БIЗГЕ НЕ БЕРЕДI?
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ... ЖЫЛДАР БIЗГЕ НЕ БЕРЕДI?
Биыл Қазақстанның Украинадағы жылы екенi есiмiзден шығып кеткендей. Бұл айтулы оқиға жыл басында Киевтегi салтанатты жиынмен шымылдығы ашылды да, одан кейiн тым-тырыс қалды. «Алтын адам» көрмесi, мәдени-көпшiлiк шаралардың соңы қандай игi iстерге ұласты?
Десе де, екi ел арасындағы рухани-мәдени байланыс кеңестiк кезеңдерден-ақ жақсы дамыған. Басқаны былай қойғанда, украинның атақты ақыны Тарас Шевченкоға қойылған алғашқы ескерткiш – қазақ жерiнде. (Өзiмiздiкiн өзгенiкiндей қадiрлесек қой, шiркiн?).
Достық пиғылдағы елдермен «жыл алмасу» дәстүрге айналды. Қазақстан мен Ресейдiң «жыл алмасуында» Ресейдiң не алғанын қайдам, Қазақстанның «ұтысы» – Мәскеудегi Абайдың «өзгеше» ескерткiшi, бiрлi-жарым аударма кiтаптар мен СD жазбалары болды.
Ал қызыл-сары революцияның елi бiзге қандай «сый» ұсынар екен?
Шын мәнiнде, «жыл алмасу» дәстүрi рухани-мәдени байланысты көздесе керек. Бiрақ қазақ орыстың да, украинның да мәдинетiнiң насихатына зәру емес. КО кезiнде «халықтар достығының» лабораториясы түрлi әдебиеттермен сусындаған, әрқилы мәдениеттердi көрген, талай тарихты тереңдей зерттеп, өзгенiң тағдырына тамсанған, табынған…
Мұның бәрi жақсы-ау, бiрақ өз мәдениетiн, төл тарихын тасада қалдырған.
Қазақтың тарихы шаң басып әлi мұрағаттарда жатыр. Қазақтың мәдениетi тың зерттеулерге мұқтаж.
Осының бәрiн ескергенде, «Қазақстандағы қазақ жылын» жариялау артық емес деген ой келедi.
… Келесi жылы Қазақстандағы Украина жылы басталады.
Гүлбиғаш Омарова