КОНТРАБАНДА ТАСҚЫНЫ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР
КОНТРАБАНДА ТАСҚЫНЫ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР
Биылғы жыл тәуелсiз мемлекетiмiздiң шекара күзетiнде тұрған жасыл күнқағарлы шекарашылар үшiн ерекше жыл. Жас мемлекеттiң өзiнiң дербес шекарасының қазығын қағып, шекара әскерлерiнiң құрылғанына да 15 жыл толды. Осы айтулы датаға орай Қазақстан Журналистер одағының мүшесi, полковник Сағидолла СИҚЫМБАЕВ ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметi Ардагерлер кеңесiнiң төрағасы, отставкадағы полковник Шортан Сейтұлы БЕКПАЕВПЕН жолығып, Қазақстан Шекара әскерлерiнiң қалыптасуы жайлы айтып беруiн сұраған едi.
— Тәуелсiз Қазақстан мемлекетiнiң Шекара қызметi қалай қалыптасты? Бәрi неден басталып едi?
— Бұрынғылар айтады екен, "өткен күнде белгi бар" деп. Өте дұрыс айтылған. Бәрi де бүгiнгiдей көз алдымызда. Бұрынғы Кеңестер Одағы деген алып империя ыдырап, құрамындағы он бес республика өз алдына дербес, азат он бес ел болып кеткеннен соң, өз күнiмiздi өзiмiз көруге тура келдi. Дәл осы кезде Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1992 жылы 18 тамызда бұрынғы Шығыс шекара округының базасы негiзiнде Қазақстан Республикасының Шекара әскерiн құру туралы Жарлығы шықты. Ел қауiпсiздiгiн қорғауда бұның маңызы өте зор едi. Сондықтан да болар, Шекара әскерлерi ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қарамағына берiлдi.
Мiне, дәл сол күн тарихқа Қазақстан Шекара әскерлерiнiң құрылған күнi болып ендi. Бұдан соң "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы" кең ауқымды арнайы заң жасалынып, ол 1993 жылдың 18 каңтар күнi өткен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң сессиясында бiрауыздан қабылданды. Бұл Заңда Шекара қызметiнiң қалай атқарылуы, қай дәрежеде жұмыс iстеу керектiгi егжей-тегжейлi айтылды. Осы Заң күнi бүгiнге дейiн басшылыққа алынып келедi.
— Сiз Шекара қызметiнiң қалыптасуына ат салысқан азаматтардың бiрiсiз. Сол кездерде талай қиындықтар кездескен болар. Сол қиындықтарды жеңу кезiнде қандай iстер атқарылып едi?
— КСРО деген алып мемлекеттен бiзге қалған мұра — шекара дауы едi. Қазақстан екi жағында екi алып мемлекетпен шектесiп жатыр емес пе. Оның бiрi — Қытай, екiншiсi — Ресей Федерациясы. Осы екi алып мемлекетпен шекара мәселесi қысқа мерзiмде, бейбiт тұрғыда шешiлгенi үлкен жетiстiк. Небәрi он жылдың ар жақ, бер жағында, яғни, 1992-2005 жылдар арасында Қазақстан құрлықтағы шекарасын ың-шыңсыз, дау-дамайсыз анықтап, бекiтiп ала бiлдi. Шекара дауы деген өте бiр күрделi мәселе. Шекараға байланысты даулы мәселелер ғасырлар бойы жалғасып кете беруi де мүмкiн. Бiз оған жол бермедiк. Көршiлес мемлекеттер — Қытай мен Ресей арасындағы шекара шебiн шегендеуге бiрден кiрiсiп кеттiк. Соның нәтижесiнде 1998 жылдың шiлде айында Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараны делимитациялау нәтижелi аяқталды. Ал, 2002 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы өкiметi мен Қытай Халық Республикасы өкiметi арасында шекараны демаркациялау туралы екi жақты келiсiмге қол қойды. Сөйтiп, 1783 шақырымға созылып жатқан Қазақстан-Қытай Мемлекеттiк шекарасын заңдастыру iс жүзiнде аяқталды. Көптеген даулы мәселелерге нүкте қойылды.
2005 жылдың 18 қаңтарында Қазақстан Республикасы Президентi мен Ресей Федерациясының Президентi Қазақстан-Ресей шекарасы туралы екi жақты келiсiмге де қол қойды. Бұл екi жақты келiсiмнiң қорытындысы бойынша дүние жүзiндегi құрлықтағы ең ұзын шекаралық белгi — 7591 шақырымдық шекара белгiленуiн де өте үлкен жетiстiк дер едiм.
Осыншама шекаралық белгiлердi анықтап, белгiлеуде қазақстандық шекарашылар да қарап қалған жоқ. Олар да өздерiне тапсырылған мiндеттерiн тап-тұйнақтай етiп орындап, шекара белгiлеу кезiнде көптеген көмектерiн тигiзiп отырды. Ең басты қиындық – кадр мәселесi дер едiм. Көптеген маман кадрлар өз елдерiнiң тәуелсiздiк алуына байланысты туған отандарына кетiп жатты. Олардiкi де заңды едi. Әр дербес мемлекетке маман кадрлар, әсiресе, офицерлер ауадай қажет едi. Бiз оларды ұстап тұра алмадық.
Шекарада арнайы бойлық бойынша күзету режимi болмағандықтан, шекарашыларымыздың алғашқы кезде шекара күзетiнде қиналғандары да рас. Кейбiр шекара аймақтарында шекара бөлiмшелерi арнайы жатын орын жетiспегендiктен шатырларда тұруына тура келдi. Мұның бәрi де уақытша қиындықтар едi. Өзiңiз бiлесiз, бүгiнде мұның бәрi де өз шешiмiн тапқан, артта қалған мәселелер болып қалды.
— Алғашқы қарлығаш командирлер туралы да жақсы бiлетiн шығарсыз. Сiз сол кездегi отряд бастықтарымен қоян-қолтық араластыңыз емес пе?
— Тарап кеткен шекара округiне қарасты шекара отрядтарын қайтадан қаз қалпына келтiру ол кезде оңай шаруа емес едi. Қисыны кеткен дүниенi қайтадан қалпына келтiру қайдан оңай болсын. Мiне, осы кезде отрядтарға қолынан iс келетiн, болашағы бар офицерлер жiберiлдi. Олар, атап айтқанда, сол кездегi полковниктер: Н.Iлиясов, А.Сәрсенбеков, Қ.Берқалиев, М.Абайдiлдинов, А.Түсiпбеков, В.Жучков, Ш.Утяповтар едi. Аталмыш офицерлер сол кездерi жоқтан бар жасап, кездескен қиындықтарға қайыспай қарсы тұрып, жас мемлекеттiң шекарасын көзiнiң қарашығындай қорғай бiлгенiн бiз бүгiнгi мерейтой үстiнде атай кеткенiмiз орынды болар едi. Олардың қалай жұмыс iстегенiн мен жақсы бiлемiн.
— Жолдас полковник, бұл күнде өзiңiз басқарып отырған ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң Ардагерлер кеңесiнде үш мыңнан астам шекарашы ардагер есепте тұрады екен. Бұл өте үлкен күш екендiгi белгiлi. Осы ардагерлер өздерiнiң төл мерекелерiн қалай қарсы алып отыр?
— Бiздiң ардагерлер жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде, оларды отансүйгiштiкке тәрбиелеуде өзiндiк үлесiн қосып келедi деп ауыз толтыра айта аламын. Шекарашы ардагерлер әскери бөлiмдерде болып, жас шекарашылармен кездесулер өткiзудi берiк дәстүрге айналдырған. Мысалы, биылғы жылдың өзiнде бiздiң ардагерлер Шонжы шекара отрядында, дербес байланыс полкiнде, ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң әскери иниститутында, отрядаралық жөндеу заводында, Боралдай авиабазасында болып, әр түрлi дәрежеде кездесулер өткiзiп қайтты. Ондағы мақсат мемлекетiмiздiң, ел Президентiнiң ұстап отырған iшкi және сыртқы саясаттағы мақсатын, Мемлекеттiк шекара күзетiнiң маңызын жастарға насихаттау, түсiндiру, ой бөлiсу. Нәтижесi жаман емес.
Мерейтой қарсаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк шекарасының әнұранын, яғни шекарашылар әнұранын жаздыруға байқау ұйымдастыру үшiн өз есебiмiзден 150 мың теңге ақша бөлдiк.
— Осымен барлық проблемалар ше-шiлдi деп айтуға әлi ертерек шығар.
— Расында барлық проблемалар толық шешiлдi деп айтуға әлi ерте. Шекарада контрабандалық тауарлардың тасымалының тиылмауы күрделi мәселе болып тұр. Осыған оңтүстiк шекаралық аймақ қызметкерлерiнiң бас қатыруына тура келуде. Оңтүстiктегi шекарамызды қанша қымтасақ та заманның iндетiне айналып тұрған осы бiр мәселе әлi толық шешiмiн таппай келе жатқандығы қынжылтады. Бiр ғана мысал. Қазақ-өзбек шекарасынан күнiне осындай арам жолмен өткiзбек болған ондаған контрабандалық тауарлар ұсталып жатады екен. «Сарыағаш» шекара отрядына қарасты аумақта жергiлiктi тұрғындардың қатысуымен арғы беттен бергi бетке, бергi беттен арғы бетке арам жолмен әр түрлi тауар өткiзетiн жүздеген жасырын каналдар ұйымдастырылған. Ол аз десеңiз, арзан жұмыс күшi деп жасырын түрде ересек азаматтарды заңсыз түрде алып өтетiндер қаншама.
Мұның бәрi де шекара күзетiнде бүгiнгi күннiң басты мәселесi болып отырғандығы жасырын емес.
— Он бес жыл аз да, көп те емес. Ендеше осы он бес белестен өткен шекарашыларға не тiлер едiңiз?
— Елiмiздiң тәуелсiздiгiн, оның қасиеттi шекарасын күзетiп тұрған шекарашылар аз жұмыс атқарып жатқан жоқ. Соның нақты мысалы, шекарашылар өткен жылы 18 мыңнан астам шекара бұзушыны ұстапты. Оның iшiнде мың жарымнан астам контрабандалық тауарларды тәркiлеу фактiсi, есiрткi заттарымен ұсталғандар 135 рет кездессе (оның iшiнде 187 килограмм героин, 194 килограмм опиум), Теңiз шекара дивизиясының күшiмен екi өнеркәсiптiк-транспорттық кеме, 97 шағын кемелер ұсталған екен.
Ел күзетiнде тұрған шекарашыларға тiлерiм, қасиеттi шекара шебiнде тұрып қалғып кетпесiн, әрбiрiнiң отбасына береке, бiрлiк, тату-тәттi өмiр, ашық аспан, бейбiт күн тiлеймiн.