БӘРI ДЕ ТЕКСЕРIЛДI, АНЫҚТАЛДЫ

БӘРI ДЕ ТЕКСЕРIЛДI, АНЫҚТАЛДЫ

БӘРI ДЕ ТЕКСЕРIЛДI, АНЫҚТАЛДЫ
ашық дереккөзі
437

Елiмiздегi денсаулық сақтау саласының кейiнгi кезде құлдырап кеткенi жасырын емес. Оған Оңтүстiк Қазақстан облысынан шыққан ВИЧ-тен кейiн ешкiмнiң күмәнi қалмаған сияқты. Одан қала бердi арнайы тексеру жұмыстарының нәтижесiнде жер-жердегi облыстық, қалалық аурухана мен емханалардың жағдайы сын көтермейтiнi анықталды. Ал ақ халатты адал антпен киген абзал жандарға да сенiмнiң азайып кеткенi де шындық. Бұл аздай соңғы уақытта дәрiгер мамандығын ойыншыққа айналдырып алған бәзбiреулер ақ халатты киiп жүргенiне қымсынбайтын да болыпты.

Расында да, былтырғы жыл Оңтүстiк Қазақстан өңiрi тұрғындарына қатты соққысымен есте қалды. Бұл ВИЧ-тiң жаппай балаларға жұғуынан басталып, ақыры iс сот қарауына жiберiлдi. Әуелгi кезде 15 сәбиден анықталған дерт бар-жоғы бiр жылдың iшiнде 118 бала мен 14 ананың өмiрiн тұмандап тастады. Сол кездiң өзiнде-ақ тексеру амалдары жүргiзiлiп, барлық кiнә ақ халаттылардың өз iсiне салғырт қарауынан деп тапқан болатын. Шындығында, солай болды. Бұл жаппай ВИЧ-ке шалдыққан балалардың оқиғасы сотта 19 қаңтардан бастап қаралып, ырду-дырдумен күнi бүгiнге дейiн созылып келдi. Соттың алғашқы нәтижесi 11 шiлде күнi жарияланып, 21 сотталушы (оның 18-i медицина қызметкерлерi) кiнәлi боп шықты. Оларға ҚР Қылмыстық кодексiнiң «салғырттық», «пара алу», «өтiрiк алдау», «жымқыру» секiлдi төрт бабы бойынша айып тағылды. Әр дәрiгер-маман атқарған лауазымына қарай өз үкiмiн алды. Алайда, өз әрiптестерiнiң тағдырына алаңдаған дәрiгерлер сот шешiмiнiң үкiмiне қарсы екендiктерiн аңғартты. Тiптi, 15 шақты медицина қызметкерлерi жұмыстан өз еркiмен босауға арыз жазып та үлгерген. Бiр айта кетерлiгi, сот үкiмi шыққан күнi Әл-Фараби аудандық соты ғимаратының алдына 40 шақты дәрiгер жиналып, жарияланған шешiмге үзiлдi-кесiлдi қарсы екендiктерiн бiлдiрдi. Таяуда осы ереуiлшiлермен Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Тамара Дүйсенова, облыстық денсаулық сақтау саласының бастығы Вячеслав Дудник, СПИД орталығының жетекшiсi Наталья Бабина кездесiп, олардың экспертиза шешiмiне қарсы өтiнiшiн халықаралық ұйымдарға қайта тексеруге жiберетiндiгiн айтты. Ал «Медицина қызметкерлерiнiң ар-намысын қорғау» атты конференциядан кейiн жүздеген дәрiгер сотталған әрiптестерiне арнап арнайы қор ашып, әрқайсысының жеке шотына бiр күндiк жалақыларын салып отыруды жөн деп тапты. 50 мың теңгеден кәсiподақтың өзi салып отыратын болады. Өз iсiне немқұрайлылық пен салғырттықтың кесiрi айналып келгенде, осындай жағдайға әкеп тiредi. Ендi бәрi басқаша болады. Жақында Денсаулық сақтау министрi ағымдағы жылдың 30 шiлде мен 7 тамыз аралығында елiмiздегi бүкiл денсаулық сақтау мекемелерiнiң басшылары мен оның құрылымындағы қызметкерлердiң арнайы аттестациядан өтетiнiнiн мәлiмдедi. Денсаулық сақтау министрiнiң медициналық қызмет көрсету комитетiнiң ақпаратына сүйенсек, бұл аттестация мемлекеттiк медициналық мекеме жетекшiсiнiң кәсiби бiлiктiлiгiн 3 жылда бiр рет анықтау үшiн ұйымдастырылады. Өйткенi, «Денсаулық сақтау жүйесi» туралы ҚР Заңының 7-1 бабына сәйкес, сондай-ақ Үкiметтiң 2006 жылы 23 қарашадағы №1115 «Денсаулық сақтау саласы төңiрегiнде аттестация өткiзу ережесi жөнiнде» шешiм шығарылған. Демек, аттестация өз лауазымын кемiнде бiр жыл толық атқарған медицина саласының маманына арналған. Сонымен дәрiгердiң кәсiби бiлiктiлiгiн анықтау барысы екi баспалдақтан тұрады. Әуелi – тест тапсырады, сосын әңгiмелесу негiзiне ауысады. Ал аттестация тапсыратын тұлғаларға тест автоматты жүйеде болады. Олар 90 минуттың iшiнде 100 сұраққа жауап беруi тиiс. Барлық тиiстi сұрақтың 70 пайызына дұрыс жауап берген маманның өзiне жағдай мәз емес. Ал бұдан да төмен балл жинағандар келесi баспалдақ – әңгiмелесуге жiберiлмейдi әрi аттестациядан өткен жоқ деп есептелiнедi. Тесттен өтiп, әңгiмелесуге жеткендерi арнайы аттестациялық комиссиясының бақылауында болады.

Мамандар тест сұрақтарын денсаулық сақтау саласының нормативтiк-құқықтық негiздерiне сүйенiп құрған. Нәтижесiнде аттестациядан өтiлуi тиiс тұлғалардың бiлiмi мен кәсiби бiлiктiлiгi шынайы түрде бағаланады деп күтiлуде. Естерiңiзге сала кетсек, ағымдағы жылдың 27 маусымынан бастап «Мединформ» комитетiнiң арнайы веб-сайтында (www.medinfo.kz) тест сұрақтарының бiр бөлiгi жарияланды. Демек, аттестациядан өтетiн тұлғалардың бiлiк пен бiлiмдi сынайтын сынаққа сапалы дайындалуына мүмкiндiгi мол.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары