МИНИСТР МЕН ТIЛШI – ТЕЛЕКӨПIРДЕ

МИНИСТР МЕН ТIЛШI – ТЕЛЕКӨПIРДЕ

МИНИСТР МЕН ТIЛШI – ТЕЛЕКӨПIРДЕ
ашық дереккөзі
418

Сайлау көрiгi қызып, партия мен партияның арасында теледебаттар ұйымдастырылып, қызу тартыс жүрiп жатқан уақытта, көрермендер үшiн күтпеген жағдай болды. Оған себеп, Ақпарат және мәдениет министрi Ермұхамет Ертiсбаевтың БАҚ өкiлдерiмен «Қазақстан» ұлттық арнасында телекөпiр өткiзуi.

Осыдан бiрнеше күн бұрын министр мырза отандық БАҚ басшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкiлдерiмен кездесiп, бiр -екi күнде Венада ЕҚЫҰ-ның тұрақты кеңесi алдында баяндама оқитынын айтып, аталмыш баяндамасын көпшiлiкке таныстыра кеткен. Күнi кеше БАҚ өкiлдерiмен өткен телекөпiр де негiзiнен осы ЕҚЫҰ-ның тұрақты кеңесiнде жасалған баяндамаға сәйкес өткiзiлiп отыр.

Аймақтық болсын, қалалық болсын, республикалық БАҚ өкiлдерi телекөпiр арқылы өздерiнiң көңiлiнде күптi болып жүрген көптеген мәселелерiн көтерiп, министрмен сыр бөлiстi. Өз кезегiнде министр мырза да көптiң көңiлiнде жүрген бiрқатар мәселелерге жауап беруге тырысты. Мәдени-әдеби, ақпараттық– кеңiстiк мәселелер де телекөпiрден тыс қалған жоқ. Министрдiң мәлiмдеуiнше, мәдениетiмiз жаңа ұлттық инновациялық экономиканың кластерi болуға тиiс. Елiмiздiң мәдениет және ақпарат саласы бәсекеге қабiлеттi елдердiң стандарттарына сәйкес келуi керек. Осы тұрғыдан келгенде, министрлiктiң бастамасы бойынша, басқару жүйелерi қайта жасақталып, мәдениет және ақпарат тұтынушы сала болып қалмай, елiмiздiң экономикасы мен бiлiмiн қалыптастыруда да ерекше роль атқаруға тиiс. Қазiр министрлiктiң бюджетi айтарлықтай қомақты, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 60 пайызға артып, 40.3 миллиард теңгеден асыпты. Ендi телеарналардың да қызметi ерекшеленетiн болады. Яғни, 2015 жылға дейiн телеарналарымыз сандық жүйеге көшпек. Егер арналар сандық жүйеге көшетiн болса, олардың көрсетiлуi де жақсара түспек. Мәдениеттегi тағы бiр сала, киностудия екенi рас. Соңғы кездегi даурығып жатқан, «Қазақфильм» мәселесi де тiлшi қауымның сұрағынан тыс қалған жоқ. Министр мырза жаңа технологиямен жабдықталған киностудия бiткенше, «Қазақфильмнiң» орнынан қозғалмайтынын ескере кеттi. Киностудия саласын дамыту үшiн қазiр 300 миллион доллар көлемiнде қаржы жұмсалатын көрiнедi. Сондай-ақ, бiрыңғай электронды кiтапханалар жобасы да қолға алынбақ.

«Отандық әдебиет дағдарыста тұрғанда әдебиеттiң кейiнгi толқын өкiлдерiмен, жас қаламгерлермен қалай жұмыс iстейсiздер?» деген сауалға министр мырза әдебиетке қамқорлық жасалып жатқанын, биылғы жылдың өзiнде әрқайсысы 2 мың данамен таралатын бiр мың кiтапқа қыруар қаржы бөлiнгендiгiн айта кеттi.

Министрдiң айтқанына қарағанда, мұндай жобалар экономикаға ғана емес, мәдениетiмiзге де қажет көрiнедi. Сонымен бiрге, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының негiзiнде Рейтерс, Би-Би-Си сияқты халықаралық деңгейдегi Еуразиялық iрi ақпараттық арна құру идеясына да тоқталып өттi. Ондай бiрегей арна ТМД және Орталық Азия кеңiстiгiндегi елдердiң ақпараттық сұранысын қанағаттандырмақ екен. Келешекте АҚШ және Еуроодақ елдерiмен ақпараттық кеңiстiкте жұмыс iстеу көзделiп отыр. «Сонымен қатар, аймақтық телеарналардың тағдыры да елеусiз қалмайды, озық үлгiде аудиобайланыс жүйесiн орнату көзделiп отыр» ,–дейдi Ертiсбаев мырза.

Телекөпiрдiң негiзгi мақсаты – мәдениеттегi, әдебиеттегi, ақпараттық кеңiстiктегi мәселелер болғанымен, басты мәселе Венадағы жасалған баяндама болғандықтан, министр мырза бұл мәселеден де айналып өтпедi. Әрi бұған орай, арнайы бейнесюжет те көрсетiлдi.

Министр айтқан тағы бiр орнықты сөз, сапасыз, айуандықты, хайуандықты насихаттайтын шетелдiк телеөнiмдер шабуылы заң жүзiнде ауыздықталатыны. Ұрпақтың санасын азғындатып жатқан қаптаған сүреңсiз фильмдерге тосқауыл қойылса, құба-құп. Мұндай шетелдiк ақпараттық жабайы экспансияға тосқауыл қоюдың тағы бiр жолы – отандық журналистердiң қабiлеттiлiгiн арттыру.

Телекөпiрде айтылған тағы бiр мәселе – кино, театр, музыка салаларының табыс көзiне айналуы. Сондай-ақ, кiтапхана, мұражай және мұрағат мәселелерi де мемлекеттiң көмегiне зәру екендiгiн де ескерте кеттi министр.

Аталмыш жоба алдағы уақытта да жалғасын тауып жатса, жөн болар едi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары