ИСЛАМ ПАРТИЯСЫ ЖЕҢIСКЕ ЖЕТТI
ИСЛАМ ПАРТИЯСЫ ЖЕҢIСКЕ ЖЕТТI
Жексенбi күнi өткен кезектен тыс парламент сайлауында ислами бағыттағы Әдiлеттiлiк және даму партиясы басым дауысқа ие болды. Бұл партия басында премьер-министрi Тайип Эрдоган отыр. 2002 жылдан берi билiктi уысынан шығармаған саяси партия парламенттегi 550 орынның 341-iн иеленбек.
Бұған дейiнгi сайлауда 34,3 пайыз дауыс жиған партия бұл жолы электораттың 46,7 пайызының қолдауына ие болды.
Түркияның көппартиялық жүйесi Қазақстан үшiн үлгi болуға лайықты. Эрдоган сайлаудан кейiн сөйлеген сөзiнде «Түркия демократияға тапсырған сынақтан сүрiнбей өттi» деп мәлiмдедi. «Бiздiң мақсатымыз ортақ – Түркияны күштi де өркендеп дамушы мемлекетке айналдыру» дедi ол.
Түркия көп жылдан берi Еуроодаққа мүше болуға тырысып жүр. Эрдоган бұл мақсатқа жету үшiн барын салатындықтарын мәлiмдедi. Әдiлеттiк және даму партиясы ислами партия бола тұра, зайырлы бағыт ұстанбақ.
Жаңа парламент құрамына ӘДП-нан басқа Халық-республикалық партиясы және Ұлттық қозғалыс партиясы да кiрдi.
Ендi жаңа парламент қырық күннiң iшiнде жаңа президент сайлауы керек. Осы уақытта елбасшысын сайлап үлгермеген жағдайда, парламент тарап кетуге мәжбүр болады.
Жаңа парламенттiң алдында тұрған iрi мiндеттердiң бiрi – Солтүстiк Иракта топтасып жатқан Күрдiстан жұмысшы партиясының содырларына қарсы әскери операция өткiзу жөнiнде бiр шешiмге келу. Эрдоган бұл операция шiлденiң аяғына қарай кейiн өткiзiлуi мүмкiн дедi.
Г.ЖЕҢIСБЕКҚЫЗЫ